Бьюти-индустрия бүліктері: Қылтамақ болу кімдерге қажет?
Білген адамға, бұл бүліктің басы әуелі батыстан шығып, көгілдір экран арқылы қыздарымыздың миына сіңді де, көкейіне мықтап тұрып орнығып алды. Алдымен жарнамадағы бикештерді көрдік (олардың ішінде толықша келген ешкімі жоқ қой). Қандай сұлулық дедік. Одан соң әлемдік брендтерді жарнамалаған модельдер шықты. Олардың терісі сүйегіне ілініп тұрған түрін көріп сұлулық деген осындай болады екен ғой дедік. Бірте-бірте сән журналдары кеңінен тарады. Ондағы керімсал кербездер тіптен «жіңішкере» түсті. Содан мектептегі кішкене баладан бастап, ес кіріп, етегін жапқан естиярларымызға дейін сәл салмағы артық біреуді көрсек, келемеждейтінді шығардық. Осылайша әр ортада «пончик», «колобок» деген балалар пайда болды. Күлеміз. Оның бар жазығы - томпақтау келген болмыс-бітімі. Сөйтіп семіздіктен қорқу синдромы пайда болды. Дәл семіздіктің өзінен қорықсақ дұрыс қой (сан түрлі дерт семіздіктен болады екен). Енді бүгінде қалыпты салмақтан қорқатынды шығарды қоғам. Оның түбі не? - Анорексия.
Бүгінде әлеуметтік желілерде, интернетте арықтау туралы ақпарат көп. Бірақ осы көптің қаншасы адам денсаулығына зиян тигізбейтінін, қаншасы адам денсаулығын қайта оңалмастай етіп зақымдайтынын ажыратып, айыру қиын. Себебі бұл жаңа ғасырдың жаңа дерті. Сырын жақсы білмейміз.
Туған-туысы, жақындары осы дертке шалдыққан жұрттың пікірін саралап көрдік. Олар ғаламторда жарияланатын: «қарның ашса - су іш, тамақ жегің келсе, алма же! Егер алмаға тәбетің соқпаса, онда асқа да тәбетің жоқ» деген сынды ақыл-кеңестерден сақ болу керектігін айтады. Себебі, ашығуға шақыратын осындай кеңестерге сенген талай адам түбі ауруға шалдыққан.
Ашығу, тәртібін сақтай білген жағдайда, адам ағзасындағы шлактарды кетіретін денсаулықты сақайтудың тамаша әдісі. Мәселен, француздарша ашығудан еш зиян жоқ. Олар аптасына бір күн астан бас тартып, «Француз күнін» жариялайды екен. Мұсылмандар да аптаның екі күнінде Ораза ұстайды. Бірақ, басқа уақытта жақсылап тамақтанады. Одан зиян жоқ. Ал, күн сайын ас мөлшерін азайта беру, антидепрессант, психостимулятор сынды анорексиялық дәрі-дәрмек қолдану, апталап ас ішпеу, ішкен асын жасанды жолмен шығарып, құсып тастау, міне, осы айықпас ауру тудыратын амалдар қатарына жатады екен.
Ғалымдар жүйке анорексиясын психикалық ауру санатына жатқызады. Бұл дертке шалдыққан адам өзін толып бара жатқандай сезініп, күн санап арықтауға қатты тырысатын болады. Әлемде әйел затының 2 пайызы, ал ерлердің 0,29 пайызы осы ауруға шалдыққан. Анорексиямен ауыратын нәзік жандылардың 80 пайызы 12 мен 25 жас аралығындағы қыздар екен. Олар өздері ас ішуді қаламағандықтан, қалыпты ас ішуді де қауіп санағандықтан, емделуі қиын.
Біздің елімізде анорексия дертін емдеуге көмектесіп, оның алдын алатын дәрігерлер аз! Тіпті қажетті арнайы стационар емханалар да жоқ. Сондықтан бұл ауруды емдету көп уақыт пен сабырлықты талап етеді. Ал, енді, осы секілді дауасы жоқ дерттің жай ғана сымбатты көрінуге тырысқаннан туындағанына біреуді сендіре алмайсыз.
«Қылтамақ» деген дерт бар. Қазақ әдетте тергеп, атын атамайды. «Қылтамақ болғыр» деп қарғайды. Себебі ерте кезден бұл аурудың емі табылмайтынын ел білген. Бүгінгі таңда жап-жас қыз-келіншектер осы ауруға өздері ұрынып, сау басына сақина тауып алып жүр. Отағасына білдірмей анасы мен қызы, жеңгесі мен қайын сіңлісі ашығып, осындай дертке ұрыныпты деген секілді әңгімелер ел ішін жайлап кетті. Әрине, олар осындай халге душар болайын демейді. Тек, дұрыс ашықпай, ағзаға күш салып жібереді. Бұның соңы ас қорыту мүшелерінің жұмысы бұзылып, ас ішкен кезде лоқсып, адам құса беретін күйге соқтырады. Тамақтан бір түйір ас өтпей, өткен күніне зар болады.
Сән индустриясы жаттығу залдары мен кешенді арықтату дәрі-дәрмегінің, мықын массажерлері мен бұлшық етке арналған бодифлекс аппараттарының арқасында зор пайдаға кенеліп жатқанын әркез ішіміз сезе бермейді. Айналып келгенде ешкім де қыздар сымбатты болсын деп жанашырлық танытып отырған жоқ. Қайта қыздар арасында арықтауға, арықтататын дәрілерге, тренажер құрылғыларға, арнайы курстарға шамадан тыс әуестік оятып, ақша тапсам деген ниет әлдеқайда биікте тұрғандай көрінеді. Сондықтан бьюти-индустрия бүліктерінен сақ болғанымыз абзал. Ербол Жанат