Б.МОМЫШҰЛЫ: Жас кезінде адам табанда батырлық та, табанда қорқақтық та көрсетіп алуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық. ***
None
None

Ұрыс толассыз жүріп жатты. Солдаттардың бәрі ұрысқа кіріскен. Кейде полктың қарамағына кейбір бөлімдер беріледі. Бір рет маған штаб бастығы келіп, бұйрықты қолыма берді, онда менің полкіме берілген және қолдайтын бөлімдердің нөмірлері көрсетіліпті. Бірақ бұл бар болғаны нөмір ғана еді. Мысалы, 135-дербес танк батальонының аға лейтенанты келіп: - Жолдас полк командирі, сіздің қарамағыңызға 135- дербес танк батальоны келіп қосылды,- деп мәлімдеді. Мен қуанып қалдым, «жә, - деп ойладым, - танктер келсе, бұл, сірә, керемет қолдау болғаны!» Сөйтсек, батальон дегеніміз бар болғаны тас-талқаны шыққан батальонның қалдығы ғана екен, жалғыз танк, оның үстіне бұзылған. Лейтенанттан: - Тамақтандың ба? - деп сұрадым. Ол: - Жоқ, - деп жауап қайырды. - Онда барып тамақ ішіп, дем алыңыз... Майданда осындай да жағдайлар болады. Егер дивизияның архивін қарасаңыздар, бұйрық бойынша біздің полктың қарамағына «...танк батальоны, гвардиялық полк» берілген, ал шын мәнінде бұл бар болғаны аты ғана еді, ал заты, қираған, жау талқандаған бөлімдердің қалдықтары болатын. Демек, мұның өзі бізде Москва түбіндегі шайқаста нағыз мағынасындағы, адам күші мен қару-жарақпен қамтамасыз етілген толыққанды бөлімдер болған жоқ, әскери бөлімдерді командование дұшпанға қарсы жасалынатын шабуылға сақтаған екен. Крюководағы қырғын шайқаста көптеген жауынгерлер мен командирлер ерлігімен көзге түсті. 2-атқыштар ротасының командирі Семен Краев өзгелерден айрықша қаһармандық, батырлық көрсетті. Бұл эпизодқа тоқталатын болсам, ол тым ұзақ әңгіме... Бұрынғы өз батальонымның командирі лейтенант Исламқұлов ерекше табандылық, ерік, жігер күшінің мықтылығын, ақылдылық, тактикалық икемділігін көрсете білді. Бұл жерде бәрін айтып шығу мүмкін емес, оған белгілеген уақытымыз да жетер емес. Бір нәрсені - батырлық пен қаһармандықтың жаппай жасалғанын атап кетпекпін. Дегенмен Жуковты еске ала кеткен жөн сияқты. Бірде ұрыс кезінде ол телефон соқты: - Жолдас полк командирі, дұшпан тықсырып келеді, не істеуге бұйрық бересіз? Тағы да телефон шылдырлады: - Жағдай қиын, не істейміз? Одан кейін Исламқұлов телефон шалды: - Жолдас командир жағдай ауыр, не қылмақпыз? - Жағдайдың ауыр екенін, әрине, білемін. Мен берілген бұйрық сол күйінде күшінде қалады - позицияны тастамаңдар, - дедім. Біршама уақыт етті, Жуков тағы да телефон соқты: - Жолдас полк командирі, барлық батальоннан жалғыз өзім қалдым, не істеуге бұйырасыз? Мен былай дедім: - Бірінші батальонның командирі Исламқұловтың қарамағына қарапайым қатардағы солдат есебінде барыңыз. Өз батальоныңызды сақтай алмаған екенсіз, қатардағы қарапайым солдатша соғысыңыз. Осы жерде комиссарым Петр Васильевич ашуланып: - Бұл қалай болғаны? - деп қарсылық білдірді. Он бес минуттан соң Ветхов телефонмен хабарласты: - Жолдас полк командирі, жеті-ақ адамым қалды, не істемекпін? Мен оған да: - Бірінші батальонның командирі Исламқұловтың қарамағына барыңыз, - дедім. Исламқұлов осы аралықта тағы да телефон шалды: - Жағдай өте ауыр, 40 адам қалды, не істейміз? Мен оған да: - Сенің қарамағыңа Жуковты беремін, оның қолына жауынгерімен Ветхов барады, оны бөлім командирі етіп тағайында да, ақырына дейін айқасыңдар. Бәрінен айрылсаң - қолыңа винтовканы алып, солдат ретінде шайқас, - дедім. Мен бұл екі капитанды мұндай қызметке ішкі сеніммен жіберген едім, осы жағдайға байланысты комиссарыммен арамызда кикілжің, шатақ туды. Мен бұл кезде дәрменсіз күйде диванда орнымнан қозғала алмай жатқанмын. Комиссар ол жаққа партия ұйымының жетекшісін жіберген, менің бұйрығым жеткізілмеген, олар онда барып тұтас әскери совет құрыпты, бұл жөнінде мен білген жоқпын. Онда Исламқұловты соға бастаған. Әрине, жағдай ауыр, қиын еді, олар былай деген: «Момышұлы бізге сене бермейді, сен оған телефонмен, сірә, мына адамдармен қорғанып болмас деп айт», - дейді. Содан кейін маған Логвиненко кіріп: - Жуков телефон соқты, өлімге бара жатырмын деп менімен қоштасты. Оның соңғы сөзі мынау болды: «Мен осы жерде ұрысты басқарып отырған адамды көрсем деп ем», - деді. Бұл маған білдірілген ишара еді. Жуковты да түсінемін - менің бұйрығым оны қорлағандай болған. Жаралы адамды оның да ұрыс басында болуы керек деп талап етуі де әділдік болмас еді. Исламқұлов жанымды қояр емес. - Оң жақтағы және сол жақтағы соғысып жатқан көршілер кетіп қалды. Сөзін, оның да шегінгісі келетінін сезіп тұрмын. Мен оған даусымды көтере жігер бере: - Ей, Мұхаметқұл! «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген халқымыздың мақалы есіңде ме? Бұл «Арым - жанымның садағасы» деген сөз. Менің бұйрығым - осы. Бір аптадан кейін бұл ұрыстың сипаттамасын қағаз бетіне қазақ тілінде жазып түсірдім, қазір ол дивизия архивінде. Жарты сағат өтісімен Мұхаметқұл телефон соқты: - Шабуылға шығып барамыз. - Жарайды, барыңдар, - дедім. Бес минуттан соң тағы да телефонмен хабарласып: - Кеттік,- деді. Ол жан-жақтан жиналған 45 адаммен жауға қарсы шабуылға шықты. Оны тоқтатпақ болған екен, бірақ ол көнбеген, немістердің тас-талқанын шығарып, мықты соққы берген. Жағдай қалпына келтірілді. Исламқұловтың сәтті жасаған қарсы шабуылынан кейін барып өзімізді айтарлықтай қолайлырақ сезініп қалдық. Кеш түсті. Пшеничныйды - обозбен, азық-түлікпен қамтамасыз ету бөлімінің бастығын, Алыпсатаровты, алдыңғы шептен Бозжанов пен Сулиманы шақыртып алдым да: - Азық-түлікті жеткілікті етіп алыңдар, сол және оң қанаттағы жауынгерлерге апарып беріңдер,- деп тапсырдым. Телефонмен барлық майдандағы әрбір солдатқа кешкі тамаққа бір килограмнан колбаса және ішімдік беріледі, байланысшыларды жіберіңдер деп, хабарлаңдар деп тапсырма бердім. Мұндай хабар тез, тоқтаусыз жетеді. Жіберген жауынгерлерім аралап, түннің бір уағында қайтып оралды. Не нәрсе анықталды десеңізші: жалғыз өзім ғана қалдым деген командирдің - 45 адамын, 7 адам қалдық дегеннің - 70 адамын, Исламқұловтың - 55 адамын таптық. Бұл санды комиссарыма беріп: - Мә, оқы. Енді Жуков маған ренжімей-ақ қойсын. Сізбен таласып едік, кімдікі дұрыс болып шықты? Батальонның тегіс қырылып, командирдің тірі қалғанына мен сенбеймін. Ал егер тірі қалса, соңғы демі біткенше шайқасып өлуге тиіс. Осындай қорытындыдан кейін барып мен Жуков пен Ветховты ұрысқа жібердім, егер полкте жалғыз қалған болсақ, онда солдаттардай біз де айқасқа кірер едік, - дедім. Сөйтсек, жауынгерлеріміз ешқайда да кетпепті. Батальон командирі өз солдаттарын жоғалтып алған, ал жауынгерлер шын мәнінде жаумен айқасқан, солдаттардың енді бір бөлігі қалқада тұрып, панаға жасырынып ұрыс салған. Ержүрек солдаттарымыздың даңқы арта