Б. Сапарбаев екі министрлікке спорттық нысандарды жастар үшін тиімді пайдаланудың кестесін жасауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе спорттық нысандарды жастар үшін тиімді пайдаланудың кестесін жасауы керек. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті.

Б. Сапарбаев екі министрлікке спорттық нысандарды жастар үшін тиімді пайдаланудың кестесін жасауды тапсырды

«Біз балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мән беруіміз керек. Жыл сайын түрлі спорт залдарды, өнер залдарын салудамыз. Білім және ғылым министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, осы нысандарды кеңінен пайдаланудың кестесін неге жасамайды? Көптеген елді мекендерде спорттық нысандар салынуда, сондай-ақ барлық ауылдарда клубтар қалпына келтірілді. Сондықтан бұл нысандар балалар мен жастардың игілігіне кеңінен пайдаланылуы керек»,-деді вице-премьер.

Осы орайда ол спорттық және мәдени нысандарға жастарды тарту арқылы қоғамдағы құқық бұзушылықты айтарлықтай төмендетуге болатындығын атап өтті.