БАБАЛАР СӨЗІ: Маңғыстау жеріндегі Масат ата аңызы

***
Ертеде елін дау мен жаудан қорғай, жердің шетінде, желдің өтінде, тұлғасына батырлығы, батырлығына парасаты жарасқан Масат деген адам өмір сүріпті. Оның тағы бір қасиеті-оған атқан оқ, шапқан қылыш өтпейді екен. Оны алам деп келген талай жаудың меселі қайтып, діңкесі құриды. Сонан кейін олар әр түрлі айла, сан қилы шарғы ойлайды. Ақыры, Масаттың жауынгерлікте қолға түскен жап-жас тоқалына жол табады. Сол тоқалмен жаудың жансызы әуес болады. Оған жас тоқал Масаттың осал тұсын айтып қояды. Сөйтсе, Масат таң намазына ұйып отырған кезде оның алпыс екі тамыры иіп, тұла бойы пенделік қалыпқа түсіп, бусанып кететін көрінеді. Тіпті, ол намаз кезінде Масат мекен ететін қара тас баланың еңбегіндей болып, былқылдап жатады екен. Сонан соң әлгі жансыз Масаттың осы осал тұсын пайдала¬нып, таң намазы кезінде оның басын шауып түсіреді. Сол кез¬де алдына домалап түскен басын Масат жерге түспестен етегіне салып алып, жас баланың еңбегіндей болып былқылдап еріп жатқан көк тастың үстімен жүгірген екен дейді. Оның соңынан бұл сұмдықты көріп тұрған Масаттың құлынды биесі де кісінеп ілесе жөнеледі. Масат тұтасып жатқан көк тастың жиегіне жете бергенде әлдеқандай бір құдірет күшімен аспан күңіреніп, қара жер қақ айрылады да, оған етегіне басын салған қалпы алдымен Масат, соңынан биесі кіріп кетеді. Осы аңыздың көрінісі күні бүгін көк тасты аландайдың үстінде сарнап жатыр. Алшаңдап аттап басқан Масаттың да, құлынды биенің де іздері, шашыраған қып-қызыл қанның дақтарына дейін сол қалпында сақталған. Тіпті сол сұмдық оқиға күні кеше ғана болғандай. Сонан ел жаңағы жерді «Масат ата» деп атап кетеді.