Бабалар сөзі - даналар көзі (76-100 томдар)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлерді оқырмандар назарына тартып келе жатқандығы белгілі. Бүгін осы «Балалар сөзі» 100 томдығына қысқаша шолуды ұсынамыз.
None
None

НОВЕЛЛАЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР

76-том

Аңдатпа

Бұл томда новеллалық ертегілердің үлгілері топтастырылды. Жалпы новеллалық ертегілер бұған дейінгі шыққан ертегілер жинақтарында «Тұрмыс-салт» ертегілердің қатарында қарастырылып келген. Ал бұл ертегілер өзінің сипатты белгілері бойынша таза «тұрмыс-салт ертегі» емес. Біріншіден, онда тұрмыс-салт ертегідей емес қиял-ғажайыптық элементтер көп, оқиғалар өте таңғажайыпты, шытырман болып келеді; екіншіден, мұнда ертегі сюжеті өте күрделі, ол бір-бірінен асқан қым-қиғаш оқиғалар тізбегінен тұрады. Үшіншіден, кейіпкерлер тұрмыс-салт ертегідегі қаһармандардан басқа, олар өз мұратына қулықпен емес, ақылмен жетеді, дұшпандарын да ақылмен жеңеді. Әрине, бұл ертегілердің тұрмыс-салт ертегілерден айырмашылығы осымен ғана шектелмейді...

Новеллалық ертегілерге жеке арналған бұл томда барлығы 64 мәтін қамтылған. Бұл мұралардың барлығы қолжазба қорындағы түпнұсқамен және сирек кездесетін басылымдардағы алғашқы мәтінмен салыстырылып, текстологиялық саралау­дан өткізілген. Біршама ертегілер осы жинақта алғаш рет жарық көріп отыр.

Томның көлемі-25,5 б.т.

САТИРАЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР

77-том

Аңдатпа

«Бабалар сөзі» қазақ ертегілерін жанрлық-стадиялық ерекшелігіне қарай хайуа­наттар, қиял-ғажайып, батырлық, новеллалық деп, жеке-жеке том дайындап шығарды. Бұл том «Сатиралық ертегілерге» арналып отыр.

Ғылымда сатиралық ертегілерді жіктеудің бір қалыпқа салынған үлгісі жоқ. Тіпті, славян ертегілерінің жанрішілік түрлері әр басылымда әрқалай .

Ал шығыс пен батыс халықтарының тарихи ерекшеліктерімен болатын фольклорлық жанрлық ерекшеліктер өз алдына. Сондықтан қазақ фольклортану ғылымындағы қалыптасқан ғылыми үрдіс ескерілген.

Cатиралық ертегілер ішкі мазмұнына сай сыншыл ертегілер және күлдіргі ертегілер деп аталатын үлкен екі сала бойынша берілген.

Сыншыл ертегілерге Алдар көсенің, тазшаның т.б. фольклорлық кейіпкерлердің үстем тап өкілдерін тапқырлықпен жеңуі, надан молдаларды, ұрыларды, шын мәніндегі ақымақтарды сынайтын, сатиралық мақсаттағы шығармалар топ­тастырылған. Ал күлкілі ертегілерге өтіріктер, қулар туралы шығармалар енгізілген. Бұл-олардың негізгі ерекшелігі.

Ұсынылып отырған «Сатиралық ертегілердің» тағы бір құндылығы-осы кезге дейін айтылмай, жарияланбай жүрген қулар туралы шығармалардың енуі.

Бұл жинақтың ғылыми маңызы - фольклорлық мәтіндердің дереккөзі-қолжазбаның ғылыми құндылығы ескеріліп жасалғандығында. Көп мәтін тұңғыш жарық көруімен бағалы. Томға берілген 124 мәтіннің 62-сі тұңғыш рет ғылыми айналымға қосылып, оқырманға ұсынылып отыр.

ҚАЗАҚ МИФТЕРІ

78-том

Аңдатпа

78-том ұлтымыздың рухани мұрасының ең алғашқы бастау көзі-мифтерге арналған. Мифтер-олар дүниенің жаратылысы, тіршіліктің қалай, қайдан пайда болғандығы, оның себебі мен салдары, қоршаған ортаның сыр-сипаты туралы айтылатын, адамзаттың сәбилік санасының нәтижесінде пайда болған ғажайып әңгімелер, аңыздар, наным-сенімдер, түсініктер. Ата-бабаларымыздың өткен дәуірі мен ой-санасының айғағы боларлық мифтік туындылары халықтың рухани мұрасынан елеулі орын алады.

Ежелден ел есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен қазақ мифтерінде барша ғаламның, жер мен көктің жаратылысы, адамзаттың пайда болуы, табиғаттың сан алуан құбылыстары, ұшқан құс, жүгірген аң, жан-жануардың түп-төркіні, мінез-құлқы, қадір-қасиет ерекшеліктері жайындағы мифтік түсініктер мен ұғымдар баяндалады.

Аспан денелері туралы мифтердің басты өзгешелігі мен көнелік сипаты-аспан денелерінің бір замандарда адам болғандығы және олардың белгілі бір себептермен (кейде, тіпті, себепсіз) Айға, Күнге, жұлдыздарға айналғандығы. Кейбір туындыларда осы күнге дейін адам ретінде түсіндіріледі, әлі сол адамдардың іс-әрекетін қайталап жүргендігі бейнеленеді.

Қазақ мифтерінің тағы бір ең байырғы түрлерінің бірі - жан-жануарлардың (өсімдіктер) қалай пайда болғандығы туралы айтылатын түрлері. Бұлардың біразы адамдарға да қатысты. Әсіресе бір кездегі адамдардың жан-жануарларға, жәндіктерге, құстарға немесе олардың адамға айналғандығы жайында мифтер өзінің қарабайырлығымен ғана емес, логикалық-құрылымдық жүйесінің де біртектестігімен ерекшеленеді. Мифтік сананың алғашқы кезеңінде адамның жануарға не басқа заттарға айналуының себептері айтыла бермеген. Кейінірек мұндай құбылудың себептерін қарғыстан, уәдені орындамағаннан, жазалаудан, шаршағандықтан деп негіздеу орын алды. Қазақ даласының жер-су, тау-тас, өзен-көлдеріне қатысты айтылатын мифтері осындай құбылудың нәтижесінде пайда болған.

Томды даярлау барысында, таңдап алынған мәтіндердің ерекшеліктеріне айрықша мән беріліп, жан-жақты сараптаулар жасалған.

Томның жалпы көлемі-28,0 б.т.

МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ

79-том

Аңдатпа

Бұл том Моңғолиядағы қазақ фольклорына арналған.

Моңғолиядағы қазақтардың мұрасын жинау шаралары XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алады.

Кейінгі бір ғасырдың аясында Моңғолия қазақтарының арасынан жиналып, қағазға түсірілген туындылардың жалпы қазақ фольклорымен біртұтас тамырластығы болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар екендігін ескере отырып жүйеленді.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезінде халық арасында зар сарынындағы толғаулар көптеп туындады. Зар сарынындағы өлеңдерде қоғамдық-әлеуметтік мәселе басты емес, жеке тұлғаның қайғы-мұңы, тағдыр-талайы, қуаныш-күйініші, болмаса сол қиындықтарға қарсы табандылығы, күресі, кейде ерлігі қоспасыз, шынайы баяндалады.

«Бабалар сөзі» топтамасының 79-томына ұсынылып отырған жанрлар жоғарыда көрсетілген жүйе бойынша дайындалды.

Томның көлемі-26 б.т.

ТОПОНИМДІК АҢЫЗДАР

80-том

Аңдатпа

«Бабалар сөзі» сериясының бұл томы қазақ фольклорының ерекше бір жанры-аңызға арналады, соның ішінде қазақтың халық прозасына жататын топонимдік аңыздар жинақталған.

Топонимдік аңыз - белгілі бір жер-судың, өзен-көлдің, тау-тастың аталу себебі, сол жерлердегі оқиғалардың сол атауларға байланысын баяндайтын әңгіме.

Бұл томға ҚР БҒМ ҒК М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қызметкерлерінің әр жылдары ғылыми, әдеби-фольклорлық және этнографиялық экспедициялар кезінде ел арасынан жиналған материалдары, сондай-ақ бұрын-соңды жарық көрген әртүрлі кітаптардағы аңыздар еніп отыр.

Әр кезеңдерде және түрлі аймақтардан жинақталған халық туындылары нұсқалық ерекшеліктеріне байланысты текстологиялық тұрғыда сарапталып, бірнеше варианты қатар берілген. Аңыздарды дайындау барысында мәтіндердегі елді мекен, өзен-көл, тау-тастар жайлы анықтамалар томның соңындағы түсініктемелерге берілген. Сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институ­ты мен Орталық ғылыми кітапхананың қорларында сақталған қолжазбалар, сирек кітаптар, басылымдар зерттеу нысанасына алынып, қадім, төте, латын жазуларында хатқа түскен мәтіндер бүгінгі қолданыстағы әліпбиге көшірілді және шығармалардың түпнұсқадағы сөз қолданысы толық сақталған.

Томның жалпы көлемі-26,0 б.т.

Ш ЕЖІРЕЛІК ЖЫР-АҢЫЗДАР

81-том

Аңдатпа

Оқырман назарына ұсынылып отырған 81-том қадым заманнан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан халық шығармашылығының көне жанрының бірі-«Шежірелік жыр-аңыздарға» арналған. Жалпы қазақ шежіресі ру-тайпа, ұлыс, ұлт шежіресі, төрелер мен қожалар, төлеңгіттер шежіресі болып жіктелетіні белгілі. Олар ішкі жанрлық белгілері бойынша: жыр-шежіре, қарасөз және кесте шежіре болып бөлінеді.

Ұрпақтан ұрпаққа ауызша таралып келген шежіре-аңыздар- қазақ халқының сан ғасырлық тарихнамасы, тұтас бір ұлттың өсу-өрбу жолдары. Алдымен, әр тайпаның, рудың, аталықтың кесте шежіресі, соған байланысты аңыздар қарасөз күйінде атадан балаға жетіп, өзге нұсқалары арқылы толығып отырды. Кейін ру ақсақалдарынан естіген шежірелік жүйе мен аңыздарды ақын-жыраулар, жыршылар өлең-жырға айналдырып, ел ішіне таратып келген. Олардың көпшілігі арнайы бір сюжеттік желіге құрылмай, қазақтың түп-тегінен жырлаушының өзіне дейінгі шежіре тізбектеліп, жыр үлгісіне түсірілген. Алайда ата-тегін, олардың тыныс-тіршілігін, қоғамдағы атқарған рөлін, қадір-қасиеттерін, болмаса ерлік істері мен елі үшін атқарған елеулі еңбектерін көркем бейнелейтін тұстары да кездесіп отырады.

Томға енгізілген шежірелік жыр-аңыздардың мәтіндерімен жеке-жеке таныса отырып, жоғарыда айтылғандай, олардың ауыздан ауызға тараған, болмаса хатқа түскен белгілі бір аңыздың желісімен жырланғанын айқын аңғаруға болады.

«Бабалар сөзі» сериясының жалпы ұстанымдарына байланысты шежірелер түзетілмей, түпнұсқа бойынша жіберілген.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Шежірелік жыр-аңыздар

82-том

Аңдатпа

Серияның 82-томы да «Шежірелік жыр-аңыздарға» арналған.

«Бабалар сөзі» сериясының осы 82-томына да М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорларында сақталған Бұзаубай Жайлаубаевтың «Адам атадан бергі шежіре», Есенғали Бөкенбаевтың «Атамыз Әнес сахабадан бергі шежіре», Наурызбек жыраудың «Шежіре», Әлімбай Әлиасқаровтың «Қазақ шежіресі», Шәді Жәңгіровтің «Дүние жүзіндегі халықтардың тайпа, руларға бөлінуі», Бүркітбай Аязбайұлының «Сары Үйсін шежіресі», Сатан Әміреұлының «Шежіре-дастан», Ерік Мейірмановтың «Орта жүз Найман Қарамолда ұрпағы» және шыңжаңдық қандастарымыз Нығмет Мыңжани мен Әбдірашит Байболаттың «Майқы (Қазақ) туралы шежіре» жырлары, сондай-ақ «Дала уалаяты» газетінің 1889 жылғы 28-30 сандарында жарияланған «Найманның жеті аталарынан белгілі руларын баян қыламыз» атты қысқаша өлең-шежіре қамтылды.

Шежіре жазу мол уақытты, үлкен біліктілікті, төзімділікті талап етеді. Шежірешілердің алдында да күрделі мәселелер аз болмаған. Біріншіден, олардың кейбіреулері түрлі кітаптарға сүйеніп, қазақ ұлтының түптегін Мұхаммед пайғамбардан шығарса, екіншілері Шыңғыс ханның ұрпақтарынан таратады. Екіншіден, шежірешілер үш жүзге жататын руларды біркелкі біле бермейтіндіктен, мейлінше өз руына кең тоқталып отыруға бейім болады. Сондықтан ру атауларын жеткізуде, олар туралы аңыздарды баяндағанда көп олқылықтар кетіп жатады. Томға ұсынылып отырған мәтіндер қолжазба негізінде дайындалғандықтан, сондай-ақ «Бабалар сөзі» сериясының жалпы ұстанымдарына байланысты шежірелер түзетілмей, түпнұсқа бойынша жіберілген.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Ш ежірелік аңыздар

83-том

Аңдатпа

Оқырман назарына ұсынылып отырған 83-том жоғарыдағы жанрлық рет бойынша аңыздардың 4-томы болып саналады.

Шежірелік аңыздар-бүгінде іргелі ел, мемлекет құраушы қазақ ұлтының бүкіл қалыптасу тарихын көркем бейнелі түсіндіретін көне заманнан бергі түркі, оғыз, моғол, ноғай, татар тайпаларының және оларды халық ретінде біріктіруші ұлы тұлғалары: Оғыз хан, Шыңғыс хан, Алаша хан мен халықтың атауы «Қазақ» деп, ал оның жалпы халықтық ұраны «Алаш» деп аталуының, олардың «үш жүз» болып бөлінуінің, белгілі бір тайпаның, рудың, оның ішінде ру аталығының аталуының, сонымен бірге қазақ халқының үш жүзіне кірмейтін, бірақ оны құрауға қатысқан қауымдар: төрелер, сахабалар, қожалар, шалақазақ т.б. аталуы, қысқаша айтқанда, қазақтың халық болып қалыптасуы туралы баяндалатын аңыз-әңгімелер.

Бұл аңыздар негізінен қазақтың жалпы шежіресінде және әр жүздің, рудың жеке шежірелері ішінде, оның құрамдас бөлігі ретінде кездесетіні оның басты ерекшелігі екенін айта кеткен жөн. Қазақтың ата-тегі туралы аңыздарда негізінен бір-бірінен ұқсас белгілі сюжеттер және қалыптар көрініс беретіні байқалады. Оларда негізінен ұл баланың жаугершілікте жұртта қалуы, оны басқа бір рудың адамдары тауып алып, асырап, қатарға қосуы сюжеті, сондай-ақ ағасы өлген жас жесір әмеңгерлікпен қайнысына немесе сол рудың адамына тұрмысқа шығып, кейін одан туған ұрпақтардың бір қауым ел болуы немесе ру-тайпаға сырттан қауіп төнгенде сол елдің белгісіз жас жігіті өз атасының атын ұран етіп, жаудан елін, жұртын құтқарып, ұранға айналуы оқиғасы сияқты бірнеше белгілі сюжеттер жиі кездесіп отыратыны аңғарылады...

Томда ешбір жүзге, ру-тайпаға, ру ішіндегі аталарға ешқандай басымдық берілмей, олар ғылыми басылымының ұстанымдарына сәйкес қарастырылып, мүмкіндігінше, көркемдік сипатына қарай, түпнұсқа негізінде дайындалған.

Томның жалпы көлемі-28,0 б.т.

К үй аңыздар

84-том

Аңдатпа

Күй аңыздары-қазақ мәдениетінің бастауларымен сабақтасып жатқан біртұтас рухани құбылыс. Аңыздардың түп-тамырына назар аударғанда, олар халықтың рухани әлемінде айырықша орны бар, ғасырлар қойнауынан бастау алатын дәстүрлі мұра екендігін аңғаруға болады. Оған Қорқыт атадан бастап бүгінгі күнге дейін үзілмей келе жатқан күй өнері, олардың шығу тарихына байланысты ауыздан ауызға тарап, кейінгі ұрпаққа жеткен аңыздар айқын дәлел бола алады. Күй аңыздар халықтығымен қоса, синкретті сипатымен де ерекшеленеді. Бұл арада күй мен күйшінің, күй мен аңыздың, күй тарихы мен оны айтушылардың және күйді орындаушылардың арасындағы ажырағысыз байланыстың барлығын әрдайым есте ұстаған абзал.

Томның алғашқы бөлімі «Халық күйлерінің аңыздары» аталып, авторы белгісіз туындылар туралы аңыздар топтастырылған болса, «Күй және күйшілер жайындағы аңыздар» атты екінші бөлімде Қорқыт атадан бергі кезеңдерде өмір сүрген күйшілердің шығармаларына қатысты аңыздар жинақталды.

