БАБАЛАР СӨЗІ: Кенесары дастаны

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
***
Адам бір дүниеге келген қонақ,
Өлдің біттің, жоқ екен қайта оралмақ.
Өмірің бірде олай, бірде бұлай,
Жақсылық пен жамандық болған ортақ.
Замана түнеп өткен бір керуен,
Бүгін жоқ қолыңдағы кеше көрген.
Біреуден біреуге өтіп шыр айналған,
Тұрақсыз пәни-жалған бұл не деген?!
Дүние қызықтырар адамды алдап,
Әр іске соқтырады бойыңды арбап.
Болсаң да қанша мықты тоса алмайсың,
Қолыңнан кетерінде қырын қарап.
Бақыт емес адамға мәңгі жолдас,
Кімде бар мәңгі бақыт қолдан таймас?
Арманнан арман туып жетектейді,
Арман қуып тірлікте адам тынбас.
Білмеске білгенді айту-бір аманат,
Білместі сұрау керек болса қажат.
Сөйлейін Кенесары біраз жайын,
Болса егер кешіріңдер сөзде ағат.
Батыр да, хан боп өткен Кенесары,
Орта жүз Сарыарқаның білер бәрі.
«Ұғымды жамағатқа бола ма?»-деп,
Былай айтар бар еді біраз жайы:
Білеміз Абылайды хан боп өткен,
Атағы мұсылманға түгел жеткен.
Өзі өлсе де, үлгілі істері өлмей,
Бүгінде әруағын ел тербеткен.
Қасым хан-Абылайдың жалғыз ұлы,
Одан басқа жоқ еді ұлы-қызы.
Бір болса да бірегей болып туған,
Қарапайым хан емес көптің бірі.
Баянсыз байқасаңыз мынау жалған,
Жарлының малын, жалғыздың жанын алған.
Қасым хан отыз жаста дүние салып,
Төрт баласы артында жетім қалған.
Саржан мен Есенкелді, Кенесары,
Тетелес үш жастардан аралары.
Аттарын төртеуінің түгел айтсам,
Төртінші ұл ең кішісі-Наурызбайы.
Өздері ұлық шетінен, бағлан бәрі,
Артық тұр құрбысынан асыл жаны.
Асқан зейін, ақылды, қайратты боп,
Үшінші ұл хан боп өтті Кенесары.
Кене емес Кенже дейтін әуелгі аты,
Баламның кенжесі деп, осы-арты.
Түсі сары күреңдеу болғандықтан,
Кенесары деуге де түскен сәті.
Кенедей шықшытында болған меңі,
Кене деп қалар елдің көрсе көзі.
Үлкен де, кіші де емес күрең қызыл,
Жабысып тұрған бейне кене өзі.
Деп қаласың жабысқан кене ме екен,
Көрген жан кене десе, сенеді екен.
Нышаны бірге туған кене тектес,
Балалар Кене десіп, күледі екен.
Біреу Кенже дейді екен, біреу Кене,
Екі аты ортақ болып бір өзіне.
Төртінші ұл-Наурызбай туылған соң,
Кенже деу лайықсыз өз көңіліне.
Орынсыз үшінші ұлды кенже деуге,
Күлкілі естір құлақ, көрер көзге.
Төртінші ұл Наурызбай тағы тұрса,
Кенже деп, ат қойды дер бұған неге?
Кенжеден-Кенесары аты бопты,
Кейбіреулер дәл десіп, күліп кетті.
Кене десе, кенедей өзі дағы,
Кенедей жабысады іске орнықты.
Аты боп сіңіп кетті Кенесары,
Өзі де разы боп басқалары.
Кененің кереметін сөйлеу үшін,
Біле кетер тағы бар мұндай жайы:
Бір мең бар оң көзінің құйрығында,
Көрінбес жайшылықта қарағанда.
Таңырқап, я сұқтанып тесірейсе,
Нұрланып көрінеді ар жағында.
Тігіліп басқа жанға сұқтанбайды,
Тамсанып көзі түссе, сау қалмайды.
«Көз түсті, тілі тиді» дейді қазақ,
Кейінірек айтармын осы жайды.
Жалтылдар түн шамындай көзқарасы,
Жетімдікке көңілінің жоқ аласы.
Бөрінің құнан көкжал арланындай,
Қасымның артта қалған төрт баласы.
Тағылым ап жақсыларды жүрген жақтай,
Кішіні аяп, үлкенге құрмет сақтай.
Атаның абыройы, дәулетімен,
Келеді шаужайынан адам қақпай.
Саржан мен Есенкелді үлкендері,
Кене мен Наурызбайы кішілері.
Бұларға ақыл айтып, жол көрсетер,
Қарақас-алдындағы шешелері.
Қарақас-хан нәсілі, байдың қызы,
Сұлулықта әйелдің нұр жұлдызы.
Қасымның таңдап алған асыл жары,
Басы артық-әйел заттың кемеңгері.
Келіскен сұлулықтың әрбір сәні,
Бәріне қанағатшыл-жоқ арманы.
Мал-мүлік, дүниеге өзі қожа,
Тәңірім артық жаратып, туған бағы.
Жас әйел әрбір істе ар сақтаған,
Нәпсіге еріп, жан емес жалтақтаған.
Ері өліп, жас та болса тілге ермей,
Бет бұрмас әрбіреуге ыржақтаған.
Қасымхан Қарақасқа көңілі тоқ,
Тарыдай тал бойында олқылық жоқ.
Өзі іскер, өзі сұлу, парасатты,
Қосалқы қатын алу ойында жоқ.
Әкесі Абылай да өткен солай,
Мұратқа бір қатынмен жеткен солай.
Жақсы бала әкенің жолын қуып,
Мұрагер әр ісіне болған долай.
Аттадым осы арада сөзден-сөзге,
Қатысы болғаннан соң алдым тілге.
Абылай хан дүниеден қайтқаннан соң,
Хан болды Құбайдолла Орта жүзге.
Кезінде Әбілмәмбет-ханның басы,
Абылайдың немере өз ағасы.
Дұға қып Абылайға атап берген,
Құбайдолла сол ханның өз баласы.
Осылай тұқым жалғап нәсіл қуған,
Бұрыннан елдің салты әдет қылған.
Қасым хан жастай өліп арты жетпей,
Себеп сол Құбайдолла хан боп тұрған.
Хан болып Құбайдолла тұрды дербес,
Айдыны Абылайдан төмен емес.
Әр елдің абыройлы жақсыларын,
Өзіне өнеге қып қылар кеңес.
Қасына жинап алды мұралыны,
Қақпайлап қайырады шүбәліні.
Жарамды жарлық айтып оң мен солға,
Біртіндеп жөнге салды күнәліні.
Атағы шығып тұрды дәурен сүріп,
Алдыңғы Абылайдың жолын қуып.
Ақыл-қайрат, зейіні кемел жеткен,
Көрген жоқ заманында сағы сынып.
Досқа адал, жауға қатал жалынған жоқ,
Күштіге жағатсынып бағынған жоқ.
Аспан түсіп кетсе де айнымастай,
Басқаға арын сатып табынған жоқ.
Орта жүз тұрған жері-жер ортасы,
Ұлы жүз-шығысында кең даласы.
Батысын Кіші жүз деп атайды екен,
Кең алқап құба жонды айналасы.
Қазақ, қалмақ, қырғыз бар мекен еткен,
Сонау бір кең деңгейде өсіп жеткен.
«Жер дауы, жесір дауы» үзілмейді,
Өзара жанжал, соғыс әр себеппен.
Кейде кетер қазақты қалмақ шауып,
Қазақ қайтар, күш жетсе, кегін алып.
Қырғыздар қырғиқабақ болған кезде,
Тап берер Алатаудан қаруланып.
Қазаққа қалмақтың көп кегі кеткен,
Шаршы үшін соғыста өліп кеткен.
Тағы да талай жерде есесі қап,
Кек алмаққа көз тігіп тұрар шеттен.
Қырғыздың ол кегі бар тым бұрыннан,
Абылай мен Қабанбай заманынан.
Әтеке мен Садырдың кегін жоқтап,
Қазақтан кек алуды қылған арман.
Кейде олар жеңеді, кейде бұлар,
Тып-тыныш кейде тату бола қалар.
Ақсақал үлгі айтатын хан мен билер,
Кеңеспен келістіріп бітіре алар.
Бұлары қатар жүрген елдің ісі,
Онымен бұзылмайды ел үлгісі.
Кейде жау, кейде тату бола қалып,
Алыстап кете алмайды ел іргесі.
Көшпенді ел сырттан көрсең тең тұлғасы,
Ежелден қатар жүрген бір пормасы.
Сыртқы жауға келгенде тізе бүкпес,
Үш елдің бұзылмаған ықыласы.
Қауіпті жау бар үлкен сырттан келер,
Әр елдің жақсылары түгел білер.
Батыстан баяу басып келе жатқан,
Жау дүбірі құлаққа күнде тиер.
Қалмақтан орыс жауы барады артып,
Жақындап келе жатыр қала тартып.
Жаз жайлау, қыс қыстауы, көгал жері,
Кездей ме, метрлей ме арқан тартып.
Осы жау ойлағанға ең қауіпті,
Ниеті бізді жалмау анық депті.
Байырғы атамекен жерін тастап,
Мекенсіз талай қазақ ауып кетті.
Келеді ығыстырып тауға таман,
Соны шөп, жазық қоныс кейін қалған.
Қорлыққа көнбегендер қарсыласса,
Шап беріп бір күн түнде байлап алған.
Әуелі кең сахара жерін алмақ,
Амалдап аялаған малын алмақ.
Қатты, жұмсақ тәсілін бірдей жұмсап,
Бар қазақты өзіне бағындырмақ.
Қор жинап келе жатыр арттан тасып,
Алаяр ары жүр десең тісін басып.
Сары бел бесатары,салаң қылыш,
Көрдің бе дегендей боп жүрер асып.
Шақырып ел басшысын дүкен құрған,
Барғандардан жоқ болды қайта оралған.
Түкті ауыздан шыққан сөз түкке тұрмай,
Жақсы сөз бүгін айтсаң, ертең танған.