берсін дейік! Осындай дозақтың ішінде батальон командирлері жауынгерлерін басқара алмай, адасып қалған. Осыдан кейін барып былай дедім: - Ал енді өз қызметкерлеріңізді жіберуге әрекеттеніңіздер, олар өз адамдарын басқара білетін болсын. Ұрыста солдаттарды басқара алмағаны үшін қатаң жазалануға лайық, бірақ әрқайсысы өз парызын адал орындап шыққандықтан, кінәларын кешіремін. Сөйтіп әрқайсысын бұрынғы қызметтеріне қойдық, полк ертеңіне өз батальон командирлерінің басшылығымен ұрысқа қайта кірді. 1941 жылғы 8 декабрь күні 8-гвардиялық дивизия оң жақ және сол жақ қанатындағы басқа бөлімдермен бірлесе қимылдап, ортада 1073-полк, сол жағында 1077-полк, оң жақта 1075- полк ұрыс жүргізе, біздің әскерлер қарсы шабуылға көшті, жердің астан- кестеңін шығарған төрт сағатқа созылған артиллериялық даярлықтан кейін немістерді Крюково станциясы мен деревнясынан қуып шықтық, сөйтіп көп олжаға кенелдік. Бір ғана 1073- полк учаскесінде жаудың 18 танкісін қолға түсірдік. Дұшпанды өкшелей тықсырып Истраға дейін жеттік, Истраны өрт шалған, дұшпан шегініп бара жатып, жолды әбден миналап, арьергардты ұрыс жүргізді. Біздің әскерлеріміз Истраға келіп жетті, ал дұшпан болса өзеннің арғы бетіне өтіп үлгеріпті, жауды ізімен Волоколамскіге дейін қуып келген өзге бөлімдер де жетіп үлгерді. Осы жерден біз кері қайта жасақталуға Нахабино станциясына бұрылдық. Бұрын майор Стариков басқарған 1075-полкке мені командир етіп тағайындады. Бірақ полкке бар болғаны үш-ақ күн басшылық жасадым, содан кейін мені дивизия штабына, генерал Ревякинге шақырды. Оның қабылдауында Егоров та отыр екен. Байқаймын, әртүрлі әңгімелер қозғалды. Егоров мені жақсы адам, жақсы командир, бірақ әскери адам ретінде әлі жас, тәжірибесі аз деді. Іштей жас болсақ, жас шығармыз деп ойланып отырмын. Мен олардың шүбәланып, бір нәрсені батып айта алмай отырғандарын сездім. Ақырында ыңғайсыздана қозғалып Ревякин: - Біз сіздің батальон командирі, содан кейін полк командирі болғандығыңызды білеміз, бірақ сіз мамандығыңыз бойынша артиллериссіз той. Қолбасшы полковник Капровты бұрынғы қызметіне қайта қоюға бұйырды, - деді. Мен былай дедім: - Жолдас генерал, мен еш уақытта полкке командир болайын деп талаптанған емеспін, менің ешқандай әскери білімім де жоқ, ал полковник - қарт командир, ол менен бұрынырақ соғысқан. - Міне, жарайсың, ал біз сізді дивизия штабына қалдырайық деп едік. - Жоқ, мені өз батальоныма қалдырыңыз. - Қолбасшы сізді басқа полкке командир етіп жібер деп еді, бірақ біз жібергіміз келмейді. Сөйтіп қырғын ұрыс кезінде полк командирі болып тағайындалған мені бұл қызметтен демалыс кезінде полк командирінің орынбасары қызметіне ауыстырды. Бұл операциялар жөнінде де қорытынды жасауға уақыт тапшы болып отыр. Полк комиссары Логвиненко туралы бір-екі ауыз сөз айта кетейін. Мұнда мен шамасы оны мінеп те, мақтап та алған сияқтымын. Оның бойына өте ақылдылық пен тым ақымақтық қасиет үйлесе біткен еді. Бір сөзбен айтқанда, одан адамның бойындағы жақсы қасиеттер мен жаман қасиеттер табылатын. Ол бойындағы осындай жаман қасиеттерінен арылған болса, алысқа барар еді, жауынгерлердің де сүйіспеншілігіне бөленген болар еді, амал не, ол өз «менін» тым жоғары қоятын. Қызғаншақ адам болды. Үлкен коллективтің ішінде қызғаншақтық көрсететін, өзін жоғары қоятын, атаққұмар жан еді. Оның жауынгерлік еңбегі зор, әрі