Топтаманың ұстанымдарына сәйкес беріліп отырған мәтіндер ғылыми қосымшалармен қамтамасыз етіліп, реттік санмен нөмірленді.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Т арихи аңыздар

85-том

Аңдатпа

Оқырман назарына ұсынылып отырған 85-том көне замандардан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан халық шығармашылығының көне жанрының бірі «Тарихи аңыздарға» арналып отыр. Халық прозасының бұл жанры ілгергі-бергі кезеңдерде жекелеген хандарға, батырларға, басқа да тарихи тұлғаларға арналған жинақтарда, баспасөз беттерінде, хрестоматиялық оқулықтарда жарияланғанымен, ғылыми тұрғыда жинақталып, жүйеленіп арнайы басылымдары жарық көрген емес.

Топтамада әр аңыздың қолда бар нұсқаларының толық қамтылуы-ғылыми басылымдардың ұстанымдарына толық жауап береді.

Топтаманың ұстанымдарына сәйкес беріліп отырған мәтіндер ғылыми қосымшалармен қамтамасыз етіліп, реттік санмен нөмірленген.

Томның жалпы көлемі-26,0 б.т.

Т арихи аңыздар

86-том

Аңдатпа

«Бабалар сөзі» топтамасының кезекті 86-томына Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Қазақ Ордасының мемлекеттілігін, халқының тәуелсіздігін сақтап қалуда ерекше рөл атқарған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты ел тұтқасы болған кемеңгер билердің ел тұтастығын, руаралық ынтымақ-бірлікті сақтаудағы ерен еңбектерін, дау шешудегі әділдігін, қайраткерлік тұлғаларын сомдайтын, Абылай сынды айбынды ханның көзсіз ерлігін, қолбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетін, ел басқарудағы өзіндік қырларын, дипломатиялық іс-тәжірибелерін ашып көрсететін, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Мүйізді Өтеген, Шақшақ Жәнібек, Сүйіндік Олжабай, Малайсары, Балтакерей Тұрсынбай секілді даңқты батыр-қолбасшылардың жорық жолдарын баяндайтын аңыздар енгізілген. Бұл туындылар «Кемеңгер үш би туралы аңыздар», «Абылай ханға байланысты аңыздар», «Батыр-қолбасшыларға қатысты аңыздар» атты бөлімдердің аясында топтастырылған.

Тағы бір ескере кететін жайт-томға бір аңыздың бірнеше нұсқалары қатар берілген. Мысалы, Қазыбектің «қаз дуысты» аталуына байланысты аңыздың жеті нұсқасы, Абылай ханның (Сабалақтың) жекпе-жекте алғаш көзге түсуі жөніндегі аңыздың бес нұсқасы, болмаса ханның өлімі туралы бірнеше нұсқалар алынып отыр.

Халық прозасында бір-біріне мазмұндық жағынан өте жақын жанрлар аз емес. Бұл ретте шығарманың мазмұнына терең мән беріліп, тарихи негізі бар аңыздар іріктеліп алынған.

Томның жалпы көлемі-28,0 б.т.

Т арихи аңыздар

87-том

Аңдатпа

Серияның 87-томы да көне замандардан бері үзілмей келе жатқан халық шығармашылығының аса көлемді жанрының бірі «Тарихи аңыздарға» арналып отыр.

Оқырмандарға жол тартып отырған 87-томға ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамын, тарихи оқиғаларды, ел тәуелсіздігін сақтап қалған би-шешендердің, елбасыларының, батырлардың жоңғар шапқыншыларымен өткізген күрестерін, ел ынтымағын, ру-тайпалар арасындағы татулықты, бірлікті суреттейтін аңыздар ұсынылды.

Томның құрылымы «Билер туралы аңыздар», «Батырлар жөніндегі аңыздар» атты бөлімдер аясында жүйеленіп, Бекболат, Тіленші, Әлмерек, Сапақ, Толыбай, Қарабас, Досбол, Байдалы, Келдібек, Жанайдар, Жаңабатыр, Қарқабат, Досай, Есенкелді, Едіге, Ескелді, Қараменде, Қабан, Балпық билердің, сондай-ақ Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек, Жидебай, Жасыбай, Дәулетбай, Малайсары, Әжібай, Райымбек, Балағаз, Байғозы, Түлкібай, Саркөз, Түгел, Итеке, Берден, Нұрбай, Шерубай, Жалаңтөс, Жарылғап, Ораз, Елшібек, Томаш, Айтбай, Әлдебек, Бөдене, Жарылғап, Баян, Сеңкібай, Боранбай, Сатай, Бердіқожа, Жоламан, Байсерке, Бөдес, Шегір, Аралбай, Құттығай, Қарақұл, Әйтей, Тауасар, Алдияр, Қараш, Шоңай, Еспембет, Көтентай, Жауғаш, Қуатбек, Медетбек, Серғазы, Сәмен, Қорлыбай, Бөлек, Сары, Сүгір, Жантайлақ, Жұрын, Қозүй, Қойгелді, Мамай, Мыңбай, Шотан батырлардың бейнесін сомдаған аңыздар кіргізілді.

Топтаманың ұстанымдарына сәйкес беріліп отырған мәтіндер ғылыми қосымшалармен қамтамасыз етіліп, реттік санмен нөмірленді.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Т арихи аңыздар

88-том

Аңдатпа

88-томға ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамын, тарихи оқиғаларды, әлі де болса ел тәуелсіздігін сақтап қалғысы келген хан-сұлтандардың, елбасыларының, батырлардың сыртқы жаулармен өткізген күрестерін, олардың ұлт-азаттық сипаттағы көтерілістері мен қозғалыстарын суреттейтін аңыздар ұсынылды.