Хан еді Құбайдолла бар қазаққа,
Қарысты көнбейміз деп бұл азапқа.
Ел қозғап, шерік жинап даярланды,
Сиынып бір Құдайға соғыспаққа.
Ел болған соң дүрдараз аласы бар,
Кикілжің кейбір істе таласы бар.
Күштіңнің қолтығына тіреу тіреп,
Есесін қайтаратын шарасы бар.
Елдегі қоян жүрек бұла көтен,
Зәре жоқ көрген сайын алар секем.
«Сен тимесең, мен дағы тимеймін» деп,
Жарауға бір керекке уағда берген.
Мұндайлар ел ішінде әр жерде бар,
Жауына жағымсынып тұрар даяр.
Елдегі болып жатқан құбылысты,
Құпия ат шаптырып қылар хабар.
Тілмаштар, тыңшылар бар ел күзеткен,
Қит етсе дереу барып хабар еткен.
Қиын іс Құбайдолла қылады деп,
Жауына сол күні түн хабар жеткен.
Орыс та, оңға келсе, тұрмас ойлап,
Бұрыннан қауіпті деп жүрген болжап.
Хан қозғалса, қарасы әскер болар,
«Кеңес бар» деп шақыртқан адам сайлап.
Әуелі кеңес бар деп алып кеткен,
Хабарсыз екі жылдай, қайда кеткен.
Ауырды ма, жоқ әлде қас қылды ма?
Ірбіттен «өлді» деген хабар жеткен.
Аяқсыз қалған әуел қылған ісі,
Басым боп барған сайын жаудың күші.
Хан өліп, елі түсті күйзеліске
Алауыз, алтыбақан елдің іші.
Баяғы Абылай ханның хан ордасы,
Жоқ болды Құбайдолла ел тұлғасы.
Серпіліп орда атынан біреу шықпай,
Белгісіз кім болары елдің басы.
Қасымның артта қалған төрт баласы,
Батырлық болса дағы нысанасы.
Сенім бар ата жолын қуар деген,
Бірақ әлі жетпеген жас шамасы.
Ересегі Саржан мен Есенкелді,
Бұлар әлі білмейді істі жөнді.
Он бестен он алтыға Кенесары,
Наурызбай тоғыз жасқа биыл келді.
Қарақас шешелері-ақылшысы,
Жол тауып тоқтау айтар болса ісі.
Орда иен, ел де жиын емес кезде,
Арыстар арқа сүйер жоқ тынысы.
Заты әйел демесең, асып туған,
Ақылы дариядай тасып тұрған.
Бала жас, жесір-жетім болса дағы,
Ойы жоқ қайтемін деп жасып тұрған.
Кемітпес қайғыменен асыл затын,
Күтеді тым алыстап істің артын.
Сұңғыла, өзі зерек, көңілі дана,
Сақтайды ақылменен орда салтын.
Өкініп өткен іске арман етпес,
Ауыр қайғы болса да естен кетпес.
Ат жалын тартып мінсе, төрт түлігім
Дұшпанға деп ойлайды есем кетпес.
Абылай әуелден-ақ жауына өш,
Жүрмеген жетегіне қылып егес.
«Тұқымын Абылайдың құртсақ» деген,
Жауының айтқаны да тегін емес.
Нәсілі Абылайдың жұртқа дегдар,
Жауына тізгін бермей жүрген жандар.
Жауласу мен жарасу осыдан деп,
Дұшпанның себебі сол көптен таңдар.
Естіген Қарақас та бұл сұмдықты,
Айтпаса жауы солай қайдан ұқты?
Бір түнде басып келіп қыра ма деп,
Бір амал ойлануға кезек күтті.
Саржан мен Есенкелді-сүйенері,
Бірақ жас, қолдарынан не келеді.
Төртеуі-төрт арыстан болғалы тұр,
Әзірше өз ақылы бар сенері.
Бір жаққа бас сауғалап бара тұрсақ,
Арқа тіреу, баспана таба тұрсақ.
Төрт ұлым аман-есен ержеткенше,
Хан болмай қара болып тұра тұрсақ.
Тәшкентте естуші едім бар Балаған,
Абылай арашалап жаудан алған.
Айтамыз Абылаймен дос боп өткен,
Барайын пана тілеп соған таман.
Сарт деуші ед, оның өзін өзбек тектес,
Жауына ежелден өш тізгін бермес.
Жайымды айтып, жайылып келдім десем,
Тұқымын Абылайдың сыртқа теппес.
Дос өткен атамызбен ол тегіннен,
Хан құрған Абылайдың көмегімен.
Тұқымын Абылайдың олар білсе,
Қайтпайды доспын деген серт сөзінен.
Саржан мен Есенкелді мақұл көрді,
Кене мен Наурызбайы қасына ерді.
«Тау асып, жұрт жаңалап қонамыз» деп,
Жөнелді солай бастап бір топ елді.
Саржан мен Есенкелді жол бастады,
Бірталай қасына ерген жолдастары.
Атамекен, туған жер кейін қалып,
Белгісіз бақ па, әлде, сор бастады.
Келеді жүгін артып, малын айдап,
Кез боларлық әр іске ақыл ойлап.
Үріккен елдей емес, жап-жадағай,
Сөйтсе де қорқыныш бар, жүр абайлап.
Кез болды абайсызда көп әскерге,
Қатаңдау түсі суық көрер көзге.
Сыр бермей сыпайылау жөнін айтпақ,
Жөн сұрап, үдірейіп келгендерге.
Алдымен біреу келді «Сіздер кім?-деп,
Қайдан келдің, барасың кімдерді іздеп.
Ана топтың ішінде басшымыз бар,
Барып айт жөндеріңді, бірің жүр?»-деп.
Ілесіп хабаршымен кетті Саржан,
Кезікпек бастығына жөн сұраған.
Месқарын, кеспелтектеу бір қараны,
Осы деді, шақыртып сізді алдырған.
Бұрылып жалт қарады көре сала,
Алақан көз, жалпақ бет, шойын қара.
Үріктің бе, аудың ба ел-жер жақтан,
Сендер кім, жатырсыңдар қайда бара?
Саржан айтты:- Сөйлейін шынымызды,
Айтпасақ, сіз танисыз қайдан бізді?
Самал айдап, шаң басып көшіп жүрміз,
Босып жүріп өткіздік күнімізді.
Қасым хан-әкем аты, атым-Саржан,
Арғы атам хан боп өткен Абылайдан.
Атамыз, әкеміз де дүние салып,
Келеміз Орта жүзде Сарыарқадан.
Кіші атам хан боп тұрған Құбайдолла,
Алдаумен жау қолына түскен торға.
«Ірбітте съез бар» деп шақыртылып,
Жауымен қарсыласып өлген сонда.
Пана қып, қалып едік шешемізді,
Жеткізбей жау қимақшы желкемізді.
Жан сауғалап қашып ек осы жаққа,
Күн туса, қайтармаққа есемізді.
Алдыңғы айбаттылар өліп кеткен,
Жау жағадан алып тұр, бөрі етектен.
Тұқымын Абылайдың құртсақ деген,
Сумаңдап суық хабар бізге жеткен.
Күн түсті, хандық тайып, басымызға,
Қайғырамыз кәрі мен жасымыз да.
Іздейміз Балағанды-арманымыз,
Кеше дос, бүгін біздің қасымыз ба?!
Біз дағы мұсылманның баласымыз,
Досқа дос, жауына тек алашымыз.
Жау басып жерімізді құртпақ бізді,
Балаған болар ма екен арашымыз?
Абылай Балағанмен дос боп өткен,
Көрген сайын көңілі хош боп өткен.
Айырып Балағанды жаудан алған,
Өмірлік досы болып, сол себептен.
Қасқа қас, достыққа дос дегізгенбіз,
Сыйға сый, сыраға бал жегізгенбіз.
Атақты Бұхар-Ташкент ханы ғой деп,
Саясын Балағанның іздегенбіз.
Құдай бір, Пайғамбар хақ ниетіміз,
Құдайға құл, Мұхаммед үмметіміз.
Өлсек шейіт, тіріде қазы болар,
Өлмек парыз, туылмақ сүннәтіміз.
Май тамызып сөйледі мүдірткендей,
Тілімен қара тасты жібіткендей.
Осылай баян етіп жайын Саржан,
Сұрады өз жөнін де күдіктенбей.
Білейін өз жөніңді кім екенің-
Атажұрт, ру, туған жер мекенің?
Бейтаныс түсің суық болғанменен,
Байқалды мұсылманның бірі екенің.
-Бектербек,-деді,-атым,-әлгі қара,
Жер шолып, ел қорғаймын кезіп дала.
Айтайын ата жөнді мен де саған,
Жау ма екен деп ойлама көңілі ала?
Біріміз мұсылманның-өзбек затым,
Өзіме жарасқандай осы салтым.
Сөзіңе сенің айтқан әбден қандым,
Тайындай арыстанның, азаматым.
Інісі Балағанның-Бектербекпін,
Әр іске, қиын-қыстақ болар еппін.
Атақты Ақмешітті қорғайтұғын,
Мыңбасы боп, көп қолды арттан ерттім.
Тел емген бір емшекті інісімін,
Жау десе, өткір семсер қылышымын.
Ел қорғап жайшылықта сайрандаған,
Жал-құйрық Балағанның інісімін.
Әскердің осынша көп жолбасымын,
Ташкентте тұратын қолбасымын.
Жауымның ойлағанын келтірмейтін,
Атақты Ақмешіттің молдасымын.
Білемін хан боп өткен Абылайды,
Билеген әділ тұрып мұсылманды.
Өзінің болып тұрған заманында,
Аяғы басқан жерден қашан тайды?!
Белгілі бұл өңірге менің бағам,
Балаған-алтын қазық менің ағам.
Сіздерді мен қорғайын, сыйымда бол,
Ес жиып, ер жеткенше біраз заман.
Жайлау-қыстау берейін малдарыңа,
Азық-түлік, қам қылма адамыңа.
Мал-мүлік, дүниеңді кепілге бер,
Сенімді бұл өңірді таңдарыңа.
