БАӘ мен Иран басшылары соғыс басталғалы алғаш рет кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Абу-Даби мұрагер ханзадасы шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Үндістанда өткен БРИКС саммитінде Иран президенті Масуд Пезешкианмен кездесті. Бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы екі ел басшыларының алғашқы жоғары деңгейдегі кездесуі болды, деп хабарлайды Euronews.
БАӘ президентінің дипломатиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Анвар Гаргаш елдер арасында сенім орнату қажет екенін айтып, географиялық орналасу БАӘ-ні Иранмен диалог жүргізуге мәжбүрлейтінін атап өтті.
19 тамызда БАӘ Иранмен сауда және қаржылық байланыстарын үзген болатын. Алайда сарапшылар Парсы шығанағындағы елдердің Иранға қатысты ұстанымы өзгеріп, Тегеранды оқшаулаудан гөрі онымен байланысты тәуекелдерді басқаруға басымдық беріліп жатқанын атап өтеді.
Сауда мен энергетиканы қорғауға шақырды
БАӘ мен Иран БРИКС құрамына кіретін 10 мемлекеттің қатарында. Екі ел сенбіде қабылданған «Нью-Дели декларациясын» қолдап, Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдірді.
Құжатта бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымды қорғауға, ұлттық егемендікті құрметтеуге және дипломатиялық жолмен тұрақты реттеуге шақыру бар. Сондай-ақ әлемдік сауда, жеткізу тізбектері мен энергия ресурстарының үздіксіз тасымалын қамтамасыз ету қажеттігі айтылған.
Пезешкиан БРИКС Plus отырысында бір елдің экономикалық және энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдың зардабы бүкіл әлемге әсер ететінін мәлімдеді. Ол біржақты санкциялар азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатына зиян келтіретінін айтып, ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейтуге шақырды.
Ормузға қатысты келіссөз қайда өтеді?
Пезешкианның айтуынша, дүйсенбіде Маскатта араб елдерінің сыртқы істер министрлері Ормуз бұғазы арқылы Иран мен Оман бірлесіп ұйымдастыратын теңіз бағытын құру мәселесін талқылайды.
БАӘ бұған дейін стратегиялық бұғазға бақылауды бір ғана елдің алуына жол бермейтінін мәлімдеген. Гаргаш сондай-ақ мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдар мен қоқан-лоқыны қабылдауға болмайтынын айтты.
Пезешкиан өз кезегінде АҚШ Иранды қоршауды және соққы беруді тоқтатқан жағдайда, Тегеран Ормуз бұғазын толық ашатынын жеткізді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ормуздағы шиеленіс салдарынан 400 кеме мен 6 мың теңізші Парсы шығанағынан шыға алмай отырғанын жаздық.
Сондай-ақ осыдан екі күн бұрын Иран президенті Ормуз бұғазын ашудың жаңа шартын жариялады.
Бұдан бөлек, хуситтер Йемендегі Моха портын басып алып, әлемдік экономикаға тосыннан жаңа қауіп төндірді.