Томның құрылымы «Сырым батыр туралы аңыздар», «Жәңгір хан, Исатай-Махамбет және олардың маңындағы батырларға қатысты аңыздар», «Кенесары-Наурызбай мен көтерілісші батырлар жөніндегі аңыздар», «ХІХ ғасырдағы өзге де тарихи тұлғаларға байланысты аңыздар» атты бөлімдер аясында жүйеленіп, аталған қайраткерлерден сырт Нұралы, Бөкей хандардың, Есім, Баймағамбет, Саржан, Есенкелді, Ахмет, Сыздық сұлтандардың, Мөңке, Бөкен, Шомбал, Үкі, Бөлтірік, Құнанбай, Сарыбай сынды би-шешендердің, Жанқожа, Ағыбай, Бұғыбай, Бұқарбай, Науша, Қойсары, Қонақбай, Байсейіт, Саурық, Иман сияқты ондаған батырлар мен Шернияз, Жанақ, Сүйінбай, Ақан сері секілді ақындардың бейнесін сомдаған аңыздар қамтылды.

Топтаманың ұстанымдарына сәйкес, беріліп отырған мәтіндер ғылыми қосымшалармен қамтамасыз етіліп, реттік санмен нөмірленді.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

А ңыздық жырлар

89-том

Аңдатпа

«Бабалар сөзі» сериясының 89-томы жыр үлгісіндегі аңыздарға, яғни «Аңыздық жырларға» арналған.

«Аңыздық жырлардың» негізгі тақырыптары әр дәуірдегі тарихи тұлғаларға, қоғам қайраткерлеріне (Алдаркөсе, Алаша хан, Қорқыт, Асанқайғы т.б.) және аспан денелері мен жер-су атауларына (Шолпан, Есекқырған, Сайрам, Қызқұлаған т.с.с.) байланысты болып келеді. Бұл реттегі аспан денелеріне қатысты әңгімелер халықтың мифтік санасымен бірге туындап, жад арқылы ұрпақтан-ұрпаққа таралып, кейін жырға айналғаны айқын көрінеді. Тіпті, кейбір тарихи, мекендік аңыздардың ХХ ғасырдың бірінші жартысында жырланып, жыршылардың шығармашылығына енгендігіне көз жеткізуге болады.

89-томның құрылымы «Тарихи тұлғалар мен қайраткерлер туралы аңыздық жырлар», «Топонимдік аңыздық жырлар» атты бөлімдер аясында жүйеленіп, алдыңғы бөлімде «Алдаркөсе, «Алаша хан», «Қорқыт», «Асанқайғы» (2 нұсқасы) сияқты жырлар, кейінгі бөлімде «Есекқырған», «Қызқұлаған», «Еділ мен Жайық батыр», «Сайрам аңызы», «Шаябай» сынды туындылар қамтылған.

Топтаманың ұстанымдарына сәйкес беріліп отырған мәтіндер ғылыми қосымшалармен қамтамасыз етіліп, реттік санмен нөмірленген.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Ғ ұрыптық фольклор

90-том

Аңдатпа

Қазақ фольклорының ең бір көне жанрларының бірі - ғұрыптық фольклор. Халық шығармашылығының бұл түрлері ежелгі замандардан бері адам баласымен, оның тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік салт-сана, дәстүр, дін, кәсіп тәрізді өмірлік басты құндылықтарымен қабаттаса, кезектесе, сабақтаса дамып келгені мәлім.

Маусымдық ғұрып фольклорының үлгілері көбінесе, көне салттық ырым-жоралғылар орындалатын ұлттық күнтізбелік мерекелер кезінде немесе діни мейрам күндері айтылады. Мәселен, мұндай тақырыптағы шығармаларға рамазан айының соңындағы «ораза айты» кезінде жиі айтылатын «жарапазан» өлеңдерін жатқызуға болады. Мұндай өлеңдердің мазмұны әдетте, Ислам діні мен оның негізгі заңдарын насихаттаумен басталып, Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарды мадақтаумен жалғасады. Сондай-ақ жарапазан айтушылар үй иесін, оның бәйбішесі мен балаларын да мақтап өлеңге кірістіруді де дәстүрге айналдырған.

Бұл томға қазақ арасына кең тараған жарапазан өлеңдерінің 30-ға жуық үлгілері еніп отыр. Олардың басым көпшілігі бұрын жарияланбаған.

Сондай-ақ кезекті томға ғұрыптық фольклордың көне түрлерінің бірі - « наурыз» өлеңдері де еніп отыр. Наурыз мейрамы қазақта «Ұлыс күні» деп аталады. Бұл маусымдық ғұрып фольклорының ежелгі наным-сенімдермен, Қызыр Ата туралы аңызбен, диханшылықпен, жыл маусымының ауысуымен, тіпті, қазақтың тектік шежіресімен байланысты туған мифтік, аңыздық сипаттағы халық әдебиеті үлгілері ұшырасады.

Ғұрыптық фольклордың көлемді саласын отбасылық ғұрыпқа қатысты « салт» өлеңдері құрайды. «Бабалар сөзі» сериясының 90-томына сыңсу, қоштасу өлеңдерінің-36, ау-жар, жар-жар үлгілерінің 15-ке жуық, беташар өлеңдерінің-36, тойбастардың - 24 нұсқасы ұсынылып отыр. Ескеретін нәрсе-осы томға құттықтау, көрімдік, неке қияр секілді дәстүрлі рәсімдік 8 ғұрыптық фольклор өлең енген.

