БАӘ 100 миллион мангр ағашын отырғызбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктері 2030 жылға дейін 100 миллион мангр ағашын отырғызу бойынша ауқымды экологиялық бастаманы қолға алды. Бұл туралы елдің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта мәселелері жөніндегі министрлігі хабарлады, деп жазды АЗЕРТАДЖ.

БАӘ 100 миллион мангр ағашын отырғызбақ
Фото: Азертадж

Шетелдік БАҚ-та тараған дереккөзге сай, жоба Халықаралық мангр экожүйелерін қорғау күніне орайластырылған. Оның басты мақсаты — жағалау аймақтарының климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру және теңіз флорасы мен фаунасы үшін қолайлы орта қалыптастыру.

Инициатива аясында қазіргі таңда 30 миллионнан астам ағаш отырғызылған, олардың бір бөлігі дрондардың көмегімен отырғызылған. Белгілі болғандай, мангр ағаштары теңіз деңгейінің көтерілуі мен жаһандық жылынудың салдарынан табиғи қорғаныс қабырғасы қызметін атқарады.

Сонымен қатар, мангр ағаштары көмірқышқыл газын сіңіру қабілетімен ерекшеленеді, тіпті бұл көрсеткіш тропикалық ормандарға қарағанда төрт есе жоғары. Олар көптеген теңіз организмдерінің тіршілік ету ортасы болып саналады және экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.

Халықаралық деңгейде БАӘ Mangrove Alliance for Climate (MAC) бастамасын ілгерілетуде. Бұл бастамаға 45 ел мен ұйым мүше. Сонымен қатар, Әмірліктер Индонезиядағы Мұхаммед бен Заед пен Джоко Видодо атындағы Халықаралық мангр зерттеу орталығын қаржыландырады.

Биыл қазан айында Абу-Дабиде Табиғатты қорғау жөніндегі Халықаралық одақтың (IUCN) қолдауымен Дүниежүзілік табиғатты қорғау конгресі өтеді. Конгресс жұмысының негізгі бағыты — мангр экожүйелерін сақтау болмақ.

Еске сала кетейік, БАӘ-де ауа температурасы мамыр айындағы рекордтық деңгейге жеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар