Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы классикалық туынды - Әкім Тарази

Бұл пікірді бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби кеште қаламгер Әкім Тарази білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің ойымша қаламгердің «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармасы ғасырдан-ғасырға оқылатын бірегей туынды. Жалпы махаббатты жалған түсіндіретін жағдайлар болып тұратындығы өмір дәлелдеген шындық екендігі ақиқат. Алайда осы бір ғажайып ұғымды қыз бен жігіт арасындағы, еркек пен әйел арасындағы сезім деп те қарауға болады. Дегенмен, бұл ұғымның екінші жағы бар. Ол - әлеуметтік махаббат. Ол адамдардың бір-біріне деген жаны ашу сезімі, сүйіспеншілігі», дейді қаламгер.
Оның айтуынша, соғыс кезіндегі ауыл өмірі туралы Шыңғыс Айтматов «Жәмила» повесін жазып, Лениндік сыйлыққа ие болған. Ал Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» туындысы сол шығармамен тұспа-тұс жазылғанымен махаббаттың да, сезімнің де, саясаттың да Ш.Айтматов айта алмаған тұсын ашып көрсеткен. Б.Соқпақбаев осыны философиялық, адамгершілік, психологиялық, көркемдік тұрғыдан ашып жазған.