БАБАЛАР СӨЗІ: Қаратау атауы қайдан шықты?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Баяғы өткен заманда бір бай өлкелерінің бірінде бір қауымдық ел-жұрт өмір сүріпті. Қанша заман өткенін кім білсін күндердің бір күнінде жетібасты жаламауыз сол өңірде пайда болыпты дейді. Сонан елге қырғидай тиіп күн сайын қырық қой, қырық жылқы, бір жігіт, бір қызды жеп отырыпты. Әбден зәрезап болған ел жаңағы жалмауыздан құтылудың жолын іздейді. Жапанды шарлап келе жатқан бір саудагерлер оңтүстік өлкеде Дәубек деген батырдың бар екендігін хабардар етеді. Жетібасты жалмауызды бір жеңсе сол ғана жеңеді дегенді айтады. Оның еліне жету үшін өте ұзақ жүру керек. Шөлді, құмды жерлерді басып жүру керек. Әбден бір қалжыраған шақта, алыстан тау сілемі көзге шалдығуы мүмкін. Жаңағы дәу сол тауды мекендейді.

Ел болып жиналып бір батырды басшы етіп, қырық жігітті қосшы етіп жолға аттандырады. Олар арада күн жүріп, ай жүріп құмды далаға кездеседі. Шаршайды, қалжырайды, сусай­ды. Күндердің бір күнінде көкжиекке көз тігіп келе жатқан жаңағы жігіттердің бірі:

-Қара тау, Қара тау,-деп айқайлап жібереді. Барлығы жаппай жаңағы жаққа назар салса, сағымданған таудың сұлбасынан көзге шалынған сияқты болады. Сол сағымды бетке алып жүрген жолаушылар ақыры тауға жетіпті. Ол батыр жеті басты жалмауызды өлтіріп елге тиыштық орнатады.

Сонан жаңағы дәу мекендеген тауды ел «Қаратау» деп атап кетіпті.

Соңғы жаңалықтар
telegram