Б. Сағынтаев: ЕАЭО-ны кеңейту қатысушы елдердің тұрақтылығына қосымша серпін береді
Күн тәртібінде Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы Келісім жобасына дайындық жайы қарастырылды.
«Қырғызстанның қосылуы туралы Келісім жобасы жалпы алғанда дайын. Жалпы экономикалық кеңістікті көбейтуден өзге Еуразиялық экономикалық одақты кеңейту интеграциялық бірігудің тартымдылығын, оған мүше мемлекеттер экономикаларының қосымша даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан басқа, құрылып отырған Еуразиялық экономикалық одақ органдарының тиімді қызметін қалыптастыруға бағытталған жекелеген шешімдер қабылданды.
Атап айтқанда, Одақтың 2015 жылғы бюджеті, Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс тәртібі мақұлданды. Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынтымақтастықты іске асыру және Одақ Сотының қызметімен байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер бойынша жалпы ұстанымы шығарылды. Бұл 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді қызметінің басталуын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің өндірістік және агроөндірістік ынтымақтастығы аясында ақпарат алмасудың жекелеген мәселелері бойынша келісушіліктерге қол жеткізілді. Бұл келісушіліктер мемлекеттердегі өндірістік және ауыл шаруашылығы саясатын тиімді болжау және жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Біз бүгінгі кездесуімізді табысты өткізіп, еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың көкейкесті мәселелері бойынша өзара тиімді шешімдерді таптық», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Жұмыс сапарының барысында Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ ресейлік әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.
РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Аркадий Дворковичпен болған кездесуде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы бойынша келіссөз үдерісінің мәселелері, сондай-ақ еуразиялық интеграция аясындағы ынтымақтастық жайы ортаға салынды.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен кездесті. Әңгімелесу барысында Байқоңыр кешенінің қызметі бойынша маңызды сұрақтар, соның ішінде «Байқоңыр» жобасын одан әрі іске асыру мәселесі қарастырылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары және Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары екі ел арасындағы ғарыш саласында екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін танытты.