Бабалар сөзі: Жанқожа батыр туралы

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
Жанқожа батыр туралы
(Қарман Сұлтанұлы нұсқасы)
Ер Жәкеңді жырлайын
Қағаз, қалам қолға алып.
Білгенімше жазайын,
Біраз ғана ойланып.
Кеуілден қиял табылар,
Сөйлесе тілім, қозғалып.
Әруақты ер еді,
Артында жүрген сөз қалып.
Жақсы, жаман болса да,
Тыңдаңдар халық, аңғарып.
Онша жүйрік емеспін
Байрақтан озған бәйгі алып.
Ау, халқым, құлақ салып тыңдасаңдар,
Айтайын ер Жәкеңнің әңгімесін.
Кеулім қиялданып, желденгенсін,
Кеуліме жаратқаным жел бергенсін.
Жырладым кіші жүздің батырларын,
Айтылмай ер Жанқожа неге қалсын!
Белгілі кіші жүзге батыр Жәкең,
Кім айтпасын аты шыққан әулиесін.
Тыңдайды кім де болса мұның сөзін,
Келтіріп, тауып айтса сөз иесін.
Жазайын халық аузында қалған сөзді,
Жыр болып, халық арасына жариялансын.
Баяндап мен айтайын арғы тегін,
Жәкеңнің шыққан жерін халық білсін.
Баласы алты Әлімнің Жаманақты-ай
Шек басқан бұл таңына Шекті депті-ай.
Белгілі нағашысы Есет Тама-ай,
Бер жағы Есеналы, Кішкенеден.
Құттықтың Майданынан ер Киікбай,
Баласы Киікбайдың Өтеген, Нұрымбет,
Туады Нұрымбеттен ер Жанқожа-ай.
Мен өзім Жанқожаны көргенім жоқ,
Бұл сөздер бұрынғыдан қалған дерек.
Туыпты Киікбайдан Өтеген, Нұрымбет,
Келе жатқан шынжыр атай бұл асыл тек.
Туыпты Нұрымбеттен Ер Жанқожа,
Дұшпанға жібермеген ар менен кек.
Атадан туғаннан-ақ артық туды,
Әлсіздің қамын ойлап жүретін тек.
Көнбеген зорлық пенен зомбылыққа,
Әлсіздің жатса біреу ақысын жеп.
Солардың арын арлап, еткен көмек,
Сонан соң қарсы болды бай менен бек.
Орынсыз ел арасындағы іске көнбей,
Жүріпті елден аулақ өзі бөлек.
«Кетеді,-деп,-еңбекшінің маңдай тері»,
Нан орнына құмаршақты еткен қорек.
Ішпеген самаурыннан құйдырып шай,
Осылай мәниғасын айту керек.
Ішкені-өз малынан айран, шұбат,
Құдірет ер Жәкеңе берген қуат.
Белгілі арғы атасы-ер Киікбай,
Жанқожа әне сондай ерден туат.
Жемеген кісі ақысын етіп зорлық,
Ақ кеуіл, адал туған шын асылзат.
Нұрымбеттен Ақмырза, Жауғашар, Жанқожа, Бек-төрт бала туған. Ақмырза ақылды, батыл, жақсы адам болған. Жанқожа батыр болған, жасынан-ақ елдегі зорлықшылдарға қарсы болған. Жанқожа әйел алғансын, мал шаруашылығына Қызылды жайлап көшіп кетеді. Сонан кейін Бұқар хандығы нан Бабажан деген батыр сарт келіп, Жанкентке қала салып, қа мал соқтырады. Сөйтіп, біздің елге хандық жүргізіп, үстемдік етеді.
Ендігі сөз осыдан айтылады:
Құлақ сал бұл сөзіме, ал азамат,
Сұңқардай ұшатұғын қанат қомдап.
Шайырдан сөз шығады буат-буат,
Топасқа түсінбейтін айтсаң да, ұят.
Жақсыға түсінікті сөзім қымбат,
Жақсыны жарияласаң, көңілің шат.
Тегін сөзді тексермей тыңда, халық,
Сөзімді жүргенім жоқ сатып-пұлдап.
Жанкентке қала салды Бабажан сарт,
«Хан болдым,-деп,-қазаққа, бітті мақсат».
«Елімді айтқаныңа көндірем»,-деп,
Раманқұл беріпті Бабажанға ант.
Сөзіне оның айтқан кеулі бітіп,
Астына жіберіпті мінгізіп ат.
Жалынып Бабажанға, жалбақшы боп,
Түзепті сонан кейін сән-салтанат.
Басшы етіп өз алдына қала салып,
«Хан болдың,-деп,-еліңе», беріпті атақ.
Еріп ол Бабажанға, болған жалпақ,
Олжалап біздің елді, пайдаланып,
Елінен шығын салып, салық алмақ.
Қала салды Бабажан,
Нан пісірді тандырдан.
Елді жауға алдырған аузының аласы.
Сатылып Бабажанға Раманқұл,
Халыққа тиіп шарпуы,
Зекет алды малынан,
Үсір алған басынан.
Қырқылмаған қозы жеп,
Өзінің елін қанаған.
Қойнына қыз салыпты
Бабажан кеуліне жараған.
Раманқұл сұмырай
Өзінің елін талаған.
Раманқұл байыпты
Халықтан алған салықтан.
Бабажанның еріп соңына,
Айрылыпты халықтан.
Елді басып аяққа,
Асты сөйтіп қанадан.
Кетер дейсің қай жаққа?
Тасыпты сөйтіп шарадан.
Күж мойынды Бабажанның
Халық аузына қараған.
Бұл азарға шыдай ма
Алаштың ұлы аламан.
Мынандай зорлық көргесін,
Ақмырза қатты қайғырған.
Жанқожаның ағасы
Ақмырза ойды ойлаған.
Зәбірі тиді туғанның,
Ойламасқа болмаған.
Ақтанға келіп Ақмырза,
Бабажанды жырлаған.
-Отырсың қалай сен, Ақтан,
Бабажан биледі еліңді.
Дұшпан шығып арадан,
Шыдай алмай мен келдім,
Халыққа еткен азардан.
Батыр едің арыстан,
Дұшпаныңмен алысқан.
Азар көрдік бұл Бабажаннан,
Батыр батыр бола ма,
Осындайда шығармай,
Үйде жатып бас баққан.
Жылқыайдар, Сартай, Киікбай
Үш жүз болып аттанып,
Кек алып еді қалмақтан.
Сарт пенен қалмақ тең емес,
Көп шыққан батыр олардан.
Біз солардан қалған тұқымбыз,
Отырамыз ба қорқып Бабажаннан?!
Сартқа беріп ерікті
Айрылдық қой халықтан.
Тұлпар өлед шабыстан,
Ер өледі намыстан.
«Билеймін,-деп,-еліңді»,
Келіп жүр ғой алыстан.
Ала қанат сауысқан
Құйысқанға жабысқан.
Шолжаңдады қара сарт
Бұл қазақты басынған.
Ашуым келіп арланып,
Айтып тұр ағаң ашынған.
Жақын жерде болмады
Жанқожа мен Жылқыаман.
Жақында отыр Нұршада,
Не шығады Бақадан?!
Ашуы келіп арланса,
Тал бақан алып шықпай ма
Дариядағы ашадан?!
«Жанқожаның жоқтығы» дейд,
Есітсем қатын-баладан.
Жақында отыр Толыбай
Бізден хабар алмады-ай,
Назарын бізге салмады-ай.
Көптен бері көрмедім
Жақайымның жебесін,
Дұшпанның сөккен көбесін.
Қарасақал Шағырай
Жақын жерде болмады-ай.
Бізге өкпесі жоқ еді,
Раманқұлдың кесірі-ай.
Есеналы, Айдарбекте
Жанқожадан басқа ер барма-ай?!
Бұл Шектінің ішінде,
Басы бүтін, аузы бір
Жақайымдай ел қайда-ай!
Айт, Бұжыр бізге қосылмайд,
Бастан бөлек ел еді-ай.
Мәкуды тауып алып асырад,
Жақайым әруақты ер еді-ай!
Жақайымның қолында Мәку
Қазасы жетіп өледі-ай,
Әйелі жесір қалады-ай.
Сұрағасын Зеріпті,
Беріп еді Өріске-ай.
Айтайын қуып деректі-ай,
Бастан болар бөлекті-ай.
Ақсұңқар құстай шүйліккен
Оларда батыр көп еді-ай.
Елдің солар тәуірі,
Шектінің солар сауыры.
Құладыннан қайбыртып
Отырғанымыз бұл қалай?
Қара қарға шалықтап,
Жер мен көкті шырқады-ай.
Қамын ойлап халықтың,
Айттым сөзді бірталай,
Хабар тисе, ерлерім
Келер еді қалыспай.
Іздеп тұрмын және мен
Жақайымның ырасын.
Ақсұңқар құстай шүйлігіп,
Құлашын жауға жаятын.
Егескен жерден қасарып,
Айтқаны соның болатын.
Алдыменен соны алды,
Ердің ері сол еді,
Тайынбай жауға баратын.
Әуеден ұшқан ақсұңқар
Қанатыменен қонатын.
Ел қорғайтын ерлердің
Қайраты жұртқа болатын.
Қайратты туған ер жігіт
Кегін жаудан алатын.
Көре алмадым және мен
Жақайымның Аралын.
Есітпеді ме Бабажанның хабарын?
Есіте қойса хабарын,
Батырдың бірі сол еді
Тайынбай жауға баратын,
Дұшпаннан кегін алатын.
Осыны айтып Ақмырза,
Кеулінің білдірді шамасын.
Батыр Ақтан сонда сөйледі:
-Отырамын мен нағып,
Келіп тұрсың, би аға,
Маған айтып шағынып.
Раманқұлдай қу шығып,
Сартқа жүр ғой жағынып.
Нағып шыдап отырам,
Халық жатса шабылып.
Елге тиді зәбірі,
Өзіңнен бәле табылып.
ұрысқанмен бір өзім,
Бұза алмаспын қамалын.
Жүр едім мен де ойланып,
Бұл хабарды есітіп.
Мен де тұрмын қамданып,
Батырларға хабар берейін,
Ат пенен адам шаптырып.
Жылқыаман мен Жанқожаны
Қайдан да алам таптырып.
Оларға хабар тигенсін,
Ерлер келер шабынып.
«Хан болам» деп Бабажан
Жүрген шығар аблығып.
Хан бола алмайд бұл елге,
Батырлар келсе аттанып.
Қамалын бұзып бұл сарттың,
Өлтіреміз жабылып.
Өз қылғаны өзіне-
Артына қазық қағылып,
Раманқұл да өледі,
Өзіне бәле табылып.
Осыны айтып ер Ақтан,
Батырларға хабар береді.
Осылай деген бір ызың
Раманқұлға келеді.
Ақмырзадан болғанын
Енді өзі сезеді.
Ақмырзаны өлтіруге
Жаман ойы бұзылды.
Жақтырмай оны жүретін,
«Бермедің,-деп,-сартқа қызыңды».
