Қазақстандық студенттер егін өнімділігін болжайтын жасанды интеллект платформасын әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM – Ualikhanov University студенттері егістік алқаптарының жай-күйін бағалап, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін Sator жасанды интеллект платформасын әзірледі, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Жобаны Data Science білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Мовсар Бузуртанов пен Даниял Нұрланов жасаған.
Олардың әзірлемесі Назарбаев Университетінде өткен National Founder Cup Astana 2026 стартаптар байқауында бірінші орын алды. Байқауға қатысқан 16 команданың арасынан Sator жобасы агроөнеркәсіп саласына арналған инновациялық шешімімен ерекшеленген.
Жоба AI-SANA бағдарламасы аясында бастау алған. 2026 жылғы мамырда студенттер университетте ұйымдастырылған жасанды интеллект жобалары байқауына AgroMind жобасымен қатысып, жеңімпаз атанған.
Нәтижесінде жас әзірлеушілер жобаларын дамыту үшін 1,5 млн теңге көлемінде сыйақы алған. Кейін технологиялық шешімді жетілдіріп, Sator атауымен дамытуды жалғастырған.
– Sator платформасы спутниктік мониторинг деректерін, метеорологиялық көрсеткіштерді, топырақ сипаттамаларын және егін өнімділігі жөніндегі тарихи статистикалық мәліметтерді біріктіреді. Жасанды интеллект алгоритмдері осы деректерді кешенді талдау арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бұл агроөндірушілерге өндірістік үдерістерді тиімді жоспарлауға, ықтимал тәуекелдерді бағалауға және нақты деректерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектеседі, – делінген университет ақпаратында.
Қазіргі уақытта студенттер платформаны 178 егістік алқабының деректері негізінде сынақтан өткізген.
Әзірлеушілердің айтуынша, мұндай технологиялар ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға, жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және егін өнімділігін болжау тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Әсіресе аграрлық әлеуеті жоғары Ақмола облысы сияқты өңірлерде платформаны қолданудың мүмкіндігі кең.
Қазір студенттер жобаны ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу үшін еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы компанияларымен келіссөз жүргізіп жатыр.
2027 жылы әзірлеушілер платформаны нақты өндірістік жағдайда сынақтан өткізіп, өнімділікті болжау дәлдігін бағалауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар машиналық оқыту алгоритмдерін жетілдіру және технологияны нарыққа шығаруға дайындау көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Нұрдәулет Дүзенов ауыл шаруашылығы ресурстарын тиімді пайдалануға арналған AgriX жасанды интеллект платформасын әзірлеген болатын. Жоба егістік алқаптарының деректерін талдап, суару мен тыңайтқыш қолдану бойынша ұсынымдар береді.