Томның соңғы бөлігі қыз бен жігіттің айтыстарымен аяқталады. Осы томға енген 35 айтыстың көпшілігі бұрын жарық көрмеген тың дүниелер.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Ғұрыптық фольклор: Мұң-шер өлеңдері

91-том

Аңдатпа

Мемлекеттік «Бабалар сөзі» сериясының «Мұң-шер» өлеңдері деп аталатын кезекті бұл 91-томы жерлеу ғұрпының жанрлық түрлерін түгел қамтуды мақсат еткен. Томда адамды ақтық сапарға аттандырудың ғасырлар бойы қалыптасқан жөн-жоралары мен оған қатысты фольклор үлгілерінің негізгі жүйесін сақтай отырып, Ұлттық және Орталық ғылыми кітапханалар мен ӘӨИ-дің қолжазба қорларындағы мәтіндер, фольклорлық экспедиция материалдары пайдаланылған.

Бүгінгі күні жерлеуден кейінгі азалау рәсімдерінің үстінде (жетісі, қырқы, жылы) «Мұң-шер өлеңдері» сирек айтылады. Оның орнын Құран сүрелері алмастырады. Дегенмен кейбір дәстүрді ұстанатын отбасыларындағы айтылатын «Мұң-шер өлеңдерінің» түрлі сипатын таныту мақсатындағы мәтіндер де беріліп отыр. Жалпы алғанда, жерлеу ғұрпына қатысты фольклор үлгілері түрлі даму, өзгеру заңдылықтарын басынан кешіргенімен, бүгінгі өмір құбылысында да көрініс тауып отыр. Бұл халықтың қайғы салмағынан сейілу үшін сөз құдіретінен таяныш табуға талпынатын ежелгі дәстүрімен тамырлас.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Өтірік және мысалдар.

92-том

Аңдатпа

Қазақ фольклорының халық арасында бүгінгі күнге дейін жалғастығын тауып, үзілмей келе жатқан көне жанрларының қатарына өтірік пен мысалдарды жатқызуға болады.

Фольклорлық мұралардың бұл түрлері ежелгі замандардан бері қазақ халқының ұлттық болмысымен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен, кәсібімен қат-қабат байланыста туындап отырған. Олар әзіл, сықақ түрінде халықтың көңіліне қонбаған жағымсыз қылықтарды шенеп, күлкі арқылы ойлантуға құрылады.

Өтірік мазмұндағы туындыларда суреттелетін сюжеттер, оқиғалар, эпизодтар әр замандарда өмір сүрген адамдардың көз алдындағы заттарға, жәндіктер мен жан-жануарларға, аң- құстарға байланысты, олардың адамдармен қарым-қатынасы іс-әрекеттер арқылы көрініс беріп отырады. Оқиғалар желісінде шындықтан тысқары, тыңдаушы қауым иланбайтын, тартымды, әрі күлкілі көріністер қамтылады.

Халық мысалдарында дүниедегі түрлі тіршілік иелерінің көркем бейнелері арқылы адамдардың мінез-құлықтарын, іс-әрекеттерін тұспалдап, меңзеп, астарлап айту тәсілдері қолданылады. Мұнда елдің бұрынғы салтындағы жағымсыз әдет-ғұрпы мен тіршілігі мінеліп, әзіл-әжуа көріктеу, бейнелеу, шендестіру, әсірелеу негізінде сынға алынады. Тыңдарман тұспалдап айтылған жайды, астарлы ойды ішкі түйсігімен сезініп, өз бетінше топшылауға, түйін-қорытынды жасауға мүмкіндік алады. Мысалдардың да өлең-жыр, қарасөз, айтыс үлгілері кездеседі.

«Бабалар сөзі» жүз томдық сериясының кезекті 92-томына халық арасына кең тараған 20-ға жуық өтірік өлең мен олардың нұсқалары, сондай-ақ жыр үлгісіндегі екі туынды (нұсқаларымен) енгізілген.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Магиялық фольклор

93-том

Аңдатпа

Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрімен, сана-сенімімен, болмыс-тіршілігімен, рухани табиғатымен бірге жасап, біте қайнасып, тек ХХ ғасырдың екінші ширегінен біртіндеп ұмытыла бастаған көне жанрлардың бірі-магиялық фольклор. Халықтың магиялық сипаттағы бұл туындылары-халық құндылықтарының аса қызғылықты, танымдық, тәрбиелік маңызы өте зор бөлігі. Оларды өзіндік саз-әуені, поэтикалық формасы мен көркемдік сипаты, мазмұндық ерекшеліктеріне қарай алғыс, қарғыс, бата, түс жору, тыйым, дұға оқу, арбау, жалбарыну, бақсы сарыны, дуалау, бал ашу, ұшықтау, аластау, құрт көшіру, жын шақыру т.б. деп жүйелеуге болады.

Жаратылыс дүниесінің толып жатқан құпия сырларына табынып, оны жұмбақ дүние ретінде сезінетін халықтың наным-сенімінен туындаған өлең, жырлар көптеп сақталған.

Бақсылар сарынының негізгі мақсаты-түрлі сырқаттарды дауалау, емдеу. Қобыз сазы мен сөз құдіретінің үндесуі-бақсының емдеу құралы болып саналса, арбауда сөз бен іс-әрекеттің арақатынасы зор рөл атқарады. Ал көшпелі қазақтың сан ғасырлық емшілік кәсібінен туындаған бәдік жырларының ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіне дейінгі өмірлік мәні өте зор болғаны баршаға мәлім.

«Бабалар сөзі» жүз томдық сериясының кезекті 93-томына халық арасына жиналған, сондай-ақ түрлі жинақтарда, басылымдар беттерінде жарияланған 30-ға жуық бәдік өлеңдердің, 56 арбау жырларының, 46 бақсы сарындарының, 260-тан астам бата мен алғыс, 156 қарғыс, 590-ға жуық тыйым сөздердің мәтіндері мен олардың нұсқалары енгізілген.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Түс жору және ырымдар

94-том

Аңдатпа

Әлемнің өзге ұлттары сияқты халқымызбен бірге жасап, қаймағы бұзылмай келе жатқан магиялық фольклордың бір түрі-түс көру және оны жору. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде ерекше орын алған түс көру мен оны жорудағы түрлі наным-сенімдер, ырымдар адамның ойлау табиғатын, оның жан жүйесіндегі сан алуан сезімдік құбылыстарды танып білуге мүмкіндік беретін баға жетпес құнды деректер болып табылады.