Жанына мақұл көрмеді
Оның айтқан сөзін де.
Сарт кетсе бағы таяды,
Ол өзіне белгілі.
Осыны айтып, ол сұмырай
Бабажанға шағынды.
«Өлтірейік Ақмырзаны,
Адам бер»,-деп жалынды.
Сартқа сатқан намысын
Көрдің бе мұндай залымды?!
Адам алып ол сарттан,
Ақмырзаны аңдыды.
Оңашада ұстап өлтіріп,
Білмесін деп еш адам,
Дарияға салып ағызды.
Адам еді ақылды,
Халық үшін кетті ақыры.
Қарсы шыққан екі адамды
Дарға асып өлтірді.
Раманқұлдың жолдасы
Бекарыстан деген кісі еді.
Бабажан сартқа сатылып,
Халыққа зәбір істеді.
Жанқожа аттанып келгенше,
Бекарыстан қашып кетеді.
Өз туғанын өлтіріп,
Суытты сөйтіп жүректі.
Өз мақсатын орындап,
Қабыл болды тілегі.
Ақмырзасы өлгенсін,
Орнына түсті жүрегі.
Шектіні түгел билемей.
Толықпай жүрген кеуілі.
Құрманай менен Құттықтан
Он бес адам алып қасына,
Тілеу-Қабаққа жүреді.
Қонысына жер алып,
Қарауына ел алып,
Билемек тағы ол елді.
Батыры сенген Шалабай
Ізіне бірге ереді.
Осыменен жол жүріп,
Тілеу, Қабаққа келеді.
Келіп тұрып бұл елге,
Раманқұл сөйледі:
-Тілеу менен Қабаққа,
Сырдың бойын жайлаған
Хан болды Бабажан қазаққа.
Хандығынан адам шығарып,
Жіберді хабар жан-жаққа.
Біздің қазақ баласын
Қарауына алмаққа.
Сіздің елге мен келдім
Сіздерден жауап алмаққа.
Айтып болдым сөзімді,
Өздерің біл бірақ та.
Қарсы болып Ақмырза,
Жақында оны өлтірді,
Таппады пайда ол жақта.
Жылқыаман, Жанқожа онда жоқ,
Білмейім жүргенін қай жақта.
Жауабын тез бер, қайтамын,
Мен келіп едім бұл жаққа.
Тілеу-Қабақтының батыры Әзберген, Қарақұл: «Біз АйтБұжырдан: Назар, Шүрен, Тілеу, Қабақ деген төрт арыс ел едік.
Біз ол шектіден бөлек шектіміз. Бұл сарттың алдына түсіп, бажақ болып кеулі біздің елді билемек. Ақмырзаны өлтіргенін
айтып, бізді қорқытып отыр. Біз мұны өлтіріп жіберейік»,-деп ойласып, Әзберген, Қарақұлдың берген жауабы:
-Біз жақтырмай отырмыз
Айтқан сөзіңнің сыңайын.
Қаңғыған сартты хан қойып,
Нағып отыр ағайын?!
Ақмырзаны өлтірсе,
Жанқожа берер сазайын.
Жақынға қарсы болатын
Жаман туған ағайын.
Ақмырзаны өлтіріп,
Сүйінші сұрап келдің бе?!
Ауылыңа жібермей,
Басыңды сенің қағайын.
Өйтіп әкім болғанша,
Орысқа барып жалданып,
Шошқаның бақпай торайын,
Арыңды сатқан арсызсың!
Өз қолымнан өлтіріп,
Теріңді сенің жаяйын,-деп,
Қарақұл тұрып ақырды.
Осыны айтып болғансын,
Әзберген мен Қарақұл
Ауылдан жіберді шығарып.
«Өлтіреміз» дегесін,
Келатыр қашып, қамалып.
Қарсыласар батыр жоқ,
Қайғырды қатты жабығып.
Әуелде ойламай, ақыры
Ісі түсті басына тарығып.
Қарсы шабар ері жоқ,
Шыққан екен нағылып.
Бабажан қалып қашықта,
Онан да қалды айрылып.
Артынан қуып жетіпті
Әзберген, Қарақұл қос батыр,
Келген екен басқарып.
Ақмырзаны өлтіргенсін,
Бабажан сартқа сатылып,
Ашуланып, арланып,
Қылыш, найза қолға алып,
Қарауыл алып, қамданып,
Терең сайға қамады.
Отыз адам қайтарып,
Раманқұл бастығы
Он екі адамын өлтіріп,
«Қол садақасы» деп жіберген
Екі адамын елге қайтарып.
«Хангелді мен Қосет»,-дейд,-
Аман келген қуанып.
Жолдасын жауға қырғызып,
Жүректерін су алып.
Он екі адам өлгесін,
Шалабай қашып кетіпті
Бас амандап құтылып.
Раманқұл өледі,
Іздегенге зор табылып.
Қосет пенен Хангелді
Шалабайға жетіпті
Отырған жерде дем алып.
Хангелді келіп сөйледі,
Шалабайға толғанып:
-Ау, Шалабай, Шалабай!
Шығып едік ауылдан
Он бес адам аттанып.
Тілеу менен Қабаққа
Барамыз деп қозғалып.
Аламыз деп орамға
Раманқұл қу шықты,
Сарт сөзіне иланып.
Еріп едік сол қуға,
Қырлы найза қолға алып.
Он екі адамыңды өлтіріп,
Қашып шықтық сандалып.
Сен ауылда жүргенде,
Батырсынып жүр едің,
Барымта алып, олжа алып.
Батырлығың қай жақта,
Жолдасың қалды қырылып.
Елге қалай барасың,
Қара басың көрініп?
Елде қалған батырлар
Күлмей ме саған жерініп.
Хан болам дегенге қазаққа
Раманқұл сұмырай
Ақмырзаны өлтірді,
Бабажан сартқа сатылып.
Соның ердің соңына
Әруаққа шатылып.
Ақмырзаның естісе өлгенін,
Бабажанды өлтірген шығар Жанқожа
Артына қазақ қақтырып.
Өлгені жақсы бұл жақта,
Раманқұлды да өлтіред
Қылышпенен шаптырып.
Атанып қол садақасы,
Бізде қайттық қаңғырып.
Қарсы болып халыққа,
Тіршілігі құрысын,
Бүйтіп жүрген жан болып.
Шалабай батыр, қарыштап,
ұрысып неге өлмедің,
Сол арада қан болып?!
Күлкі болып халыққа,
Жүргенің құрысын жан болып.
Осыны айтып болды да,
Елге қайтты үшеуі.
Жолдасын жауға қалдырған-
Беті қара күйелі.
«Қол садақасы» атанып,
Қарғысына ұшырады
Әруақтың киелі.
Келгенменен Шалабай,
Бола алмайд адам сүбелі.
Садақаға айтылған
Қосет пенен Хангелді
Бір жылдан кейін өледі,
Осымен тұрсын бұл жері.
Шалабай еліне келіп, көрген-білгенін, адамдарының өлгенін айтады. Бұлар бұл жақта бұлай бола берсін, Ақтан батыр
Ақмырзаның айтуы бойынша батырларды шақыртуға адам жібереді. Ақмырзаның өлгенін айтады. Бұл хабарды есітіп, ба-
тырлар түгел аттанып, Бабажан сартқа келеді.
Ақмырзаның өлгенін
Естігенсін Жанқожа,
Жата алмады тоқталып.
Жайлап отырған жерінен-
Құландының бойынан
Жанқожа шықты аттанып.
Көкешкі аты астында,
Көк сауыты үстінде,
Қару-жарақ байланып.
Жалғыз ағасы өлгенсін,
Келатыр жауға сайланып.
Арада қонып жетіпті,
Несіне жүрсін айналып!
Шығып еді ауылдан,
Құдайыға тай шалып.
Әруаққа сыйынып,
Жаратқанды ойға алып.
Бабажан жайын есітіп
Ақтан жіберген адамнан,
Жақайымнан аттанды Жылқыаман-
Ақшолақ мылтық асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Ауанның бойын жайлаған.
О да қуып жетіпті,
Шыңның шығып астынан.
Аттанып шықты Дәкіден
Жақайымның Аралы,
Барғасын жаудың хабары.
Жақайымнан аттанды ер Жәнес,
О да ешкімнен кем емес,
Отырған жері жер Жәнес,
Қатардан қалса, ер емес.
Жақайымның Расы-
Алыстан келді аттанып,
Батырдың нағыз сарасы.
Ер Сартайдың жұраты
Кеулінің жоқ аласы.
«Рас айтса,-деген бар,-
Сөзінің рас, расы».
Нұршадан шығып барыпты
Жақайымның Бақасы-
Қолында найза, балтасы.
Жақайымда-Толыбай,
Бұ да келді қалыспай.
Алыстан келді Шағырай-
Қарасақалдың батыры-ай.
Төртқарадан келді Тілеулі,
Жанқожамен бір тілегі.
Қару-жарақ асынған,
Айнымайтын ер жүрегі.
Төртқарадан келді Байқазақ,
Қай батырдан кем қазақ?!
Қылыш-найза асынып,
Астына мініп арғымақ.
Төртқарадан келді Жәнібек,
Жау дегенде, жатпас тек.
Дұшпанын жеңіп, алған кек
Жанқожаға келіп қосылды,
Бұларда келіп бір бөлек.
Алты Әлімнің баласы,
Бәрінікі бір тілек.
Батырлар жүр қамданып:
«Қолыма түссе, кәнеки,
Бабажанды көрем»,-деп.
Жиналып ерлер жатыр-ай,
Қамалды келіп қамады-ай.
Айналып жүр жағалап,
Ешбір тесік таба алмай.
Жиналып өңшең ерлер басын қосып,
Қамалды айнала шапты, алдын тосып.
Таппады батыр тесік, ешбір есік,
Батырлар екпіндеп жүр желдей есіп.
Ерлердің қамағанын анық біліп,
Отырды Бабажанның есі кетіп.
Түнімен сол қамалды қамап жатты,
Сонда да тесік тауып, кіре алмапты.
Сарғайып бір уақытта таң атыпты,
Батырлар бір азғантай дем алыпты,
Бұза алмай бұл қамалды қамалыпты.
Келіпті, таң атқансын, Ақтан, Шортай,
Бұлар да дайындалған, қарап жатпай.
Қолында балта-кетпен қайың сапты-ай,
Батырлар келгеніне қуанады-ай,
Көтеріп «Жанқожалап» ту алады-ай.
Қазандай үстеріне бұлт ойнаған,
«Ақтанның бұлты келді» деп,
Жанқожа сырттан көріп айғайлаған.
Қамалға бәрі бірдей ұмтылып ед,
Сонда да ешбір қаһар қыла алмаған.
Не бітеді найза менен құр қылыштан,
Бақаны көрді қамалды балталаған.
Балта жоқ қолдарында, анталаған,
Балта іздеп бәрі бірдей шапқылаған,
Жоқ балта, іздегенмен, табылмаған.
