«Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар ауыл-аймаққа жеткізілуі керек

ОРАЛ. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар ауыл-аймаққа жеткізілуі керек.
None
None

Бұл туралы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада Астана қаласындағы «Фолиант» баспасы қызметкерлерімен кездесуде айтылды.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарыққа шығып жатқан 100 томдық "Бабалар сөзі" атты кітаптар сериясын тарату мақсатымен жүрген баспагерлермен кездесуге мектеп мұғалімдері, студенттер мен кітап жанашырлары қатысты.

Онда "Өз халқының тарихы көрініс табатын төл фольклорын Қазақстан сияқты мақсатты түрде жинап, 100 том кітап етіп шығарған басқа ел әлемде бар ма екен?!" деген Елбасын ерекше мақтанышқа бөлеген кітаптардың сұранысқа ие бола алмай отырғаны әңгіме болды. Бүгінгі таңда "Бабалар сөзі" сериясының 60 томы жарыққа шыққан. Баспаның көркем әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуат Құрмансейіттің айтуынша, бұл алпыс том мемлекеттік тапсырыспен республикадағы іргелі кітапханалар мен оқу орындарына ғана жеткізіліп жатыр. Кітаптың алғашқы 10 томы екі мың данамен жарық көрген. Бүгінде әр томы үш мың данамен шығып жатқан құнды басылымның бүкіл еліміз үшін аздық етері сөзсіз. Сол аз таралыммен шыққан кітаптың өзін тарату қиын болып отыр. Құнды кітаптардың ауыл мектептеріне жетпей отырғаны алаңдатады. Бұл мәселені шешуге әр ауылдан шыққан, елім-жерім дейтін іскер азаматтар атсалысса, олар өздері оқыған мектепке сол алпыс томды тарту етсе деген пікір айтылды.

Біреуінің құны 1200 теңге тұратын кітапты сатып алуға қарапайым отбасының қалтасы көтермейтіні шындық. Күні бүгін жарыққа шығып отырған 60 томның бағасы 72 мың, яғни, ұрпақ қамын ойлаймын деген қалталы азаматқа бұл үлкен салмақ емес екені анық.

Кездесуде облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қызметкері Марат Қадыров, облыстық қазақ драма театрының әртісі Мұсағали Бектенов өз пікірін білдіріп, өздері туып-өскен ауыл мектебіне 60 томдықты тарту ететіндіктерін айтты.

Соңғы жаңалықтар