БАБАЛАР СӨЗІ: Қараш қазған атауы қайдан шықты?
***
Ұбақ-шұбақ көш келеді. Түйеге де, жылқыға да, өгізге де жүк артылған. Жүк үстінде жас балалар мен кемпірлер. Боздаған бозінген мен жас сәбилердің үні араласып естіліп, тұла бойыңды шымырлатады. Адамдардың жүзі жабырқау. Жалпақ даланың шегі сияқты.
«Көрер көзге қаншама кең болсаң да, пейілі тар байлар сені бізге қимады-ау, сидырмады-ау», деген жолаушылардың бәріндегі мұң, өкініш сияқты.
Осылайша бірнеше күн бойы ілбеген көш әлі келеді. Көлік үстіндегі адамдар да қалжыраған. Жасы да, кәрісі де ауыздарын шүберекпен таңып алыпты. «Әже, шөлдедім!», «Апа, су!» - деп ұсақ балалар шу-шу етеді. Шолғыншылар көш басшысына: «Алда құдық жоқ, түстік жерге дейін қарадық», - дейді.
Су шығадау деген жерден құдық қазу керек. Шөлдеген жұрт бір-бірінен ауыз жібітерлік қасық су сұрап жүр. Сабыр сақтаған әйелдер азаматтарға қараса, сары уайымға салынғандары сарнап, безектеуде. «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дейтін мақал осындайда еске түседі. Көш тоқтады. Су шығады деп жерден үміттеніп, қазып-қазып түк шығара алмай ер адамдар кінәлі жандай төмен қарады.
Сол кезде жасынан ер балаша киініп, асық атып, ат құлағында ойнап өскен көш басшысының жалғыз қызы Қараш өздері тұрған белдің етегіне түсіп, нән кетпенді құлаштай бір көтеріп, жүзін жерге сіңіре ұрып жіберді. Он шақты жігіт іштен шыққан сары топырақты сыртқа тасып тұрды. Бір кезде «Су шықты» деген сөз ауыздан-ауызға таралып, даланы жаңғыртады. Шөлдеген әйел-бала құдыққа қарай жүгірісті... Сол заманнан бастап сол жер «Қараш қазған» деп аталады.