Күтініп келген екен Ақтан, Шортай,
Бұлар да дайындалған, қарап жатпай.
Қамалды бұ да барып балталаған,
Сонан соң «Жанқожа!» деп ұрандаған,
Буалдыр жердің бетін тұман басқан.
Бұл дауысты естіп,
Қалың кедей қаптаған.
Қайдан қару табылсын?!
Балта мен кетпен саптаған.
Батырларға қосылып,
Кедей-жалшы жабылып,
Қамалды бұзып, қаптаған.
Бұл қамалды бұзғанда,
Жаяу озды аттыдан.
Бәрінен бұрын ашыпты,
Бақа барып тесікті.
Біреулер бағып қалыпты,
Тауып алып есікті.
Бабажанның құлағы
Ат дүбірін есітті.
Қара бедеуді қайымдап,
«Қашайын дағы» десіпті.
Өзі әйдік сарт екен
Сыймайтұғын есікке.
Тоғыз қабат торқа киіп,
Беліне байлап баласын,
Тастаған жауға анасын.
Бедеу атпен қашып кеулі-
Көрсетпей кетпек қарасын.
Ер Жанқожа келгесін,
Әлі келмейтін білген шамасын.
Қорғанның сырты ор екен,
Өзі жалпақ зор екен.
«Кетемін,-деп,-құтылып»,
Атын ордан қарғытты.
Артқы аяғы ілініп,
Жығылып орда жатыпты.
Үстінен шығып ер Иса,
Ордан тартып алыпты.
Тоғыз қабат торқадан
Саусағы өтіп кетіпті.
Артына қазық қағыпты,
«Өз қылғаның өзіңе» деп,
Қолға түскен Бабажанды
Жанқожаға алып барыпты.
Бабажанды көргесін,
Ақырыпты Жанқожа:
«Қазаққа көп,-деп,-жазықты,
Артына қақ,-депті,-қазықты».
Бүлдіріп әйел, халықты,
Болып еді жазықты.
Жәкең бұлай дегесін,
Артына қазық қағыпты.
«Өз қылғаның өзіңе» деп,
Басын кесіп алыпты.
Жазасын тартты сонымен
Бүлдірген сартың халықты.
Құр қорғаны болмаса,
Ішінде әскер жоқ екен,
Босқа тұрған қала екен.
Әкімдікке мәз болған
Ақылы жоқ сарт екен.
Өзі әйдік болғасын,
Өзімнен ірі жоқ деген,
Өзіне сенген ер екен.
Көп батырлар барғасын,
Оған әлі келмеген.
Ол қорғанның ішінде
Азғантай әскер бар екен,
Оларды ұстап алыпты.
Оларға азар бермеген,
«Жазығы жоқ,-деп,-халықты».
Бабажан мен Раманқұлдың
Елден алған олжасын-
Мал менен мүлік дүниесін
Кедейлер бөліп алыпты.
Шәрдегі шамалы адамын,
Әйел менен баласын
Қайтарып аман еліне,
Шығарып оны салыпты.
Есекпенен жаяулап
Еліне аман барыпты.
Еліне аман барғасын,
Ханына хабар салыпты.
«Бабажан өлді» дегесін,
Хан да есінен таныпты.
«Жанқожа батыр шықты» деп,
Құлағы әбден қанықты.
Бұл хабарды естігеннен кейін Бұқар ханы: «Біздің Жанқожаға қарсы баратын батырымыз жоқ,-деп, түрікпен ханынан жәрдем сұрап:-Оған қарсы баратын батырыңыз бар ма?»,-деп, адам жібереді. «Қазақтан Жанқожа деген батыр шығып, біздің қазаққа хан боп тұрған Бабажан деген батырымызды өлтіріпті» деп хабарлайды. Бұл хабарды естігеннен кейін түрікпен ханы елінде аты шыққан Айымбет деген бір батырын жібереді.
Түрікпен ханы шығарып
Айымбет деген батырды
Жіберіпті елінен.
О да айтулы ер екен,
«Жанқожаны өлтірем» деп,
Серттесіп шыққан елімен.
Сонымен, әнеки,
Айымбет шыққан елінен-
Хиуа, Ашхабат деген жерінен.
Үстінде бар көк сауыт,
Белінде бар бес қару,
Көк мойын бедеу атпенен.
Қалың қабақ, айбатты,
Түсі суық кісі екен.
Екі-үш күндей жол жүріп,
Майданның келіп ауылына,
Жанқожаны тапса екен.
Жақсыны күндеп ағайын,
Ғұмыры өтеді гәппенен.
Бекбауыл түсіп алдына,
«Жанқожаны табам» деп,
Мініп шықты атпенен.
Жолдас болып түрікпенге,
Бәйге атындай жемдеген.
«Жанқожаны өлтірем» дегенге
Қырда жүрген Жәкеңе
Айымбет батырды әкелген.
Бұрыннан қалған салт екен
Бірін-бірі күндеген.
Ер Жәкең таза адам дейд,
Жазықсызға тимеген,
Зорлықшылға көнбеген.
Сол күні түнде іңірде
Жәкеңнің көзі ілінген.
Әруағы хабарлап,
Келе жатқаны бұлардың
Жанқожаға білінген.
Артық туған ер еді,
Іздеп келген дұшпанға
Тіріде теңдік бермеген.
Ерте тұрып ер Жәкең,
Көкешкі атына мінеді,
Көк сауытын киеді,
Беліне қару іледі.
Келатқан түрікпеннің
Алдынан шығып жөнеді.
Көкешкі атты құтыртып,
Келе жатыр сыпыртып.
ұлы сәске болғанда
Бұларға жетіп келеді.
Жеткен жері сол күнде
Жақсықылыштың белі еді.
Жақсықылыштың басында,
Ақшоқының қасында
Жанқожа келіп кездесті
Айымбеттей батырға.
Еріп келді Бекбауыл
Басшы болып қасына.
Туысқандық бақталас,
Раманқұлдың тартып салтына.
Екі батыр айбатты
Келді жуық жақынға.
Түрікпеннің екі иығында
Оттай жанып келе жатқан
Шамшырақты көреді.
Шамшырақты көргесін,
Ер Жанқожа ақырды,
Әруағын шақырды.
Түрікпен де кем емес,
Әруақты батыр-ды.
Екі жолбарыс көк тарлан-
Ер Жәкеңнің әруағы
Иығына барып асылды,
Шамшырағы басылды.
Сол уақытта ер Жәкең
Жетіп барып қасына,
Арыстандай алысты.
Жолбарыстай жұлысты,
Қылышпенен шабысты,
ырғап найза салысты.
«Бермейміз,-деп,-намысты»,
Ат үстінен аударып,
Найзасын ырғап ендірді.
Түрікпенді ер Жәкең
Атынан жерге түсірді.
Үстіне мініп отырып,
Өкпеден қанжар салыпты.
Іздеп келген түрікпен
Сол жерде өліп қалыпты.
Көмусіз қалды далада
Астамшылық кеулімен,
Іздеусіз кетті аяғы.
Сонан кейін ер Жәкең
Бекбауылды ұстады.
Кеудесіне мініп отырып,
Алқымына пышақ тақады.
Бірге туған жақыны,
Өлтіруге қимады,
Ата-бабасын сыйлады.
Ер Жәкең әруақты ер екен,
Өлтіруге Бекбауыл-
Түрікпенді әкелген,
Өлтірмей оны жіберді.
Бекбауыл Өтекеңнің баласы екен,
Өзінің дәл немере ағасы екен.
Қысылған жерде ер Жәкең
Халқына қорған ер екен.
Менің де бұл жазғаным
Халық аузындағы сөз еді,
Енді айтылад Кенеден.
Сөз сөйлейін Кенеден.
«Арқар ұранды төре» деп,
Есітеміз көнеден.
Арғы атасы-Абылай,
Бергі атасы-ер Қасым,
Туған сондай төреден.
Уәли ханмен басы бірлеспед,
Келе жатқан әдет ежелден.
Туысқан бірін-бірі күндеген,
Шарпуы тиіп халыққа,
Сыйыспай елге, көшіпті
Көкшетау деген жерінен,
Орта жүздің елінен.
Әскері бар бес жүздей,
Ол елді де бүлдірген.
Кіші жүзге қашыпты,
Зеңбірегін тиеп түйемен.
Әскерінің бастығы-
Ағыбай мен Бұғыбай,
Шәкір, Жәуке,Төлебай.
Жүрмеген түзу жолменен
Табыннан шыққан Бұқарбай-
Ел бүлдіріп жолшыбай,
Барымталап мал жеген.
Келе жатып жолшыбай,
Үйлеспеген елменен.
Кіші жүзден Бұқарбай
Қашып барып қосылған
Бұзықтық сондай іспенен.
Соныменен келіпті
Тілеу менен Қабаққа.
Ойындағы мақсаты-
Бұл елге хан болмаққа.
Тілеу менен Қабақтан,
Назар менен Шүреннен
Алпыс батыр аттанып,
Қондырмапты Қабаққа.
Сыйламапты төрені,
Ас құйып беріп табаққа.
«Көкшетау елін бүлдіріп,
Жер ауып келдің бұл жаққа.
Кем туған жоқпыз атадан,
Көне алмай зорлыққа,
Шыдамаймыз қорлыққа.
Өз еліңе орнықпай,
Хан болмақсың қай жаққа,-
Деп ақырыпты Қарақұл,-
ұрысам десең, дайынбыз.
Ендігісін өзің біл,
Жолың ашық, ер төре,
Хан қоймайды біздің ел».
Тілеу менен Қабақтан
Тағы көшті, орнықпай.
Батыры көп, іргелі ел
Көнбеді бұлар зорлыққа-ай.
Ауанның бойын жайлаған
Сонан кейін Наурызбай,
«Көрейін,-деп,-мұны да»,
Жылқыаманға келіпті-ай.
Отыр еді Жылқыаман
Қосшысы бар қасында,
Шоқының шығып басына-ай.
Келіп тұрып Наурызбай,
Қарап тұрып түріне:
-Қазақ қыла береді
Екен,-деп,-дәріпті-ай,-
Жүре берді тоқтамай,
Батырға кеулі толықпай.
«Қанды шелек төренің
Қарқыны қайтып кетсін»,-деп,
Тебетейін атып түсірді,
Етіне оқ дарытпай,
Шақырым жерге барғандай.
Жүре берді ер төре,
Қайрылып артына қарамай.
Қоныс алып жерінен,
Отыра алмай кетті бұған да.
Сонан кейін хан Кене
Қазалыға келіпті.
Басығара, Көбек биге,
Шобан, Тілеулі батырға
Паналап келіп қоныпты.
Төртқараның елінен,
Қарашеңгелдей жерінен
Қоныс алып орнықты.
Алты Әлімді аралап,
Бәрін тегіс көріпті,
Жанқожадан қорғалап,
Бүлдіре алмаған халықты.
Сонан кейін хан Кененің
Кілем жайған Бопайы
Қоныс болды тұрақты.