Түсте адам санасы шеңберден шығып, шетсіз-шексіз әлемді игереді, кеңістік пен уақытқа тәуелді болмайды. Сондықтан түсті көруден гөрі, оны жоруға ерекше мән беріліп отырған.

«Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясының 94-томына түс жорудың таңдаулы деген бірнеше ғана түрлері, таңдамалы фольклорлық мұралардағы аздаған көркем үзінділері, түс жоруға қатысты наным-сенімдердің бірнеше үлгілері ғана таңдалып, таразыланып, жүйеленіп жинақталған. Ырым сөздер де - қазақтың дәстүрлі мәдениетінің, әсіресе халық әдебиетінің ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап, іргесі сөгілмей келе жатқан құрамдас бөлігі. Қазақ ырым сөздерінің түп-төркіні жалпы адамзатқа ортақ рухани қағидалармен тоғысып отырғанмен, өзіндік ұлттық айшықтармен, салт-дәстүрмен, тәлім-тәрбиемен ерекшеленеді. Ырым сөздер: табиғат, бала тәрбиесі, төрт-түлік, ғұрып, ас-су, туыстық, саяткерлік т.б. сан-алуан тақырыптарды қамтиды.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Хикаяттар

95-том

Аңдатпа

Оқырман назарына ұсынылып отырған 95-том халық прозасының ілгергі-бергі кезеңдерде жеке жинақ ретінде жарияланбаған, әрі іргелі түрде зерттелмеген саласы - хикаяттарға арналады. Қазақ хикаяттары тақырыбы мен сюжеттік оқиғасына қарай кітаби және діни оқиғалардың желісіне құрылады. Дәлірек айтқанда, бұл жанрда түрлі әулие-әнбиеге, пайғамбарларға, болмаса Ислам дінінің мифологиясына негізделіп, шындық пен қиялдың элементтері кіріктіріле оты­рып тарихи тұлғалар, оқиғалар көркем әсіреленіп баяндалады.

Әр хикаттың қолда бар нұсқаларының толық қамтылуы ғылыми басылымдардың ұстанымдарына толық жауап береді.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Ауызекі әңгімелер

96-том

Аңдатпа

Оқырмандар мен ғылыми ортаның назарына ұсынылып отырған «Бабалар сөзінің» 96-томы кейбір құрама жинақтарда, хрестоматияларда, газет-журналдарда жарияланып келгенімен, ғылыми тұрғыда толық жүйеленіп, арнайы жинақ ретінде басылым көрмеген халық прозасының үлкен бір саласы - Ауызекі әңгімелерге, нақтылап айтқанда, оның жанрлық түрі - тарихи ауызекі әңгімелерге арналған.

Ауызекі әңгімеде белгілі бір оқиға сенімді, әрі көркем тілмен баяндалады. Ол шағын болғанымен, өзіне тән баяндалу тәсілі, көркемдік жүйесі, композициялық, сюжеттік құрылымы болады. Онда баяндалатын оқиғаның желісі аса кең уақыт кеңістігін қамтымайды және халық прозасының өзге жанрларына қарағанда, таралу аясы шектеулі, нұсқалық үлгілері некен-саяқ. Көбінесе, айтушы өзінің басынан кешірген жайттарды, болмаса жеке басы қарым-қатынаста болған адамның көрген, білген, тіпті, естіген әңгімелерін сөз етеді. Сондықтан бұл жанр-халық прозасының миф, ертегі, хикаят, әпсана, аңыз сияқты салаларына қарағанда жинақы, нақты, шынайы сипатқа ие.

Томның бірінші бөлімінде Қазақстандағы тұңғыш өндіріс орны Қарағандының жерінен тас көмірдің табылуы, Ресей өкіметінің шешімімен оның ағылшын кәсіпкерлеріне сатылуы, қазақтардың көмір қазу кәсібіне мамандануы, жұмысшы болып қалыптасуы, олардың ауыр тұрмыс-тіршілігі жөніндегі туындылар, кезекті екінші бөлімінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске белсенді түрде қатысқан, ауыр зұлматты басынан кешірген адамдардың әңгімелері, соңғы бөлікте Абай және оның айналасын, Ақан сері, Балуан Шолақ, Қажымұқан т.б. өмірін, халыққа жасаған қайырымды істерін баяндайтын шығармалар қамтылды.

Томның жалпы көлемі-27,0 б.т.

Ауызекі әңгімелер

97-том

Аңдатпа

Серияның 97-томына қай замандарда да тыңдармандарын бірден еліктіріп кететін, құлаққа жағымды, қызықты, көңілге ой салып, уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа үлгілермен молығып отыратын «Новеллалық ауызекі әңгімелер» топтастырылды.

Новеллалық әңгімелерге негізінен жекелеген адамдардың болмыс-бітіміне, тұрмыс-тіршілігіне, кәсіп-мамандығына, көзқарас-ұстанымына қатысты туындылар жатады.

Томға халық арасынан шыққан қуларға, тапқырларға, аңшы-саяткерлерге, мергендерге, ұрыларға т.б. бай­ланысты ауыздан ауызға таралған әңгімелер енгізілген.

Қуларға, тапқырларға, шешендерге қатысты ауызекі әңгімелер көбінесе жиын-тойларда, бас қосуларда, қонақ-кәде үстінде тыңдарман қауымның көңіл-күйін көтеру үшін, болмаса дүниеқор, пасық үй иелерін, немесе қарсы адамдардың, билік иелерінің қайырымсыздығын, әділетсіздігін, үстемдігін тікелей сынап, бетіне басу мақсатында арнайы дайындықсыз, табан астында туындап отырған.

