Азық-түлікті арзандату үшін 1300-ден астам тауарға кедендік баж алынып тасталды

«Ресей мен Беларуське қатысты қабылданып жатқан шектеу шараларын ескере отырып, еуразиялық әріптестермен бірлесе дағдарысқа қарсы шаралар тізбесі бекітілді. Нарықты қажетті азық-түлікпен қамту және бағаның өсуін тежеу мақсатында импорттың 1300-ден астам тауарына кедендік баждар алынып тасталды. Сонымен бірге, Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісім 2025 жылға дейін ұзартылды. Ол қазақстандық экспортты 9,3%-ға, яғни 282,7 млн долларға дейін өсіруге мүмкіндік береді», - деп тоқталды Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, еркін сауда аймағы туралы келісімді Индонезия және Біріккен Араб Әмірлігімен жасау жоспарланып отыр. Оған сәйкес, болжамды экспорттық өсім 1 млрд доллардан асады. Бұдан өзге вице-премьер алдағы уақытта серіктес елдермен көліктік-логистикалық маршруттарды дамыту бойынша жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Бұған дейін министр елдің Өзбекстанмен арадағы шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылып жатқанын мәлім етті.