Бабалар сөзі: Ер Әжібай

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
***
Ер Әжібай
(Әбзейіт Мәлікеұлы нұсқасы)
Қолына қалам алды Әбзейіт ақын,
Жазбақ боп батырлардың хикаятын.
Артымда өзім өлсем, сөзім қалсын,
Аппақ боп қартайдым ғой, уақыт жақын.
Кетемін қалам алсам қызыңқырап,
Тастаймын қол тигенде жазыңқырап.
Баяғы жастық өнер қайда кеткен,
Кәрілік әр нәрседен қылды жырақ.
Ақсақал, қаламыңды қолыңа алшы,
Азырақ өлең жазып көңіл аршы.
Заулаушы ең қалам алсаң бәйге атындай,
Жүйріктей шабатұғын тимей қамшы.
Шал болдың, арт жағыңа сөз қалдыршы,
Оқушым, сөздеріме құлақ салшы.
Бұрынғы өтіп кеткен батырлардың,
Біреуін әңгіме қып қолыңа алшы.
Үш жүздің баласымыз, атам-қазақ,
Болдық қой республика содан тарап.
Не маңғаз, не білгіштер туып, өсті,
Асынған батырлар бар қару-жарақ.
Бір ата Ұлы жүзден Албан елі,
Шығыпты бұл Албаннан талай сері,
Қалмақтың жау кезінде көп алысқан,
Өтіпті Әжібай деген ердің бірі. Албаннан бұл Әжібай батыр шыққан,
Өзімен алысқанның бәрін жыққан.
Шабысып қалмақпенен өмір бойы,
Ақыры Алатаудан айдап шыққан.
Әжібай Найманбайдың баласы екен,
Көзінің ағы менен қарасы екен.
Ішінде төрт баланың түрі бөлек,
Басқасы мұныменен талас екен.
Тастемір, Қаңлыбай мен Әжібай, Алтай-
Төрт бала туғызыпты бұл Найманбай.
Ішінде төртеуінің өзгеше боп,
Туыпты жүректі боп бұл Әжібай.
Дулаттан Өтеген деген батыр шыққан,
Шыдамай айбатына жаулар бұққан.
Бірігіп, тізе қосып екі батыр,
Қалмақты Алатаудан айдап шыққан.
Дулат та Қасқараудың баласы еді,
Бұ да асқан уақтысында батыр еді.
Қайраты мен ақылы серік болып,
Ақылмен Дулат елін билер еді.
Данышпан ел айтады дария деп,
Күшке мығым, толық дене, ақылы көп.
Білікпен істі болжап, айтқаннан соң,
Ел кеткен Өтегенді әулие деп.
Өтеген Әжібайға болған серік,
Қалмақтың есі кеткен мұны көріп.
Өмір бойы қалмақты бұлар жаулап,
Әрқашан жүрген малын алып келіп.
Төрт бала туған екен Найманбайдан,
Бөрі деп төртеуі де даңқын жайған.
Ақыл мен әділдікке болып артық,
Озбапты ешқайсысы ер Алтайдан. Алтай би атаныпты, ақылды боп,
Әжібай батыр болған дүниеде жоқ.
Тастемір, Қаңлыбаймен жуас екен,
Кетіпті бұл екеуі шаруа боп.
Жан бағып жүре берген ашты-тоқты,
Билеуші төртеуін де Алтай бопты.
Найманбай қалың беріп Әжібайға,
Тұмарша деген қызға құда бопты.
Қыстықта Ескене деген байдың қызы,
Өзі сұлу ақ жүзді, шырын сөзі.
Көрген жігіт құмар боп Тұмаршаға,
Жалтылдар танадай боп қара көзі.
Тұмарша сұлу екен өте аппақ,
Айтады кереметін әркім мақтап.
Ерке басар, әртүрлі кәдесін ап,
Қайнына Әжібай да барған жақтап.
Аулына Ескене байдың күйеу барды,
Құшпақ боп, жөні келсе, махбұб жарды.
«Күйеуі Тұмаршаның келіпті»,-деп,
Көп жігіт осы сөзден хабарланды.
Әркім-ақ Тұмаршаға екен ғашық,
Көп жігіт жүреді екен жармасып.
«Күйеудің түсі жаман, бір қара құл,
Болғын,-деп-айтады екен,-маған нәсіп».
Айтылып жүреді екен әртүрлі өсек,
Сөздері Әжібайдың еді кесек.
Құлағы жырым-жырым, түсі қара,
Денесі жаратылған өте кесек.
Бетінің тыртығы бар, найза сойған,
Маңдайын қылыш кесіп, шодырайған.
Кеспелтек, дым сөзі жоқ, толық дене,
Қыз тұрмақ, кемпір қорқар порымынан. Әжібай қайнына өстіп барған екен,
Қазіргі Кетпен тауын қылған мекен.
«Айтқаны жігіттердің шын ба екен?»-деп,
Тұмарша Әжібайды көрген екен.
Көрген соң Әжібайды зәресі ұшты:
«Жаратқан қимапты ғой бұған түсті.
Қасына қайтіп жатам бұл жігіттің»,
Жаратпай ашуланды, қайрап тісті.
«Тимеймін бұл жігітке түсі қара,
Керек емес, болса да ақылы дана.
Мен-сұлу, ол анадай, қалай болар,
Бет-аузы бір жөнді емес, пара-пара».
Тұмарша Әжібайға бармай қойды,
Тілдерін әке-шеше алмай қойды.
Қаншама жеңгелері айтса дағы,
Ешкімнің айтқанына көнбей қойды.
Бұл іске ер Әжібай ашуланды,
Шыдамай ызасына, от боп жанды.
«Қап, сенің осы ісіңе Тұмарша,-деп,
Қинауға саламын,-деп,-шыбын жанды».
Әжібай күйеу болып жата берді,
Дәмінен байдың берген тата берді.
«Тұмарша өзі-ақ іздеп келеді» деп,
Солайша жеңгесіне жауап берді.
-Келеді өзі бір күн іздеп мені,
Айтылар сол уақытта сөздің жөні.
Жыласа көздерінен қаны ағып,
Таниды жолдасым деп, сонда мені.
Бұл іске әуре болма барлығың да,
Жүрсіздер Тұмаршаның жарлығында.
Иланып бұзушы елдің тілін алып,
Шыдармын бұл ақымақтың қорлығына. Жатты да он шақты күн, кетті қайтып,
Балдызы, жеңгесіне хош-хош айтып:
-Біраз күн ауыл жақта дем алам да,
Бұл жерге туар айда келем қайтып.
Сөйлесем сонда келіп мұныменен,
Тұмарша жауап берер жөніменен.
Тағы да осындай боп шайтансыса,
Жақсылық көрмес онда өзі менен.
Мұны айтып аттанды да жүріп кетті,
Қырсығын Тұмаршаның біліп кетті.
Он күнде маңайына бір жолатпай,
Тұмарша Әжібайды өкпелетті.
Қайтыста қалмақтардан жылқы алады,
Қалмақтың байларына қол салады.
Бір ауылдың жылқысын түгел айдап,
Ауылына аман-есен бұл барады.
Әжібай олжалы боп қайтып келді,
Көргенін бастан-аяқ айтып келді.
«Тимеймін, түсі жаман,-деп,-Тұмарша»,
Алтайға барлық істі айтып берді.
Алтай айтты: «Сөйлесемін оныменен,
Ол Ескене ойнамасын меніменен.
Мал-басын талқан қылып, шауып алам,
Тұмарша құтылмайды тегі сенен.
Дем алып осы сөзбен жата берді,
Әжібай аралап жүр елді, өрді .
«Қайныңа Әжібайды ертіп бар» деп,
Хат жазып Өтегенге хабар берді.
Шақыртып Өтегенді хабарлады:
-Қайнына Әжібай ер барсын тағы.
Бұл өзі Тұмаршаға өкпелепті,
Байқаңдар, қандай болар сөздің мәнін. Барыңдар екі-үш батыр жаудан қайтпас,
Өзі де сендер барсаң, басын тартпас.
Шабыңдар жөнге келмей қиқаңдаса,
Мал-мүлкін талқан қылып, қызын ап қаш.
Мұны айтып аттандырды тоғыз жігіт,
Бұлармен қарсыласып қылмас үміт.
Атақты Күшік батыр, Есболдар бар,
Өңкей ер жарқ-жұрқ етіп, кетті жүріп.
Қайнына осылайша тағы барды,
Ертіп ап өңкей батыр бұзған жарды.
Құдамен жай-жапсарын сөйлесуге,
Басшы қып, Аталықты ертіп алды.
Аталық Найманбайдың інісі екен,
Ауылға кәриялық қылған мекем.
Тұмарша жөнге келмей шайтансыса,
Ауылын Ескененің шаппақ екен.
Он шақты жасақ алып бұлар жүрді.
Атақты ер жігіттер бұған ерді.
Жол жүріп өңкей саңлақ бір-екі күн,
Аулына Ескененің бұлар келді.
Сабылтып ат терлетіп, бұлар жеткен,
Батырлар жүрген жерге үкім еткен.
Аулына Ескененің бұлар келсе,
Қалмақтар тас-талқан қып шауып кеткен.
Малдарын түк тастамай шауып алған,
Тимеген адамына, аман қалған.
Жау шауып, тас-талқан боп жатқанында,
Батырлар жау іздеген жетіп келген.
Қалмақта батыр болған Зона деген,
Ешкім қарсы келмеген Зонаменен.
Әлемге батырлығы мәшһүр болып,
Көп палуанды жолдас қылған ажалменен. Қарулы, батырлығы жаннан асқан,
Өлмей қалған батыр жоқ қарсыласқан.
Қазақ-қырғыз, қалмаққа аты мәшһүр,
Атақты Зона атанған бала жастан.
Бұларды шауып кеткен Зона батыр,
Түк қоймай жылқыны апты таспа-тақыр.
Аталық Әжібайға: «Қуғын!-деді,
Жылқысын қайырып кел, сен де, батыр.
Тездетіп атқа мінгін, отырмаңдар,
Сендерді әйел тапқан, ол да адамдар.
Не өліп, не жылқыны қайырып кел,
Иншалла, батырларым, жолың болар!
Бай берсін, тарлан бозды астыңа мін,
Батырсың жау дегенде қайтпайтын шын.
Бабамның әруағы жәрдем берер
Зонаны қуғын енді күн демей түн.
Сендерді шешелерің ұл деп тапты,
Жүрсіңдер жігіт болып мініп атты.
Ешкімнен қайрат, күшің кейін емес,
Алады қорықпаған батыр атты.
Тез енді, жауды қуып аттаныңдар,
Зонадан «мықты екен» деп қорықпаңдар.
Оны да әйел тапқан, адамзат қой,
Көз салып айласына, ойланыңдар».
Тағы да жиырма-отыз жігіт алды,
Зонамен шабысуды ойына алды.
Қорғастың жағасында жатыр екен,
Артынан батырларың қуып барды.
Қорғастың демалыпты жағасында,
Қалың ну, биік таудың арасында.
Ұмтылып жауды көріп қаһарланды,
От жанып көздерінің шарасына.
Әжібай ашуланды жауды көріп,
Ақырды сарбазына қайрат беріп.
«Атқа мінбей жылқыны қуып шық» деп,
Ұмтылды батырларға бұйрық беріп.
Өтеген Әжібайға: «Тоқта!-деді,
Дайындап, қылыш, найзаны мықта,-деді.
Өнердің денедегі бәрін жұмсар,
Мезгілі кәзір осы уақта,-деді.
Жүрегіңнің түгі бар батыр едің,
Жарамсыз ат-тұрманым,-деді,-менің.
Сен айқас Зонаменен қарсыласып,
Қайныңның жаудан алғын өстіп кегін».
Өтеген жол беріпті Әжібайға:
-Сиынып ұмтылғын,-деп,-бір Құдайға.
Сен шаныш, мен шабамын айбалтамен,
Бір қатты соғыс болсын осындайда.