Жүріңдер, ханзадалар, сарайыма,
Қарарсың ертелі-кеш аужайыма.
Мал бағулы, отың да жағылады,
Жан шықпас қағатұғын шаужайыңа.
Жылы сөз медеу болып арығанда,
Шаққаннан қаш, бар деген шақырғанға.
Саржан да басқа жауап қайтарған жоқ,
Қуанғандай баспана табылғанға.
Мал-дүниесін аманат болды бермек,
Кепіл боп бір ақсақал көріп жүрмек.
Өткізіп аралықта біраз заман,
Кезінде кейінгі істі ойлап көрмек.
Апарып сарайына құрметтейді,
Қисайып әмірінен бір кетпейді.
«Бұлардың тышқақ лағы шықпасын»-деп,
Әскерін бөлек-бөлек міндеттейді.
Сарайы саңғырлап тұр, кең бөлмелі,
Пиала есік, шарайна терезелі.
Арнап салған әдейі салтанатқа,
Қыс жылы, жазда салқын түбегейлі.
Жібек кілем әр түрлі салғандары,
Әр тұста ілулі тұр қалғандары.
Сатылап жиып қойған қазына, жасау,
Асады бір басынан жиғандары.
Ташкентте бір өзі екен байлығы артқан,
Бәсеке қып басқамен қылар мақтан.
Қала халқы ежелден әдет қылған,
Там салып, бақша құрар ақша тапқан.
Осының бәрі-Бектер дүниесі,
Басқаның дауа қылар жоқ үлесі.
Әлі жеткен нашардан тартып алған,
Дүниеқор өзінің ережесі.
Батырлық-байлығына масаттанған,
Екі иықтан дем алып әрең тынған.
Аңғалдық, абыройшыл әдеті екен,
Тілге еріп, мақтануға зиыны ауған.
Жақсыға жақсы сөзді қию қандай,
Саржанның сөзіне Бек ұйығандай.
Жабады әр күні асыл бір киімді,
Қиылып тілі майда, сыры қандай?!
Тамағы неше алуан түрлі-түсті,
Құрметтеп асты-үстіне бұлар түсті.
«Бұлар келіп, біз қалдық абайсыз» деп,
Қызғаныш кейбіреуге қайғы түсті.
«Апырай, бұларды әкеп баққанын-ай,
Ерітіп тәтті сөзбен жаққанын-ай.
Ежелгі елеулілер естен шығып,
Жаңғыртып жаңа тату тапқанын-ай».
Әуелі мұны ойлаған Мұхтар залым,
Қызғанып іші күйді көріп бәрін.
Камал менен Керімге айтып отыр,
Белге түйіп оп-оңай беттің арын.
Келгендер игілікті бізден бұзды,
Бек ескеріп-елемес болды бізді.
Байырғы атақ та жоқ, абырой жоқ,
Бұларға күтуші қып қойды бізді.
Байқасақ, бұл қатынның төрт баласы,
Бектердің болғалы тұр төрт арысы.
Бірі-оңы, бірі-Бектің солы болып,
Онда біз боп қаламыз малшы-жалшы.
Бұлардың арасына от жағайық,
Амал тауып, бұл жерден тайдырайық.
Бірін-бірі кескілеп қырылатын,
Бір амал тез арада ойланайық.
Мұхтар деген-Бектердің бір арысы,
Камалжан-Бектен кейін қолдың басы.
Керім деген тағы бір батыры бар,
«Шаш ал десе, бас алар» сойқаншысы.
Осылар Бектербектің қолғанаты,
Ташкенде елге мәлім болған аты.
Біреуі жала жапса, бірі куә,
Әрқандай залымдыққа жетер дәті.
Бұларға аңғалдықпен Бектер нанар,
Тақыстық екі сөзбен бұлар жағар.
Мұхтар, Камал, Керімдер оңашада
Ақылдасып, бір амал тапты даяр.
Саржанның бірге келген аңғалдары,
Құпия мұндай істен жоқ хабары.
Ойланып күні-түні әлгі үш залым,
Мынандай іс бастамақ болды ақыры.
Сыртынан орысқа деп хат жаздырсақ,
Саржан деп қолын қойып мөр бастырсақ.
Біріміз хатты алып жөнелгенде,
Ұстап алып Бектербекке айдап барсақ.
Орысқа өш Балаған, Бектербек те,
Ызғарлы көңілінде бар ескі кек те.
Орысқа Саржан жазған хатты көрсе,
Бұларды Бектербегім қоймас текке.
Дегенді Мұхтар залым ойлап тапқан,
Камал мен Керімжандар мақұл тапқан.
Қан кешіп қырылыспай бітім болмас,
Бұл іске амал болмас бұдан артқан.
Мұхтар мақұл болды хат жазбаққа,
Керім даяр болыпты апармаққа.
Керім алып жөнелсе, Камал ұстап,
Алдына Бектербектің ұсынбаққа.
Бектербектің алдына айдап бармақ,
Ұмытпай айтар сөзін сайлап алмақ.
«Саржан жазып, орысқа жіберді-деп,
Алдында Бектербектің мойындамақ.
Ақша беріп біреуге жаздырыпты,
Басқа қып хат пормасын аздырыпты.
Мұхтар, Камал, Керімдер бірауыздан,
Бір әдіс тапты осындай лайықты.
Саржанның хат бергенін көрдім демек,
Бір сұмдық хатта барын білдім демек.
Мұхтар көріп Камалға айтқан болып,
Көрсеткелі Бек сізге келдік демек.
Осылай алдыменен порымдапты,
Ойлағанын дер кезде орындапты.
«Ашпадық, мазмұны не көріңіз?»-деп,
Хатты алып, Бектербекке апарыпты.
Хатты оқып қайта-қайта Бек тесіліп,
Кілт тоқтап қуарады бірде ісініп.
Шапыраш алакөзі сыртқа теуіп,
Кейде кетер қабағын қарс түйіп.
Тақсыр-ау! не болды деп Мұхтар сұрай?
Кеткендей жаны аши жылы ұшырай.
Тұнжырап Бектер біраз төмен қарап,
Дауыстап оқып берді хатты мұндай:
«Мен Саржан Абылайдың немересі,
Бұзылды жаудан қорқып ел іргесі.
Орысқа елді бастап көшіп едік,
Басталды Бектербектің ерегесі.
Інісі Балағанның Бектербегі,
Бұрыннан орысқа өш, іште кегі.
Талап алып, мал-мүлкімді қамап қойды,
Бір залым сұрқия екен арғы тегі.
Бектербек адыраңдаған өзі сотқар,
Орыс деп, иянаттап күнде боқтар.
Сыйынар сенен басқа иеміз жоқ,
Бұрыннан бұқараң ек, бізді құтқар.
Ташкенттің қойды қамап қорасына,
Қалдырып басқа жұрттың табасына.
Орыспен соғысуға тағылым берер,
Он бестен өрге қарай баласына.
Әуелі әскер жібер, бізді алып кет,
Бұрынғы бізге деген сертіңе жет.
Сенен опа табам деп, көшіп едік,
Зынданда біз жатырмыз қайғылы дерт.
Нақ қазақ-Абылайдың тұқымымыз,
Сенсеңіз, Қасым ханның төрт ұлымыз.
Ордамыз ойран болды, жиған мүлік,
Шашын жайып жылайды тұл шешеміз.
Тарайды зынданында кең тынысым,
Жоқ еді Бектербекке еш қылмысым.
Өзіңнен пана тілеп көшіп едік,
Осы еді Бектербекке бар қылмысым.
Бектербек безген екен ұят-ардан,
Емес ем алты алашта құным арзан.
Төрт көзбен зынданында тұрмын күтіп,
Мөр басып, қолды қойдым, атым-Саржан.
Бектербек терлеп-тепшіп оқып берді,
Сұрланып, аз тұнжырап ойлап көрді.
Бұл хатты қалай берді, кімге апармақ,
«Керімді дереу мұнда шақыр»,-деді.
Мұхтар барып Керімді ертіп келді,
Селкілдеп шошынғандай Керім келді.
Бұл хат не, кімнен алдың, кімге бермек,
Жаның барда расын сөйле деді?!
Кінәлі бола қалып басын иіп,
Тұтығып сөзге келмей тіл күрмеліп.
«Ойбазарда тұратын бір орысқа,
Апар деп, Саржан берген жасырынып.
Бергенін не себепті білгенім жоқ,
Мазмұнын хаттың ашып көргенім жоқ.
Бұларға қызмет қыл деп қойған өзің,
Сізден қорқып бармауды айтқаным жоқ.
Апарғалы жатыр ем, атқа мініп,
«Қайда жүрдің?»-деп келді Камал кіріп.
Саржаннан хат апарам деген едім,
Қолымнан жұлып алды көрейін деп.
Оқып болып, бермекке кеткен алып,
Мен тостым, келем деген сөзге нанып.
Көрген, білген істерім осы Бегім,
Шақырғанға таң қалам қайран қалып».
Керімге Бектербегі отыр деді,
Сұрайтын сенен жұмыс осы деді.
Ас атсам, олар маған тас атыпты,
Түбінде жақсылық жоқ маған деді.
-Апыр-ай, қорлық деді мынау неткен,
Қылған қайыр, жақсылық селге кеткен.
Майталман айтқан сөзі бәрі жалған,
Неме екен ғой, орысқа көзін тіккен.
Жамандап мені орысқа жазылған хат,
Дегенге сыйлап едім төре-асылзат.
Сөйтіп жүрсем, өзіме дұшпан болды,
Сұм екен суық бауыр қылығы жат.
Орыстың тыңшысы екен, ауып жүрген,
Сырымды білмек үшін іштей кірген.
Күніне осы көрген зар қылайын,
Болмаса мені құртар мынау бір күн.
Мен ақымақ қасқырды қолда баққан,
Ұлиды тауға қарап Тәңір атқан.
Ебін тауып жым-жыртта өлтіріңдер,
Болмасын көп дабыраң сыртқы жақтан.
Көңілім бола кетті пара-пара,
Тас болды ет жүрегім, қаным қара.
