Б. Сағынтаев: «ЕЭО - экономикалық бағытқа ғана басымдық береді»

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтіп, онда Еуразиялық экономикалық одақтың басты құжатына қол қою рәсімі болды. Осы шарадан кейін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов пен Даму банкінің Басқарма Төрағасы Сергей Румас және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Төрағасы Виктор Христенконың қатысуымен арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған болатын.
None
None

Баспасөз мәслихатында Еуразиялық экономикалық мүше-мемлекеттер өкілдерінің БАҚ құралдары спикерлерге өз сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар ала алды. Келер жылдан бастап күшіне енер ЕЭО келешектегі әлеуетіне алаңдамауға шақырған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, бұл Одақты мүше-мемлекеттердің үстінен қарайтын, саяси астары жағынан тәуелденетін Одақ ретінде жаңсақ қабылдамау керектігіне кеңірек тоқталды.

«Анығында да, Еуразиялық экономикалық одақтың күш-қуаты мен оның әлеуетітек қана, экономикалық бағыттарда ғана белсенді әрекет етіп, тығыз қарым-қатынас жасауға бағытталған. Бұл ұйым ешқандай да саяси, әскери, гуманитарлық немесе өзге де салалар бойынша бірлескен, бірі айтып екіншісінің орындауына мәжбүрлейтін одақ емес» деді ол өз сөзінде.

Сағынтаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ тек экономикалық ықпалдастыққа негізделген.

«29 мамырда үш елдің мемлекет басшылары қол қойған шарттың мазмұнына тоқталатын болсақ, онда ЕАЭО аясындағы жұмыстар тек экономикалық мәселелерге негізделгені анық көрсетілген. Яғни, біздің бүгінгі құрылған Еуразиялық экономикалық одағымыз экономикалық ықпалдастықты қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда ешқандай саясат жоқ. Осы Одақты құру кезінде саяси мәселелер ескерілмеді. Атап айтқанда, әр ел өзінің егемендігі, қауіпсіздік мәселелерін ұлттық деңгейде қалдырды», - деп атап өтті Б. Сағынтаев журналистермен болған жиында.

Ал, РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов болса Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жақсы жұмыс іздеп жүргендерге еш кедергілердің болмайтынын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, ЕЭО аясында Беларусь, Қазақстан немесе Ресейге келіп, жақсы жұмыс істегісі келетіндерге барлық мүмкіндік жасалып отыр. Осы үш елдің кез келген азаматы еш кедергісіз, қандай да бір қиындықтарсыз жұмысқа орналаса алады. Бұрынғыдай көші-қон заңнамасы тарапынан азаматтарға кедергілер болмайды деп атап өтті РФ өкілі.

Сонымен қатар ресейлік вице-премьер енді осы жұмысшыларға ұсынылатын әлеуметтік кепілдер ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің ішіндегі кепілдермен бірдей жағдайда ұсынылатынын да атап өтті.

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко болса Ресейдің өзі «Қазақстан-2050» Стратегиясын қолдап отырғанын айтып отыр.

«Біз Қазақстан билігінің «Қазақстан-2030» стратегиялық даму жоспарын мерзімінен бұрын сәтті орындағанын жақсы білеміз. Өткен жылы Мемлекет басшысы өз халқына «Қазақстан-2050» стратегиясын жолдады. Онда елдің 2050 жылға дейінгі дамуының даңғыл жолы мен бағыт-бағдарлары айқын көрсетілген. Бұл ретте көптеген бағыттар мен басымдықтар Ресей Федерациясының даму жолымен сәйкесетенеді. Осы тұрғыдан алғанда біздер Қазақстан мен Ресейдің бірлесе дамуында бірқатар ортақ жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын және бірлесе дамудың мұндай сатысын қолдайтындығымызды білдіргім келеді» деді ол.

Айта кетейік, 29 мамырда Қазақстан, Ресей және Белорусь елдерінің президенттері Астана төрінде ЕЭО құру туралы келісімге қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар