БАӘ инвесторы Жамбыл облысында 500 МВт-тық екі жел электр паркін салмақшы
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс «Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясының жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Құжатты Энергетик аминистрі Ерлан Ақкенженов таныстырды.
Аталған келісім Қазақстан аумағында екі ірі жел паркін салуға арналған. Инвестицияның жалпы көлемі — 1,4 млрд теңге.
Екі жоба да Жамбыл облысында (Сарысу, Талас аудандары) қолға алынады. Бірінші жоба аясында энергетикалық қуаты 500 МВт болатын жел паркі салынбақ. Ол үшін қуаты 150 МВт, ал сыйымдылығы сағатына 300 МВт болатын аккумулятор батареяларынан құралған (BESS) энергия сақтау жүйесі орнатылады. Сондай-ақ, ұзындығы 125 шақырымға жететін, кернеуі 220 кВ болатын аспалы электр желісі тартылады.
Екінші ірі жоба аясында энергетикалық қуаты 500 МВт болатын жел паркі мен қуаты 150 МВт, сыйымдылығы сағатына 300 МВт болатын энергия сақтау жүйесі бой көтереді.
Министрдің сөзінше, жоба іске асса, өңірдегі қоршаған ортаға тасталатын көміртегінің көлемі 2 млн тоннаға азаяды.
Депутат Мақсат Толықбай жел электр парктерінен алынатын қуаттың тарифі доллармен бекітілуіне наразылық білдірді.
Ерлан Ақкенженов тариф құжатта доллармен есептелетінін растап, бірақ оның тұтынушыларға кері әсері болмайтынын, 25 жыл бойы жергілікті тарифтерден айырмашылығы 1-2 теңгеден аспайтыны, валютаның құбылуына байланысты индекстелмейтіні нақты жазылғанын мәлім етті.
Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі тағы бір компания Қонаевта қант зауытын салмақшы.