батыл болатын. Жауынгерлік наградасы да бар, бірақ оны бүлдіретін осы өзімшілдік «мені» болатын. Біз екеуміз көптеген ұрыстарды бірге өткердік, мінез- құлықтарымыздан туып қалатын талас-тартыстар мен егестен көбінесе қашып, жақсы жұмыс істесе алдық. Оның тұлғасын қысқаша былай сипаттауға болар еді: табиғат оның бойына жақсылық пен жамандықты, әділдік пен зұлымдықты, билік құмарлықты, менмендікті, ұлықтық пен мансапқорлықты, шыншылдық пен жалған өсекшілікті, ашықтық пен екіжүзділікті де берген, тұжырымдап айтқанда, бір басына жетерлік есерсоқтығы бар үлкен адам еді. Мен біздің даңқты жауынгерлік істерімізді сүйіспеншілікпен еске алып, өз комиссарыма ерекше құрмет те білдіремін. Оған майданда жүргенде-ақ осындай мазмұнда арнайы хат жазғанмын, оған сіздердің араларыңызда бүкпесіз баға беріп отырғаным да сондықтан. * * * Старо-Русь - Холм коридоры. Дивизияға басшылықты азамат соғысының солдаты, алғашқы қызыл командирлерінің бірі генерал-майор Иван Михайлович Чистяков қабылдады. Мінез-құлқы өте қарапайым әрі ақ көңіл адам болатын. Тәжірибесі мол, сирек ұшырасатын талантты командир еді, қызба мінезді, бірақ әрдайым парасаттылық танытатын. Жалпы жағдай мынандай: Старая Русса, Холм, Демьянское, Охва, Торопец, Солтүстік жағында - Лычкова станциясы тұр. Лычкова станциясына алып баратын темір жолды немістер сентябрьде-ақ істен шығарып тастаған еді. Мына жерден Ленинград майданы өтеді (суретін салып көрсетеді), содан кейін мына жерге иіп, мұнда Демьянское, содан кейін тағы да иіп майдандардың орналасуын сызып көрсетеді. Бас командованиенің ойы былай: Ильмен көлінің оңтүстік жағынан бір топ солтүстіктен соғады. Екінші топ Торопец-Холм жалпы бағытымен Калинин майданымен шығыстан соққы беріп, дұшпанның Демьян тобын қоршауда қалдыра отырып, екі майданды - Солтүстік-батыс және Калинин майданын Холм ауданында қосу. Бас командованиеніңтүпкі ойын (әскерлерді орналастыру жөніндегі) көзге найза сияқты елестетуге болады. Найзаның ұшын бұл жерде генерал-майор Люзиков басшылық еткен 2-гвардиялық корпус атқарды, оның құрамына генерал Иван Михайлович Чистяков басқаратын 8-гвардиялық дивизия да кірді. Одан әрі генерал-лейтенант Пуркаевтың (кейіннен генерал-полковник болды) майданына жалғасатын. Солтүстіктен дұшпанға соққыны 2-гвардиялық корпус жасамақ. Осы 2-корпустың қарамағына 8-гвардиялық дивизия және бірнеше бригада, соның ішінде қазақстандық 26 және 75-бригада кірді. Кейіннен бұл бригадалар гвардиялық дивизия болды. Ал мына найзаның қадалар ұшын әскери тілде авангард деп атайды. Одан әрі найзаның ұшы - дивизияның 1073-полкі болды, қазір ол Талғарлық 19-гвардиялық атқыштар полкы деп аталады. Сонымен сіздерге ұрыс қимылдарын жүргізетін бөлімдердің орнын түсіндіруге тырыстым. Солтүстіктің қақаған қысында, оңтүстік жақтан жаңадан келіп қосылған тың күшпенен жаяу 200 шақырымнан астам жүріп дивизия Сергиево-Прага ауданында майданды бұзып өтті, содан кейін Калинин және Ленинград облыстарының сыңсыған ормандарының ішімен қалың қармен омбылап, ұрыс жүргізе дұшпанның тылына 230 шақырымға дейін тереңдеп енді. Дұшпанның майданын біздің әскерлеріміз бұзып-жарды. Дивизия ұрыс жүргізе алға жылжыды. Оның алдына қойылған тапсырма жаудың Демьян тобын - 16-неміс армиясын қоршауда қалдырып, Калинин майданын солтүстік-батыс майданмен қосу болатын. Жаудың майданын бұзып өткен кезде 1075-полктің командирі полковник Капров сырқаттанып қалды. 