Б.Сағынтаев Украинаға ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуды ұсынды
Тараптар мемлекетаралық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенде, отын-энергетикалық салада, логистика, өнеркәсіп, туризм, мәдениет саласында әріптестікті одан әрі тереңдету қажеттілігін бірауыздан атап өтті. Бақытжан Сағынтаев украиндық тарапқа Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуды ұсынды. Ол Украина көрмеде турист ретінде ғана емес, оның толыққанды қатысушысы ретінде болатынына үміт білдірді. Қазақстандық-украиндық қарым-қатынастардың қазіргі кезеңдегі маңызды оқиғасы 2014 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Украинаға ресми сапары болды, оның барысында екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде қазақстандық-украиндық мемлекетаралық комиссияның қызметін жандандыру арқылы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар нақты уағдаластықтарға қол жеткізілген. Киевте өткен комиссия отырысы осы жылғы күзде Украина Президенті Петр Порошенконың Қазақстанға сапарына дайындықтың негізгі кезеңі болып табылады.