Осындай жоба қылып ат қойыпты,
Қорықпай батырларың жаудан тіпті.
«Батыр-аңғал» деген сөз, шынында, рас,
Ұранын сонда Әжібай ұмытыпты.
Зона да күшке сенген батыр екен,
Демалып Қорғас бойы жатыр екен.
Ұранын айтатұғын ұмытқан соң,
Ақырып «Әжібай» деп барған екен.
«Әжібай, Әжібай!» деп қойды атты,
Қырам деп тірі қоймай қалмақ затты.
Ұрандап «Әжібайлап» сарбаздар да,
Жылқыны түк тастамай қуды қатты.
Батырлар көп жылқыны қуып берді,
Демалып жатқан Зона мұны көрді.
«Қазақта Әжібай ұран жоқ ед» деп,
Ақырып «батыр болсаң, тоқта!» деді.
-Тарт,-деді,-тұлпарымды менің,-Зона,
Ер екен қорықпаған батыр бұ да.
Артымнан ешкім қуып көрмеп еді,
Мұны мен жіберейін о дүнияға.
Зона да найзасын ап атқа мінді,
Ақырып, күңірентіп, жинап жынды.
«Әжібай, еркек болса шаншысын» деп,
Ер екен, қорықпастан қарсы жүрді.
Асығып атқа мінді, сауыт киіп:
-Бұл өзі қай батыр,-деп,-жүрген тиіп?
Байқамай асығыста түймелерін,
Сауыттың алды қапты ашық, қиық.
Байқамай батыр аңғал жүріп кеткен,
Зулатып Әжібайды қуып жеткен.
«Айдаған жылқыларды тастағын!» деп,
Ақырып батырларға үкім еткен.
Зонаға Әжібай ер қарсы барды,
Өтеген мұны көріп қайта айналды.
Екі дәу бір-бірімен қарсыласып,
Аямай бір-біріне найза салды.
Шанышты бірін-бірі аямастан,
Бірі-кеуде, біреуі шаншып бастан.
Зонаның жүрегіне кірді найза,
Мұнан соң Әжібайдың күші асқан.
Кеп қалды Өтеген де айбалта алып,
Желкеден ер қалмақты кетті салып.
Кеудеден найза кіріп, балта тиіп,
Құлады қайран Зона естен танып.
Қолдады бабалардың әруағы,
Зонаға батырлардың келіп халы.
Жығылды аттан жерге батыр Зона,
Жұлқысқа Әжібайға келмей халы. Жығылды естен танып Зона батыр,
Басына түскеннен соң заман ақыр.
Найзаны қайта тартып алғаннан соң,
Сыртына ішек-қарны шығып жатыр.
Зонаның астындағы атын алды,
Сол жерде Зона батыр дүние салды.
«Танып қой бұдан былай, жау қалмақтар,
Мен-қазақ Әжібай!»-деп айғай салды.
Есітті бұл хабарды жанның бәрі,
Ыза боп қалмақтарға келді кәрі.
Зонаны аттан жерге түсірген соң,
Быт-шыт боп қалмақтардың кетті бәрі.
Зонаның сарбаздары кетті қашып,
Малдарды түгел алды, күші асып.
Жиып ап байдың малын аман-есен,
Қалмақтан отыз атты қалды басып.
Қол қылып төрт жігітті байлап алды,
Басына қалмақтардың азап салды.
«Зонаны тастап кетпей, жерлелік» деп,
Сарбазға екі батыр ақыл салды.
Жемесін қарға-құзғын көзін ойып,
Берелік қонақасыға бір ат сойып.
Ер еді еш адамнан тайсалмаған,
Кетелік басына бір белгі қойып.
«Мақұл» деп сарбаздар да кеңес берді,
Сыйлады барлық қазақ бұл екі ерді.
«Батырлар айтқандарың жөні бар» деп,
Бұл сөзді сарбаздар да мақұл көрді.
Барлығы қонып жатты, дамыл алып,
Зонаның көрін қазды жігіт барып.
Ақ тасқа суретін сап өрнектетіп,
«Ер Зона-қалмақ руы» деп қойды жазып. Бір жылқы «қонақасы» деп сойды бұған,
«Жігіт қой бұ да біздей батыр туған.
Ер жолы осылайша болады»,-деп,
Бұрынғы батырлардың жолын қуған.
Зонаны бір күн жатып бұлар қойды,
«Батырға қонақасы» деп бір ат сойды.
«Қалмақтың батырының памиті» деп,
Басына тастан ойып белгі қойды.
Қорғастың жағасында қазір де бар,
Аппақ боп көрінеді мұнаралар.
«Қалмақ қорған» деп қазір аталады,
Осылай атап кеткен көп адамдар.
Малдарын аман-есен айдап қайтты,
Халқына болған істің бәрін айтты.
«Тірі боп құтылмаспын бұдан мен» деп,
Тұмарша Әжібайдан ішін тартты.
Ескене Әжібайға болды разы:
-Шырағым, құлыңмын,-деп қысы-жазы.
Қайырып кекті әпердің батырлықпен,
Маған да болғын балам, өзің-қазы.
Қуанды қазақ халқы кек қайырып,
Ерлікпен жаудан малды келді айырып.
Өлтіріп қайраты асып ер Зонаны,
Қалмақтар қала берді бұл қайғырып.
Зонаның Өтегенге атын берді:
-Атын мініп, сауытын кигін,-деді.
Қолыңа найзасын да мықтап ұста,
Әрі жолды, әрі ұшы қанды,-деді.
Бөлісті осылайша олжаларын,
Біріне-бірі разы батырлардың.
«Жіберген бізді жұмсап, сіз едің» деп,
Беріпті Аталыққа малдың бәрін. Тұмарша күлімдеді қасына кеп:
«Саламат, сау келдің бе, батырым»,- деп.
Бір жеңге, екі қызды қасына ертіп,
Жолықты Әжібайға осылай кеп.
Жақындап Тұмарша да келді ептеп,
«Ана жолы батыр маған өкпелед» деп.
-Батыр, сен қаһарланба жолдасыңа,
Қатамды менің қылған-өзің кеш,-деп.
-Тұмарша, жақын келме маған,-деді,
Қасыма жолатпаймын әзір сені.
Алысып қалмақпенен шаршап келдім,
Тынығып, әлденгенше көрме мені.
Жіберді Тұмаршаны үйден қуып:
-Келме,-деп,-бұдан былай маған жуық.
Болсаң да байдың қызы, түсің сұлу,
Көңілім қашан қалған сенен суып.
Қасына Тұмаршаны жолатпады,
Жақтырып айтқан сөзін ұнатпады.
Тұмарша менсінбеп ед бұрын өзі,
Әжібай Тұмаршадан жырақтады.
Демалып аз ғана күн жатты сонда,
Олжаға жауды жеңіп батты сонда.
Бұл жолы «қыз екен» деп бір қарамай,
Қапа боп, Тұмарша қыз қапты сонда.
Сөйлесіп құдалармен қайтып кетті,
Той қылып Тұмаршаны бермек бопты.
Әжібай Тұмаршаға жауап қылмай,
«Сөйлесем, қайырып ап сонда кекті».
Кекті боп Тұмаршаға Әжібайың,
Батырға не қылса да, бәрі дайын.
«Әзірше талтаң басып жүре берсін,
Табылар, Тұмарша қыз, сенің жайың. Сөйлесіп мен көремін сол уақта,
Ішіңді ашытармын, сұлу, тоқта.
Отырсың осы күні айтқаның кеп,
Салармын, тірі болсам, сені шоққа».
Еліне жүріп кетті, аман келді,
Атанды бұл Әжібай батыр енді.
Найзамен Зона батыр өлтіргенін
Қазақ, қалмақ елінің бәрі білді.
Мағлұм боп бұл атағы, мәшһүр болды,
Қырғыз, қазақ, өзбек бәрі білді.
«Зонаны Әжібай батыр өлтірді» деп,
Сөз қылып елдің бәрі жүрді енді.
Қалмақта Қора деген батыр болған,
Зонаны Әжібай өлтіргеннен хабарланған.
«Батырға қонақасы деп бір ат сойып,
Өзі жерлеп, басына белгі қойған».
Мұны естіп, «анық батыр Әжібай» деп,
Сыртынан құмар болды «көрсем-ай!» деп.
«Түстесіп, сол батырмен дос боламын,
Егер де кезім келіп жолықса-ай!-деп.
Шіркін-ай, анық ер боп туған екен,
Жүр екен қандай жерді қылып мекен.
Зонаның одан өлген арманы жоқ,
Түгі бар жүрегінің нақ ер екен.
Кездессем соған, өзім дос боламын,
Ерлігін қашан болса еске аламын.
Жүйрікте батырлығы ерлігімен,
Сай болып төрт түлігі жаралғанын.
Тоқтамас ондай жерде көп батырлар
Соғыста қан төгілген, қалай тұрар.
Қарашы, түнеп жатып, ерлік істеп,
Жерлеуге ердің ері әрең шыдар». Атағы Әжібайдың өстіп шыққан,
Дыбысын талай батыр естіп, бұққан.
Қалмақтың әлем білген Зон батырын,
Күші асып, найзаменен жерге тыққан.
Бақыт, бақ өстіп қонды Әжібайға,
Атақты Зон батырға салды найза.
Ерлігі осы жолғы соғыстағы
Жайылған қазақ, қалмақ, талайларға.
Аулында аз күн жатып, демалады,
Етеді жұрты құрмет ер баланы.
«Қалмақ жауға тағы да аттанам»,-деп,
Әжібай ел-жұртына сөз салады.
«Барсаң бар, жолың болсын!»,-деді халқы,
Бата алар-жауға аттанса, ердің салты.
Мал сойып ақ сарбасқа, бата беріп,
Шулады «Аман бол!» деп елі артқы.
«Мақұл» деп сарбаздарын жиып алды,
Басшы қып Өтегенді қасына алды.
«Қалмақтың малын шауып аламыз» деп,
Арасына Алатаудың бұлар барды.
Күшік пен бірге жүрді Есбол батыр,
Гуілдеп өңкей батыр келе жатыр.
Қалмақтың елін шауып, жылқысын ап,
Басына салмақ болып заман ақыр.
Қалың ну қарағайға барып кірді,
Қайтпайтын жау дегенде өңкей ер-ді.
«Осы жерде тынығып ап, шабамыз» деп,
Болжалдап байқап жатыр елді, өрді.
Бір-екі күн осы жерде дамылдады,
Бақылап шабар жерін жаңылмады.
Аттанып үшінші күн батырларың,
У-шу қып бір ауылды шауып алды. Үш адам, жүз елу жылқы алып қайтты,
Батырлар олжалады жау қалмақты.
Екі қыз, бір жігітті құлдыққа ап,
Осындай олжаменен бұлар қайтты.
Біреуі қыздың өте сұлу екен,
Ай жүзді, өткір көзді, тілге шешен.
Әжібай Тұмаршадан кек алмақ боп,
Некелеп мұны өзі алған екен.
Дина деп ат қойған екен оның атын,
Тексеріп не қыламыз арғы затын.
Тұмарша менсінбеп ед бұрын мұны,
Сол үшін кек қайырып, алды қатын.
Батырың әйел алып жата берді,
Сыйлайды қазақ халқы Әжібай ерді.
«Қайның бар, әйел апсың, бұл қалай?»-деп,
Жақтырмай бұл жұмысын Алтай келді.
-Шырағым, неге аласың қалмақ қызын,
Өкпе қып, жоқ нәрсеге жүрсің өзің.
Көп жігіт жете алмай жүр Тұмаршаға,
Жақтырып отырғам жоқ мұның өзін.
Осылай жайлап айтып, жүріп кетті,
Әжібай айтты: «Тұмаршаның қорлығы өтті.
«Тимеймін, құл тәрізді» деп еді мені,
Қайырам Тұмаршадан дәл сол кекті.
Қайынның керек емес жаратқаны,
Мен өзім ызаменен қалап алдым.