1077-полкке Шехтман басшылық етті. 1075-полкті басқаруды мен қолыма алдым. Ал 1073-полкті подполковник Иванов басқарды. Жүргізілген ұрыстардың ішінен екі-үш шайқасқа тоқталып, сонымен әңгімемді аяқтасам деймін. Сіздер жалпы түрде болса да қорғаныс психологиясымен таныстыңыздар, ол жөнінде алғашқы әңгімемде айттым. Ал алдымызда болатын ұрыстар мүлде басқаша, яғни бұл шабуылға шығу ұрысы болды, Москва түбіне қарағанда климаттық жағдайы, табиғат жағдайы, ауа райы, жалпы ахуал мүлдем дерлік өзгеше. Ұрыстың сипаты да, уақыт та, ұрыс психологиясы да мүлдем ұқсамайды. Москва түбінде біздер шегінсек, мұнда шабуылдаудамыз. Алғашқы ұрыс, әсіресе, шабуылға шығушыға аса қауіпті. Егер шабуылға шығушы алғашқы шайқаста жеңіп шықса, онда мұның кейінгі ұрыстарға ықпалы өте зор болмақ. Сондай-ақ жеңіліске ұшыраған алғашқы ұрыстың да зардабы көп. Алғашқы ұрыста кейін шегінген жауынгерлерді екінші рет шабуылға бастап шығу қиынға соғады. Жасқанып қалған солдатты алға бастыру қиын. Біздің қарамағымызға жеткілікті солдат тәжірибесі жоқ, әскерге жаңадан шақырылған жас жігіттер келіп қосылды, олардан бөлімше жасақтаған кезде мен біртүрлі іштей қобалжыңқырадым. Біріншіден, олар тым жас еді, сырт тұлғалары жауынгерлік қалыпқа әлі түсе қоймаған, олпы-солпы, қимыл-қозғалыстары ширақ емес. Әрине, жастық адам өмірінің ең бір жақсы жарқын кезеңі, бірақ жас кезінде адам соншалықты қызба, албырт келеді де, табанда батырлық та, табанда қорқақтық та көрсетіп алуы мүмкін. Маған ушанка киген, солдат тәжірибесін әлі алмаған мына олпы-солпы көрінген жас жігіттер оның үстіне немістердің мынандай ерекше қорғанысы кезінде, алғашқы атыстан-ақ зәре құттары ұшып, үріккен қойдай жан-жаққа қашып кететіндей көрінді. Полкты шабуылға бастап, мен Гундиловичтің батальонынан алдыңғы батальонға шықтым. Неге мен ең алдында кетіп бара жатқан батальонға бардым? Қалай болғанда да алғашқы ұрыста жеңіп шығу керек болды. Мен өзіме осындай міндет қойдым. Алғашқы ұрыс 1942 жылғы 6 февральда Новосвинухово деревнясында болды. Біз Новосвинуховоға жылжып жақындадық, арамызда капитан Рассохин басқаратын минометшілер взводы бар. Өздерімізбен бірге сегіз минометті сүйреп келеміз. Деревняға жақындап тоқтаған кезде, мен капитан Рассохинге барлық сегіз минометті былай етіп қатар қоюға бұйрық бердім (сызып көрсетеді). Минометтерді мынандай есеппен атқылаған уақытта деревняның бір шетінен, қақ ортасынан және екінші шетінен соққылай алатындай етіп әзірлеп, орналастырдық (чертеждан көрсетеді). Миналармен үйлерді және окоптарды атқылаған кезде адамды онша көп зақымдай қоймайды. Шабуылға көшкен бөлімдер үшін атыстың психологиялық сәті аса маңызды: дұшпан үшін де, әсіресе, біздің жаңадан келіп қосылған жас күштеріміз үшін де мұның мәні үлкен. Жаппай жарылыс кезінде жердің апшысын қуырып аспанға будақтап көтерілген қара түтін мен жердің тікелей көрер көзге әсері ғажап-ақ. Шабуылға шығар сәтте біздің снарядтарымыз жауды соққылап, үсті-үстіне төмпештей түсіп, көкте қою түтін будақтаса, шабуылға көшкен солдаттардың көңіл-күйлері көтеріле түседі. Ал егер артиллерияның көмейі бітеліп қалса, олардың салы суға кетіп, рухы түсіп, жасып қалады. Осы жерде менің жас жауынгерлерімнің сағын сындырып алмай, көңіл-күйлерін көтеріп, рухтандырып тастау керек болды. Устав пен