Жер ортасы, шегі де
Әлім менен шөменге
Түгел көзін салыпты.
Жанқожамен дос болмақ-
Хан Кененің кеуілі.
Әлім менен шөменде
Жанқожадай батыр жоқ,
Ол өзіне белгілі.
Жанқожамен құда болмаққа
Іздеді адам үлгілі.
Басығара, Көбекті,
Шобан Тілеулі батырды
Шақырып алып хан Кене,
Кеулін айтып білдірді.
Жанқожаға батып бара алмай,
«Ойласайық» деп кідірді.
Төртқараның елінің
Адамда солар білгірі.
Әйтекенің тұқымы-
Шынжыр атай асыл тек,
Келе жатқан із белгілі.
«Кене ханның тапсырмасын
Орындайық»-деді,-ойдағы.
Біз барып тауып алайық
Бұл Шектінің ішінде
Адамды тәуір елдегі.
Бекбауылға барғанмен,
Жанқожа оған көнбейді.
Айымбетке еріп Бекбауыл,
Жанқожаны іздеді.
Сол кеуліне зіл,-деді.-
Жанқожа тәуір көретін
Жақайымның Расын.
Сөзіне айтқан тұратын:
«Рас айтса, рас»-деп,
Айтқанын соның қылатын.
Жолдас еді Толыбай,
Басы еді Батырай.
Жанқожа алдына барғанда,
Сол сөйлейді қорықпай».
Осылай деп кеңесіп,
Басығара, Көбек би,
Шобан, Тілеулі батыр
Келген екен Расқа.
Толыбайды алдырып,
Жанқожаға бармаққа.
Болғанша бұл жұмыс,
Шашпады хабар жан-жаққа.
Басын қосып бесеуі,
Келіп отыр Жәкеңе
Төремен құда қылмаққа.
Сөз бастады Толыбай
Жанқожадан жауап алмаққа:
-Жіберіпті хан Кене
Тілеулі батыр, Басықара, Көбекті
Сізбенен құда болмаққа.
Ерлігіңе қызығып,
Сіздерден қыз алмаққа.
Біз соған келіп отырмыз,
Мұны қалай көресің?
Хан да емес, төре емес,
Қараға да қыз бересің.
Келе алмай өзі төренің,
Басығара, Көбек би,
Тілеулі батыр келгенсін,
Көп айтатын сөзім жоқ,
Батыр інім, бұған не дейсің?
Жәкеңнің жауабы:
-Өзімнен туған қызым жоқ
Төреге менің беретін.
Хан менен төрені
Әркім тәуір көретін.
«Төре» десе бұл қазақ
Соған болды беретін.
Әзір тұрған қызым жоқ,
Көрерміз, келсе, ретін.
Сұрастырып қарайын
Қыз кімде бар беретін?
Айып емес келгенің.
Құдалыққа, сірә да,
Халықтың тәуірі жүретін.
Толыбай сонда сөйлейді:
-Еріп келдік біз дағы,
Басықара, Көбек би,
Тілеулі батыр келгесін.
Кене ханның көрген қызы бар,
Соны соған бересің.
Басығара, Көбек би, Тілеулі батыр
Төренің алса билігін,
Біз айтқанға көнесің.
Білдір қалың малдың жобасын,
«Ақмырзаның сұлу қызы бар дейд,
Соны хан Кенеге қосасың.
Рас пенен Толыбай ағаң келгенсін,
Біз айтқанға көнесің.
«Мақұл» деген сөз болса,
Көреміз сосын төресін.
Біз де еріп келіп едік,
Ел жақсысы келгенсін.
Енді, батыр, не дейсің?
Сонда Жәкең сөйледі:
-Хан Кене жұмсап жіберген
Тілеулі батыр мен Басықара, Көбекті.
Өзі батып келе алмай,
Жұмсапты адам білікті.
О да өзі келе алмай,
Сендерді бетке тұтыпты.
Аяққа баспайын халықты.
Раманқұл сұмырай
Ақмырзаны өлтіріп,
Сонан бір қыз қалыпты.
Асыл туған асылға
Төре көзін салыпты.
Бермей қалсам бұл қызды,
Бүлдірер шіркін халықты.
Қорықпаймын Кенеңнен,
Халық аузына қарапты.
«Төреге қызын бермеймін деп,
Сонан болды жаласы» деп,
Халық қылар насақты.
Сен екеуің келгенсін,
Айтқаныңды қылайын.
Ақаңнан қалған қыз еді,
Көрер ме екен жарықты?!
Бір ойменен сұрады,
Тыныш қылайын халықты.
Қарап тұрып бұл төре,
Өзі-өзінен жалықты.
Бұлар бұзық төре еді,
Жүрмейтін қарап жайына,
Көрерміз мұның ақырын.
«Берем» десең, беріңдер,
Айтып сөздің мақұлын.
Жәкең: «Мақұл» дегенсін,
Төреге шапты қуанып.
Наурызбай нағыз ер еді,
Шабатын жауға ту алып,
Алмасын қанға суарып.
«Кене ханға қыз береді» дегенге
Наурызбай кетті шаттанып.
Жүрейін деп тұр еді
Созаққа қарай аттанып.
Басығара, Көбек би,
Тілеулі батырға
Шүйіншіге жіберді
Астына жорға мінгізіп,
Үстіне шапан кигізіп,
Беліне кемер буғызып.
Қуанып төре істеді,
Алдырып қой сойғызып.
Ойнатып жатыр әскерін,
Ет пен майға тойғызып.
«Дос болдық,-деп,-Жанқожамен»,
Қауқылдап жатыр дуылдап,
Жиналған ылғи кіл бұзық.
«Басығара, Көбек би, Тілеулі батырға
Бергенім,-деді»,-билікті,
Беріп-алған жалғанда
Дүниеде сол қызық іс.
Айдап бер жылқы үйірлеп,
Біртіндеп басын санамай.
Түйе де бер қосақтап,
Бір туған нағыз нар данғай.
Қосылмасын сиыр мал,
Сиырдан мал болама-ай!
Қой саналмайд қараға-ай.
Көп ұзатпай, алайық,
Жәкең келсе шамаға-ай.
Сұрағанын бере бер,
Дүние-малға қарамай.
Кеулі бітер Уәлидің,
Рас пенен Толыбай
Жүрген болса арада-ай.
Кіріскен екен бұл жерге
Әлімнің тәуір адамы-ай.
Жанқожаға біз жүрміз
Өзіміз батып бара алмай.
Айбатынан қорқып,
Адам салдық араға-ай.
Әлім менен шөменде
Жанқожадай ер барма-ай.
Оңғар, Алла, жұмысты,
Қайырлы болсын қадам-ай!
Жетіден қалмай барыңдар,
Көп алмай-ақ адамды-ай.
Ойласыңдар Кенеге,
Оң болсын Кене талабы-ай.
Іріктеп таңдап алыңдар
Баратұғын адамды-ай.
Құдалықтан қалмасын
Табыннан шыққан Бұқарбай.
О да айтулы ер еді,
Кіші жүздің адамы-ай.
Жақтырмай қалар ер Жәкең
Көп жиналып барғанда-ай.
Толыбай менен Расқа
Ат пен шапан ала бар.
Құда тартар кәде екен,
Алтын кемер беріңдер
Аттандырған адамға-ай.
Іс болмасын кемістік,
Сөз шықпасын қияу-ай.
Тіршілікте дүние-мал
Жалғаншының бояуы-ай.
Арыстандай ақырса ер Жәкең,
Тартылар таудың таланы-ай.
Қаһарланып шамданса,
Жәкеңнің болмас аяуы-ай.
Айтып болдым сөзімді,
Ауылда өзім қалам-ай».
Осы сөзді айтып болғансын,
Бұқарбайды алып қасына-ай,
Жүрмек болды хан Кене-ай.
Күйеу болып келе жатыр
Жанқожаның ауылына-ай.
Жүріп тұр әзір талабы
Алланың берген бағына-ай.
Басығара, Көбек би, Тілеулі батыр-
Қасына ерген адамы-ай.
Алып баратын адамы-
Рас пенен Толыбай.
Жанқожаның аулына
Қонаға бармақ болады-ай.
Ат пенен адам жіберіп,
Жәкеңнен ұлықсат сұрады-ай.
«Келе берсін, келсе»-деп,
Жәкеңнен жауап болады-ай.
ұлықсат Жәкең бергесін,
Аулына келіп қонады-ай.
Сұлу екен апамыз,
Сұлуды көріп хан Кене,
Әбден есінен танады-ай.
Жүгіріп жүр айналып
Жаңа өспірім жас баладай.
Хан Кенені ер Жәкең
Етеді күйеу кәделі-ай.
Қонағасы берді де,
Қарындасын беріп жіберді,
Мінгізіп ат жорғаны,
Той істемей торқалы.
Деді халық: «Бұл қалай?»
Берсе де қыз ер Жәкең,
Алды-артын ойлады-ай.
Қыз алғансын хан Кене,
Орындалды мақсат ойдағы-ай.
Аулына келіп хан Кене,
Тойын істеп, тойлады-ай.
Қасына ерген қарашы
Көкпарды тартып ойнады-ай.
Алтын табақ аттырып,
Мергендерді жинады-ай.
Өзі атып түсірді,
Мерген екен Наурызбай.
Күрестіріп палуан,
Адамдарын қинады-ай.
Жақайым Қызыбас деген палуан
Бәрін жығып қоймады-ай.
Кілем жауып үстіне,
Бәйгесіне нар алды-ай.
Ат шаптырмад тойына
Ілгері сауық ете алмай,
Осымен тойы тарады-ай.
Бұл жұмысы біткенсін,
Аттанды төре Созаққа.
Әскері бар өзінің,
Бермеді хабар жан-жаққа.
Ойындағы мақсаты:
Шауып келсе Созақты,
Бұл елге хан болмаққа.
Бабажанды өлтірді Жанқожа:
«Бердің,-деп,-зәбір қазаққа».
Ойында бар мұның да,
Жанқожадан қалыспай,
Өзбектен олжа алмаққа.
Осы ойменен хан Кене,
Аттанып кетті Созаққа.
Аттанып барып хан Кене,
Қамады Созақ қаласын.
Бұза алмады қамалын,
Айнала шауып даласын,
Таба алмады амалын.
Саз балшықпен аралас
Мыс пен шойын, қорғасын.
Терең етіп қазылған
Қамалдың сырты ор екен,
Оры жалпақ зор екен,
Таба алмады тесігін,
Аша алмады есігін.
Есігінің аузында
Бір батыры бар екен,
Жаман көрді кескінін.
Өзі атақты батыр дейд,
Аштырмапты есігін.
Қамалып, қамалды бұза алмай,
Тесік тауып кіре алмай,
Кененің қайтты қарғыны-ай.
Наурызбай жүр қарғындап,
Ешбір амал таба алмай.
Бір жеті жатты қамалып,
Бос қайтуға арланып.
Зеңбірек қалып ауылда,
Келе жатыр зарланып.
Елге қайтты қайтадан,
Үсті кірлеп, аты азып.
