Б.Омарұлының қазақ журналистері туралы жазған «11-ші қаламұш» атты кітабы жарық көрді

АНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақ әдебиетінің кітап қоры оқырман сөресінің төрінен орын алатын тағы бір тамаша туындымен толықты.
None
None

Белгілі журналист, әдебиеттанушы ғалым, БАҚ саласындағы Президент грантының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының «11-ші қаламұш» атты кітабы жарық көрді.

Б.Омарұлының «11-ші қаламұш» кітабында бұқаралық ақпарат құралдарындағы қызметімен елге танылған майталман журналистер туралы эсселер топтастырылған. Автор олардың бірінен шығармашылық нәрімен сусындаса, бірімен замандас, қаламдас болған.

Атап айтқанда, автордың кейіпкерлері - мінезі қатал, түсі суық, тәртіп бұзғандардың аяғын қия бастырмайтын ҚазМУ- дің журналистика факультетінің деканы болған - Темірбек Қожакеев, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің тізгінін 16 жыл бойы ұстаған, журфактан түлеп ұшқан талай қыз-жігіт мектебінен тәлім алуды армандаған - Сейдахмет Бердіқұлов; ресми элитаның ішіндегі галстук тақпайтын жалғыз қазақ - Ержұман Смайыл; автордың өзі айтпақшы: «Ұлт ұғымын ұлғайтқан дара тұлға», университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ бейнелеу өнерінің қыр-сырына терең үңілген, оқырмандарға соны тақырыптарды паш еткен, Шоқан Уәлихановтың ізімен жүріп өткен саяхатшы, «Ана тілі» газетінің алғашқы бас редакторы болған, осы басылымды жеті жыл бойы өзінің перзентіндей мәпелеп, жетер биігіне жеткізген, бүгінде «ҚазАқпарат» агенттігіне жемісті еңбек етіп жүрген Жарылқап Бейсенбайұлы; қыр-сыры ашылмаған тың дүниелерді жазып, оқырман ықыласына бөленген - Жанболат Аупбаев; теңізбен тамырласып кеткен - Қуаныш Жиенбай, есімі аңызға айналған фототілші - Дендербай Егізов, саяхатшы-журналист - Сапарбай Парманқұлов, қоғам қайраткеріне айналған ауыл азаматы - Қайнар Олжай, ақындықтың арланы, тележурналистиканың тарланы - Шаһизада Әбдікәрімов, гипоталамус - Мақсат Тәж-Мұрат, бүгінгі «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, телерадио майталманы Қайрат Мұсақұлов, қаламды өзіне серік етіп, әлемді шарлаған - Әлімжан Сабыржанұлы және тағы басқалар.

Жатық тілмен жеңіл әрі әдемі әзілдермен жазылған кітапта кейіпкерлер өмірінің жұрт назарынан қалтарыс қалған тұстары, олардың жалпы болмыс-бітімі, қабілет-қарымы мен тұрмыс-тіршілігі жөнінде мол мәліметтер берілген.

Кітапты оқып отырып, жоғарыда аталған есімдермен бірге көз алдыңда тағы бір тұлғаның бейнесі қалыптасады. Ол - автордың өзі. Ол эсселерінде өзі тәлім-тәрбие, сабақ алып, соларға қарап бой түзеп өскен аға ұрпақ туралы, қаламдары бірге қайралған үзеңгілес - орта буын және журналистиканың қыр-сырын жадына мықтап тоқығаннан кейін өзі сабақ үйреткен - жас ұрпақ туралы жазған.

«Журналистер ылғи да белгілі бір тұлғалар туралы қалам тербейді. Солардың өз саласындағы жетістіктерін елге таныстырады. Кейіпкерлерінің адами қасиеттері, күнделікті кәсібі, рухани әлемі жөнінде жазады. Журналистің негізгі жұмысының өзі - осы. Ал сол журналистердің өз тұлғасын оқырманға кеңінен таныту онша үрдіс бола қойған жоқ. Басқа мамандық иелері туралы жазуға дағдыланған әріптестеріміз қаламдастары жөнінде сөз қозғай бермейді. Менің іні-әріптесім Бауыржан Омарұлы осы тұрғыдан алғанда өте құптарлық қадам жасады. Бұл кітапқа енген дүниелер әріптестеріміздің абырой-беделін, өзгелердің бұл мамандыққа деген құрметі мен қызығушылығын оятады», деп пікір білдірген кітаптың алғысөзін жазған журналист-жазушы, Қазақстанның халық жазушысы, марқұм Әзілхан Нұршайықов.

Б.Омарұлының айтуынша, аға буын журналистер өз саласына адал болды, тынымсыз тер төкті, ерінбей-жалықпай шәкірт тәрбиелеп, тіліміздің түтінінің түзу ұшуына айрықша үлес қосты. Тілбұзарларды алқымынан алып, ақпараттың жаңа терминдерін орнықтырды.

«Өз басым аға ұрпақпен де, жас буынмен де бұқаралық ақпарат құралдарында бірге қызмет істеп көрдім. Осы үш буынның сабақтастығы орныққанда ғана ұжымның діңгегі мықты болатынын ұқтым. Егер осы кітапты оқып, қазақтың бір баласы журналист болуға ұмтылса, мақсатымыздың орындалғаны», - дейді автор кітабында.

Шынымен де, қазақ журналистері армиясының маңдайалды азаматтары туралы жазылған бұл туынды, кітаптағы құрғақ теорияны еміп өсіп келе жатқан қазіргі журфактың жас өреңдеріне нағыз журналист болып қалыптасуға бағыт-бағдар беретін бірегей оқулық болары сөзсіз.

«Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры болған, бүгінде ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы қызметін атқарып отырған Б.Омарұлы 70-тен астам ғылыми мақалалардың авторы. Б. Омарұлы қалың жұртшылыққа «Мұрат Мөңкеұлы», «Бұғауға бағынбаған жырлар», «Қазақ-қырғыз қасіретнамасы», «Аруана бауыр дүние», «Жұмыр жермен жүздесу», «Зар заман поэзиясы» және «Зар заман әдебиеті» шығармаларымен таныс.

Соңғы жаңалықтар