Қондырам Тұмаршаны тоқал атқа»,
Батырың осылайша жобалады.
Есітті бұл хабарды Тұмарша да,
Әжібай әйел апты бара сала.
Сөз салды әкесіне: «Ажырат,-деп,
Әкежан, мен байғұсты десең бала. Бармаймын қатын үстіне тоқал болып,
Бересің кәйтіп мені соны көріп.
Қалмаққа тоқал болып барғанымша,
Қалғаным жақсы емес пе одан да өліп.
Әкежан, көргін менің көз жасымды,
Құтқарғын бұл бәледен бір басымды.
Зорлық қып, қалмаққа күң қылсаң мені,
Саламын жер астына жамбасымды».
Әкесі жауап берді: «Болмайды,-деп,
Қызына ашуланды,-жүргін,-деп,-тек.
Егер де сені оған бермей қойсам,
Талқандап шауып алар Әжібай кеп.
Қорқамын Әжібайдан өзім жаман,
Қызым-ау, мұндай сөзді айтпа маған.
Қорыққан қылышынан қазақ, қалмақ,
Ажалы Зона батыр болды сонан.
Хат жазам «балаңды ал» деп Найманбайға,
Мен дағы түсіп тұрмын сондай ойға.
«Ал енді келініңді» деп айтамын,
Әкел деп малдарыңды сояр тойға.
Бір жауап одан кейін болар одан,
Әжібай азамат қой ұл боп туған.
Жіберсе той малменен күйеуімді,
Отаулап, енші бөліп берем саған.
Күң берем, құлды жалдап саған жұмсап,
Жағдайға қарау керек адам құсап.
Ең алғаш келгенінде Әжібайдың
Аяғын жібергенсің сен де тұсап.
Сақтаған саған кегін қайырды ол,
Әжібай ақымақ емес, ақылы мол.
Қарағым, ондай қылма бұдан былай,
Әр істі ақылға сал, айтарым сол». Мұны айтып қағаз жазды қалам алып:
«Құдеке, тыңда сөзді, құлақ салып.
Бойжетті, он сегізде қызым менің,
Кел дағы келініңді кеткін алып».
Осылай құдасына қағаз жазды,
Көңілдегі құдасына айтты назды.
«Келерсің өзің біліп ер Найманбай,
Той малға көптей көрем, берсең азды.
Жібергін күйеуімді, кешіктірме,
Сөзімді таңырқама естігенде.
«Әжібай әйел апты» деп естідік
Бақытты болсын, Найеке, келінің де».
Оқиды құдасының жазған хатын,
Дайындап ала жүрді айтқан затын.
Нашар қып жіберген жоқ Әжібайды,
Жақсылап құдасының мініп атын.
Әжібай қайнына өстіп барды,
Разы қып, топтап айдап талай малды.
Үй тігіп «күйеу келді ауылға» деп,
Құрметпен Әжібайды қарсы алды.
Қызына дайындады жасау, жабдық,
Алдырды қалалардан түрлі сандық.
Бөлекше бір ауыл қып отырғызды,
Мал бөліп төрт түліктен, міне, барлық.
Той қылып тамашалы ат шаптырып,
Бұл тойға келді халық көп жиылып.
Барлықпен Тұмаршаға күң, құл жалдап,
Ұзатты парасатпен енші бөліп.
Ұзатты осылай қып Тұмаршаны,
Түрленіп, келісіп тұр барлық сәні.
Арттырып тоғыз нарға жасау, жабдық,
Еңіресіп көшкен елдей болды мәні. Аулына Найманбайдың келін келді,
Той қылып шақырыпты талай елді.
Алдынан Тұмаршаның Дина шығып,
Ізетпен иіліп кеп, сәлем берді.
Тұмарша айтты Динаға: «Қайдан келдің,
Алдыма кішілік қып сәлем бердің.
Құрбым-ау, бұл ісіңнің мәні қалай,
Мағлұм қып, ақиқатын айтып бергін».
-Естігем атағыңды Тұмарша деп,
Кішілік қып тұрмын алдыңа кеп.
Батырдың бәйбішесі болғаннан соң,
Құрмет қып тұрмын ғой, қызметкер боп.
-Динажан, бұл ісіңе көп рахмет,
Жолдас боп тату-тәтті, ойыңа жет.
Ойлаушы ем, мұндай адам емес қой деп,
Батырға бір адамдай болалық тек.
Той болды тамашалы келін түсіп,
Халайық қарық болды, қымыз ішіп.
Жалайыр жасөспірім Қабан ақын
Келінмен жаңа түскен кетті айтысып.
Тұмарша өлеңге де өте шебер,
Өлең мен сөзді алдына төгіп берер.
Айтысып екі ақын таң атқанша
Күн шыға бұл екеуі тарқады дер.
( Айтыстан үзінді )
Қабан:
-Әуелі сөз сөйлеймін, иә, Рахман,
Бұл тойға жұрт жиылды жақсы-жаман.
Дәм айдап біздің елге келін бопсыз,
Жеңеше, сау жүрмісің есен-аман?
Тұмарша:
-Мен дағы сөз қозғайын бісмілладан,
Білмейді қатар жайын кейбір адам.
Көзіме өте жас боп көрінесің,
Есіміңіз кім болады, айтшы маған.
Қабан:
-Білсеңіз ақын Қабан-менің атым,
Сұрадың амандаспай жігіт атын.
Қаншама мақтағанмен Тұмарша деп,
Жеңеше, шамалы екен мағлұматың.
Тұмарша:
-Қайным-ау, өзіңіз де жүрсіз бе аман,
Жеңге боп кеп отырмын өзім саған.
Шырағым, ашуланбай жөнін айтшы,
Атыңды не себеппен қойды Қабан?
Қабан:
-Атымды қайтпасын деп, қойды Қабан,
Қайны боп жаратылдым өзім саған.
Еркімен қалмаққа күң болғаннан да,
Болып па менің атым одан жаман.
Тұмарша:
-Қайным-ау, жаман емес сенің атың,
Баласың байқап тұрсам сөз ұғатын.
Әйелді, кім мал берсе, сол алады,
«Нақ сүйер», «ақ тоқал» намды болар қатын.
Қабан:
-Ешкімнен туа бермес сіздей перзент,
Бітіпті хор қызындай сізге келбет. Тоқалдың жарамдысы боласың ғой,
Байқасам дінің тетік, сөзің өжет.
Тұмарша:
-Болмасам да тоқал әйел ағаң сүйген,
Өзіңдей талай жастың іші күйген.
Қайным-ау, тоқалсың деп кемітпегін,
Тоқалға әуел бастан дұға тиген.
Қабан:
-Сөздерің, жеңешетай, қандай тәтті,
Көңілдің жарқыратып шамын жақты.
Батырға ақ тоқал боп жастайыңнан,
Анаңнан туыпсыз болып бақты.
Тұмарша:
-Сау болғын, қайран қайным, көргенімше,
Ішімнен қаял кетпес өлгенімше.
Кетпессің күндіз естен, түнде түстен,
Қайным-ау, ойлап жүргін сен де өзіңше.
( Осымен айтыс тоқтады )
Той тарқап, елдің бәрі кетті тарап,
Аттанды тойға келген барлық қонақ.
Ағайын, жақындарын жиып алып,
Алтай би сөз бастайды жұртқа қарап.
-Әжібай бөлек ауыл болсын,-деді,
Бір сайға көшіп барып қонсын енді.
Атанып Әжібай ауылы, даңқы шығып,
Өзіне өзі қожа болсын,-деді.
Әжібай өзі бөлек ауыл болды,
Бір жерге жеке ауыл боп көшіп қонды.
Тұмарша Динаменен тату болып,
Өлгенше бір ұрыспай дәурен сүрді. Бірқатар осыменен күндер өтті,
Арасы қазақ-қалмақ болған кекті.
Естіліп суық хабар Әжібайға,
«Қазақты қалмақ келіп шауып кетті».
Мұны естіп шыдамады ер Әжібай
Қорлықты көрген емес бұрын мұндай.
«Қалмақтан кек алуға аттанам» деп,
Халқына хабар салды деп осылай.
Аттанды қастарына сарбаз алып,
«Өш, кекті қайтарам,-деп,-жауға барып».
Егер де күші жетсе қалмақтарға,
Қайтпақ боп малын алып, ойран салып.
Өтеген жолаушылап Самарқанға
Сапарлап кетіп еді, жоқ боп мұнда.
Аттанды қалмақтарға басқалармен,
Он бестей жігіт алып, шықты жолға.
Жоқтады Өтегенді ер Әжібай,
«Батырдың бұл жорықта болмағаны-ай.
Ақылгөй, басшылыққа жақсы еді»,-деп,
Өкініп аттанды да жүре берді-ай.
Қоштасып еліменен жүріп кетті,
Қалмақтан қайырмақ боп бұлар кекті.
«Тез жүріп, бүгін тауға жетеміз» деп,
Аттарын қатты қинап, үкім етті.
Қинады қатты жүріп мінген атын,
Келеді бұлар құрап батыр салтын.
Күн шыға тоғайға кеп тығылғанда,
Қалмақтар көріп қалды жаудың артын.
Қазақтан қалмақтарың хабарланды,
Халқына хабар беріп жиып алды.
Дейтұғын Қатын төре бастығы бар,
«Ұста!» деп аттандырды барлық жанды. Бақытсыз кез келді олар бір сапарға,
Ұрынды барлық жігіт бір қатерге.
Қалмақтар айналасын қамап алып,
«Ұстаңдар!» деп бұйырды осы жерде.
Қатын хан «тірі ұста» деп бұйрық берді,
Жауларды алмақ болған біздің елді.
Айнала қалың қалмақ ортаға алып,
Қоршап ап, шығармады бір адамды.
Қазақты қалың қалмақ ортаға алған,
Мінгені Әжібайдың ақбоз тарлан.
Айғайлап қалың жауға барып еді,
Жүрмеді шаршаған ат одан арман.
Қамалап жау қалмақтар ұстап алды,
Тас байлап, аяғына кісен салды.
Әжібай жау қолына түскеннен соң,
Қалғанын соғыспай-ақ байлап алды.
Құл қылып барлығын да байлап жатыр,
Қор болып, қолға түсті қайран батыр.
«Ап жүр» деп, Қатын төре әмір қылды,
Құл қылып қазақтарды келе жатыр.
Қалмақтың қуанышты адамдары,
Қазақтың қолға түсті батырлары.
Әжібай бастығы боп сегіз адам,
Құл болып кете берді баршалары.
Қалғаны қашып-пұсып тауға кетті,
Сегізін байлап алып, қалмақ кетті.
Ұсталған қазақтарға қинау салып,
Қор қылып, Қатын төре жұмыс істетті.
Әжібайды Қатын төре қолына алды,
Аяққа қашпасын деп кісен салды.
Тас тасып, ор қаздырып, қатты қинап,
Шаршатып, бейшараны қатты аздырды.
Шаршады Әжібайдың әлі кетіп,
Қу дүние осыменен барады өтіп.
Екі жарым жыл құлдықпен өмірі өтті,
Аяусыз жау қолында бейнет етіп.
Әжібай тұтқын болып қолда жатты,
Қалмақтың азды-көпті дәмін татты.
Батырың кісендеулі жата берсін,
Ақыным, қазақтардан хабар айтшы.
Еліне қалған қазақ қашып кетті,
Азып-тозып, жаяулап әрең жетті.
Сегіз жігіт «Әжібай ұсталды» деп,
Қазақтар қашып барған хабар етті.
Осылайша естілді суық хабар,
Ішінде тұтқындардың Әжібай бар.
Бұл сөзді естіп Алтай қайғырады:
«Апырай, енді күнім қандай болар?!
Қалды екен қандай жерде қайран боздақ,
Айрылып Әжібайдан қалдым боздап.
Көтерген Алатауды Әжібайым,
Басымнан ажырамас салдың азап.
Айрылдым Әжібайдан тірідей-ақ,
Басымнан менің ұшып кетті ғой бақ.