минометтерді тиісті ара қашықтықта орналастыру тәртібін бұзу осындай жағдайлардан келіп туып еді (чертеждан көрсетеді). - Миналарды алыңдар! - деп команда бердім. - Құп болады, алдық! - Оқпанға алып барыңдар! Қойыңдар! Сегіз жауынгер сегіз минометті оқтап, бір мезгілде сегіз рет атты, бір уақытта тыныштықты бұза сегіз мина жарылды. Бұл таң алдында болған еді, немістер әлі төсекте ұйықтап жатқан. - Миналарды алыңдар! Екінші рет селоның бір шетін атқыладық, үшінші рет селоның екінші шетіне сегіз минометпен бір мезгілде мина жаудырдық. Атысты тағы, одан соң қайта тағы да қайталадық. Сөйтіп селоның екі шеті мен ортасында 48 мина жарылды. Әсері жауынгерлерімді қанаттандырып-ақ тастады. Бірден сегіз мина ұли, ысқыра ұшқан уақытта, дауысы құлақты тұндырып жібереді де, жарылған кезде талай жерді тып-типыл етеді. Жауды орағытып бірыңғай автоматшылар ротасының взводы оқ жаудырды, оның саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин болатын. Ұрыс екі сағатқа созылды, деревня жаудан тазартылып, азық-түлік, қару-жарақ тиелген 85 автомашина, 25 тұтқын қолға түсті, ұрыс даласында 80 немістің өлігі қалды. Алғашқы шабуылға шыққан ұрысымыз сәтті аяқталды. Бірақ осы жерде жаңадан келген жас жауынгерлер бір шатақ іс жасады, мұндай іске менің жауынгерлерім Москва түбіндегі ұрыста жол бермеген болар еді. Бұл оқиға мынау. Жауынгерлерім аш құрсақ болатын, күн өте суық. Баспана көрмегелі бір жарым аптадай болды, бәрінің де аяздан беті-қолы, мұрны үсіген, ал мұнда қолға түскен неміс машиналарының ішінде конфет, арақ және азық-түлік бар болып шықты. Әрине, аш келе жатқан жауынгерлер деревня жаудан жартылай тартып алынғанына да қарамастан, конфет, арақ, азық-түлікті көріп бас салған. Келе жатып жауынгерлерімнің машиналардың жанында топтанып қалғанын көрдім, біреулері бөтелкелердің тығынын алып жатыр, екіншілері аузына басытқы салуда. Осы бейғам сәтті пайдаланып немістер қарсы шабуылға шығуы мүмкін, онда бәрі бітті дегін.Мен жүріп бара жатып «алға!» деп айқайладым, ал аналар болса машинаның ішінен түрткілектеніп айналшықтап шығар емес. Бір машинаның жанында жауынгерлер шаңғыларын тастай сала топырлап конфетке үймелеп қалды. Жақындай бергенімде, жаудың минасы жарылып, бірден 12 жауынгерімді мерт етті. Автоматшылар ротасының командирі капитан Якубенконың жанына келіп: - Ана басқа топты машинаның жанынан қуғын,- дедім. Ол жүгіріп барып, тез арада жарлық берудің орнына түсіндіріп, талқылай бастады. Бірақ мынандай жағдайда бұлардың әрекеттерін талқылауға бола ма? Бұл жерде мына ақыл- естен айырылған «олжашыларға» күшпен, әмірмен ықпал ету қажет. Деревняны толық иеленгеннен кейін, жауынгерлерді жинап алып: - Жеңдер!- дедім. Өлгендердің жанына қоюға бұйырдым да: - Бұған кінәлі кім? Неғылған масқаралық, әлсіздік! Осындай қауіпті уақытта конфетке малданып... Якубенкоға бұрылып былай дедім: - Сен бе бұларды олжа затқа көрсеқызар етіп тәрбиелеген! Сөйтіп мініс атыма отырдым да, жүріп кеттім. Олар бастары салбырап ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады. Новосвинуховода жүргізілген ұрыста осылайша жеңіске жеткен едік. Осы оқиғадан кейін батальон қайтып олжа заттарды көзсіз тарпа бас салмайтын болды... Гундиловичтің екінші батальоны Холмның өзіне дейін жетті. Алғашқы қақтығысты, шайқасты қалайда сәтті өткізу керек, мұның өзі солдаттың рухын