Аулына келіп жайғасып,
Біраз жатты дем алып,
«Не істейміз» деп ойланып.
Сонан кейін хан Кене
Жанқожаға хабар береді,
Ат пенен адам шаптырып.
Жәкеңе Кене сөйледі,
Үйіне шақырып алдырып.
Қойын сойып құрметтеп,
Дастарқан жайып, ас беріп.
Дастарқаннан тағам татпады:
-Зорлықтан алған малың,-деп,-
Біреудің маңдай терін сыпырып.
Сонан кейін Кене сөйледі,
От басында отырып:
-Барып едік Созаққа,
Бұза алмадық қамалын.
Кіре алмадық қалаға,
Таба алмадық амалын.
Саз бен шойын аралас,
Атсаң, оғың өтпейді,
Көріп едік шамасын.
Есігін қорып отырған
Бір батыры бар екен,
Көрсең, шошып кетесің,
Көргенде оның қарасын.
Сырты терең ор екен,
Атың қарғып өте алмайд,
Ортасында қаласың.
Қайтып келдік сонымен,
Бұза алмай Созақ қаласын.
Айтып болдым сөзімді.
Аттанып соған баруға
Ер Жәке, қалай көресің,
Енді бұған не дейсің?
Сонда Жәкең сөйледі,
Айтып сөздің жүйесін:
-Сендер текке бардыңдар,
Тентек [мінез] төресің,
Өзіңді зор көресің.
Астамшылық кеуілмен
Ақыры біреуден өлесің.
Тек жүрмейсің жайыңа,
Барған жеріңді бүлдіресің.
Шарпуың тиіп халыққа,
Жалындай қаулап жанасың.
Хабар бермей жан-жаққа,
«Өзім алып Созақты,
Атағым шықсын» дегенсің.
«Барам» десең, барайық,
Сенің сағың сынып келгенсін.
Бұзып кірсек қалаға,
Билігіңді бізге бересің.
Уәде берді ер Жәкең
Аттанбаққа Созаққа.
Кіші жүздегі батырға
Хабарлады жан-жаққа.
Қолына түскен батырмен
Сол Созаққа бармаққа.
Кенеге күшін көрсетіп,
Өзбектен кегін алмаққа.
Азары өткен өзбектің
Көрсеткен бұрын қазаққа.
Және де бар ойында
Өткен кегін алмаққа.
Хабарымен Жәкеңнің
Жылқыаман келді аттанып
Ауанның бойын жайлаған,
Ақ шолақ мылтық асынған.
Ақшолақты атқанда,
Түтіні түтінге қосылған,
Біріндеп жауды қашырған.
Атқыш, мерген кісі екен,
Үйренген өнер жасынан.
Астымен барып түтіннің,
Жауының туын құлатқан.
Табан тіреп оқ атқан,
Сөйтіп, жауын қашырған.
Оқшантайға оқ салып,
Айласын сөйтіп асырған.
Қастасқан жерден қан алып,
Дұшпанын жеңіп олжа алған.
Жау хабарын естісе,
Жоқ еді жаны тартынған.
Намысты ердің бірі еді,
Қалмайтұғын қатардан.
Ере келді Толыбай
Қарабұлақтың басынан.
Сауыты бар үстінде
Қару-жарақ асынған.
Рас шығып аттанды
Райымның басынан.
Атағы шыққан ер еді,
Біртіндеп жауды қашырған.
Жәнес батыр қосылды,
Даңның шығып астынан.
Қызыл жирен ат астында,
Қуалап киік ұстаған,
Сарыойдың қуып шыңынан.
Бақа батыр барыпты,
Нұршаның шығып қасынан.
Астында жүйрік аты бар,
Қылыш, найза асынған,
Арал батыр қосылды
Даңның шығып басынан.
Астында жүйрік аты бар
Қуалап киік ұстаған
Термембестің шыңынан.
Жақайымның ерлері
Жанқожаға барып қосылған.
Ақтан, Шортай аттанды
Дарияның бойынан,
Арықбалықтың қасынан.
Ақтанау ат астында,
Алмас қылыш асынған.
Әруақты ер екен
Бұлт кетпеген басынан.
Баубектен аттанды Өтеқұл,
Қару-жарақ асынып,
Астына бедеу мініп жүр.
Жау хабарын естіп,
Ор бойынан келді бұл.
Қарасақал Шағырай-
Бұ да келді қалыспай.
Қарасақалдың батыры ед,
Шыдамайтын намысқа-ай.
Төртқарадан аттанды Тілеулі,
Батыр еді белгілі-
Жау дегенде қайтпайтын,
Айнымайтын жүрегі.
Астына бедеу ат мініп,
Алмас қылыш асынып,
Жанқожаға ереді.
Төртқарадан келді Байқазақ,
Қай батырдан кем қазақ?
Түрікпені наз бедеу-
Астына мініп арғымақ.
Қылыш-найза асынған,
Алмас қылыш, ақ балдақ.
Қызылбастың ханының
Қызын алған ақтамақ.
Сол сұлудан айрылып,
Жүрегінде қалған дақ.
Төртқарадан аттанды Жәнібек,
Батыр екен әруақты,
Артық туған асыл тек,
Дұшпанын жеңіп, алған кек.
Шөмекейдің Сауқымы,
О да аттанып жүреді.
Табыннан шығып Байқадам,
Бұ да аттанып келеді.
Ер Жәкеңді басшы етіп,
Өңшең батыр бас болып,
«Жүретін болса, жүрсін» деп,
Хан Кенеге хабар береді.
Осыны айтып Кіші жүз,
Созаққа қарай жөнеді.
Бұл хабарды естіп,
Жинап алып әскерін,
Асығып отырған хан Кене
«Жүрейік» деп жосылды.
Кіші жүздің батырларына
Жолда барып қосылды.
Созақты барып ала алмай,
Қайысқаны әлі есінде.
Бәрі келіп бас қосты
Зауал ауа бесінде.
Аттанғаны солардың
Сүмбіленің ішінде.
Бастап келе жатыр хан Кене,
Көрген жолы бұрынғы,
ұмытпаған есінде.
Уайым болып келе жатыр
Кіші жүздің батыры
Жанқожаға ергелі.
«Созақты бұрын кім бұзса,
Соныкі,-деп,-абырой».
Батырларына тапсырды,
Шақырып алып белгілі.
Батырсынып ешкім көрген жоқ
Бұл төренің Кіші жүзге келгелі.
Күндіз-түні кідірмей,
Келе жатыр жол жүріп.
Бір тоғайға келгенде
Ат жүрмеді кідіріп.
Қанша ұрса да сауырға,
Баспайды аяқ елеріп.
«Не болды?»-деп Наурызбай,
Қараса көзін жіберіп,
Бір жолбарыс көк тарлан
Жатыр екен жүрелеп,
«Шабайын» деп қамданып.
Аттан түсіп Наурызбай,
Жүре берді жолбарысқа,
Алмас қылыш қолға алып.
ұмтылды тарлан шамданып,
Атқан оқтай шалт екен,
Қылышпен тастайды қақ жарып.
«Ер екен,-деп,-Наурызбай»,
Мақтады халық топталып.
Ақауыз атпен Наурызбай
Келе жатыр қолды басқарып.
Бірнеше күн жол жүріп,
Созаққа келіп жақындап,
Келіп қонды қамалып.
«Бұзамыз,-деп,-қамалды»,
Ерлер жатыр дайындалып.
Ақауыз атпен Наурызбай
Жүреді қолды айналып.
Түніменен ұйықтамай,
Беліне қару байланып,
Күн шыққасын, қараса,
Жанқожа жоқ ішінде,
Халық қалды жиналып.
Кеткенін ешкім білмеді,
Батырлар тұр таң қалып.
Кінә қойды хан Кене,
Жанқожаны «қашты» деп.
Бұл сөзіне Кененің
Батырлар жүр арланып.
Жылқыаман батыр ақырды,
«Жанқожа қашты» дегенсін,
Ашуланып шамданып.
Ақшолақты қолға алып,
Онан артық сөз айтса,
Атуға тұр ойланып.
Сөз айтты Кенеге толғанып:
-Бұза алмай қайттың Созақты,
Өзің барып аттанып.
Бұза алмай Созақ қорғанын,
Бір жеті жаттың қамалып.
Атың арып, ашығып,
Қайтып бардың сандалып.
«Шауып алам,-деп,-Созақты»,
Кетіп едің жалманып.
Ала алмаған соң Созақты,
Жанқожаға шағындың,
Үйіңе шақырып алдырып.
«Аттанайық,-дедің,-Созаққа»,
Жағдайыңды айтып жалынып.
Сен үшін келді Жанқожа,
Барғасын сағыңды сындырып.
«Қорғанды жалғыз бұзсам» деп,
Жүретін өзі ойланып.
Кеткен шығар Созаққа
Бір жағынан айналып.
Көрмей қалған Наурызбай,
Жүрсе да қолды айналып.
Қақпасын ашып қорғанның,
Алып келді батырың,
Пенде етіп көндіріп.
Алдыңа келіп сөз сөйлер,
Қол қусырып отырып.
ұяларсың сол уақта,
Екі бетің қызарып.
Жанқожа жаудан қаша ма,
Әруағы жүр нұрланып!
Бұл Созақты Жанқожа
Жалғыз өзі алады,
Қайтасың тағы қамалып.
Кеше өзің келгенде,
Ер болсаң, неге алмадың,
Қайратыңды шығарып?!
Жылқыаман айтып болғансын,
Халық тұр ед жиналып.
Осыменен тұрғанда,
Жиылған көп алданып.
Бұлар сөйтіп тұрғанда,
Созақтан шығып екі адам,
Келе жатыр шапқылап.
«Кім екен,-деп,-келе жатқан?»
Бұлар тұрды таңырқап.
«Жекеге шыққан ер ме? деп,
Қару-жарақ қолға алып,
Батырлар жүр қамданып.
«Келе жатқан бізге елші» деп,
Және де тұр ойланып.
Келгесін жақын, қараса,
Көкешкі атпен қақпалап,
Айдап келе жатыр ер Жәкең
Созақтың қарауыл батырын,
Алмас қылыш қолға алып.
Хан Кенеге тапсырды:
«Келем,-деп,-саған олжа алып».
Әкелгенсін батырды ер Жәкең,
Кіші жүздің ерлері
Айқайлап жүр қуанып.
«Жанқожа қашты» дегенге,
Жүр еді соған ықтанып.
«Біздікі,-деп,-абырой»,
Кіші жүздің батырлары
Атына мінді, ту алып.
Ер Жәкеңнен сөйлейін,
Тыңдасын, халық, аңғарып.
Жүре берсін Наурызбай
Қалың қолды айналып.
Кеткен екен ер Жәкең
Бір жағынан тайсалып.
«Жалғыз барып,-ер Жәкең,-
Созақтың кентін бұзсам» деп,
Жүретін өзі ойланып.
Әруаққа сыйынып,
Кеткен екен ер Жәкең,
Жаратқан Хақты ойға алып.