Айрылдым асқар таудай Әжібайдан,
Өлтірді-ау, жау қалмақтар аямай-ақ!»
Қайғырып Алтай биің жатып қалған:
«Айырылдым Әжібайдан дүние жалған.
Көзімнен бұлбұлша ұшты қайран ерім,
Шемен боп, тіршілікте кетті-ау арман.
Арыстаным, қандай жерде қалдың екен,
Дүнияны қайтіп қана салдың екен.
Құл болып қалмақтарда бейнет істеп,
Жан қинап, бір құлдыққа салды ма екен?!» Әжібайдан қазақ елі күдер үзіп:
«Босанбас, сірә, бұдан қамал бұзып.
Зон батырдың жуады қанын қанмен,
Батырды өлтірді ғой мойнын үзіп».
Өлді деп Әжібайдан күдер үзген,
Көңіл айтты Найманбайға әркім сөзбен.
Қоймайды кәпір қалмақ кек қайырмай,
Батырды ел қорғаған мойнын бұзған.
Тұл қалды Әжібайдың әйелдері,
Жоқ болып, хабарсыз боп кетті ері.
Әркім-ақ «Тұмаршаны аламын» деп,
Қазақтың айтып жүрді жігіттері.
Ақымақтар: «Тұмаршаны аламын, деп,
Өмірлік ұзақ жолдас боламын, деп,
Тұмарша дұрыс көріп тисе маған,
Қызықты өлгенімше көремін»,-деп.
Тұмарша Динаменен өте тәтті,
Бұларға ағайыны тіпті қатты.
Алтайға Тұмаршаны жек көрсетіп,
Бір жігіт би Алтайға кеп жамандапты.
-Келінің бұзылды ғой, Алтай аға,
Қалмайтын бізде болды енді баға.
«Суанның бір жігіті аламын» деп,
Күнде кеп түнейді екен Тұмаршаға.
Мұны естіп ренжиді Алтай биің,
Әкімдік ол кісіге емес қиын.
-Шын болса осы сөзің, інішегім,
Аузына түсіремін оның миын.
Осындай әртүрлі өсек сөздер болды,
Алам деп жесір қалған әйелдерді.
Сөз салып ағайыны «маған ти» деп,
Ағайыны Тұмаршаға бәле болды. Ешкімге бұл Тұмарша тимей қойды,
Жігіттің айтқан сөзі бұзды ойды.
«Кебенек киіп кеткен батырым ғой,
Күтемін өлгенімше жолын»,-деді.
Күнелтіп осыменен жүре берді,
Ұмытты барлық қазақ Әжібайды.
Албанның балалары мекен етіп,
Жүр екен Көксу менен Күреңбелді.
Су жетпей жазды күні болды шатақ,
Шөлдеген жылқылар мен қойды матап.
Дина мен Тұмаршаға «құдық қаз!» деп,
Алтай би бұл екеуін жұмсады атап.
Көрсетті бір бөктерді ертіп барып,
Күрек, кетпен көтерді екі ғаріп.
«Осы жерден су шығарып, құдық қаз» деп
Тастады айдалаға алып барып.
Көрсеткен жерінен бұл құдық қазды,
«Мекен қып үй тіксек,-деп,-мына сазды».
Күн ыстық, киімдерін шешіп тастап,
Шөл қысып өткізеді ала жазды.
Тұмарша құдық қазып жатыр еді,
Демалып Дина сыртта отыр еді.
-Біреу келе жатыр ғой дүрсілдетіп,
Динажан, көйлегімді әпер,-деді.
Дина айтты: «Көрінбейді ешбір адам,
Ол дүбір естіліп тұр қайдан саған.
Қаза бер құдығыңды шаршағанша,
Еш нәрсе көрінбейді сыртта маған».
Тұмарша осыны айтып отыра қалды,
Қолымен екі емшегін басып алды.
Ұялып өз-өзінен «Ататайлап»,
Иіліп сәлем қылды бір дәу шалды. Еңкейіп, ізетпенен сәлем қыпты,
Сақалы ұзын, бет-аузы екен түкті.
Астына есек мінген, сәлдесі бар:
-Ау, балам, қандайсың,-деп жақын кепті.
Шал айтты: «Қолыңды жай, балам, деді,
Көңілің боп жүр екен алаң, деді,
Зарлаған дауысыңа шыдай алмай,
Келіп ем, бата бергелі саған»,-деді.
Тұмарша «әумин» деп қолын жайды,
-Жаратқан тірі әкел,-деп,-Әжібайды.
Саламат, аман көрсет батырыңды,-деп,
Жаратқан оңдай көр,-деп,-барлық жайды.
-Бір Алла ойдағысын бергін, деді,
Көз жасын бейшараның көргін, деді,
Жандырып еңбектерін істеп жатқан,
Бұлақ боп, астынан су өнгін,-деді.
Жолдасын кездестіргін аман-есен,
Тұқымы өсіп, баласы болсын көсем.
Аямай мал мен басты бірдей беріп,
Ішінен баласының шықсын шешен.
Соны айтып әлгі адам жүріп кетті,
Тұмарша батасын ап «әумин» депті.
-Мен көргем жоқ, сен не айтып отырсың?-деп,
Дина осылай Тұмаршаға жауап етті.
-Мен өзім әлгі адамнан қатты ұялдым,
Динажан, көйлегімді әпермедің.
Қол жайдым «әумин» деп, бата берді,
Анық көрдім, ол кісіні сен көрмедің.
Қызыр кеп бата берді Тұмаршаға,
Құдықты қаза берді, тағы жана.
Күрегін салған жерден су бұрқ етіп,
Құдықтан жөнелді су асып аға. Су ішіп, сусындады екі пақыр,
Құдық толып, су асып ағып жатыр.
Екеуі бүгінгі іске қайран болып,
Біріне-бірі айтып, қарап отыр.
Құдықтан су ағызып үйге қайтты,
Алтайға болған істің жөнін айтты.
«Келіндер суды қалай шығарды» деп,
Биекең атқа мініп барып қайтты.
Көрген соң, бек қуанды Алтай биің:
Бұл жерден су шығуы өте қиын.
«Талай жігіт терең қып қазса дағы,
Су шықпай қалушы еді, болмай бұйым.
Бұл жерден шығарды су балаларым,
Кеп еді өсекке еріп менің кәрім.
Бұлардың көңілін енді көтерейін,
Боп жүр ғой бейшараның көңілі жарым».
Алтай би көңілденіп үйге қайтты,
Көшіріп Тұмаршаның жүгін артты.
«Өзің қазған құдықтың суын іш» деп,
Алтай би келіндеріне ақыл айтты.
Сол құдық қайнар болып әлі жатыр,
Су ағызып, қазып жүрген екі пақыр.
«Керемет Тұмаршада бар екен» деп,
Ойлады ақылменен Алтай батыр.
«Апыр-ай, бұл келінім тегін емес,
Болмас,-деп,-Тұмаршаға ешкім теңдес.
Бұл өзі қасиетті адам екен,
Енді Алтай арадағы өсекке ермес».
«Сіз-біз» деп мұныменен жүре берді,
Қасиетін Тұмаршаның көзбен көрді.
Әрқашан Тұмаршаға ақыл салып,
Осылай ынтымақпен жүре берді. Қызырдан Тұмарша өстіп бата алады,
Мекен қып жүре берді сары даланы.
Қазіргі Талдықорған аймағында
«Бастауы,-деп,-Тұмаршаның» аталады.
Сол құдық бастау болып ақырында,
«Рас» деп ел айтады осы күнде.
Қысы-жазы суы бір үзілмейді,
Мал баққан жетіп жатыр талай жанға.
Жайлайды бұл бастауды колхоздар кеп,
Жақсы жер, шөбі шүйгін, малы да көп.
Айналада аппақ боп қой жатқан соң,
Кетіпті осы кезде «Ақ бастау» деп.
Қазақтар суын ішіп жата берсін,
Қызыққа құдық қазып бата берсін.
Әжібай кісендеулі қалып еді,
Батырдан ақын енді хабар берсін.
Құл қылып Қатын төре Әжібайды,
Болмады батырға бұл өте жайлы.
Жарытпай тамаққа да ит құсатып,
Қинау сап деді төре «өлсе мейлі».
Айтайын Қатын төренің енді жайын,
Ақылмен билейді екен өзі байын.
Байына ерік бермей билік жасап,
Деп кеткен Қатын төре содан кейін.
Сонымен елді билеп жүреді екен,
Арасын Алатаудың қылып мекен.
Азулы болғаннан соң мұның өзі,
Қалмақтар «Қатын төре» деген екен.
Әжібай екі жарым жыл мұнда болды,
Арықтап қызыл жүзі әбден солды.
Күндіз-түні сорлыға бір тыным жоқ,
Батырың қорлықпенен өлмек болды. Есітті бір күн Қора Әжібайды,
Біледі қандай болса батыр жайды.
«Құл болып жүр осы күнде Әжібай» деп,
Білетін біреу келіп айтты жайды.
«Құл қып жүр Қатын төре Әжібайды,
Арыпты өлмек болып, емес жайлы.
Әлсіреп халі кетіп осы кезде,
Сорлыға жөндеп бермес ыстық шайды».
Мұны естіп Қора батыр атқа мінді,
Анығын білейін деп тұра жүрді.
«Әжібай қазір құл боп жүрсе онда,
Онымен дос болайын,-деді,-енді.
Төреден Әжібайды сұрап алсам,
Босатып, сұрап алып, қоя берсем.
Ер еді ұл боп туған адамзатта,
Еркімен қайран сабаз бос боп жүрсін».
Төреге осыны ойлап келді батыр,
Салыпты Әжібайға заман ақыр.
Сөйлеуге аузы зорға әрең келер,
Шаршапты әбден арып таспа-тақыр.
Төреден сауға сұрап батыр келді:
-Олжа,-деп,- Әжібайды бергін,-деді.
Өлтірген Зон батырды дәл осы еді,
Жүрегінің қанын ішем мұның енді.
Жалынып сұрап жатыр батыр Қора:
-Сенсің,-деп,-қалмақтарға болған мұра.
Сыйласаң батырым деп, тақсыр ханым,
Беріңіз Әжібайды, сұлтан төре.
-Апар,- деп Әжібайды берді оған,
Әкелген сыйлық, тарту-батыр соған.
Қатын төре сұрағанын бергеннен соң,
Қайтыпты разы боп батыр бұдан. Батыр кеп Әжібайды сұрап алды,
Төреге Қора батыр айтып жайды.
Үйіне Әжібайды алып келіп,
Бір семіз қысыр емген сойды тайды.
Терісіне Әжібайды орап салды,
Қалжалап Әжібайға сойды малды.
Мәпелеп үш ай бағып батырыңды,
Бұрынғы еті толып адам болды.
Әжібайды Қора батыр үш ай бақты,
Қалжалап тамақ беріп мәпелепті.
«Көңілі көтерілсін батырдың» деп,
Қасына бір жас әйел жолдас қыпты.
Батырдың еті толып адам болды,
Жақсылап баққаннан соң болды өңді.
Екі батыр кеңесіп, сырласпақ боп,
Бір күні Әжібайға хабар берді.
Шақырып Әжібайды қасына алды,
Түстесіп екі батыр дос боп қалды.
«Батырым, еліңе енді қайтарам» деп,
Бұл сөзді Қора батыр аузына алды.
-Сұрайтын, батыр, менен қолқаң бар ма,
Сұрағын керегіңді, қапы қалма.
Беремін қалағаныңды, батыр, сенің,
Мақтанғын аулыңа алып бар да.
-Сұрайтын ешнәрсем жоқ, батыр, сенен,
Дос болдым құшақтасып өзіңменен.
Ақылға салсақ мұны, аз олжа емес,
Мұндайды ешкім таппас дүниеден.
Мінгізді Әжібайға қысыр бие:
-Өзіңе болғын,-деді,-өзің ие.
Сауып іш жеткеніңше, шөлдемейсің,
Аулыңа бір барасың жүре-жүре. Қоштасып Әжібайды жолға салды,
-Аман бол, батырым,-деп қолын алды.
Берерсің бір кеп сәлем, батыр болсаң,
Мұны айтып батыр Қора кейін қалды
-Әжібай, саған айтар менің сөзім:
Тыныш қайт, ерлік қылмай сенің өзің.
Қолға түскен батырға бұл да бір серт,
Түспесін жылқыларға, батыр, көзің.
Бір жылдай аттанбағын қалмақ жаққа,
Үлкеннің жаман болмас сөзін ұқса.
Бір жылдан соң өзің біл, Әжібайым,
Батырға ойға алатын бұл бір нұсқа.
Еліне жалғыз өзі келе жатыр,
Ер Қора «тыныш қайт!» деп айтқан ақыл.
Батырға осылай шарт ырым болар,
Егерде тек қайтпаса, болмас батыр.
Әжібай қош айтысып, жүріп кетті,
Бірталай екі арада күндер өтті.
Аулына жалғыз өзі келе жатыр,
Құтылып қалмақтардан, бұрып бетті.
Бұл ақыл ойында бар, тыныш қайтты,
Батырдың Қора досы жолын айтты.
Ақырын желе аяңдап босаған соң,
Еліне тыныш кәне тура тартты.
Найманбай Әжібай жоқта өлген екен,
Мұқыры, Көксу бойын қылған мекен.
Тағдыры қаза жетіп өлгеннен соң,
Өзгесі таза арулап көмген екен.
Мал сойып жатыр екен асын беріп,
Жиылып шақырған ел бәрі келіп.
Дуылдап ел жиылып жатқанында,
Әжібай өлді деген қалды келіп. Қуанып елдің бәрі амандасты,
Шуылдап келіп жатыр кәрі-жасты.
Ішінде көпшіліктің өзгеше боп,
Алтай би «бауырымдап» амандасты.
-Өлгенім тірілді ме, отым жанып,
Жұртым-ау, Әжібай ма мынау анық?
Көзіме әлде менің елестеді ме,
Шын ба, әлде өтірік пе айтшы, халық?
Сенбеймін, мен осыны Әжібай деп,
Әйтеуір көрініп тұр қасыма кеп.
Жұртым-ау, көңілімді қуантсаңшы,
Күлдіріп, мен байғұсқа бірдеме деп.
Сол кезде Өтеген кеп аттан түсті,
Түстесіп Әжібаймен бұл көрісті.
-Биеке, бауырың келді, көрімдік бер,
Өтеген Алтай бидің тонын шешті.
Әжібай аман-есен елге келді,
Келгенін сау-саламат халқы білді.
«Саламат, көрмегелі саумысыз» деп,
Әуелі үлкендерге сәлем берді.
Кездесті Дина менен Тұмаршаға,
Бұларға еш уақытта болмас баға.
Батырдың алтын жүзін аман көріп,
Түрленді бір түрлі боп Тұмарша да.
Саламат қуанды елі батыр келіп,
Әкесі марқұм болып, қалыпты өліп.
«Өлді» деп күдер үзген Әжібайдан,
Жатқанда асын беріп қалды келіп.
Осындай қуанышқа бұлар кірген,
Үш жылдай елін көрмей, құл боп жүрген.
Кебенек киіп кеткен ер емес пе,
Еліне аман-есен бұ да келген. Демалды біраз уақыт тыныш жатып,
Ел-жұрты қуанышқа қалды батып.
Келді деп батыр аман естіген соң
Жас-кәрі келіп жатыр күн-түн қатып.
Қосылды ер Өтеген жолдастасып:
«Батырым, бұйырды,-деп,-елден нәсіп.
Қалмақты тізе қосып бір шапсақ», -деп,
Ішінен екі батыр боп жүр асық.
Жаз өтті. Қыс та өтті, бір жыл толды,
Бір күні елді Әжібай жиып алды.
«Қалмаққа аттанамын, бата бер» деп,
Қазақтың кәрияларына ақыл салды.
Мал сойып, елді жиды екі батыр,
Жақсыдан талай адам келіп жатыр.
«Қалмаққа аттанамыз, рұқсат бер» деп,
Батырлар білімпаздан сұрап жатыр.
«Мақұл»,-деп бата берді қазақ халқы,
Ат тонын даярлады, елдің салты.
«Әруақтар жәрдем бергін батырға»,-деп,
Қол жайып, бата берді шулап халқы.
Қасына елден ылғап жолдас алды,
Көрмессің мұндай туған батыр жанды.
Он жігітке басшы боп екі батыр,
Қоштасып ағайыны жолға салды.
Жасанып он екі адам жолға шықты,
Қайтпайтын, қарсыласса, өңкей мықты.
Бет алып Алатауды өңшең маңғаз,
Іледен сал буды да өтіп шықты.
Байшымыр, қасына ерген Есбол батыр,
Гуілдеп өңшей ерлер келе жатыр.
Көздері қып-қызыл боп қанталаған,
Салады, қарсыласса, заман ақыр. Сал буып, жүзіп өтті Іле суын,
Қолына көтеріп ап соғыс туын.
Түн қатып, күндіз жүрмей келе жатыр:
«Қайтсақ,-деп,-шауып алып қалмақ жауын».
Барлығы Шелекті өрлеп келе жатыр,
«Қалмақты шабамыз» деп екі батыр.
Бекінді тау ішіндегі қарағайға,
«Бұларға саламыз,-деп,-заман ақыр».
Көрінбей қалың нуға кетті кіріп,
Бас бағып, қалмақтарды жатыр бағып.
Әжібай жігіттерге мынаны айтты:
-Қораға келем,-деді,-сәлем беріп.
-Өтеген, барсаң бар,-деп жауап берді,
Құрметтеп сыйлау керек ондай ерді.
«Батыр-ау, жау қалмаққа бармағын» деп,
Жігіттің өзгелері зар еңіреді.
-Қораға сәлем беріп амандасам,
Батырмен жұмыс жайлы ақылдасам.
Осы жерде сендер тыныш жата бергін,
Мен енді солай қарай қадам басам.
-Барма,-деп өзге жігіт жалынады,
Заты жау, қалмаққа жат не қылады.
Сізбен дос болғанмен, түбі жау ғой,
Ұстап ап бәрімізді құл қылады.
-Барма,-деп өзгелері жалынады,
Әжібай: «Барамын»,-деп қабынады.
Барсын,-деп,-шын дос боса ақыл айтар,
Жалғыз-ақ болды Өтеген ұнағаны.
Басқаның тілін алмай жүріп кетті,
Батырлар қалмақтарға өте кекті.
Көрінбей еш адамға, түнде жүріп,
Қораға ер Әжібай барып жетті. Үйіне сәлем беріп кіріп барды,
Келгенін Әжібайдың хабарланды.
-Саламат, досым, аман келдің бе,-деп,
Қуанып Қора батыр қарсы алды.
-Аман ба ел-жұртың мен қатын, балаң,
Әжібай, сенің маған артық бағаң.
Төстесіп дос болып ең меніменен,
Жарадың, келіп өзің бердің сәлем.
Қорқып, қауіп қылып тайынбадың,
Көңілден достық жолын айырмадың.
Болады сонда батыр қасиетті,
Досым-ау, сол мінезден айрылмағын.
Мен саған ризамын, не десең де,
Қалмақтың бәрін шауып сен жесең де.
Айт, қандай жұмыстарың болса менде,
Қылмаспын жаманшылық у берсең де.
Қош келдің, Әжібайым, сәлем беріп,
Қартайған отырсың ғой мені көріп.
Ал, досым, жұмыстарың бар ма менде,
Сөйлегін, Әжібайым, хабар бергін.
-Досым деп хабар беріп сізге келдім,
Батасын алып келдім талай елдің.
Ауызға достық атақ алғаннан соң,
Деп келдім үлкенсіз ғой, қолқа берген.
«Барма» деп айтып едің, қалағаның,
Ол кезде нашар болып ала алмадым.
Кегімді қалмақтардан алып берсең,
Анық дос болып, іске жарағаның.
Келіп ем, ақыл сұрап өзіңізден,
Ақсақал дос болдыңыз өзің бізбен.
Дос болсаң ақыреттік, сөзде тұрып,
Кегімді алып бергін еліңізден. Сұрайтын, батыр, сізден қолқам осы,
Жөнделер, ақыл берсең, елдің қошы.
Кегімді қайтып алам, жолын көрсет,
Батырдың ақыреттік болсаң досы.
Батырсың дүниені түгел кезген,
Аралап барлық елді көзбен көрген.
Үш жылдай зынданға сап Қатын төре,
Батыр-ау, әлсіретіп әбден езген.
Ақыл айт, қайтып алам осы кекті,
Қорлығы осы иттердің жаман өтті.
Тақсыр-ай, сізге салған қолқам осы,
Рұқсат берсең, маған жол көрсетші.
Қораға дәл осылай сөздер айтты:
-Сізге мен ақтаймын,-деп,-достық шартты.
Жәрдем бер осы жолы, досым, маған,
Көзіме батырлықты бір көрсетші.
-Жарайды,-деді Қора,-айтам ақыл,
Сөзіме менің айтқан болсаң мақұл.
Айтайын енді саған бір әңгіме,
Сен маған енді таман отыр жақын.
Ағасы Қатын төренің Күріте бай,
Байлығын айтып болмас тіпті солай.
Аямай мал мен басты сол Күртіге,
Есепсіз көп жылқыны берген Құдай.
Жақында мен сол байға өкпеледім,
Жүр еді ісім түспей көптен менің.
Қайырды ренжітіп батырыңды,
Соған мен ісім түсіп, барып едім.
Күріте деген еді байдың аты,
Құл болған осы байға қалмақ халқы.
Атақты қалмақтарда жылқысы көп,
Бір тайдың майын бермес еді салты. Күрітенің батыр мінер бір аты бар,
Сол атты бір мінуге боп ем құмар.
Атының майын сұрап барып едім,
Ақымақ бермей қойды жаман мұндар.
Күріте теріскейге қонған екен,
Ол өзі Шелек бойын қылған мекен.
Жылқыны Алатауға айдап салып,
Аулында бие байлап жатыр екен.
Аты бар құла төбел батырға лайық,
Көбейіп жылқылары, кетті байып.
Ол атты жылқыға әсте жібермейді,
Жүреді түнде байлап, күндіз жайып.
Осы атын сұрап едім, бермей қойды,
Осыған ыза болып бұздым ойды.
Әжібай, соған қатты ашуландым,
Шырағым, соған істе енді «тойды».
Бір туған Қатын төре ағайынды,
Айтайын, досым саған мен жайымды.
Қатынға күшің жұмсап әуре болма,
Шауып ал, шамаң келсе, сол байымды.
Ақылым саған айтар осы менің,
Әуелі ақылға сап білгін жөнін.
Отырған сайдың басы-бір кең жайлау,
Көрінбей сол араға бекін өзің.
Күртінің жылқысы сонда жатыр,
Мықты боп, сай басына бекін, батыр.
Сол жерден аңдып жүріп атты алғын,
Шығасың сонда қырға өзің ақыр.
Тыныш жат, мықты болып бекініп ал,
Ол жерде қалың тоғай-терек пен тал.
Әйтеуір аңдып жүріп атты алсаң,
Батырым, сенікі ғой жайылған мал. Атты алмай, әуре болма малды қуып,
Қолыңа атты түсір әбден тұрып.
Атты алмай, басқа малды алғаныңмен
Боласың, Әжібайым, құры жорық.
Әуелі атты қолға түсіріп ал,
Сонан соң көп жылқыға қолыңды сал.
Шелектен төбеменен айдап өтсең,
Батырым, онан кейін сенікі мал.
Атты алмай жылқыны айдап әуре болма,
Қатты айдап көп жылқыны салғын жолға.
Өрлетіп Жіңішкені қуалай бер,
Нашары қап, әлдісі шықсын алға.
Сонан соң қанша керек, іріктеп ал,
Ел жүрген Алатаудағы асуға сал.
Дөңінен Алатаудың асқаннан соң,
Ешкімнің ақысы жоқ, сенікі мал.
Айдама басқа жолмен бұдан бөлек,
Батырым, әр нәрсеге ақыл керек.
Жылқыны орнынан қозғаған соң,
Тоқтатпай Алатаудан асу керек.
Мұны айтып Әжібайды жолға салды,
Қоштасып Қора батыр үйде қалды.
-Үш күнде жолдасыңа аман келіп,
Айтып кет, баян қылып болған жайды.
Батырлар мұны естіп қуанады,
Сол жаққа қарай кешке домалады.
Сайды өрлеп, ең басынан орын алып,
Сол жерде бұлар жатып демалады.
Атақты қалмақтарға батыр Қорын,
Келмеген ешкім қарсы бұдан бұрын.
Кәртейіп, осы кезде әлі кетіп,
Көрсетті Әжібайға батыр жолын.
Cексенге аяқ жимай жасы келген,
Жөн білер жақсы кісі, көпті көрген.
Шелектің қаласының тау жағында
Сол жерде бір ауыл бар Қорам деген.
Қораның мекен еткен егін жері,
Қалмақтың қайратты бір, асқан ері.
Қазір де «Қорам» колхоз деп атайды,
Батырдың отыратын жері еді.
Атымен Қора батыр кеткен өзі,
Кәриялар әңгіме қып айтар сөзі.
Бұрынғы сол батырдың атыменен
Аталып әлі күнге жүр ғой өзі.
Бекінді батырларың тау басына,
Ортақ боп Әжібайдың олжасына.
Күрітенің бір жылқысын ұстап алып,
Апарып таудың сойды ең басына.
Арғы жағы қырғыздың Алатауы,
Малына Күрітенің тиді жауы.
Қауіп жоқ, ешбір адам ұтылмайды,
Аспанға тіреліп тұр арғы жағы.
Сол тауды мекен қылып бұлар жатты,
Бұйырған бұлақтардың суын татты.
Сыртынан бірнеше күн аңдып жүріп,
Талтүсте құла төбел атты апты.
Атты ап, бекінді олар шатқал сайға,
Батырлар түсіп жатыр әрбір ойға.
-Жылқыны түк қалдырмай айдаңдар,-деп,
Бәріне хабар берді Әжібай да.
Әжібай Құлатөбелді өзі мінді,
Жылқыны түн болған соң айдады енді.
Ақырып алдына сап «Әжібайлап»,
Ауылды тас-талқан, шу қылды енді. Ауылды басып айдап, өтті судан,
Ақырып «Әжібайлап» жылқы қуған.
Шелектен көп жылқыны топтап айдап,
Ауылда ат қалдырмай бәрін жиған.
Тұсынан Далашықтың айдап өтті,
Қалмаққа екі батыр әбден кекті.
Құла атпен ойқастатып Әжібай батыр
Қуғанның атын алып, ұрып кетті.
Аспақ боп Алатаудан келе жатыр,
Көздері қанталаған өңкей батыр.
Жылқыны өрге қарай қуып айдап,
Болдырған тай-тулақтар қалып жатыр.
Шебінді жотасынан әрең асты,
Болдырған тастап жатыр кәрі-жасты.
Қалмақта бұрын құл боп жүргенінде
Әжібай осы таудың бәрін басты.
Сондықтан Әжібайға бәрі мәлім,
Шың, шатқал, биік жартас, тоғай қалың.
Барлығын құл боп жүріп, байқап көрген:
«Босансам, аламын,-деп,-қалай малын».
Өрлетіп Жіңішкені тауға шықты,
Көп жылқы келеді айдап өңкей мықты.
Артынан қуып жеткен қалмақтарды
Өтеген айбалтамен ұрып жықты.
Өздерін ұрып тастап, атын алып,
Басына қалмақтардың қайғы салып,
Жылқының түк тастамай бәрін айдап,
Күрітені өстіп Әжібай алды шауып.
Мал айдап Алатаудан аман асып,
Батырлар көп жылқымен келед қашып.
«Аман астық, аман жол атансын» деп,
Кетіпті «Аманжол» деп тасқа басып. Сол атақ, «Аманжол» ат әлі де бар,
Биік тау екі жағы жартас құзар.
Еңбекші қазақ ауданының жайлауы бұл-
«Аманжол асуы» деп атайды олар.
Айдаған Аманжолмен қалмақ малын,
Бай екен бұл Күріте елге мәлім.
Жағдайын Күрітенің түгел айтып,
Оқушым, кетейін де қылып мәлім.
Күріте қалмақтардың бір байы екен,
Шелектің екі жағын қылған мекен.
Ағасы Қатын төренің бірге туған,
Төреге дәл осылай жақын екен.
Сол жерді «Күрітенің сайы» дейді,
Сүйсініп мал сүйірдің шөбін жейді.
Құнарлы, шөбі шүйгін болғаннан соң,
Күрітенің қолы жетіп алған дейді.
Қазірде «Күрімте» деп атайды өзін,
Алыпты колхоз орнап мұның төрін.
«Күрімте» колхозы деп атақ беріп,
Қалмақтың өшірмепті әлі сөзін.
Кегеннің ауданына бұл қарасты,
Батырлар қалмақ малын алып қашты.
Атанып Күрітенің атағымен,
Бұл жерде Кеген аудан колхоздасты.
Батырлар жылқыны айдап қайда кетті,
Ақыным, енді содан хабар етші.
Бір асып Аманжолдан кетіп еді,
Қуалап көп жылқыны қайда жетті.
Асудан асқаннан соң елді ойлап,
Түргеннің өзенімен төмен бойлап,
Күні-түні аттан түспей қатты қуып,
Іленің қамысына кіргізді айдап. Аз ғана тамақтанып, дамыл алды,
Көк майса құрақтарын жылқы шалды.
«Осы жерде жігіттер алдансын»,-деп,
Бір семіз, қысыр емген сойды тайды.
Дамылдап осы жерде тынығады,
Шаршаған мал да, адам да жығылады.
Үш тәулік аттан түспей, ұйқы көрмей,
Қызарған көзге ұйқы тығылады.
Демалып, тынығады тамақтанып,
Жылқы айдап келе жатыр қалмақты алып.
«Іледен енді өтіп кетеміз» деп,
Айдады жылқыларын жиып алып.
Іледен өтпек болды, жиып малды,
Тынығып батырлар да болды халді.
Әлденіп батырларың алғаннан соң,
Жылқыны топтап айдап суға салды.
Көкала жар деген жерден өтіп шықты,
Келеді қалмақты алып өңкей мықты.
Көздері қанталаған қып-қызыл боп,
Саламат, батырларың аман жетті.
Еліне батырларың аман келді,
Келгенін сау-саламат халқы білді.
Жылқысын Күрітенің айдап келіп,
Олжа қып батырларың елге берді.
Жеті жүз жылқы айдап келген екен,
Алтайға бәрін санап берген екен.
«Еңбектерің зая боп кетпесін» деп,
Топ-топ қып, батырларға бөлген екен.
Еліне аман келіп амандасты,
Алтай би асып туған ақылды, есті.
«Халқына батыр ортақ» деген сөз бар,
Олжа боп үш жүз жылқы мал үлесті. Біреу-атын, біреуі-биесін ап,
Қалмақтан келген малды ел олжалап.
Көп жылқы бұлар айдап келген еді,
Қазақтар бөліп алды, бәрін талап.
Бірқатар бұлар жатты демін алып,
Қарық боп қалды халық олжа алып.
«Келдік,-деп,-қалмақтарды талқан қылып»,
Тынықты Өтеген де үйге барып.
Екі айдай тыныш жатып дамыл алды,
Қарап жатпай аң аулап, бүркіт салды.
Қауіп жоқ еш нәрседен екі батыр,
Қалмақтан бекер айдап келер малды.
Өтеген Әжібаймен ақылдасып:
«Қалмақты аламыз,-деп,-тағы басып».
Хат жазды Тәшкендегі Сардар ерге:
-Омар гангунды ерте кел қасыңа алып.
Сенімді жолдасыңды қасыңа алғын,
Бетіне қарамалық еш адамның.
Қалмақтың батысынан жау боп тиіп,
Шамаңның келгенінше шауып алғын.
Жабылып қалмақты айдап, жерді алайық,
Қалмаққа барлығымыз күш салайық.
Қуалап Алатаудан қалмақтарды,
Жеріне қожа болып біз қалайық.
Хат жазып қырғыздың да батырына,
Ерлерім, тыныш қана жатасың ба?
Қалмақтың тыныш жатқан Алатауда
Малдарын, елін шауып алмайсың ба?
Қырғызда не баһадүр, бар көп батыр,
Қалмаққа салған солар заманақыр.
Бірлесіп қазақ, қырғыз, өзбек болып,
Қалмақты құртқан болар таспа-тақыр. Өштесіп қалмақтармен соғыс ашып,
Батырлар тұс-тұсынан алған басып.
Қазақ, қырғыз, өзбек батырына,
Біраз күн осы қалмақ болған нәсіп.
Бір кезде аттаныпты Сардар батыр,
Қалмақтың басына сап заман ақыр.
Шетінен шауып алып қалмақтарды,
Олжалап жылқыларын алып жатыр.
Ат мініп жігіттері қалмақтардан
Малды айдап аман-есен Тәшкен барған.
Шаршамай, ұйықтамай жүрген жігіт,
Бір жерде атты байлап, ұйықтап қалған.
Бұлар да қатты ұйықтап жатқан екен,
Аттарын байламаған қылып мекем.
Шаршап кеп, қатты ұйықтап қалғанында,
Босанып аттың бәрі кеткен екен.
Қашыпты ер тоқыммен он-он бес ат,
Шаршап кеп ұйықтаған, бек қабағат.
Босанып өрісіне ат тура тартып,
Шапқылап ер тоқыммен келеді ат.
«Жау келіп қалыпты»деп қалмақ халқы,
Үрікті мұны көріп қалмақ арты.
«Шаңдатып қарағайға жау кірді»,-деп,
Естіліп қалмақтарға солай даңқы.
Көп қалмақ бұл сарынмен үркіп қашты,
Ілгері қорқақтары қадам басты.
Бір мұнша ер жігіттер жолды тосып,
Жауменен келе жатқан қарсыласты.
Жау емес, келе жатқан өңкей бос ат,
Қорыққан соны «жау» деп бек қабағат.
Ел үркіп, жасақ жиып жүргендері
Ер тоқыммен қашып жүрген он-он бес ат.
Халқына: «тоқтаңдар»деп хабар салды,
Ұстады да қашқан атты алып барды.
«Үркіпті ала тайдан» деген қалмақ,
Лақап боп кейінгіге сөз боп қалды.
«Тоқта!» деп қашқан елге хабар салды,
Тоқтатты қашып жүрген қуып малды.
Осындай қалмақтарда бір іс болып,
Қорқытып, үркіткен талай жанды.
Осындай қалмақтарға қауіп туып,
Батырлар тұс-тұсынан жатыр қуып.
Қырғыз, қазақ, өзбек мұны жаулап,
Алып жүр у-шу қылып шеттен қуып.
Аттанып қырғыздың да батырлары
Қалмақтың бұдан қорқып шықты жаны.
Білетін таудың жайын қырғыз елі,
Қоймады байлаулы атты, алды оны.
Жырмалап жақын жерден малын алып,
Қалмаққа күндіз-түні жорық салып.
Ұрлайтын жылқыларын күнде барып.
Екі-үш жігіт болса да атқа мініп,
Қалмаққа қарсы болып батырлар жау,
Малдарын ұрлап, қорлап көп алады-ау.
Өзбек, қазақ пенен қырғыз болып,
Жабылып қалмақ малына қол салады-ау.
Осылай алып жүрді тізе қосып,
Шыдамай қара қалмақ кетті босып.
Зона мен Қора батыр өлгеннен соң,
Жөнелген Алатауды тастап қашып.
Әжібай Өтегенмен ақылдасып:
«Қалмақты аламыз,-деп тағы басып».
Ертіп кел Сардар менен Омар ерді,
Шабалық келістіріп, болса нәсіп. Жұмсады Өтегенді Тәшкен жаққа:
-Барғын,-деп,-жәрдем сұрап батыр жаққа.
Аттанып төртеуіміз тізе қосып,
Сиынып бір көрелік бар әруаққа.
Мен жиям дайын қылып сарбаздарды,
Дайындап жауға керек саймандарды.
Сардар батыр келсе егер Омарменен,
Аламыз қарық болып жатқан малды.
Жіберді солай жұмсап Өтегенді,
Дайындап батырларын жатыр енді.
Қай күні кеп қалар деп отырғанда,
Сарбаздар шоқпар, найза даяр енді.
-Шонжыны қалмақ келіп шапты, дейді,
Талқандап Ескене ауылын апты, дейді.
Тездетіп батырларға хабар қылып,
Шапқыншы Әжібайға айтты,-дейді.
Аттанып ер Әжібай жүріп кетті,
«Қалмақтан қайырам» деп осы кекті.
«Жаулардың алған малын қайтарам» деп,
Келгенше Өтегендер мұны депті.
Артынан жау қалмақтың қуып барды,
Қасына ертіп алды сарбаздарды.
Еліне айдап малды жеткенінде,
Батырлар қуып жетіп, соғыс салды.
Шабысты қызыл қан боп екі жағы,
Соғыста жеңер екен қайсы жағы.
Жабылды қалың қалмақ қазақтарға,
Ықтады кешке жақын қазақ жағы.
Қазақты қара қалмақ қаптап кетті,
Жабылып қалмақтардың қорлығы өтті.
Соғысып кешке дейін қызыл қан боп,
Әжібай әбден шаршап, әлсірепті. Күн бата Әжібайды байлап алды,
Қолы мен аяғына бұғау салды.
Қолына Әжібай түскеннен соң,
Өзгесі өз-өзінен құл боп қалды.
Қамалды қолға түсіп қайран батыр,
Қуанып қалмақтардың бәрі жатыр.
Бірі-қылыш, бірі-найзасын ап,
Үлесіп қалмақ жағы қарық боп жатыр.
Сол жерде Күрітенің баласы кеп,
Таныды Құлатөбелді «біздікі» деп.
«Жануар, бұйырған мал өзіме» деп,
Қуанып ол жөнелді атты мініп.
Біреулер: «Өлтіреміз қазір» деді,
Кейбірі: «Қоя тұрғын әзір» деді.
Берелік ханға апарып бұл батырды,
«Сыйлық қып, олжа қылсын бәрін»деді.
Қалмақтар төресіне алып кетті,
Кектенген Әжібайдың күні бітті.
Құл қылып сарбаздарын соңындағы,
Осылай қып, қалмақтардың қорлығы өтті.
Баяғы Қатын төреге алып барды,
Айтты олар әдемілеп болған жайды.
«Мұны енді тірі қоймай өлтірем»деп,
Зынданға апарды да төре салды.
Қуанып Әжібайды ұстап алып:
-Шығарам алғаныңды, ішің жарып.
Қолымнан қазақ менің босаған соң,
Күрітенің мың жылқысын кетті алып.
Қолыма тағы келдің өзің құл боп,
Қазақтан туыпсың сен асыл ұл боп.
Өзіңді ажалдан ап қалатұғын,
Өлді ғой ажал жетіп, Қора да жоқ. Саған мен айтқанымды келтіремін,
Өзіңді ит қорлықпен өлтіремін.
Қолымнан амалсызда шығып кеткен,
Күрітенің мың жылқысын өндіремін.
Астыңнан қазір сенің атың алдық,
Қуанып бұған да біз мәз боп қалдық.
Сүйретіп сол атпенен өлтіремін,
Алатын енді сені Қора да жоқ.
Осыны айтып Әжібайды қамап қойды,
Қалмақтар аңдып жатыр әр бір ойды.
Әжібай қамауда өстіп жата берсін,
Ақының қазақтардан айтады енді.
Өтеген Сардарды ертіп келген еді,
Қайратты, қорықпайтын шын ер еді.
Дейтұғын Омар гангун қасында бар,
Жиырмадай баһадүрлер ерген еді.
Есітті Әжібайды кетіпті деп,
Қалмақты қуып барып жетіпті деп.
Соғысып, қызыл-ала қан майдан боп,
Тұтқын боп ер Әжібай кетіпті деп.
Тоқтамай мұны естіп жүріп кетті,
Қырғыздың батырына хабар етті.
«Әжібай қалмақтарда, қолға түсті,
Әскермен тездеп енді келсін»депті.
Тоқтамай батырларың тездеп жүрді,
Бірталай ер жігіттер бұған ерді.
«Соғысып қалмақтарды қызыл қан қып,
Босатып алайық деп Әжібай ерді».
Динаны ертіп алды киіндіріп,
«Жансыз боп қатынас қыл, бірге жүріп.
Қалмақтың тілін әбден білесің ғой,
Барғын,-деп,-қалмақ жауға бізбен еріп». Аттанып көп әскермен бұлар барды,
Ертіп ап хабаршыға Динажанды.
Сабылып Алатаудан бұлар асып,
Бекініп, мекен қылды қарағайды.
Динаны «біліп кел» деп жібереді,
Қайтпайтын, қорықпайтын шын ер еді.
Аралап қалмақ елін тәуіп болып,
Аулына Қатын төре келген еді.
Тың тыңдап, әрбір жерден хабар көздеп,
Аралап Әжібайды жүр ғой іздеп.
Бір жерде бір топ әйел әңгіме айтып,
Отыр екен Әжібайды бұлар сөз қып.
Тыңдады айтқан сөзін тұра қалып,
Байқады сөздеріне құлақ салып.
«Қазақтың қолға түскен зор батырын,
Өлтір деп бұйрық қыпты тауға апарып.
Өлтіреді ертең оны атқа сүйреп,
Қалсын деп сүйектері әбден күйреп.
Қатын төре құл қылмай енді оны
Өлтір деп айтыпты ғой елге сүйдеп».
Әйелдер әңгіме қып осыны айтып,
Есітіп бұл хабарды, кетті қайтып.
«Қамауда жатыр қазір ол батырлар,
Бейшара, өледі ғой қапа тартып».
Сөз қылды бір топ әйел осылайша,
Аралап Дина жүрді босқа, жайша.
Байқады зынданды да қамап қойған,
«Күш салса алар еді-ау!» деп тұр оңаша.
Ап келді бұл хабарды батырларға,
Демалып барлық батыр жатыр мұнда.
Қырғыздың батырынан да хабар келді,
«Келем,-деп,-жасақ алып жауласуға». Өтеген Сардарменен қуанды бек:
«Қырғыздан балуан, батыр келіпті, деп.
Құдайым қуат берсе енді бізге,
Босатып Әжібайды аламыз»,-деп.
Кешіне қырғыз келіп амандасты,
Жиылып барлық батыр сәлемдесті.
Тынығып, тамақтанып осы арадан,
Қалмаққа ертең түсте шабам десті.
Қырғыздар бір адамды жіберіпті,
Қалмақтар не қып жатыр, тіл алыпты.
«Өлтір» деп ертең кешке Әжібайды,
Халқына төре солай хабар қыпты.
Сондай хабар әкелді қырғыз жандар:
«Ал енді тездетіп, батыр, қамданыңдар.
Батырды түске дейін ажыратпасаң,
Айрылып Әжібайдан қалғаныңдар».
Сөйлесті батырларың ақылдасып,
Тал түсте алмақ болды жауды басып.
Динаны қалмақтарға жібереді:
«Жүргін,-деп,-қалмақтармен хабарласып».
Бекініп батырларың жатты дейді,
Ерттеді сәске мезгіл атты дейді.
«Кеудеден жан кеткенше қайтпаңдар» деп,
Әскерге Сардар батыр айтты дейді.
Жиылып қалмақтар да жатыр екен,
Шелектің кең арнасын қылып мекен.
«Сүйретіп, қорлықпенен өлтіргін» деп,
Төресі осыны айтып отыр екен.
Бар екен өзбектерде екі мылтық,
Қолына алды Сардар бірін қымтап.
Кетпеген оғы теріс, өте мерген,
Біреуін өзі ұстады Мамыт кербек. Тәшкенде аты шыққан асқан мерген,
Кетпейді одан аман көзі көрген.
Мамыт кербек атанып мергендікпен,
Сескенер білген адам көрген жерден.
Ат қойып келіп қалды өңкей батыр,
Артынан қалың сарбаз келе жатыр.
Жиылған қалмақтарға мылтық атып,
Қашқанды Мамыт кербек атып жатыр.
Алдынан Дина шықты хабар беріп,
Қалмақтың арасынан жүрген көріп.
«Батырды сүйреткін деп шығарып еді,
Зынданға қайта салды сізді көріп».
Есітіп бұл хабарды батырларың,
Қалмаққа қаһары кеп, төкті зәрін.
«Зынданға мен барайын, рұқсат бер»деп,
Сұранды батырлардан Омар гангун.
«Тез жет» деп рұқсат етті Өтеген батыр,
Қалмаққа салып жатыр заман ақыр.
Батырлар кез келгенін жұлып тастап,
Аттарын астындағы алып жатыр.
Ер еді Омар дағы күшке сенген,
Тездетіп зынданға бұл жетіп келген.
Атынан қарғып түсіп Омар батыр,
Соғысып, көп қалмаққа жаяу тиген.
Баспен де, аяқпен де бірдей ұрып,
Зынданнан бақташыны шықты қуып.
-Әжібай, бар ма жаның, батырым,-деп,
Есікті тарс еткізіп алды жұлып.
Зынданға қорықпастан кетті кіріп,
Сырттағы бақташыға салды бүлік.
Орнықты сонда ғана ер жүрегі,
Әжібайдың тірі екенін көзі көріп. Босатып Әжібайдың қолын шешті,
Зынданда екі батыр есендесті.
Ақырып Әжібай да шыға келді,
Қалмаққа көрсетем деп қиын істі.
Батырлар қалмақтардың атын алып,
Қор болды қалың қалмақ жаяу қалып.
Өтеген алдыменен құла атты ұстап,
Әкелді Әжібайдың алдына алып.
Ақырып мінді Әжібай құла атқа,
Иіріп алды жауды өңкей датқа.
«Малдарын қолға түскен тастама,-деп,
Айқайлап айтты Әжібай қазақ жаққа.
Айдаңдар бар жылқыны жолға салып,
Талқанда бұл иттердің аулын шауып».
Қалмақты батырларың шауып алды,
Талқандап у-шу қылып, қайғы салып.
Бұларға ешкім қарсы шыға алмады,
Әжібай босанған соң шыдамады.
«Қап, сені тіпті тірі қоймаймын» деп,
Төренің ордасына ұмтылғаны.
Қалмақты өстіп бұлар шауып кетті,
Тінтелеп қалмақ төресін көп іздепті.
О дағы жаннан асқан бір қу екен,
Бағана-ақ жау келгенде қашып кетті.
Соғыста сол қалмақтың басын кесіп,
Талайы оқ тиген соң кетті ұшып.
Батырлар жан қоятын болмаған соң,
Мал-басты тастап, тірісі кетті босып.
Батырлар қалмақтардың малын алды,
Басына елін шауып, қайғы салды.
Қиратып шаңырағын тас-талқан қып,
Құл қылып ұлы менен қызын алды. Қалмақтың елін шауып, малын айдап,
Керегін алып жатыр әбден жайлап.
Дина кеп Әжібайға амандасып,
Бұлар да шыға келді гүл-гүл жайнап.
Малын ап, елін шауып қайтты бұлар,
Еш адам қарсы келмес бұл батырлар.
Әр жерде сонда келген балалардың
Тұқымы өсіп-өнген әлі де бар.
Оларды құл қылмады, адам қылды,
Ер жетіп, жігіт болып, есі кірді.
Әйел алып, қыздары ерге тиіп,
Қазаққа бірқатар тұқым берді.
Босатып, құтқарып аман Әжібайды,
Басына дұшпанының қайғы салды.
Саламат, аман-есен барлығы да,
Олжаны разы боп бөліп алды.
Еліне қош айтысып қырғыз кетті,
Саламат олжалы боп бұ да жетті.
Қосылып ел-жұртына аман-есен:
«Қалмақтан қайырдық,-деп,-өстіп кекті» .
Сардар мен Омар гангун олжалы боп
Жылқыны төбеменен айдады көп.
Елімен бұлар да кеп амандасты
«Қалмақтан кек қайырдық осылай»,-деп.
Малдарын Шонжы елінің түгел берді,
Құрметтеп Өтеген мен Әжібай ерді.
«Батырлар, жаманшылық көрмеңдер»,-деп,
Шуылдап мал алғандар бата берді.
Көп адам батырларға разы болып,
Шонжының малын берген түгел бөліп.
Халықтың сол жердегі батасын ап,
Батырлар өз еліне кетті жүріп. Тастамай қалған малды кетті айдап,
Қуанып батырларың гүл-гүл жайнап.
«Қалмақты қалай талқан қып шаптық» деп,
Келеді қуанышпен күліп, ойнап.
Еліне сау-саламат келді бұлар,
Батырлар жаудан қайтпас, соғыс құмар.
Қалмақты тас-талқан қып, елін шауып,
Еліне аман-есен келді бұлар.
Аулына екі батыр аман келді,
Шақырып Алтай биің барлық елді:
-«Еліне батыр ортақ» деген сөз бар,
Алыңдар олжа қылып малды,-деді.
Үлесін Өтегеннің санап берді,
Құрметпен ел сыйлады бұл екі ерді.
Олжа алған батырлардан елдің бәрі,
Шуылдап баталарын берді дейді.
Өлгенше жүрген екен бата алып-ақ,
Тұқымы өсіп, екеуіне де қоныпты бақ.
Ел билеп балалары, атақ алып,
Әзірде тұқымынан кетпепті әруақ.
Өтеген Әжібаймен тату болған,
Қалмақты талай шапты бұлар қолмен.
«Достың түбі сүйекпен айрылсын» деп,
Қалыңсыз бұл екеуі құда болған.
Өтеген қыз бермек боп баласына,
Сөзінің еш адам жоқ арасында.
«Қалыңсыз, кәдесіз қып беремін» деп,
Осылай сөйлесіпті расында.
Әжібайдың Жайнақ деген үлкен ұлы,
«Күйеу ғып алам,-деді,-енді мұны».
Қызы бар Өтегеннің Мақта деген,
Жайнаққа бермек болды енді мұны. Әжібай Өтегенге шідер беріп,
Екеуі құда бопты аңда жүріп.
«Дос едік, жаман жолда жолдас болған
Қалыңмал, кәде-сәде болмасын»,-деп.
Дос түбі құда болған сүйек беріп,
Сөзіне екеуі де өте берік.
Ұл ер жетіп, қыз дағы бойжеткен соң
Сәлем айтқан, келінін алсын келіп.
Жайнақты қайнына жіберіпті,
«Бірқатар апарғын»,-деп мал беріпті.
«Уәдем олай емес» деп Өтеген
Малдарын түгел қайырып жіберіпті.
Қайнында аз күн жатып Жайнақ қайтты,
Мақтамен ойнап-күліп тату-тәтті.
«Той қылып ұзатамын, жаз шықса» деп,
Өтеген құдасына солай айтты.
Қайырды құдасына осыны айтып,
Аулына күйеу, құда кетті қайтып.
«Көргенше сау болғын»деп Мақта қалды
Балдыз бен жеңгесіне қош-қош айтып.
Мақта айтты Жайнаққа: «Қайтпағын,-деп,
Аз қалды уақыт жақын, жаз дағы кеп.
Мойнынан құшақтады, қорқам сенен,
Жүрегім суылдап тұр, бірдеме боп».
Жайнақ айтты: «Қорықпа, Мақта жаным,
Белгілі бір өзіңе болдым мәлім.
Келемін жаз шыққан соң, қайта айналып,
Шыдағын оған дейін махбұб жаным.
Келемін қар кеткен соң, кешікпей-ақ,
Мақтажан, жүрек сені тұр ғой аяп.
Өзіңді көргенімше болам асық,
Ойламай, жүре бергін гүл-гүл жайнап». Аулына осы сөзбен Жайнақ келді,
Есітті бұл хабарды Әжібай енді.
Қуанып осы сөзге ер Әжібай,
Бек қатты Өтегенге ризаланды.
Осымен қаһарлы қыс кетті өтіп,
Мақта жүр «кеп қалар» деп үміт етіп.
Тоқтай ма күні бітсе, кім болса да,
Ұзамай Жайнақ өлді суға кетіп.
Күні бітіп, Жайнақ мырза суға кетті,
Мерзімді көретұғын күні бітті.
«Ажал аяқ астында» деген сөз бар,
Жете алмай мұрадына ажал жетті.
Жайнақты естіген соң келді Өтеген,
Ат қойып «Құлыным» деп батыр келген.
Жыласып Өтеген мен ер Әжібай,
Өтеген құдасына былай деген:
-Жіберші Тұмаршаны біздің үйге,
Қайғылы түсіп қалдың мұндай күйге.
Балаңды жоқтат, келініңді алып келіп,
Мақта да қайғылы боп келсін мұнда.
Өтеген Тұмаршаны кетті ертіп,
Отырып қалған Мақта бетін бүркеп.
Той қылмай жасауымен шығарады
Мақтаны Тұмаршаға жіберді ертіп.
Мақтаны өлігіне келді алып,
Жоқтатты Жайнақ жасты, дауыс айтып.
Ұзатты жасауымен күйеусіз-ақ,
Бар екен сол заманда сондай тәртіп.
Жайнаққа Мақта келіп дауыс айтты,
Бейшара жастайынан қапа тартты.
Бір күні Өтеген кеп Әжібайға,
Сырласып батырларың мынаны айтты: - Әжібай, балаларыңды көрсет маған,
Біреуін бала қылып таңдап алам.
Орнықсын көңіліміз екеуміздің,
Біреуі болсын,-депті,-күйеу балам.
Тұмарша тапқан екен жеті бала,
Барлығы баласының бопты дана.
«Күйеуім жас болса да Жалбы ғой» деп,
Өтеген айтқан екен жас болса да.
-Жалаң бұт, күйеу балам қара бала
Мақтажан, икем тартып соған қара.
Бұтына келістіріп дамбал тіккін
Бала,-деп,-болмасыншы көңілің ала.
Мақтаның қалағаны Құдакелді,
Жақтырып, «тетелес» деп соған тиді.
«Менің айтқан балама тимедің»,-деп,
Мақтаға Өтеген батыр өкпеледі.
-Көрмеймін,-деді Өтеген,-Мақта жүзін,
Далада қалды босқа менің сөзім.
Бір өлген бала шығар бұл ақымақ,
Құдайым көрсетпей-ақ қойсын өзін.
Тауыпты жеті бала Мақта сонда,
Бармақ боп әкесіне шықты жолға.
Ертіп ап екі баланы келе жатыр,
Батырың не айтады барғанда онда.
Мүсіркеп, Есіркепті ертіп барды,
Ересек екі баланы қасына алды.
Қасына жолдас алып, сапар шегіп,
«Келем»,-деп әкесіне хабар салды.
Өтеген: «Көрмесін,-деп,-Мақта мені,
Көрмеймін тіршілікте,-деді,-оны.
Жалбыға тимей қойды жас бала деп,
Өлгенше ұмытпаймын тегі соны». Өтеген жатып алды оңаша үйде,
Ашулы түсті батыр сондай күйге.
Ертіп ап екі баланы алдына сап,
Мақта барды Өтеген жатқан үйге.
«Барғын»деп жіберді әуел балаларды,
Артынан сәлем беріп өзі барды.
Мүсіркеп: «Тұр, ата!» деп мініп еді,
Есіркеп сақалдарын жұлып алды.
Сақалдан тартып басын көтереді,
«Ойпырмай, мына бала бұл кім еді?
Тұқымы пышақтасып кетеді екен,
Шаруа мына балаң болар»,-деді.
Осылай балаларға баға берген,
Таныған балаларды көрген жерден.
Бетіне Мақтаның қарап тұрып:
«Шырағым, айыбыңды кештім»,-деген.
Тұқымы осылардың Кегенде бар,
Барлығы қайтпайтұғын болды көкжал.
Төбелессе, пышақ сап өлтіретін,
Ішінде шатақтары әлі де бар.
Ұл болып Тұмаршадан жетеу туған,
Мынадай балалардың атын қойған:
«Жайнақ, Құдакелді, Мәуке, Байыс,
Жалбы, Қыдырәлі, Бердіқожа» деп атын қойған.
Динадан Қонақ деген біреу туған,
Ер болып атасының жолын қуған.
Атамқұл, Қыдық деген азаматтар
Халықтың айтуынша содан болған.
Әжібай қартайғанда тоқал алған,
Тоқалдан Таутеке деген бала қалған.
Мұның дағы тұқымы өсіп, өніп,
Бірқатар шамасынша ауыл болған. Осымен көп замандар өткен екен,
Құда боп екі батыр кеткен екен.
Бұл жерден қалмақ үркіп кеткеннен соң,
Түргенді Әжібай мекен еткен екен.
Түргенді Әжібай мекен қылып жүре берді,
Сыйлайды жұрттың бәрі Әжібай ерді.
Ең алғаш бұл Керейден қоныс алған
Қазақта батыр туған Әжібай дер-ді.
Түргеннен шығарыпты тоған қазып,
Болсын деп тұқымыма бұзған азық.
«Әжібай тоғаны» деп атайды әлі,
Суынан жұрттың бәрі болды қарық.
Бұл дәлел сөздерімнің расына,
Қалдырған ақылменен мұрасына.
Мың алты жүз сексенде, не тоқсанда
Қазыпты бұл тоғанды сол шамасында.
Жайлапты бір жыл барып Қара торық,
Батырың қиналыпты қатты ауырып.
«Түргенге әуре қылып апармай-ақ,
Бөлектің қасына мені қой апарып».
Мың жеті жүз үшінші болғанда жыл,
Оқушым, біліп қойғын өліпті бұл.
Жасында жетпіс тоғыз қайтыс болып,
Осындай іс қылыпты батырың ол.
Батырдың Шелекте дүр зияраты,
Халықтың солай берген мағлұматы.
«Үйген тас» жатыр дейді қариялар,
Жатыр дер бір төбе боп, ескі қалпы.
Баласы Әжібайдың Жалбы деген,
Қазақтың билеріне арыз берген.
Әкемнің еңбегі көп сіңіп еді,
Албанға Алатауды бергін деген. Жақсылар: «Жөні бар» деп берген екен,
Албандар Алатауды қылған мекен.
Әжібайдың осы дәлел-ерлігіне,
Албандар қазір де жүр қылып мекен.
Таушелекке Жалбы көшті бастап барған,
Алдымен Әжібай тұқымы орын алған.
Таушелектің күнгейі мен теріскейін,
Тұқымы сол батырдың мекен қылған.
Батырдың әңгімесін жазып біттім,
Оқығаннан рахмет деген сөзді күттім.
Жай сөзді ел аузындағы өлең қылып,
Кемпірмен ақылдасар жайды ұқтым.
Оқушым, бұл жазбамды сына күшпен,
Бітірдім іздеп жүріп, көп жұмыспен.
Бар шығар ащысы да, тәттісі де,
Демеймін жемісімнің бәрі піскен.
Бітірді мұны жазып Әбзейіт ақын,
Батырдың ел білсін деп хикаятын.
«Көзіңнің майын тауысып, шаршадың» деп,
Кемпір де ашуланып көп ұрсатын.