БАӘ-де жасанды интеллект күмәнді кемелерді анықтауға көмектеседі
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінің AIQ компаниясы мен америкалық Quartermaster компаниясы теңіз инфрақұрылымын қорғауға арналған жасанды интеллект шешімдерін бірлесіп әзірлеуге келісті, деп хабарлайды WAM.
Келісімге ADIPEC 2026 көрмесі аясында қол қойылды. Жаңа технологиялар күмәнді кемелерді анықтау, төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ теңіздегі мұнай платформалары мен құбырларды қорғау мақсатында қолданылады.
Ынтымақтастықтың негізгі құралы — SmartMast жүйесі. Ол спутниктік суреттер мен навигациялық деректерді пайдаланбай-ақ, кемелерді нақты уақыт режимінде тани алады.
Қазіргі уақытта бұл жүйе 25 елдегі 650-ден астам кемеге орнатылған. Осы уақытқа дейін үш миллионнан астам кеме анықтау дерегін тіркеген.
Алғашқы кезеңде компаниялар БАӘ аумағындағы жобаларға басымдық береді. Кейін ынтымақтастықты Парсы шығанағындағы басқа елдерге және халықаралық нарыққа кеңейту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, қазақстандық студенттер егін өнімділігін болжайтын жасанды интеллект платформасын әзірледі.