Таң алдында жетіп барып,
Іздеді тесік айналып.
Іздеп жүріп тесікті,
Тауыпты келіп есікті.
Қақпаның аузы ашық тұр,
Пырылды Жәкең есітті.
Барып айғай салыпты:
-Орныңнан тұр,-деп,-жуықтап,
Не бітіріп жатырсың,
Есікті бақпай ұйықтап?!
ұйықтап жатқанда өлтірсем,
Қоярсың кінә: «ұрлық» деп,
Бұл еткенің «зорлық» деп.
Аңсызда келіп көрсеттің
Маған енді қорлық деп.
Манаурамай, ұйқыңды аш,
Батыр болсаң атыңа мін,
Қолыңа алып алмас қылыш, ақ балдақ.
Мен-қазақпын, Жанқожа,
Жолдасым жоқ қасымда,
Келіп тұрмын жалғыз-ақ.
Сен-жарда жатқан жапалақ,
Мен-тауда жүрген мұзбалақ.
Ілейін деп келіп тұрмын,
Жүрем бе сенен қорғалап!
ұрысам десең, атыңа мін,
Қаруыңды алып қамданып.
Басыңды кесіп аламын,
Қаның ағар сорғалап.
ұрыспасаң, алдыма түс,
Көп тұрмаймын мен қарап.
Атантай батыр сөйледі:
-Сен-бір емессің, отызсың.
Алмас қылыш қолыңда,
Кигенің ылғи көк темір,
Төніп тұрсың қамалап.
Мен басымды бағып жатырмын,
Көтере алмай, қорғалап.
ұрысуға шама жоқ,
«Жүр» десең, алдыңа түсейін,
Атыма мініп жорғалап.
Алдына батыр түскесін,
Айдап келді ер Жәкең
Хан Кенеге қуалап.
Өзі әйдік сарт екен,
Жүре алмайтын ат алып.
Созақтың елін сол екен
Жүретін билеп, басқарып.
Алдына түсіп Жәкеңнің,
Келіп тұр енді айдалып.
Хан Кененің алдына
Батыр келіп отырды,
Қол қусырып, жүгініп.
Хан Кене жауап сұрады:
-Сен кімсің?-деп ақырып,
Қасына жақын шақырып.
Мәнісін айт жұмыстың,
Еріп жүрсің нағылып?
Атантай батыр сөйледі:
-Мен-Созақтың батыры
Қақпаның аузын бағатын.
Сыртынан іздеп жау келсе,
Қалаға оны кіргізбей,
Мен едім басын алатын.
Жау жоқ еді жақында
Бізге қарсы шабатын,
Білемін елдің шамасын.
Хан Кене келіп аттанып,
Қорғанды ол бұза алмай,
Бір жеті жатты қамалып.
Амалын о да таба алмай,
Қорғанды жүрді айналып.
О да қайтып кетіп ед,
Үсті кірлеп, аты азып.
Кіре алмай есіктен,
Сығалап мені көріп ед,
Наурызбай келіп тесіктен.
Өзіңізге белгілі
Бұл әңгіме естіген.
Созақтың халқын қорғаған
Батыры мен болатын.
Әрі батыр, әрі хан
Өзім ед халық сұрайтын.
Жау хабарын естісем,
Әдетім еді бұрынғы
Қақпа аузында тұратын.
Қалаға оны кіргізбей,
Қарсы келген жау болса,
Қылышпен басын қағатын.
Бұза алмайды еш адам
Бұл қаланың қорғанын.
Саз бен шойын аралас,
Тастан қатты болатын.
Есіктен келсе өзіме,
Қандай батыр болса да,
Мен едім басын алатын.
Сырттан келген жауларым
Бұза алмай қорған қамалын,
Ашығып кейін қайтатын.
Алдыңа келіп тұрғаным,
Сөзім көп әлі де айтатын.
Бүгінгі таң алдында
Бір адам келді қасыма,
Жатыр едім ұйықтап.
«Тұр» деп айғай салып тұр,
Менің келіп басыма.
Түрегеліп қарасам,
Отыз адам тұр қасында.
Көк сауыты үстінде,
Алмас қылыш белінде,
Түсі суық айбатты,
«Қиямын,-деп,-желкеңді»,
Төніп тұр менің басыма.
Қақпаның аузын ашыпты,
Мені қара басыпты.
Әруағым қашыпты,
Үрейім жаман ұшыпты,
Басыма тұман түсіпті.
«Атыңа мін! Жүр!-деді.-
Алдыма менің түс!» деді.
Алдына мұның түскенім,
Бері қарай жүргенім:
«Әзіреті ер Әли
Келді ме екен?» деп едім.
Кім екенін білмедім,
Осы-менің көргенім.
Хан Кене сонда сөйледі:
-Бұл қазақтың батыры
Ер Жанқожа болатын.
Қарсы келген дұшпанды
Табанына салатын.
Айтқанына көндіріп,
Пенде етіп алатын.
Ер болсаң да ерікті,
Көргендей көзге көрікті,
Айтқанын соның қыласың.
Алдына барып, бас иіп,
Қол қусырып тұрасың,
Еркіңді соған бересің.
Порымыңа қарасам,
Өзің таудай немесің.
Ол ертіп келген қасына
Кене хан, Наурызбай төресін.
Айтқанына көнбесең,
Ажалыңнан бұрын өлесің.
Енді не айтад ер Жәкең,
Өз аузынан білесің.
Жәкеңнің сонда айтқаны:
-Ау, батырым, бері кел,
Күшің менен кем емес,
Құдай, әруаққа сене бер.
Хан Кенемен сөйлессең,
Аулыңа жүре бер.
Бүгін кешке барамыз,
Қақпаңның аузын аша бер.
Кешке мейман боламыз,
Тамағыңды аса бер.
Әуелі жаулағаның-біздің ел,
Жау бола ма екен мұсылман,
Дін ислам, құбылаң бір.
Бабажан сартың хан болып,
Бүлдіргені-біздің ел.
Төрт шәріңнің бірі-Бұқара,
Дінді бұзған-сіздің ел.
Көп кідіріп қалдың ба?
ұлықсат бердім, жүре бер,
Ендігісін өзің біл.
Бұл бұл жақта жүргенде,
Ол қаланың адамы
Қақпаның көрді ашығын,
Іздеді «жоқ» деп бастығын.
Шулап халқы жүргенде,
Батырдың көрді келгенін,
Өлмей тірі жүргенін.
Халқына келіп бұл батыр,
Айтады енді көргенін:
-Аттанып қазақ келді,-деп,
Жанқожаның айтты ерлігін,
Қазақтың айтты бірлігін:
-Түнде келіп Жанқожа,
Басыма айғай салыпты.
ұйықтап қалған еріңді-
Мені оятып алыпты.
Оған қару ете алмадым,
Бетім жоқ көретін халықты.
Көзіме бәле көрінді,
Әруағы басыпты.
Мен секілді еріңді
Қорқытып жаман, састырды.
Мені айдап алдына,
Ханына апарып тапсырды.
Бұ заманда көрмедім
Ол секілді батырды.
Апарғанмен ханына,
Маған азар бермеді.
«Кене ханмен сөйлесіп,
Өзіме қайтып кел»,-деді.
Өзіне қайтып келгесін,
Мені елге жіберді.
«Қақпаның аузын аш,-деді.-
Халқыңменен кеңесіп,
Тамағыңды ас,-деді.
Кешке мейман боламыз.
Халқыңа хабар шаш,-деді.
Еліңменен егеспе,
Мауқыңды бас»,-деді.
Осы-менің көргенім.
Батыр болып, ел қорғап,
Созақ еді ермегім.
Осы күнге дейін Созақты
Мен де жауға бермедім.
Бұған әлім келмеді,
Не дейсіңдер, ау, халқым?!
Сонда бір сарт сөйледі:
-Мейман етіп, қалай көнеміз
Жау болып келген қазаққа?
Шәрге кіріп алғасын,
Қалдырмай ма азапқа?
Қорғанды бұзып кіре алмай,
Неше жау қайтқан Созақтан.
Қақпаның аузын бекітіп,
Жатсақ қайтеді бұ жақта?
Кіре алмаса қорғанға,
Қарны ашып, аты азып,
Қайтпас па екен қазақ та?
Атантай батыр сөйледі:
-Бұл қақпаңды аша алмай,
Кейін қайтатын
Наурызбай менен Кене емес.
Жанқожа батыр бұл болса,
Бұған ешкім тең емес.
Керек болса амандық,
Егескенің жөн емес.
Бабажанның артына
Қазық қағып өлтірді,
О да менен кем емес.
Оған қарсы баратын
Батырың болса, сонда егес.
Айтып болдым сөзімді,
Қайта барар мен емес.
Өз айтқанын істемей,
Бос қайтатын ер емес.
Айтқанына көнбесең,
Талқандайды шәріңді,
Айдап кетед малыңды.
Тартып алад дүниеңді
Басып алады жеріңді,
Бүлдірет сөйтіп еліңді.
Жылатады әйел-балаңды,
Шулатад халқыңды.
Бұл заманда көрмедім
Жанқожадай батырды.
Айтқанын қылсаң, тимейді,
Мұсылманға зәбір беруді
Көңілі оның сүймейді.
Наурызбай менен Кененің
Аяйтұғын түрі жоқ,
Оған ерік бермейді,
Шариғаттан да біледі.
Алдыңды тосып әр жерден,
Ителгі құстай іледі.
«Жауладың,-деп,-мұсылман»,
Және де бізге күледі.
Бабажан еткен азарын,
Оны да бізден көреді.
Айтып болдым сөзімді,
Өздерің енді біл,-дейді.
Көп ішінен қарт адам
Тағы шығып сөйледі:
-Батырдың айтқаны жөн,-деді,
Рас болса Жанқожаның келгені,
Оған әлің келмейді.
Түрікпеннің Айымбет батырын өлтірген
Ол әруақты ер,-деді.
Айтқанына көне бер,
Сұрағанын бере бер.
Айтқанына көнбесең,
Елді шауып, бүлдірер.
Аман болса елдерің,
Орнына келіп теңелер.
Бүгін кешке мейман ет,
Ертең түсте ұлықсат бер.
Мейман болған асылзат
Елге тимейді, кемеңгер.
Уағда қылсаң ерменен,
Екі сөйлемейді ер деген.
Шақырушы адам жібер,
Қол қусырып, үрметпен,
Қызметіңді ете бер.
Сонан кейін бұл батыр
Шаптырып оған жіберді
Шақырушы адамын.
Дайындап жатыр тамағын,
Асып шашпа палауын,
Дүмшелеп қойып көк шайын.
Халқы жүр қайғырып:
«Болад,-деп,-қалай ыңғайын?»
Жүгіріп жүр бұл халық:
«Табамыз,-деп,-қонақ жағдайын».
Бес жүз адам аттанып,
Болуға қонақ келатыр
Асынған қару кіл батыр.
