БАБАЛАР СӨЗІ: Қазығұрттың басында кеме қалған...

БАБАЛАР СӨЗІ: Қазығұрттың басында кеме қалған...
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Халық арасында Қазығұрт тауы хақында бұрыннан қалған аңыз бар. Қарт адамдардың айтуларына қарағанда, құдай баста жерді, көкті жаратқанда, Қазығұрт тауы да бірге жаралған.
Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кет
Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер Нұқ пайғамбардың кемесінің орны дейді.
Қазығұрттың басында бір үңгір болса керек. Ол үңгірдің үстіне ағаш шаншып қойған Қазығұрт атаның моласы дейді екен. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт шалмайды екен. Егерде Қазығұрттың басына бұлт шөгіп, көрінбей қалса, қариялар Қазығұрт қарасын киді деп, қатындар күлпарасын киеді екен. Сол уақытында жұрттың бәрі даладағы нәрселерін үйге қояды екен, Қазығұрттың басын жапқан бұлт жаумай кетпес деп, қазақтардың бұрынғы замандағы ақындары Нұқ пайғамбардың кемесінен қалған жануарлар туралы мынаны айтады екен:
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,
Қамбар ата жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Тышқақ тана үстінде жатып қалып,
Зеңгібаба жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол «әулие» болмаса, неге қалған?
Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,
Шопан ата жануар содан қалған.
Осындай ырыммен түрлі жануарлардың атын келтіреді екен.
Қазығұрттың басында көп «әулие»,
Мінсең аттай желеді айыр түйе,-
деген мақалдар да бар. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған. Оның себебі: басқа таулардың бәрін топан суы басып кеткенде, Қазығұртты су баспаған соң, басқа таулар намыс қылып Қазығұртпен ұрысамыз деп, жиылысып келген екен.