Түбіме жету үшін ор қазыпты,
Таппадым өлтіруден басқа шара.
Мен білейін, біліңдер сендер үшеу,
Қайлаға емессіңдер сендер мешеу.
Саржан мен Есенкелді өлтірілсін,
Кенесін зынданға сап, қылсын тергеу.
Тимеңдер шешесі мен інісіне,
Абайлаңдар көз салып жүрісіне.
Жас бала мен қатынның кәрі шағылық,
Қоя бер кетем десе, өз ісіне.
Емес ол екеуі де осал жандар,
Біліп қойса, Ташкентті ойран қылар.
Қаруларын белінен тастамайды,
Біле алмадым аяғы немен тынар.
Қарулы жиырма адам тұрсын бұғып,
Дабыраң салсаң, қалады олар ұғып.
Олар сезсе, сендерге алдырмайды,
Сол уақытта пайдасы қалар тиіп.
Әлгі үші іштей күліп, қыбы қанды,
Өзі тағы бір амал ойлай қалды.
Қапыда сездірместен өлтірмесе,
Шығарады деп қорықты көп жанжалды.
Қауіп шықса алармын арашалап,
Білмеймін кетіп ем деп тамашалап.
Бұзықтардың ісі деп құтылармын,
Өзінен кешірім сұрап жанасалап.
Тың тыңдап мен тұрайын білмеген боп,
Сыртқа кеткен десеңдер жұмысы боп.
Біліп қалса, қан төгіп, қырғын салар,
Боп қалса істен бұрын хабары боп.
Қойыңдар тағы да бір амал істеп,
Ет асып, палау басып, тамақ істеп.
Бектербек сауық кешке шақырды деп,
Шығарсаң бірің бастап, тамақ іш деп.
Күндіз де сырттай байқап бағыңыздар,
Жақсы сөзбен жанасып жағыңыздар.
Қолында қару болса, есе бермес,
Бір амалмен қаруын алыңыздар.
Ішкі үйден шақырыңдар, бірің барып,
Босағада екің тұр қылыш алып.
Белгілеп кімді кімнің ұратынын,
Есіктен шыға бере кетсін салып.
Қас қарайып, қараңғы ымырт болсын,
Шам-шырақ бәрі бірдей өшірілсін.
Сездірмей істің артын тірі жанға,
Құпия бір үңгірге көмдірілсін.
Жендеттер бір ауыздан қосты сөзін,
Алаңсыз қызмет қылды бүгіп сырын.
Оқитын ақшам намаз мезгілінде,
Қаруын бойдан алар күтті кезін.
Саржанның атқосшысы Сәлім деген,
Ертеден үйір болып сіңіп жүрген.
Алдыңғы өткен Абылай заманынан,
Киім мен аттан ешкім шектелмеген.
Болса да өзі ноғай қазаққа ауған,
Барына қанағатсыз дүние жиған.
Артыққа ана, ақшаға арын сатар,
Жендеттер осы сырын біліп алған.
Сәлімді Мұхтар сол күн қылған ермек,
Көп әңгіме айтысып сынап көрмек.
Саржан мен Есенкелді құралдарын,
Көп ақша берсе бопты, ұрлап бермек.
Саржан мен Есенкелді намаз өтер,
Дәрет ала құман ап, сыртқа кетер.
Сол кезде бойдан шешіп қаруларын,
Сәлімге әдетінше қойып кетер.
Жендеттер осы жайды талай көрген,
Сәлімге құнына жақын ақша берген.
Саржандар дәрет ала кеткен кезде,
Қаруын жендеттерге ұрлап берген.
Саржан келсе, құрал да, Сәлім де жоқ,
Селк етті табанына басқандай шоқ.
Кеш болып, түн қараңғы, көз байланған,
Кез болды бір пәлеге ойында жоқ.
Таппады сасқалақтап не қыларын,
Айтады асығыста кімге жайын.
«Сендерді Бектербегім шақырды»,-деп,
Босағаға біреуі кеп болды дайын.
Есіл ерлер ашу мен батты терге,
Қауырсындай қару жоқ бір сермерге.
Қару ап, қатуланып тұрған жауға,
Құр жұдырық ұрғанмен жарар неге?!
Көрінбес кеш қараңғы тірі пенде,
«Тез шық!»-деп ақырып тұр бір жар кеуде.
«Намаз оқып алайық»,-деді Саржан,
Бір амал табам ба деп кідіргенде.
Алайық намаз оқып екі ракағат,
Құдайға құлшылыққа қылма бөгет.
Ауыр ғой ақшам намаз қаза кетсе,
Сонан кейін саған да уақыт жетед.
«Бұрынғы намазың да жетеді»,-деп,
Шаяндай улы тілін тұрды кезеп.
Нағыз есек өзі екен бір алкеуде,
Көнбеді дегеніне сөзбен жебеп.
Жүр, Саржан, өлмек болдық мен де, сен де,
Болдық қой қапылыста шын шерменде.
Алдырдық аңғалдықпен қару қайда?
«Өлімге өзі келер,-деген,-пенде».
Арқадан Балаған деп көштік шөлдеп,
Шақырған осы ажал ғой бізді кел деп.
Бармағын екеуі де шайнап алды,
Дариға-ай, қапыда өлдік дұшпанды ел деп.
Болжаусыз ажал осы келіп тұрған,
Дәм-тұз түгеп, тірліктен уақыт толған.
Армансыз алысатын жауымменен,
Қаруым-ай, ит Сәлім ұрлап алған.
Бар ма екен шерменде жан біздей өлген,
Адам боп, ит қорлыққа мұндай көнген.
Есікке қадам қойды екеуі де,
Осылай болса әуелде белгіленген.
Тұрыпты босағада қылыш алып,
Тас қараңғы, екі адам тұрған бағып.
«Алдын сен, артын мен» деп белгілеген,
Мөлшермен дәл желкеден кетпек салып.
Шығып келе жатқанда салып қапты,
Басы ауып жерге түсіп, дене қапты.
Алмадай желкесінен басы үзіліп,
Саржанның асыл жүзі топырақ қапты.
Шаптырды Есенкелді оң иығын,
Бұздырмай жағаласты ер сиығын.
Бас салып сол қолымен бір-ақ тартып,
Мұхтардың суырыпты кеңірдегін.
Қан жамылып қатулы сыртқа шықты,
Қылышты өзін ұрған ала шықты.
Таласып қараңғыда тұрған жерден,
Он-жиырма жасауыл жиылыпты.
Сегізін қылышпенен бір-бір сапты,
Қалғаны үрейі ұшып кейін қайтты.
Сейпілге кем иығың қарғып шықса,
Сол иық бар, оң иық жерде қапты.
Жасауылдар сейпілде тұрды қамап,
Сау болса, соғысар ед жүзге жарап.
Ақыры ақ тұйғының қаза тауып,
Қансырап иығынан қалды сұлап.
Қос батыр қаза тапты жалғыз түнде,
Күйзелді атын естіп білген пенде.
Қараңғыда қапыда қаза басты,
Толмаған ақылы камал, жас қой мүлде.
Бекзаттың екі бірдей басын жойды,
Дұшпанның көре алмаған көңілі толды.
Жас Кенені зынданға салып қойып,
Наурызбай мен шешесін сыртта қойды.
Қарақас-әйел заттың сұңғыласы,
Заты әйел демесең, мыңның басы.
Қару ап, сауыт киіп жауға шаппас,
Еркек болса, болар ед елдің басы.
Төрт ұлдың екеуі өлді-ержеткені,
Қайғының осы болды меңдеткені.
Ақылды арбап, қайратты қайыстырды,
Қайғының қайта-қайта шерлеткені.
Қайғысы екі ұлының жанға батты,
Бұрынғы қасіретінен мынау артты.
Қайғыға қайғы жамап, шөгіп,
Дәм татпай, жер бауырлап үш күн жатты.
Аузынан жалын шығар іші күйіп,
Өткен іс көрген түстей тұр тізіліп.
Көңіл айтып жұбатар бір адам жоқ,
Бір кезде түрегелді есін жиып.
Жата берсем қайғыдан өлмеймін бе?
Не көрер өлген кісі білмеймін бе?
Кенем шығып зынданнан, Науам жетсе,
Бектерден кек алғанын көрмеймін бе?!
Басын орап, белін де буып мықты,
Наурызбайын ес қылып жанына ертті.
Қаладан қырға шығып, сұрай-сұрай,
Қарақас келіп тапты Сағындықты.
Бұларда қайыршыдай қалмады күй,
Адасып ақылынан тұнжырап ми.
Келгенде жанды малын кепілге алған,
Үйсіннің ақсақалы ед Сағындық би.
Жанашыр деп біледі Сағындықты,
Бар істі бастан өткен баян қыпты.
-Қоқанда Балағанға бар,-деді би,
Тентекті тезге салар ол бір мықты.
Қарақас енді ойлады сөйтейін деп,
Қоқанның шаһарына жетейін деп.
Басында Балаған деп көшіп едік,
Қаңғырып құр тентіреп нетейін деп.
Қарақас Наурызбайын ертіп алған,
Байқаса, көрген жанның көзі аларған.
Жол сұрап, арыз айтар адам іздеп,
Кезіккен әрбіреуден жөн сұраған.
Қайрылар бұл жақта жоқ жанкүйері,
Кезектің болар ма екен бір тиері.
Өзі жаяу Ташкенттен Бұқар келді,
Іздемек Балағанды бар білері.
Қоқанның жетіп келді шаһарына,
Бере көр Алла жәрдем сапарына.
Сөйлесіп, жөн сұрасқан еш адам жоқ,
Кімсің деп жан алмайды кәперіне.
Шаһарда арлы-берлі талай жүрді,
Ордасын Балағанның сұрап білді.
Алар деп азар болса қаһарына,
Кіруге рұқсатсыз таяу келді.
Балаған үйінде екен осы кезде,
Шай ішіп самаурынмен төргі үйінде.
Қыр мұрын, ашаң жүзді биік қабақ,
Сыпайы, ширақтық бар мінезінде.
Астында шағи көрпе неше қабат,
Шынтақтап мамық жастық бір ғанимат.