Әскері бар үш жүздей,
Наурызбай, Кене ханы бар,
Шабуға шәрді ынтызар.
Кіші жүздің адамы
Екі жүздей тағы бар.
ұрыспай-ақ бағындырды,
Жанқожадай ері бар.
ықпалы артық ер екен,
Басына қонған бағы бар.
Қарсы алып Созақ халқы, етті қонақ,
Көшеге қатар-қатар жағып шырақ.
Қонақ боп жатыр ерлер, палау шайнап,
Аттарын жоңышқаға қойды айдап.
Наурызбай Ақауыз атпен аралап жүр
Сойқастап шәрдің ішін гүл-гүл жайнап.
Ерлері Кіші жүздің тыныш отыр,
Болашақ келер істің алдын ойлап.
Қонағын пұл, бөзіменен болды жайлап,
Айтқандай, зауал ауа ұлықсат етті,
«Сарайды ашып қоямын,
Ал,-деді,-дүниені өзің таңдап.
Мал ұстамайды біздің халық, белгілі сізге,
Жылқы жоқ беретұғын үйірлеп айдап.
Ал, батыр, ендігісін өзіңіз біл,
Халық отыр: «Не айтады?»-деп, сізге қарап.
Жәкеңнің сонда айтқаны:
-Дүние-малыңды алмайым,
Өз малым да жетеді.
Мұсылманды олжалап,
Ақыретте адам не етеді!
Алым ойлаған адамдар
Кісі еңбегін жеп кетеді!
«Келмейін-ақ» деп едім,
Елді біздің олжалаған
Азар-арың өтеді.
Кенеге салсаң, мінеки,
«Аламын,-деп,-кегімді»,
Еліңді шауып кетеді.
Ол әдетті етпей-ақ,
Түзу жүрсек не етеді.
Әділ болсаң Аллаңа,
Қыл көпірден адам өтеді.
Олжа алмай-ақ еліңнен,
Жанқожа елге қайтады.
Енді айтатын сөз-мынау:
Мұнан былай, мұсылман,
Жау болмай, тату жүрейік.
Түсі басқа жау келсе,
Бәріміз түгел бас қосып,
Соны жаулап көрейік.
Осы айтылған сөзіме
Татушылық-бірлікпен
Екі жақ уәде берейік.
Айтып болдым сөзімді,
ұлықсат берсін сіздің ел,
Елге қайтып жөнейік.
«Мақұл» деп бас изеді өзбек-сарты
Есітіп ер Жәкеңнің мына сөзін,
Қуанып айғайлады Созақ халқы.
Жайылған ер Жәкеңнің сыртқа даңқы,
Орындап ойдағысын Жәкең отыр,
Ерлері Кіші жүздің судай шалқы.
Жылатпай Созақ халқын, алды алғыс,
Жігітке пайда бермейд, алсаң қарғыс,
Бұл істі жақтырмады Кене байғұс.
«Келіп, босқа қайттық» деп,
Хан Кене іштен қайғырды.
Ел шауып, олжа алуға
Жанқожадан айбынды.
Уәдені бұза алмай,
Жараған бурадай шабынды,
Аблығып жүрек, қабынды.
Созақты шауып ала алмай,
Кіші жүзге хан бола алмай,
Іштен Кене күйінді,
Ішке түйді түйінді.
Өңшең бұзық жиылды,
«Жанқожадан шекті ашуға
Табайық,-деді,-қиюды».
Бөтен қисын таба алмай,
Өзі барып тие алмай,
«Істедің,-деп,-қарлықты»,
Батбадай сұлудың
Оң бұрымын қиыпты.
Жазықсыз жауып жаланы,
Батбадай асыл сұлуға
Сөйтіп зәбір беріпті.
Кіші жүзден жікті ашуға
Кене жұмыс бастапты.
Жанқожамен араз болу үшін апамыз Батба сұлуды жазықсыз «Жәллаптарлық істедің» деп зәбірлеп, оң бұрымын кесіп алады. Апамыз сонан кейін, төрелердің жылқысын бағып жүрген Малайтаз деген бір тілі жүйрік жігіт бар екен, сонан жасырын «Жанқожаға хабар айт» деп жібереді. Апамыздың хабар айтқаны:
Батба сұлу сөйледі:
-Ау, Малайтаз, Малайтаз!
Жылқысын бақтың төренің,
Маңдайыңа біткен малың аз.
Үй көрмейсің күні-түн,
Далада жүріп қысы-жаз.
Көгілдір көктем көгеріп,
Екеумізге болмайд жаз.
Тарығып тұр бұл күнде
Саятта жүрген қоңыр қаз.
Тапсырамын бір жұмыс,
Мал баққанға болма мәз.
Жігіт болсаң орындар,
Төреден алған малың аз,
Айтайын саған бұл істі:
Бұрымымды кесті жазықсыз,
Хан Кененің ақылы аз.
Адам салып араға,
Алып еді болып зар.
Дүние-мал берді аямай,
«Өзіне тең» деп, сүйіп жар.
Арамыз суып бұл күнде,
Жүрекке түсті суық мұз.
Әйелдің жоқ теңдігі,
Кемдікке көнген халықпыз.
Кім шанышса соныкі,
Суда жүрген балықпыз.
Әйел болып жаралғалы
Қандай теңдік алыппыз?!
Жанқожаға батып тие алмай,
Кіші жүзге хан бола алмай,
Бұзықтық іске кірісті.
Жанқожадан жікті ашуға
Бастады Кене жұмысты.
Жазығым жоқ, мен ақпын,
Жәкең арын арласын,
Жібермесін намысты.
Жәкеңе жібер тез хабар,
Ақтығымды анықтап,
Кенеден алсын айыпты.
Бұрымым бітер орнына,
Ақтың ісі ғайыпты.
Бұл күнде ойы бұзылып,
Уәдеден тайыпты.
Осыны айтып болғасын,
Жеткізуге хабарды
Малайтаз Жанқожаға барыпты.
-Ассалаумағалайкүм!
Хабарға келдім, ер Жәке.
Ерлігіңе қызығып,
Қарындасыңды алған хан Кене
Кеулі суып бұл күнде,
Істеді жұмыс ол Кене.
Жазықсыз жауып жаланы,
Бұрымын кесіп Батбаның,
Зәбірледі хан Кене.
«Айт,-дегесін,-хабарды»
Келіп едім мен сізге.
Көп тұрмаймын кідіріп,
Біле қойса хан Кене,
Өлтіреді мені де.
Хабарын айтып Малайтаз,
Қайтып кетті жөніне,
Жылқысын баққан жеріне.
Кеулі бітіп, қанықты
Малайтаздың сөзіне.
Ашуланып, арланды
«Зәбір берді» дегенге.
Бұл хабарды естіп,
Аттанбақ болды Кенеге,
Қанды шелек төреге,
Зәбірленген Батбаны
Көрейін,-деп,-өзі де.
Асығып Жәкең, күйінді
Көрінгенше Батба көзіне.
«Біз аулына барғанша,
Ақ болса біт,-деп,-бұрымы»,
Жанқожа Хақтан сұрапты.
Жәкең ауылына барғанша,
Бұрымы бітіп бұрынғыдай
Орнында тұр тұрақты.
Қоя тұрып бұл жағын,
Батба сұлудан сөйлейін.
Көп көрген Кене өзін-ай:
Сұлу екен апамыз
Келімі келген порымды-ай,
Бұралған жаңа өспірім тал шыбықтай,
Ақ құба, бидай өңді, қызыл шырай,
Қиғаш қас, қызыл ерін, жазық маңдай,
Аршын төс, алма мойын, сүмбіл шашты-ай.
Өкшеге оралады қос бұрымы-ай
Жарқырайд отыз тісі меруерт тастай,
Мамырлап басады аяқ қоңыр қаздай.
Жақсының жамалына жан тояр ма,
Татиды айтқан сөзі шекер-балдай!
Көрінед ішкен асы тамағынан
Бұрынғы өтіп кеткен Күләндамдай.
Сыртынан болып ғашық Кене ханың
Алыпты аямай беріп дүние-малды-ай.
Істеді опасыздық бұл сұлуға,
Ісінің бастан-аяқ бәрі осындай,
Азарға кім шыдайды, әне сондай?!
Қарындасы ер Жәкең,
«Зәбірленді» дегесін,
Жаладан аман болғасын,
Көк сауытын киеді,
Үстіне қару іледі.
Ашуланып ер Жәкең,
Көкешкі атқа мінеді.
Жылқыаман мен Расқа
Тездетіп хабар береді.
Толыбай мен Арал батыр келеді-ай,
Жүніс пенен Басығара-
Бұлар да ізіне ереді-ай.
Қарасақал Шағырай
Бұ да бірге жүреді-ай.
Қаракесек Ақтан батыр,
Басығара, Көбек би
Хабарланып келеді-ай.
Төртқарадан Байқазақ,
Тілеулі батыр ереді-ай.
Әлімнің түгел батыры
Бәрі жиылып келгесін,
Болған істі біледі-ай.
Есітіп сөздің мәнісін,
Жәкеңе еріп бұлар да
Хан Кенеге аттанып келеді-ай.
Ерлер жиналып барғансын,
Хан Кененің дүрсілдеді жүрегі-ай.
Жанқожа келді аттанып
Хан Кененің аулына-ай,
Қарындасының кегін алуға-ай.
Қарындасы жылап жүр,
Жазықсыз іске налып-ай.
Бұрымы бітті орнына,
Алла ашып бағын-ай.
Әлімнің батыр ерлері
Түгел ерген қасына-ай.
Ауылын қамап айнала,
Төбенің тұр басында-ай.
Аулына келіп төніп тұр,
Қашық емес жақында-ай.
Ашуланып, кәрленіп,
Келіп еді ашуын баса алмай.
Әруағы торлап Жәкеңнің,
Төбесінде бұлт ойнады-ай.
Бұларды көзі көргесін,
Үйден шықты хан Кене:
«Болды,-деп,-енді бұл қалай?»
Көзін салып төңірекке,
Жан-жағына қарады-ай.
Жинап алып әскерін,
ұрысуды ойлады-ай.
Жәкеңнің бұлтын көргесін,
Хан Кене қорқып сасады-ай,
Желіккен кеулін басады-ай.
Шақырып алып адамын,
Ойласып, кеңес салады-ай.
Қасына келді жиналып,
Ағыбай менен Бұғыбай,
Шәкір, Жәуке, Төлебай,
Табынан шыққан Бұқарбай-
Әскерінің бастығы-ай.
Жақын келіп отырды
Хан Кененің қасына-ай.
Хан Кене сонда сөйледі-ай:
-Аттанып келді Жанқожа,
Қарындасының естіп хабарын,
Азарға еткен шыдамай.
Қызын алдық Ақмырзаның,
Адам салып араға-ай.
Мал-дүние бердік оған да,
Азды-көпке қарамай.
Қиянат еттік оған да,
Бұрымын кесіп, аямай.
Біз зұлымдық істедік
Сондай асыл сұлуға-ай.
Ар-намысын алуға
Аттанып келді Жанқожа.