Мергендік, аңшылық, құсбегілік, саяткерлік туралы, тұрмысқа, ұрлық-қарлыққа т.б. байланысты новеллалық әңгімелердің көпшілігі қызықты оқиғалар желісіне құрылып, тыңдаушыны таңдандырып, өзіне еріксіз тартып отырған. Әсіресе саяткерлік әңгімелерде қиялға беріліп, әсірелей, асы­ра айту үрдісі белең алған. Ал тұрмыстық әңгімелерде кәсіп-мамандық, тарихи жағдайлар, жеке адамдардың басынан өткен ауыр жайттар, қилы-қилы тағдырлары баяндалады.

Томның жалпы көлемі-27,5 б.т.

К үлдіргі әңгімелер

98-том

Аңдатпа

Қалың оқырмандар мен ғылыми ортаға ұсынылып отырған 98-том кім-кімге болса да етене жақын, ел ішіндегі таралу аясы кең, ерекше даму үрдісі үзілмеген «Күлдіргі әңгімелерге» арна­лған. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жад арқылы жеткен қазақы ауызекі әңгімелерден өзге халық арасында Қожанасырға қатысты күлдіргі әңгімелер де мол сақталған. Жалпы, Қожанасыр көптеген түркі халықтарының, кейбір Кавказ, Еуропа, Азия елдерінің фольклорында Молла Насред­дин, Қожа Насреддин, Насреддин әпенді, Қожанасыр т.б. жа­нама есімдермен кең тараған. Ал Араб елдері халықтарында Қожанасырдың типтік бейнесі-«Жоһа» есімді кейіпкер болғандықтан, әдеби-мәдени байланыстар арқылы қазақ фольклорына кіріккен аталған кейіпкерге қатысты туындылар «Жұқа әңгімелері» деген атау­мен белгілі.

Томдағы «Халық әңгімелері» аталған ІІ бөлімге ұлттық сипаттағы, халқымыздың әр кезеңдердегі өмір салтына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты туындаған әңгімелер қамтылған. Бұлардың дені бағзы замандарда туындап, ел ішіне ауызша тарап, қоғам өзгерген сайын жаңа сипат алып, жаңғырып, толығып отырған. Әңгімелердің мазмұнына қарағанда, тіпті олардың кейіпкерлері де, оқиғалар да заманына қарай ерекшеленіп, әңгіме туындататын күлдіргілердің, қулардың, тапқырлардың, сайқымазақтардың күлкілі іс-әрекеттері мен сөздері өзгеріске түсіп, туындылардың жаңа нұсқалары, версиялары пайда болғаны аңғарылады.

Томның жалпы көлемі-27,5 б.т.

Ә н-өлеңдер

99-том

Аңдатпа

Серияның соңғы, аяқталатын екі жинағы-99, 100-томдар ұлттық мәдениетіміздің, оның ішінде халық әдебиетінің шуақты, шұрайлы салаларының бірі - халық әндеріне, ән-өлеңдер жанрына арналып отыр.

Ән-өлеңдер - әлемдегі бар қазаққа ортақ рухани қазыналардың бірі. Ән-өлеңдерде шығармадағы лирикалық кейіпкердің, адамның, жануардың есімі, атауы, оның бейнесі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, киім-кешегі, құрал-жабдықтары, қоныс-мекені, табиғат көріністері, әуе райының құбылысы т.б. молынан көрініс береді. Сондықтан өзге фольклорлық мұраларға қарағанда этнографизмдер, архаизмдер, жергілікті, кәсіби, диалекті сөздер мен тіркестер, мақал-мәтелдер, нақылдар жиі қолданысқа түседі.

Жүйелеу барысында ән мәтіндерінің мазмұндас, кейбір жағдайда бірін-бірі толықтырып отыратын нұсқалары да қаперге алынып, топтаманы баспаға дайындауда халықтық ән-өлеңдерінің лирикалық сипаттағы, әсіресе ғашықтық-сүйіспеншілік, жастық шақ, өмір-дүние және адам тағдыры туралы халық туындыларына айырықша мән берілген.

Топтаманың ұстанымдарына сәйкес, томға енген мәтіндерге алғы сөз ретінде академик А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегінен үзінді алынды, әліпбиі бойынша жүйеленіп, реттік санмен нөмірленді.

Томның жалпы көлемі-27,5 б.т.

Ә н-өлеңдер

100-том

Аңдатпа

Серияның соңғы 100-томы фольклорлық мұралардың ара­сында өзіндік орны бар, халық жадында аса мол сақталған - ән-өлеңдерге арналған. Топтаманың 99-томында музыкатанушы-жинаушылар: А.Затаевичтің, Б.Ерзаковичтің, Б.Ғизатовтың, В.Дернованың және Л.Хамидидің, Ғ.Құрманғалиевтың, сондай-ақ 1960-1970 жылдарда ел ішіне шыққан ғылыми экспедициялар барысында жазылған ән-өлеңдер үлгілері енген болса, бұл томға аталған жинаушылардың еңбектерінде аз қамтылған аймақтардың, әсіресе Оңтүстік Қазақстанның, Жетісу өлкесінің, Шығыс Қазақстанның, Моңғолия Республикасының Баян Өлгий өлкесі мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өңірі қазақтарының ән мұралары топтастырылған.

Қазақстан өңірлерінде қалыптасқан ән-өлеңдердің лирикалық, тари­хи, философиялық сипаты басым болса, шетелдік қазақтарға тән музыкалық мұраларда көшпелі тұрмыс-салт, туған жер мен өскен елге деген сағыныш, баянсыз махаббат, орындалмаған аңсар-арман, дархан көңіл, табиғат тынысы т.б. тақырыптар басым болып келеді.

Томның көлемі-27,5 б.т.

Соңғы жаңалықтар