көтереді. Солдат деревняны жаудан тартып алған уақытта, ол немістердің шегініп бара жатқанын өз көзімен көрген кезде қанаттанып, өзін жеңілмейтіндей сезініп, алға сеніммен ұмтылады. Келесі ерекше ұрыстарға Соколово және Бородинода болған ұрысты жатқызамын. Немістердің түбірден соғу дейтін тактикалық әдісі бар. Соғысушы жақ майданды бұзып өткенде, немістер негізгі күшті алға өткізіп жібереді. Түбірден соғу деп тағы да қайталап айтамын - бұл немістердің өте сүйіп қолданатын тактикасы, бұл соғыс ісінде құнды қазына болып табылады. Рас, бұл тактиканы бұрында, ертеде қолданған, бірақ бұл әдіс өзінің аты мен қолданылуы жағынан неміс тәжірибесінде ғана жүйеге түскен. Мен тарихшы емеспін, түбегейлі түрде дәлелдей алмаймын, бірақ қалай болған күннің өзінде маневрдің бұл формасы тактикадан стратегиялық ойға дейін алғанда соғыс өнерінің қазынасы болып табылады. Мамандығым насихатшы емес, әрі жақсыны несіне бүгіп жасырамыз. Мына жағдайға объективті қарайық. Жақсы деген нәрсеге шындық тұрғысынан қарайық, біздің әскерлеріміз майданды бұзып өткенде, немістер мұндай әдісін Харьков түбінде қолданып, түбірден соқпақ болды, сөйтіп бізге жау басып алған ауданға тереңдеп еніп, тылда қимылдауға мүмкіндік берді. Генерал Чистяковтың артықшылығы сол, ол немістердің арам ниетін бірден-ақ аңғара білді. Соколово деревнясын немістер шығысқа қарсы соққы беру үшін плацдарм ретінде тегеурінді түрде қорғауда, Кобылкино деревнясын да шығыстан қарсы соққы беру үшін қатты қорғауда, яғни неміс командованиесі біздің найзадай қадалған корпусты өткізіп жіберіп, содан кейін қоршауға алып сығуға тапсырма алған. Сондықтан да шығыста Кобылкино, ал батыста - Соколово деревнялары үшін ұрыс жүргізілуде. Бұған дейін1077- полк ұрысқа кірген жоқ еді, бірақ енді генерал Чистяковтың шешімімен ұрысқа енгізіліп, оның алдына - Соколово деревнясын жаудан тартып алу міндеті қойылды. Подполковник Шехтман мінез-құлқында бір жақтылық байқалатын, сауысқаннан сақ адам болатын. Мен командирдің бойында сақтық пен батылдық сияқты қасиеттер үйлесімді болуға тиіс деп санаймын. Онда сақтық, өзімшілдік басым түсіп жататын. Ол болса үш батальонды бірдей ұрысқа салған, алайда бұл уақытта 1073-полк Соколово деревнясын қоя тұрып, ұрысқа кірген еді. Осы Соколово бағыты үшін біз дұшпанмен үш тәулік бойы аяусыз арпалыстық. Генерал Чистяков мені өзіне шақырып алды. Бұл уақытта Гундиловичтің батальоны мен аға лейтенант Клименконың батальоны 15 шақырымдай жерде тұрған. Полктің артиллериясы да сонда. Соколово тобы неге осыншама ұзақ уақыт бөгелді? Себебі немістер қосымша күш, қару-жарақ пен азық-түлікті үнемі жеткізіп үстемелеп тұрды. Соколово деревнясын алу үшін қару-жарақ, азық-түлік жеткізіп тұратын күре жолды қайткенде де қиып тастаған жөн, генералға немістерді жабдықтап тұрған жол Трошково деревнясын басып өтетіндей көрінді. 1075-полкке Соколовоның солтүстік батыс жағынан шығып, Трошково деревнясын таңғы сағат 8-де дұшпаннан тартып алу міндеті қойылды. Генерал Чистяков табиғатынан ақ жарқын, ер көңілді, әдемі әзіл-қалжыңы бар адам болатын. Ол менің алдыма міндет қойып: - Егер жаудан ертең таңғы сағат 8-де деревняны тартып алсаң, онда мен сені Суворов деп атаймын, - деді. Штабқа барлау жасауға тапсырма бердім, полк (бір жарым батальон) орнынан қозғалды. Маврино деревнясынан Соколовоға дейін айналаның бәрі