БАБАЛАР СӨЗІ: «Марқакөл» атауы қайдан шықты?
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
МАРҚАКӨЛ
(І нұсқа)
Ерте кезде көлдің орнында кең жазық дала болыпты. Бұл жерде алуан түрлі әсем жасыл шөптер өскен екен.
Оны жайлаған бір байдың жүйрік аты бір орнында тұра алмай, қатты мазасызданыпты. Бір кезде су атқылап шығады. Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетеді. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген қозы-марқалары су астында қалып қойыпты. Осыдан барып пайда болған көл «Марқакөл» деп аталыпты.
МАРҚАКӨЛ
(ІІ нұсқа)
Бұл оқиға ертеде болған. Таулардың арасындағы жазықта кішкентай ғана таза бұлақ сылдырап ағып жататын. Әкесі мен ұлы бағатын қойлар осында су ішуге келетін. Олардың отарында бір кішкентай марқа қозы болушы еді. Бір күні сол қозы бұлақтан су ішуді ойлайды. Кенет оны су тарта бастайды. Мұны көрген бала марқаны құтқаруға жүгіреді. Бірақ қанша тырысқанымен шамасы келмейді. Содан соң көмекке әкесін шақырады. Олар екеулеп тартып жүріп, ақыры қозыны құтқарады. Сол кезде бұлақтан су атқылап кетеді де, бүкіл жайылымды басады. Сөйтіп, көл пайда болды. Содан бері бұл көл «Марқакөл» аталып кетті.