Қалы кілем жайылған әр алуан,
Үй іргесі тартылған қызыл манат.
Асты-үсті үйлерінің сырлы тақтай,
Басуға аялайсың кірсең батпай.
Дөдегесі оюлап нақыш шапқан,
Көрген жанның қалмайды көзін тартпай.
Терезе-есік мыс шеге, жезден топса,
Перделері шашақты өзбек нұсқа.
Салқын үй, жұпар иіс тұрған аңқып,
Күн нұры шағылысып түспес тұсқа.
Көресің әр нәрседен өнегені,
Қай жерден табылады мұның теңі.
Құдайым бас пен малды берген үйіп,
Білмейсің кем екенін әлденені.
Сан жетпес мал-мүлік пен қазынасы,
Құс сайрап, құбажелді бау-бақшасы.
Өзі ғадыл, дәулетті, пейілі кең,
Халқына абыройлы ғазиз басы.
Момын мен нашарларды дос деп білген,
Сотқар мен залымдарға жаза берген.
Кедей мен мүсәпірдің көңілін алып,
Қолын тартпай керегін текке берген.
Атақты мұсылманда ханның өзі,
Халқына қадірлі екен айтқан сөзі.
Жауға қатал, досқа адал, қайырымды,
Құрметті өз еліне басқан ізі.
Бір қатын бір бала мен келген кіріп,
Әдеппен ханға лайық тағзым қылып.
Затын танып, жаны ашып құрмет қылды,
«Аты-жөнін сұрамай, сен кімсің?»-деп.
Хан айтты: «Ас-су ішіп тынығыңдар,
Байқасам баста үлкен жұмысың бар.
Айтар арыз бар болса, тыңдау міндет,
Бар болса баста қиын жұмысыңдар».
-Ей, тақсыр, ас-су ішпек кеңшілікте,
Тез күнде Тәңірім салды кемшілікке.
Өзіңдей бір жақсының жұбайы едім,
Мұндай болам демеп ем тіршілікте.
Сұрасаң, арғы атамыз Абылайдан,
Қасым хан жалғыз ұл ед одан туған.
Мына мен Қасым ханның қатыны едім,
Айтпасам, сіз білесіз мені қайдан?
Абылай атам да өлді, байым да өлді,
Суалтты патша Құдай терең көлді.
Артында тақты да иен қалмап еді,
Кіші атам Құбайдолла ие болды.
Сол атам Құбайдолла хан боп тұрды,
Қылғаны күнде орысқа даң боп тұрды.
«Шақырып, кеңес бар» деп сотқа айдалып,
Келмеске мәңгі кетіп өмірі сөнді.
Төрт балам, байым өліп, жетім қалған,
Жасымнан бағым тайды дүние-жалған.
«Тұқымын Абылайдың құртамыз» деп,
Орыстар съезінде ауызға алған.
Біз едік жетім бала, жесір қатын,
Сабыр қып күте алмадық істің артын.
Төрт балам Абылай ханның немересі,
Жеткізу осыларды-аманатым.
Іздеуім менің сіздің достық ісі,
Төрт балам ержеткенше деп тынысы.
Жауына тең бола ма, жем бола ма?
Ержетсе осылардың өз жұмысы.
Сонан соң сізге қарай көшіп едік,
Жауменен ат кекілін кесіп едік.
Атақты мұсылманның ханы ғой деп,
Тиянақ сізде болар десіп едік.
Бар екен орта жолда Бектербегің,
Білмедім бар екенін неден кегін.
Жауынан Ақмешітті қорғайды екен,
Ташкенде қолдың басы бір тірегің.
Шақырып қорғаймын деп қасына алды,
Бір өсек пайда бопты тасымалды.
Тексеріп, я болмаса сізге айдамай,
Бір кеште екі ұлымның басын алды.
Жауым бұзып, шығып ем хандығымды,
Сотқа айдап жіберген соң алдыңғымды.
Екі ұлды Бек өлтіріп, бірін қамап,
Бір Алла кетіріп тұр сәндігімді.
Атыңыз жүгіріп тұр қамшыламай,
Тұрғанда зардабыңа жан шыдамай.
Ханның қаны судан да арзан екен,
Тастаса ханның құнын хан сұрамай.
Көзінен осылай деп ағады жас,
Бұл сөзге әркім жібір болса да тас.
Қылыш жұмсап бас алған Бектербекке,
Еш жамандық қылмадық елге де рас.
Ханның қара болмағы оңай екен,
Қол астыңда тұрмақшы ем, аз жыл мекен.
Ойлаңыз, ей, патша, басыңыз жас,
Шындықтан айтқан сөзім емес бөтен.
Маған не бар деуші едім, болдым ойран,
Айтпасам сіз білесіз мұны қайдан.
Атамыз өзіңізбен дос боп өткен,
Біз келдік өзіңізден тілеп қайран.
Өзіңмен дос боп өткен Абылай бабам,
Сөз жоқ еді арада жамандаған.
Тентекті тый телміртіп бізді қырған,
Бектен өлді күнәсіз екі балам.
Балаған ашуланды көзі жайнап,
Көрген соң бейшараға рақым ойлап.
Шыдамай затты жаны отқа түсті,
Ашумен зығырданы кетті қайнап.
Жасауылын шақырып әмір етті,
Бір-бірден нақтап айтып бұйрық етті.
«Жалаңбас, жалаңаяқ, байлап-матап,
Айдап кел,-деп жіберді,-Бектербекті».
Жол жүріп әскерлері дамыл таппай,
Әкелді жаяу айдап сусындатпай.
Қылмыссыз ханзадаға қылыш шаптың,
Сені хан аман қоймас дарға тартпай.
Қоқанға алып келді айдап жүріп,
Қамшылап бұйрық қатты байлап жүріп.
Қылмыссыз қырғын салған Бектербекті,
Балаған отырғызды жүгіндіріп.
Ақырды айбатымен ашуланып,
Қабағын қарс түйіп, қатуланып.
Жазықсыз кісі қанын төктің неге?
Болмайды тастамасам басыңды алып.
Қайтіп қиып өлтірдің жас ұланды,
Кешпеймін тірі күнде бұл күнәңді.
Қылмысың жетіп асты бір басыңнан,
Өлтіру дарға асып сол ұнамды.
Шақырды Наурызбайды мұнда кел деп,
Бұл дүние, о дүниеде куә бол деп.
Бабаңыз ақыреттік достым еді,
Қалсын деп аруағы разы боп.
Анасы шыға келді түпкі үйінен,
Малынып үсті-басы асыл киген.
Дәті шыдап тұра алмай даусын естіп,
Ұл қылып емшек беріп, бетін сүйген.
Сен ағасы, ақыл қып, батырып айт,
Сен інісі, ағат іс, қапылыңды айт.
Ашық айт кейбір істі жасырмастан,
Кейбірін басқалардан жасырып айт.
Бұл рет үлкен ағат сенен, балам,
Адам қанын төккенің бопты жаман.
Бұл дүние, ол дүниеде сұрағы бар,
Не сұмдық бұлар қылған еді саған?
Жастар екен ол өзі, жаңа түлек,
Хан екен нәсілі таза, заты дерлік.
«Дүние ісі-дүниеде қайтар» деген,
Өзіңе қас тауыпсың ең қатерлік.
Көңіліне шешесінің жара түсті,
Жүзіне Бектербектің қара түсті.
Термелеп өткендерден мысал айтып,
Шешесі ортасына ара түсті:
«Ініңе қанша айтсаң да ашуыңды айт,
Қатты айт, батырып айт, ақылыңды айт.
Мұсылман қанды қанмен жумайтұғын,
Ей, балам, қанжар алған қолыңды тарт.
Мен үшін қылмысын кеш, өссін бағың,
Көрерсің игілігін мал мен жанның.
Жолыңа құрбандығың мен болайын,
Қиыңыз Бектербектің қасық қанын».
-Ей, ана, болыспаңыз жарамасқа,
Бұл ақымақ ит екен ғой қара қасқа.
Бейкүнә ханзаданың қанын төккен,
Өлімнен лайықсыз шара басқа.
Екеуің-бір анаға көп пе, балам?
Қылышты қынапқа сал, серіппе, балам.
Көрмесем жылап-жылап қояр едім,
Көзімше қанын жерге төкпе, балам.
Шыбындай жанын сұрап тұрмын қалап,
Алаштың әр ісіне жүрсің жарап.
Кешірмесең, анаңыз разы емес,
Сауамын ақ сүтімді көкке қарап.
Анасы сөйтіп жылап, еңіреді,
Төрімнен қалды жуық көрім деді.
Тілеймін бір өлімнен деді бұл жол,
Сығымдап тұрып жасын көзіндегі.
Жолында шариғаттың ана күту,
Ананы жоқ қой бала ренжіту.
Балаған анасының тілін алып,
Өлтірмеу-Бектербекті қылды беку.
Сонымен өлмей қалды Бектербегі,
Айығып өлім қаупі жүректегі.
Балаған анасының тіліне еріп,
Тоқтапты осы арада ашу шегі.
Бектербек ағасына айтты кеңес:
«Ағат іс менен кеткен жөнді білмес.
Қанқұмар осылардың арғы тегі,
Түбінде өзіңізге пайда бермес.
Белгілі мұсылманға мұның жайы,
Әзер жүр, жасы жетпей болып тағы.
Көрдің бе, көзі жайнап бара жатыр?
Жетпегір, мынау тұрған Наурызбайы.
Зынданда бірі жатыр жастауырақ,
Аз ғана жетпей жатыр күші бірақ.
Жайнайды пиаладай екі көзі,
Бар ойы күндіз-түні жанжал қылмақ.
Саған дос болғанменен, маған дұшпан,
Шешесі ана тұрған-ол бір мыстан.
Бос сөзге болжауы жоқ ере қалып,
Айдаған бір ажал бар мені қысқан».
Балаған сонда тағы ашуланды,
Ақырып, өңін бұзып қатуланды.
-Басыңды алмақ едім аман қалдың,
Анамыз жылай тұрып, алып қалды.
Бұлардың шайқай алмас орыс бағын,
Бүкіл қазақ қорғайды шаңырағын.
Ойнама айғырменен арқаңды алар,
Бір күн тартар алдыңа сый табағын.
Бектербек, былжырамай Тәшкенге қайт,
Зынданда жатқан жанның бәрін босат.
Мал-мүлік, қазына-жасау бәрін қайтар,
Төлеуге кем-кетігін бер, маған ант.
Бұларға жаман оймен жақын келме,
Келсең де жамандыққа көңіл бөлме!
Атақты Абылайдың тұқымы бұл,
Жазатайым боп кетсең, менен көрме!
Сонымен Бектербектің соты тынды,
Көңілсіз, бірақ күшпен басын иді.
Жаны аман қалғанға қуанғанмен,
«Түбі қауіп» деп ойлар бұл тұқымды.
Қарақасқа Балаған сыйын тартқан,
Мінгізді қара арғымақ күйме тартқан.
Алтын-күміс беріпті керегінше,
Қазына-жасау тағы бар түйеге артқан.
Бұйырып Бектербекті қосып берді,
Жасауыл бақылайтын қасына ерді.
Шашылып кеткен екен қазына-жасау,
Бір сабақ жібін қоймай жиып берді.
Жоғалған төлеп берді, сынғандарын,
Санасып бірден-бірден алғандарын.
Шештіріп қол-аяқта кісендерді,
Босатты зынданға айдап салғандарын.
Қиссаның темасы еді-Кенесары,
Қатысты істер көп болып кеттім ары.
Демеңдер уақыт алды құр сөзбенен,
Болмайды бас-аяқсыз істің бәрі.
Кенеге жаңа келді сөз кезегі,
Зынданнан әрең шықты қайнап кегі.
Қапыда өлген Саржан мен Есенкелді,
Соларды ойлап езілді ет-жүрегі.
Биыл келді он жеті жарым жасқа,
Жетіскен қолғанат жоқ тағы басқа.
Бектерден екі ағаның кегін алу,
Әзірше ойлары жоқ одан басқа.
Қайнайды жасы жетпей іште жігер,
Кене ағаң не қыларын өзі білер.
Кегімді Бектербектен алып бер»,-деп,
Кімдерге «ағатайлап» ол жүгінер.
Опық жеп, әттеген-ай, қағар санын,
Шыбындай бағаламас өлсе жанын.
Күнәсіз сабаздарды қырып салған,
Әуелі, төксем дейді Бектің қанын.
Тайынан таңдап мінген құбақан ат,
Тіл білгендей жануар қылығы жат.
Жүрсе жорға, адуын, мінсе мықты,
Шапса, құстай ұшады бардай қанат.
Басса, жерге тұяғын ілдірмейді,
Биік шоқтық, ұзын бел иілмейді.
Сауыры төңкерілген тай қазандай,
Дауылдай шапса, боран гүрілдейді.
Құбақан жүріпті екен баққан жерде,
Лайық бір жылқы еді жаққан ерге.
Тәуекел деп, Кене ағаң мініп алды,
Болса да қатуланып жасы кенже.
Сұрланып ішке тартып алған қанын,
Бойына іліп алды бар қаруын.
Істерін бастан кешкен ойлап көрді,
Кімге айтар алдыменен не қыларын?!
Баяғы қару тыққан Сәлім ноғай,
Оның да қорлығы өткен, емес оңай.
Екі ағам қапыда өлді сол себепті,
Ауады ақырында көңілі солай.
Уағдамен Бекке Сәлім барған екен,
Берсеңші береріңді маған деген.
Қызығып берем деген көп ақшаға,
Антұрған алданғанына нанған екен.
Бектер айтты:-Ей, Сәлім, Құдай атқан,
Залымсың жолдасыңды боққа сатқан.
Сен кімге серік болып жарасасың,
Ханыңды қандай қылдың, тұзын татқан?
Жоғал аулақ, көзіме көрінбе сен,
Менен жақсылық саған жоқ, сөзіме сен.
Маңыма баспа сен де, мен де көрмен,
Шүкір қыл, қаларыңа өлмей есен!
Сонымен Бектен Сәлім аяңдапты,
Қиянат қылғанына ұялмапты.
Ертеден дәм-тұз татып үйреніскен,
Кәрі ордаға қайта кеп баяндапты.
Кене ағаң Сағындықты тапты сұрап,
Малымды жиып бер деп маған құрап.
Белгілі қосып қойған жерлерінен,
Сағындық бермек болды малын жинап.
Сағындық жүр деген соң жүрмек болды,
Санасып малын жиып бермек болды.
Кене ағаң Сағындықпен атқа мінсе,
Әлгі Сәлім бұларға ермек болды.
Кененің ойында бар қылар ісі,
Сәлімге жететіндей қаптал күші.
Үндеспей Кене, Сәлім келе жатыр,
Сағындықтың бұлармен жоқ жұмысы.
Жетуге таяп қалды малы жаққа,
Кез болды ағып жатқан бір бұлаққа.
Көгалға аттан түсіп, дәрет алды,
Сағындық бесін намаз оқымаққа.
Сағындық намаз оқып, отырды ұйып,
Тәубасын білетұғын бойға иіріп.
Осы кезде Сәлімді Кенесары
Бас салып, алып ұрды қылқындырып.
«Алла» деген дауысы бір-ақ шығып,
Қырылдап, сұлап жатты бойы суып.
Бұлқынуға шамасы келмей қапты,
Кеңірдек, қызыл өңеш суырылып.
Сағындық намаз оқып сасқалақтап,
Жаңылып, дұғасынан, көп қайталап.
Сәлімді сұлатып сап отыр еді,
Ер Кене түсі суық, көзі шатынап.
Намазын сонда дағы оқып бопты,
Дұға оқып, таспиығын тартып бопты.
Жия сап жайнамазын жетіп келсе,
Ит Сәлім әлдеқашан өліп бопты.
Қария қарап қапты тамашалап,
Алуға уақыт өткен арашалап.
Қабағы тас түйіліп, жүзі сұп-сұр,
Ер Кене жүресінен отыр қарап.
-Ей, балам, мұның қалай, не қылғаның?
Келіспепті шатақты сағынғаның.
Зынданнан жаңа босап шыққаныңда,
Болмайды мұндай сенің қағынғаның.
Кене айтты Сағындыққа:-Осыным жөн,
Кетті өліп қапылыста екі ағам тең.
Қару-жарақ қылышын осы ұрлаған,
Қалайша сол қылығын ұмытам мен.
Қарусыз құр қол қалған тең келе алмай,
Алып қолын бір рет сермей алмай.
Майданда қылыштасып өлген болса,
Жайыма кетер едім құн сұрамай.
Енді арманым-Бектербектің қанын шашсам,
Ат тұяғын Ташкентте бір ойнатсам.
Өз қылғаныңды өзіңе қыламын деп,
Қасқайып қарсы алдында өзіне айтсам.
Сағындық жауап қатпай қалды сасып,
Жан тумас осы күнде бұдан асып.
Кенекең малын жинап, үйге қайтты,
Қастасқан бір дұшпанның қанын шашып.
Ер Кене балалығын енді тастап,
Сабырлықпен әр іске көңіл бастап.
Шашылған мал-мүлкінің бәрін тапты,
Ұсақ малын түйеге айырбастап.
Бытырап кеткен елдер бас құрапты,
Теңдерін буып-түйіп, жүгін артты.
Жұма күн Ақмешітте намазда екен,
Бектерге іздеп келіп мынаны айтты:
«Бектербек, іс қылмадың сен маған аз,
Қазаққа Сарыарқада айтармын наз.
Қаның жерге төгілмей қалмас сенің,
Кегімді қайтарамын биылғы жаз.
Келермін алыс емес, қойғын біліп,
Бір шабам Ташкеніңді ойнап-күліп.
Өтпейтұғын тесемен басыңды алып,
Қанжолда тораңғыма кетем іліп.
Өзің айт, уағдаңды тоқтайтын дәл,
Қуып жет күшің жетсе, мұқатып қал.
Бойында ақ өлкенің үш күн тосам,
Жеңіп кетсең, сұраусыз олжаңды ал».
Кенекең осыны айтып кетті көшіп,
Ташкентте, ел алдында желдей есіп.
Үндемей кетіп қалса, ар емес пе,
Қылыштай Бектербекті сөзбен кесіп.
Кене батыр сол көшкеннен тынбай тартып,
Түйенің қомын шешпей жүгін артып.
Рүстем батыр кезікті жүз кісімен,
Сайрандап, кең далада жүрген шалқып.
Рүстем батыр еді елден шыққан,
Тегінде Абылайдан өнеге ұққан.
Кенекең Рүстемге жылап тұрып,
Өлген жан, көрген қорлық, бәрін айтқан.
Зынданнан қуанады босадым деп,
Енді ақылды өзіңмен қосамын деп.
Дамылдап осы арада үш күн жатып,
Уағдам-Бектербекті тосамын деп.
Балаған-Бұқардағы ел атасы,
Шапағат бізге тиді ықыласы.
Ташкенттегі бүкіл ел жауым емес,
Дұшпан сол Бектербектің қара басы.
Өлтірсем Бектербекті кері іс емес,
Қаныма қанын төксем теріс емес.
Қала шағып, жер өртеп, ел қырмасам,
Естісе, Балаған да пәлен демес.
Жекеге шықпақ Бектер қуып жетсе,
Кеп қалар деп ойлаймын ажал жетсе.
Арам ойлы аңғалдау бірдеме екен,
Сақтап та тұра алмаймын үш күн өтсе.
Рүстем, араласып жақын келме,
Қылыш ап, маған еріп жауға кірме.
Бар қазақ қаптап келіп өлтірді деп,
Қазақ-өзбек жау болып кетер мүлде.
Бұл ісім-тілегенім өз басыма,
Бектердің қаным қайнар өз басына.
Бір Бектерге бөлініп кетсе екі ел,
Қалмай ма басқа жұрттың табасына.
Бірталай жасауылмен келмек олар,
Сіздерді сырттан келген білер олар.
Ат қойып айқасатын болса екі жақ,
Талай жан қаза тауып, шығын шығар.
Келіп қалса айтарым Бектербекке:
-Өзің шық,-деп шақырам жекпе-жекке.
Соғыстың перісі екен Абылай бабам,
Шақырсам әруағын бұл серттікке.
Бектердің жауым еді қара басы,
Басқаның жоқ менімен бақталасы.
Әлім келмей әлсіреп бара жатсам,
Боларсың осы кезде арашашы.
Рүстем көп тыңдады басын изеп,
Доғарды сөз аяғын «өзің біл» деп.
Егер болса, екі елден ұрыс шығар,
Арандаспа араға қазақпын деп.
Қайғырды қапылысқа Рүстем де,
Көңіл айтты, дұға оқып өткендерге.
Тұқымы Абылайдың асыл затың,
Қолқабыс тигіземін кел дегенде.
Кененің айтқан сайын сөзі өктем,
Әуелгі қайтар емес айтқан серттен.
«Жас бала жау көрмеген дегенменен,
Алыстан болжайды деп мынау неткен!»
Ақыл деген көңілде жанған шырақ,
Арымас алты ай жүрсе, мінсе пырақ.
«Ойы жоқтың көзі жоқ» дейді екен ғой,
Жинамаса, не пайда естіп құлақ?
Бүгін жас болғанменен, ертең жетер,
Сенбесе өз бойына, айтпас бекер.
Қансоқта, қатты қырғын болып қалса,
Арашалап аламыз, болса қатер.
Шіркін-ай, туар ма, жан тап осындай,
Болар ма бір кемеңгер Абылайдай?!
Ой-қырын алты алаштың түгел кезсем,
Сандалармын осыған тең таба алмай.
Көргендей болды Рүстем Абылайын,
Тіледі бір Құдайдан Кене бағын:
«Өлгенім тірілгендей көрдім сені,
Сынбасын жау алдында сенің сағың!»
Сөйлейін Бектербектен қайта оралып,
Алыстап бара жатыр кейін қалып.
Кене тоспақ, ол қумақ-уағда бар,
Аяғы тоқтар екен неге барып?
Кене ағаң қайтар емес уағдадан,
Таймаған жас жолбарыс көңілі жаудан.
Бектер де ертең түсте аттанбақ боп,
Жиып ап кеңесіп тұр сексен палуан.
-Жарандар, бір жауым бар кетті көшіп,
Қылыштай айтқан сөзі батты кесіп.
«Еркек болсаң, тұрамын, кел,-деп кетті,
Қатын болсаң жүн саба, арқан есіп».
Сексен палуан, бәрің де естідіңдер,
Ташкентте естімеген қалды кімдер?
Жұма күн Ақмешітте-ұлы бесін,
Намазға кірген жанның бәрі білер.
«Бармасаң, келем,-деді,-келер жазда,
Кереметті көрсетем деді сонда.
Боятып қызыл қанға ат тұяғын,
Бастарың байланад деп қанжығамда».
Бармасақ шақырғанда қорықты дер,
Сауыт киіп, сайланып қайта келер.
Атақты мұсылманда қала атасы-
Ташкентті ойран қылса, ел түнерер.
Айтқан сертте біз тұрып ертең қусақ,
Жер орта, ен далада қырып салсақ.
Қазақ келсе шабынып, сұрау салып,
Орысқа жала жауып бұра салсақ.
Орысқа олар өш боп жүрген көптен,
Қашқын боп, көшіп жүрген сол себептен.
Әрқайсың өз аузыңа берік болып,
«Орыс» деп біз куәші болсақ шеттен.
Арнап мені шақырды жекпе-жекке,
Естіртіп дауыстады барлық көпке.
Жас бала он сегізге жаңа келген,
Қайдан тең келе алады Бектербекке?!
Барасың сексен батыр маған еріп,
Тұрасың тамашаны шеттен көріп.
Желкесінен жеткізбей қиып салам,
Жастықпен жүрген болса жаннан жеріп.
Өліктерін бір сайға кетсек үйіп,
Қарға-құзғын жеп болар сасып-шіріп.
Мал-мүлкін жиып-теріп олжа қылсақ,
Сұрау салып келгенше, кетер сіңіп.
Қазақта-Абылайдың хан ордасы,
Сансыз көп алтын-күміс қазынасы.
Бәріңе теңбе-тең қып текке берем,
Бір сабақ жіп те алмаймын, сөзім рас.
Қолда бар қазынам да жетеді ғой,
Жауды жеңген абырой жетеді ғой.
Мал-мүлік, дүниені сендер алсаң,
Өмірлерің байлықпен өтеді ғой.
Бектербек, міне, осындай серт беріпті,
Уағда-сексен палуан қол беріпті.
Соғысқа қатынаспа, өзім жетем,
Топ жайып, сендер айбар көрсет» депті.
Ташкентте ел біледі Бектербекті,
Ауызда орақ орса, белі мықты.
Аспандағы ақ қазды атып алып,
Сорпасын бәріне тең бермек бопты.
Бас иді сексен палуан ереміз деп,
Ерлігін Бектербектің көреміз деп.
Жеңіліп жекпе-жекте өліп қалса,
Ойлайды қайта қашып келеміз деп.
Абылай хан-олардың арғы тегі,
Ежелден кетпей жүрген жауға кегі.
Бектербек бұл сапардан қайта алмайды,
Айдай ма екен өлімнің есірігі?
Тәуекел, не болса да болды қумақ,
Таңдаулы сексен палуан бірге бармақ.
Қару-жарақ асынған түсі суық,
Ат мінді екі-екіден өңшең саңлақ.
Сексен палуан бәрі батыр, бір жаркеуде,
Мықтылар да аз емес қара сөзде.
Тегін олжа дегенге бара жатқан,
Жоқ емес қоян жүрек ергендер де.
Қаладан шықты бұлар дүрілдесіп,
Қара көрмей мақтанып, желдей есіп.
Он күн жүрген көш жолын бір күн баспақ,
Аспанда емес, жүрсе егер жерде көшіп.
Келеді көштің сүрлеу ізіменен,
Күндіз жетпей, асығып түніменен.
Төтелеп, ізді тастап кетер кейде,
Бастаған Бектербектің қолыменен.
Бәрінде бірден қосар жетектеген,
Шаба-шаба семіз ат кекіректеген.
Үнемі ат мінбейтін қаладағы ел,
Асты ойылып, ат соғып өбектеген.
Тізгін бос, ерден ұстап өбектейді,
Қамшылар шама да жоқ, тепектейді.
Айыл тартып, ат жалын ұстап мінбей,
Жар іздеп, қия жерге жетектейді.
Қараға еріп кейбірі келед талмай,
Қап-қалсам адасам деп, жол таба алмай.
Қарны ашқан, сусын да жоқ, әлі құрып,
Мең-зең боп ұйқылы көз шырын алмай.
Біреу айтар шаршадық, қайтамыз деп,
Біреу шығар Бектерге айтамыз деп.
Бұларды қызықтырған дүние шіркін,
Жауды алсақ, көп олжаға батамыз деп.
Топ-топ боп арты қалған алыс маңда,
Бектербек үздік келед жалғыз алда.
Жанында келе жатқан үш палуаны-
Керім, Камал, тағы бар бір палуаны.
Ашуланар артына жүрмедің деп,
Кейде кетер келе бер, тосамын деп.
Кейбірі қырсық мінез, қияңқылар,
Бұлданар асықсаң, сен кете бер деп.
Ат мінген күрең қасқа қарабайыр,
Енесі арғымақтан, қашар айғыр.
Зор кеуде, сиыр жота, сымпыс құйрық,
Адымы алты құлаш арам қатқыр.
Тоса-тоса Бектербек сабыры қалмай,
Созылды әскер арты ілесе алмай.
Алауыздық тағы бар топ ішінде,
Тегін олжа бар деген сөзге нанбай.
Бектербек үш адаммен бұрын кеткен,
Кене ағаң қарауылда тұрып көрген.
Құбақан атын мініп, «жекпе-жек» деп,
Қасқайып қас батырдай қарсы төнген.
Бектербек жалт қарады, бір селк етіп,
Айбарлы ашты даусы кеткен өтіп.
Бір суып, бір қуарды сом денесі,
Тер басты өне бойын дір-дір етіп.
Жалтақтап қарай берді жан-жағына,
Батырдың шыдай алмай айбарына.
Өзі мен жанындағы төрт-ақ адам,
Ызалы тобы кейін қалғанына.
«Жау тосар» деп ойлаған жері де емес,
Шығатын жекпе-жекке кезі де емес.
Ат соғып шаршап-шалдығып дел-сал болған,
Әйтеу бір үрей ұшты, тегін емес.
Шықпасам жекпе-жекке қорықты дер,
Қорқу да бар көңілінде емес бекер.
«Саспаған сан соғыста сабаз едім,
Мезгілі жетті ме-деп,-ажал келер?
Қайдасың, сексен палуан, маған ерген,
Бірге келмей, мен неге тастап келгем.
Осы жол сау қалмағым екіталай,
Ажал ма, мені алдына жетектеген?»
Әскердің арттан ерген қарасы жоқ,
Ажалдың жер талғайтын таласы жоқ.
Жас бала кеше көрген бүгін мұндай,
Ақырар арыстандай көңілі тоқ.
Ер Кене тағы ақырды шапшаң бол деп,
«Еркек болсаң шық! дейді, міне, мен деп.
-Үш күн тостым жолыңа көзді қадап,
Бектербек, жауым, сені келмеді деп.
Ташкентте жүруші ең ғой алшаң басып,
Бір сенің айбарыңнан көштік қашып.
Көкек ұшсаң аяғыңнан, жерде төбең,
Басыңды алып кетемін, қаның шашып.
Айыпсыз зынданыңда жаттым шіріп,
Күн көрмей көлеңкеде сағым сынып.
Жумасқа қанды қанмен ойлап едім,
Алдыма өзің келдің жанұшырып.
Бұл дүниеде кешпеймін, ол дүниеде,
«Өлімге өзі келер,-деген,-пенде».
Қапыда өлген екі ағам-қос арысым,
Сол үшін өлесің сен осы жерде.
Ташкентте есіңде ме айтқан сөзім?
Қан төгіп, жаныңды алар келді кезім.
Шендесіп, иянаттап отырмаймын,
Кезек ал, әуел бұрын айтар сөзім.
Әуелі, Бектербегім, кезек саған,
Қазақта бір мақал бар: «өзбек-ағам».
Кіші тұрып, үлкенге жол береді,
Жасы үлкенді біз қазақ дейміз ағаң.
Қарт батыр, көпті көрген қалма танып,
Арманда өлдім деме қапыл қалып.
Аянба да, алданба айтарым сол,
Әдіс, амал, күш серік қайраттанып.
Найзаңды ұр, қылыш шап, садағың тарт,
Аударысып, түсе қап жағалас-шарт.
Бұрынғы батырлардың жолы солай,
Бірінде жеңе алмасаң, иманыңды айт!
Менікі-содан кейін алар кезек,
Білгенімді істеймін, бол тезірек.
Жеңу-менің болады, өлу-сенің,
Сені ажал бастап кепті болып серік.
Өзбекше алсаң, өзің біл, қалмақша алсаң,
Мені жеңу-дәл саған әуре-сарсаң.
Қапыда қалдым деме, Бектер батыр,
Осы жолы мен болам саған қайқаң.
Күбірлеп Бектер айтты:-Кене батыр,
Бір ажал екеумізге келе жатыр.
Ажалдың шайтаны ғой күтіп тұрған,
Шыдамай кезек алды былай ақыр.
Ер Кене бермей тұрды сөзден тыныс,
Сілкініп Бектербек те бастады ұрыс.
Атына жирен қасқа қамшы салып,
Көк найза көлбей ұстап, келді қырыс.
Кезеді дәл жүректен саламын деп,
Өткізіп өңменінен жарамын деп.
Көк найзасын көлбете қағып қалды,
Ер Кене қорыққан жоқ баламын деп.
Қатты қол, ауыр найза тайып кетті,
Мықынынан сауытын жарып кетті.
Қайтарып, қайта найза дәлдегенше,
Ер Кене дәл желкеден салып кетті.
Омақасып жығылды, мойны үзіліп,
Салақтап, желкесінен қалды ілініп.
Сүйретіліп салақтап түскен кезде,
Осқырып, жирен аты кетті жүріп.
Жығылды Бектербегің қара басып,
Қорқырап, ысылдады қанын шашып.
Ақырып жолдасына тап бергенде,
Барады «ағатайлап» олар қашып.
Аттандырмай Камалды ұстап алды,
Қайырып тап жүректен қылыш салды.
Саржанды қылышпенен шапқан гөзал,
Атынан сол арада-ақ ауып қалды.
Жанұшырып қалғаны қашқан болды,
Белестен алдындағы асқан болды.
Тулақтай аралығын алты-ақ аттап,
Ер Кене құбақанмен бір-ақ ілді.
Ол-баяғы қылышты Керім екен,
Саржанның «хатты орысқа берді» деген.
Өз қылғанын өзіне оған да қып,
Қашқанын тағы қуды жетер ме екен?!
Оны да бел асырмай ұстап алды,
Көтеріп ат үстінен алдына алды.
Тақымға басып тұрып, ерге қысып,
Шыңғыртып мынадай бір уәде алды:
-Үй, батыр, ойбайлама,
Серттессек, тұрамысың уағдаңа.
«Бектербектің өлгенін көрдім» деп бар,
Кейінгі келе жатқан палуандарыңа.
Соғысар болса, тез келсін, тұрам сақтап,
Жанынан тойған болса ажал жақтап.
Бірін-бірі қалдырмай қырып салам,
Естіртіп барлығына айтқын нақтап.
Сенсе, егер өз күшіне келе берсін,
Кетірем бір ақырсам, берекесін.
Әлін білмей, әлекке қалам десе,
Құдіретін Кененің келіп көрсін.
Бектердің өз басы еді маған-дұшпан,
Құтыртып осы ажалы оны қысқан.
Басқасымен ежелден егерім жоқ,
Ол тимесе, мен тимен, сертім айтқан.
Сөзімді бастан-аяқ алғын ұғып,
Болмаса, өлтіремін бір-ақ ұрып.
Айтарым көп досыңа осы ғана,
Тоқтасын тұжырымға өзі біліп.
Қадірлі, сәлем дерсің, Балағанға,
Көне дос, жаңа дос деп санағанға.
Ғұмырым болса, құрметті сыйым да бар,
Осындай үлкен іске жарағанға.
Бектербек өліп кетті қаза тауып,
Кеткен жоқ басқасына найзам ауып.
Өлген жан, төгілген қан, аққан жастар,
Тоқтады айналып кеп өзін тауып.
«Айтам» деп әлгі палуан кетті жүріп,
Қуанып, өлмегенге іштей күліп.
Ағызбастан тамызбай бәрін айтпақ,
Мейлі деп, қоя берген жанын қиып.
Барыпты алдыменен қашқан бірі,
Қан-сөл жоқ, қорыққаннан сары жүзі.
Өлгенін Бектербектің оларға айтқан,
Осыдан мәлім болды Бектің сыры.
Топ-топ боп тозған кезде үдірейіп,
Кейінгі тағы барған сүмірейіп.
Үрейлі, тілі күрмеліп айтар сөзге,
Көргенін баян қылды есін жиып:
«Ажал тура алдарыңа барғаныңа,
Қуанам өлмей аман қалғаныма.
Қырып сап, олжа әперем деген Бектер,
Шыдамады бір қылыш ұрғанына.
Өлгенін көрді көзім Бектербектің,
Камал, Керім тағы өлді, өңкей мықтың.
Басқадан көретұғын іс емес бұл,
Ей, Бектер, өз түбіңе өзің жеттің.
Тегін олжа әпермек болған еді,
Егін сап, ауызда орақ орған еді.
Айтқаны арымайтын жалған екен,
Аман қайтсақ, жан бізге сауға деді».
Тамсанды, япырмай, қайтеміз деп,
Талайы шықты топтан қайтамыз деп.
Сандарын бір-ақ қағып, опық жеді,
Келгендер тегін олжа аламыз деп.
Жан тәтті жаласы жоқ тірі жанға,
Аман жетсем деп ойлар ертең таңға.
Атының басын бұрды кейін қарай,
Өкініп келгеніне батып шаңға.
Бектерді қайтты бұлар боқтай-боқтай,
Олжадан көңілі суып қалды тоқтай.
Андыздап өрген қойдай кетті бұлар,
Тоқтатып, береке айтар адам шықпай.
Қарайды арт жағына көңілі суып,
Жау жетіп қала ма деп, бізді қуып.
Қашқаны жарысқаннан бөтен емес,
Шаң қалды арт жағында жерді буып.
Жол да алыс көрінеді қарысқандай,
Бірінен-бірі озып жарысқандай.
Мал, бақыт көңілге тоқ құмар адам,
Сонда да тәтті болмас шыбын жандай.
Біреуді біле алмады біреу біліп,
Салы селге кеткендей, сағы сынып.
Бес күн жүрген жолдарын үш күн басып,
Ташкентке түн жарымда кеткен кіріп.
Ер Кене жаудың көрді қашқандығын,
Шаңы қап Ақөлкеден асқандығын.
Үрейсіз Рүстемге айтып отыр,
Бектердің қанын судай шашқандығын.
Тағы да Камал менен Керім де бар,
Бас алған, қылыш шапқан күнәлілер.
Олжа алмаққа келгендер кетті қашып,
Кезінде олар маған күнәсіздер.
Жаратып Рүстем де, бәле-ай, деді,
Істеген істерінің сәні-ай, деді.
Томырық, қара күшке ақыл пана,
Күш пенен ақыл-қайлаң дәл-ай, деді.
Кененің ерлігіне көңілі тойып,
Сыналап көп қарайды көңіл қойып.
Қол жайып, дұға қылып өз аузымен,
Қосары көк қасқа атын айтып сойды.
Кененің Бектербектен кегі бітті,
Арқалап көптен жүрген ауыр кетті.
Өзін арыс санаған Бектербектің,
Түбіне ақырында барыс жетті.
Ат-тонын алған еді олжа қылып,
Беріпті Рүстемге бәрін қиып.
Ташкентте тасып жүрген Бектербегің,
Құзғын жеп, айдалада қалған шіріп.
Рүстем: «Көп рахмет!» десіп кетті,
Көңілі ер Кененің өсіп кетті.
Орнығып оншақты күн дамылдап ап,
Сайрандап Сарыарқаға көшіп кетті.
Тігіліп Абылайдың хан ордасы,
Баяғы атамекен жер ортасы.
Рүстем ат шаптырып хабар салып,
Үш жүзде Кене деді ханның басы.
Хан болды сонан былай Кенесары,
Қиыннан қиыстырып келген сәні.
Атақты әрбір елдің би-сұлтаны,
Кенеге жылы ұшырай келді бәрі.
Кенесары Кене хан болып тұрып,
Бабасы Абылайдың жолын қуып.
Елдегі ер жүректі, сом білекті,
Сұрыптап батырларды алды жиып.
Шешен де, шежіре де өз қасында,
Ақын менен дұғагөй молдасын да.
Кенеден ақыл сұрап тұрды келіп,
Атақты данышпандар ел басында.
Талапты, тағылым алған жастар да бар,
Көп жасап, көпті көрген қарттар да бар.
Бұлардың ортасында Кене ханы,
Не түрлі қиын іске ақыл табар.
Хан болып Кенесары тұрды шалқып,
Үш жүзден атағы асып кетті қалқып.
Кененің кереметі толып жатыр,
Өмірім болса тағы берем айтып.
Жасымда бұл қиссаны жаттағанмын,
Қатысты кітап оқып сақтағанмын.
Еске алып ұмытқанды қайта жазған,
Шериаздан-Сұлтанбайдың баласымын.
Осымен Кенесары тұра тұрсын,
Қызықса, естіген жан мойын бұрсын.
Мұнымен таусылды деп ойламаңдар,
Тағы айтам «Наурызбайда» кейінгісін.