жалаңаш, ашық. Қараймын, аспанда жаудың бес самолеті көрінеді. Полк болса, саппен кетіп барады. Осы жерде есте қаларлық бір оқиға болды. Мұхамедияров екеуміз сәл кідіріп қалған едік. Батальон қалың қарды кешіп шұбыра кетіп барады. Мына ашық алаңда неге екені белгісіз полк тұрып қалғанын көрдім. Маврино ауданында жау самолеті аспанда айнала ұшып, шүйіле бомба тастауда. Бұл сағат 12-де болған еді, тапа-тал түс, немістер тұтас полкты жайпап жіберуі мүмкін. Асыға басып полктің артынан қуып жеттім. Мұхамедияров ана жақта қалып қойды. Не болып қалды? Сөйтсек, немістер алаңды миналап тастапты. Мен штаб бастығына жан-жақты барлау жүргізуді ұйымдастыруға бұйрық бергенімде, ол бұл іске білікті адамдарды - саперлерді, артиллеристерді тартуы керек еді. - Иә, жолдас командир, - дейді, бірақ біз ешнәрсе істей алмадық, саперлер жоқ болатын. Штаб бастығын шақырдым. - Саперлер барлаушылардың құрамында неге болмады? Ол: - Мина іздеушілерсіз саперлерді жіберу қауіпті, ал мина іздеушілерді инженерлік қызмет бастығы бермеді, - деп жауап берді. - Мен инженерлік қызмет бастығын шақырып алдым, ол Даниловқа сілтеді, ал бұл болса штаб бастығына сілтеді. Бір сөзбен айтқанда, ешкім де кінәлі емес, ал жауынгерлердің төбесінен нақты қауіп төнді - жау самолеті көрінсе, полктің бәрін жусатып кетпек. Инженерлік барлауды қамтамасыз ете алмағандарына ашу-ызам келіп былай дедім: - Жолдас штаб офицерлері, ұялмайсыңдар ма? Мен сендер үшін полкымды құрбан ете алмаймын! Осындай ұнамсыз оқиға болған еді. Соңымызда қалып қойған Мұхамедияров келіп жетті. - Штаб офицерлеріне не болып қалған? - Мен олардың жауға барлау ұйымдастырмағанын айттым. Мина неге жарылмаған десеңізші, сөйтсек, қатты аяздан минаның беткі жағына қалыңдау мұз тұрып қалыпты. Штаб - бұл үлкен істің ұйтқысы. Генерал Панфиловтың атына жазған рапортым кездейсоқ сақталып қалыпты. Тексін оқып берейін. «Мен бұрынғы штаб қызметкері және де бүгінде батальон командирі ретінде, мына ауыр ұрыстардан кейін дана Энгельстің офицерлер біліктілігінің төмендігі дәл штаб қызметіндегідей еш нәрседе зиянды көрінісін таппас деген ескертуінің мәнін түсінген емеспін. Штаб сені тағдыр тәлкегіне қалдырған өкінішті сәттерде штабты даярлығы жоқ, білімсіз командирлермен толықтырғаннан гөрі олардың болмағаны дұрыс екендігін өмір тәжірибесінен көрдім. Штабқа қатысты менің тарапымнан айтылған бұл пікірді дөрекілік деп тапсаңыз - өзімнің сөзім үшін қандай да жауапкершілікті мойныма аламын». Рапорт 1941 жылғы ноябрьдің басында жазылды. Алайда Панфилов маған бұл үшін ұрысқан жоқ. Штаб басты ұйымдастырушы, ол бүлдірсе, бәрін де кұртуы мүмкін, сондықтан менің штаб офицерлеріне жасаған қаталдығым тым қатыгездеу көрінуі ықтимал, бірақ басқаша істеу жөн емес. Штаб өз міндетін немкетті атқарған екен, ал әскерлерге алаңнан өту керек, сондықтан осылай жасауға тура келді. Соколовоның солтүстік-батысындағы орманның ішінде жиналдық. Рекогносцировка деген әскери термин бар. Оның мақсаты не? Жергілікті жерді карта бойынша зерттеп, командир алда ұрыс болатын орынды өзі барып көруге, оның сипатын, дұшпанның орналасу жағдайын бақылап, зерттеп білуге тиіс, содан кейін барып қана қай жақтан соққы беру, ұрыс жүргізген кезде қандай маневр қолдану керектігін шешеді. Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды Жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар