Б.Сағынтаев ЕЭК Кеңесі отырысына қатысты

Кеңесте Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің экономикалық интеграциясын тереңдетуге бағытталған бірқатар құжаттар қабылданды.
Атап айтқанда, ЕАЭО мүше мемлекеттердің ішкі су жолдары арқылы кемелердің еркін өтуі үшін жағдайлар тудыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кеме қатынасы туралы Келісім жобасы қаралды.
ЕАЭО мемлекеттері мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасында үшінші тараппен халықаралық сауда даулары мәселелері бойынша өзара ықпалдасу тәртібіне қатысты тәртіптер талқыланып, жалпы мақұлданды. Сонымен қатар теріден жасалған тауарларды бақылау (сәйкестік) белгілерімен таңбалау бойынша пилоттық жобаны енгізу мәселелері қаралды. Оны жүзеге асыру ЕАЭО аумағында теріден жасалған тауарлардың заңсыз айналымын болдырмауға бағытталған. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесімен Қырғызстанның 2016 жылдан 2025 жыл аралығында ЕАЭО-қа жүктерді автотасымалдауды орындауды кезеңмен ырықтандыру бағдарламасына қосылуы мақұлданды. Қырғыз Республикасы каботаждық тасымалдауды ырықтандыру Бағдарламасына бірінші кезеңнен - 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылады. Жалпы, ЕЭК Кеңесі отырысына қатысушылар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша өзара тиімді шешімдер шығарды.