БАБАЛАР СӨЗІ: Дос өзені жайлы аңыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
None
None

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

ДОС ӨЗЕНІ ЖАЙЛЫ АҢЫЗ

Қазақ-қалмақ жауласқан, барымта алып дауласқан заманда Дос деген батыр өмір сүріпті. Елін, жерін жаудан қорғап, талай шайқастарда жеңіске жетіп жүреді.

«Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей күндердің күнінде қалмақтар Дос батыр мен баласы Қожаназарды қолға түсіреді. Тігілген көп шатырдың бірінің ішіне байлап тастап, өздері ақыл- кеңес жасайды. Олардың сыбыр-күбірін естіген Дос батыр:

Атаңа нәлет қалмақтар Сыбыр, сыбыр етеді. Сыр құлаққа жетеді, Сөз сүйектен өтеді. Сыйласпаған жат, шіркін, Әлде не етіп кетеді? Баласына мұсылман Не жамандық қылдым-ай?! Өзім өлсем боғым-ай, Қожаназар құлыным-ай,-

деп зарлап жылайды. Сол уақытта жаудың бірі тұрып: «Біз бұларды өлтірмелік. Таңдауды өздеріне беріп бірін қайтарайық, екіншісін тұтқын етіп қолымызда ұстайық», - депті. Сонда Қожаназар әкесіне:

Айналайын әтекем, Жау пиғылы жат екен. Құмарлығың болайын, Жау қолында қалайын. Сақалыңның ағында, Өлеріңнің шағында Қалмақтың қаласында қалмай, Қазақтың қаласында қала гөр, -

дейді. Дос былайша жауап беріпті:

Ит қалмаққа шал емес Қылшылдаған жас керек, Ұрпақ құрар бас керек. Терімізді берсек те Тегімізді бермейік. Қазы-қарта асадым, Жетпіс сегіз жасымда Мен несіне сасамын? Шырылдап жауда сен қалсаң, Сопиып елге мен барсам, Екінің бірі айтпай ма, Егіздің бірі айтпай ма Қажыған шал екен деп.

Бірақ қалмақтар екеуін де жібермей, өлімге душар етеді. Сөйтіп, батыр жерленген жердегі ағып жатқан өзенді ел «Дос өзені» деп атап кетеді.

Соңғы жаңалықтар