БАӘ заңдарды жасау үшін ЖИ қолданатын бірінші ел болады
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жүйе ауқымды деректер арқылы заңдардың халық пен экономикаға күнделікті әсерін бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктері жасанды интеллект заңнаманы әзірлеуге және қайта қарауға қатысатын әлемдегі бірінші жүйенің іске қосылғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Жаңа жүйе елдің цифрлық трансформациясы бойынша кең мемлекеттік стратегияның бір бөлігіне айналады. ЖИ тек федералдық және жергілікті заңдарды дайындауда ғана емес, сонымен қатар сот шешімдерін қалыптастыруда, атқарушылық процедураларды реттеуде және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде де қолданылады деп күтіліп отыр, деп хабарлайды Financial Times.
Осы бағытты үйлестіру үшін өткен аптада БАӘ Министрлер кабинеті жаңа орган — нормативтік барлау басқармасын құрды, ол заң шығарудағы цифрлық процестерді жүзеге асыруға және қадағалауға жауапты болады.
— Бұл жүйе заң шығаруға деген көзқарасымызды өзгертеді: процесс жылдамырақ, дәлірек және нәтижеге бағытталған болады, — деді БАӘ вице-президенті және Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум.
Билік атап өткендей, ЖИ-ны құқықтық реттеуде қолдану қолданыстағы конституциялық нормалар аясында және ашықтық пен есеп берудің барлық принциптерін сақтай отырып жүзеге асырылады.
БАӘ үкіметі болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай жасанды интеллекттің жаһандық экономикаға қосқан үлесі 15,7 трлн долларға жетуі мүмкін, бұл БАӘ-дағы ЖІӨ-ді 35%-ға дейін ұлғайтады, сонымен қатар мемлекеттік шығындарды екі есе азайтуға мүмкіндік жасайды.
Заңгер және заң шығарушы Хишам ар-Рифаи түсіндіргендей, бастама цифрландыруды ғана емес, заңдарды жасау механизмін қайта қарауды да қамтиды.
— Саяси пікірталас жылдарындағы дәстүрлі үлгінің орнына заңдар енді деректерге, логикаға және нақты мәселелерді талдауға негізделетін болады, — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, ЖИ сот тәжірибесіндегі олқылықтарды анықтауға, әлемдік озық тәжірибелерді талдауға қабілетті және халықтың көпұлтты құрамын ескере отырып, арнайы шешімдерді ұсына алады.
— Халқының 10 пайызы ғана БАӘ азаматтары болатын елде заңдардың барлығына түсінікті болуы маңызды. Бұл оларды қарапайым, түсінікті тілде, араб, ағылшын және басқа тілдерде жазылуын білдіреді, — деп атап өтті ар-Рифаи.
Әмірлік саясаттанушысы Абдулхалек Абдулланың айтуынша, бұл бастама БАӘ-нің ЖИ және цифрлық экономиканың жаһандық хабына айналуға деген ұзақ мерзімді амбицияларын танытып отыр.
Еске сала кетсек, Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігі БАӘ Орталық банкімен меморандумға қол қойғанын жазған болатынбыз.