Ауылды тұр қамап-ай.
Қасына түгел еріпті
Әлімнің батыр адамы-ай.
ұрысып күшің жетпейді,
Төбесінде бұлт ойнады-ай.
Қандай амал табасың,
Жиналған көп, жаран-ай?!
Бәрі түгел арланған
Кіші жүздің адамы-ай.
Наурызбай сонда сөйледі:
-ұлықсат бер маған-ай?
ұрысамын бұлармен,
Көптігіне қарамай,
Бақ сынайды таланды-ай.
Бұл әруақты ер дейсің.
Кем бе еді ата-бабам-ай!
Өз әкеміз-Ер Қасым,
Арғы атамыз-Абылай,
Жайылған халыққа дабылы-ай.
Жанқожадан қорқып,
Отырамын мен қалай?!
Тағы Кене сөйледі-ай:
-Әруағың тең,-деді-ай.
Аққа Құдай жақ,-деді-ай.
Бұл сапарда үндеме,
Ісіміз біздің жала еді-ай.
Шатаспай, аман кетуге
Амалын мұның тап,-деді-ай.
Айып беріп, ағалап,
Үстіне шапан жап,-деді-ай,
Айыбын мұның тарт,-деді-ай.
Кене хан айтып болғансын,
Бопай қыз тағы сөйледі-ай:
-Кене айтқаны жөн,-деді,
Алты әлімде Жанқожа
Әруақты ер еді.
Сұрағасын қарындасын,
Өзіңді сыйлап бергені.
«Ақ сүйек, асыл төре» деп,
Өзіне тең көргені.
Жазықсыз жауып жаланы,
Қиянаттадың Жәкеңді.
Ер шыдамайд намысына,
Айып емес келгені.
«Артықпын» деп мақтанба,
Хандығын Әлім бермеді.
Аттанып өзің Созаққа,
Оған күшің келмеді.
Қайта бардың Созаққа,
Айтқаныңа Жәкең ергені.
Жалғыз барып батырың,
Бұл ерлігі емес пе
Алдыңа айдап келгені.
ұрыспай ашып қақпасын,
Ішіне шәрдің кіргені.
«Шабамын,-дедің,-Созақты»,
Саған еркін бермеді,
Дақтанып кеулің, кірледі.
ұрысуға Кіші жүзбен
Бұған әлің келмеді.
Қисын тауып, тие алмай,
Бұрымын кестің жеңгейдің,
Осының да жөн бе еді?!
Айып емес Жәкеңнің
Аттанып саған келгені.
Кілем төсе жолына
Тұрған жерге жеткенше,
Атпенен бері жүрмейді.
Мойныңа алып кінәні,
Айыбын оның бер,-деді.
Созаққа күшің жетпеді,
Жәкең өзбекпенен тең бе еді?
Жанқожа арын алмай кетпейді,
Айтып болдым мен,-деді,-
Ендігісін өзің біл,-деді.
Бопай қыздан мына сөзді естігенсін, Наурызбайдың кеулі басылып, Жанқожа тұрған жерге дейін кілем төсеп, Әлімнің батырларын аттан түсіріп, қонақ етіп сыйлап, Жанқожаға үш тоғыз айып береді. Сол жер сонан бері қарай «Кілем жайған Бопай» атанып жүр.
Үйге кіріп барғансын,
Ер Жанқожа ақырды.
Хан Кенедей ханыңның
Қос телпегін жапырды.
-Негізің сенің-таз қалмақ,
Көрмедім төреге лайық ісіңді.
Өтіріктен кінәлап,
Батбаға бердің зәбірді.
Зорлығыңа көнетін
Адам қайдан табылды?
Ай, Кене хан, Кене хан!
Негізің сенің-таз қалмақ,
Нәсілің болған арамнан.
Бұзық болдың, сен Кене
Туғаннан-ақ анаңнан,
Халықты қасыңнан қашырған.
«Шаптырмадың,-деп,-Созақты»,
Кеулің соған қарайған.
Ішің күйіп, ұрындың,
Олжа ала алмай біздің маңайдан.
Бұрымын кестің Батбаның,
Кінә қойып жаладан.
Айыбын қой мойнына,
Адам болса Батбаның
Бетіне тура қараған.
Сен бұрымын кескенде,
Мен аяғын кесейін,
Кінә болса тағылған.
Адам едің бастан-ақ
Қараға шауып ұрынған.
Қоя алмасаң кінәсін,
Айыбын бер қызымның,
Түрегеліп орныңнан.
-«Құлдық»,-деді хан Кене,
Түрегеліп орнынан.
Мойнына алып кінәсін:
-Бізден,-деп,-айып,-жалынған.
Бұрымы бітіп Батбаның,
Айыбынан тазарған.
Береміз айып үш тоғыз,
Тұрма,-деп,-Жәке орныңнан,-
Деп Кене [хан] жалынған.
Сонан кейін Кене ханның,
Мінеки, айып бергені:
Бірінші тоғыз бергені-
Тоғыз құлынды бие еді.
Екінші тоғыз бергені-
Тоғыз боталы нар еді.
Үшінші тоғыз бергені-
Тоғыз жағалы тон еді.
Кемер белбеу қасында
Алтыннан құйған өнерлі.
Үш тоғызды хан Кене
Өз қолынан бергені.
Айып алып болғасын,
Кіші жүздің ерлері
Қайтып елге жөнелді.
Қарындасын алып қайтты Жанқожа,
Кенеге тастап кетпеді.
«Қолынан айып бергесін,
Тастап кетеді әйелімді» деп,
Хан Кене болған дәмелі.
Жеңгесін алып кеткесін,
Дұшпандығын білдіріп,
Әскеріменен Наурызбай
Алдынан кесіп өтеді.
Алдынан кесіп өткенсін,
Ақшолақты қолға алып,
Атайын деп ед Жылқыаман,
Жанқожа ұлықсат етпеді.
-Айып алдың қорқытып,
Наурызбай соны кектеді.
Тыныштық керек халыққа,
Елден жақсы кеткені.
Бұлар қорықпайтын төре еді,
Адам өліп арадан,
Жау болармыз, қандасып,
Соның не бізге керегі?-деп,
Ер Жәкең батырларын басады.
Сонан кейін хан Кене
Тұрағы болмай бұл елге,
Қаша көшіп желеді.
Кіші жүзбен ұрысуға
Шамасы оған келмеді.
Албырт кеулі асқақтап,
Наурызбай менен хан Кене
Қырғызбен ұрысып өледі.
Ол елде ненің болғанын
Қырғыздың елі біледі.
Табыннан шыққан Бұқарбай
Аман қайтып келеді.
Осыменен аяқтадық
Хан Кене, Науан төрені.
Қара кеуілді қаңғырып,
Тәкәппар, тентек тентіреп,
Осылай өмірі өтеді.
***
Патшаның адамын Орынбордан 1844 жылы Байлы Бисен деген адам бастап алып келеді. «Ол келген уақытта Алтынбай Бекмырза осы араға хан еді» дейді. Патшаның адамы Бекмырзамен келісіп, Райымның басына қамал соғады. Сонан кейін Бейсен, Жармола, Қостанай, Райым араларына хат-хабар тасушы адам болып жүреді. Ол күнде хат-хабар тасушылар ылаумен жүреді. ылау дегеннің мәнісі: фаэтон арбаға төрт ат жегеді парлап. Жол ауыр болғаны үшін солай жүреді. Бір күні Жармола-Қостанайға келе жатып Жанқожаның аулының үстінен шығады. Осы Жақсықылыштың үстінде Жанқожа төбесінің қасында отырғанда, үйіне шай ішуге келеді. Келгесін: «Сен кімсің?» деп жөн сұрады. «Байлы Бисен деген мен», дейді. Жәкең: «Иә, патшаның адамының алдына түсіп, бажақ болып, біздің елге алып келіп жүрген Бисен деген сен бе едің?»-деді. «Иә, біз болармыз»,-деді. Олар бір адам болып жүрмейді. Төрт адам, я алты адам болып жүреді. Қарулары да болады. Жәкең: «Ішетін шайларыңды алып кел. Қайнатып көрейік»,-дейді.
Бір қадақ шайды алып келеді. Ол шайды қазанға салып қайнаттырып, суытып, иттеріне құяды. Иттері тілін бір салып алып, шайын ішпеді. Жанқожа: «Ит ішпеген шайды сендер қалай ішесіңдер?-деп,-менің ішетін тағамымды ішіп көрсеңдер, қалай болар екен?»-деп сұрады.
Бисен бастығы: «Ішейік»,-деді. Құмаршақтың ұны мен түйенің шұбатын алдырып береді. Олар ішіп-жеп тойып алады. Сонан кейін Жанқожа: «Қалай қарап жүресіңдер»,-деп сұрады. Олар: «Жармола, Қостанайға қарап жүреміз»,- деді. Жанқожа: «Сендерге олай қарап жүруге ұлықсат жоқ.
Мен патшаға қарсы адаммын. Олай қарап жүремін десеңдер, өлтіремін,-деді.-Осы арадан кейін Райымға қайтасыңдар»,-деді.
Олар қорыққанынан: «Кейін қайтамыз»,-деді.
-Кейін қайтсаңдар, Бекмырзаға сәлем айт. Патшаның адамынан бас тартып, аулақ жүрсін,-деді. Олар қайтып келіп, Бекмырзаға Жанқожаның сәлемін айтады. Сонан кейін Бекмырза патшаның адамынан ажырасып, өзінің Алтынбайына, Ақирек астына көшіп барады. Бисен де жұмысынан шығып, Бекмырзаға еріп барады. Сонан бері Бисен тұқымы Алтынбай ішіне сіңіп, Алтынбай болып саналып жүр. Бисеннен-Айтжан, Айтжаннан Нұрсұлтан, Нұрсұлтаннан-Бақыт, төрт ата жеке келіп тұр. Енді мұнан кейін Райымның басынан Қаракесек Шәкір деген адам Қазалыға көшіреді. Сол жерге қоныс салып орнығады. Сосын кедей шаруа, диқаншылардың жерін нөмірлеп, өлшеп ала бастаған. Кедей шаруа, диқаншылар жерін алғасын, наразы болып, Жанқожаға барып: «Жерімізді тартып алды» деп жылаған.
Халықтың шағымы бойынша Жанқожа батыр патшаға қарсы ұрысады кедей-шаруалар үшін. «Патшаның адамы Корабеткин деген гүбірнатір»,-дейді.
Жөнеліп Кене кеткесін,
Патша орамға алыпты.
Жерін өлшеп қазақтың,
Нөмірлеп қазық қағыпты.
Сырдарияның жағасы-
Қазалыдан қоныс алыпты.
Би менен сайлап болысты,
Кедейге салық салыпты.
Таба алмаса кедейлер,
Болған көрінед жазықты.
Кедей-жалшы жиналып,
Жанқожаға барыпты.
-«Патша әділ болад» деп,
Алдаған екен халықты.
Салық салып кедейге,
-Көрмедік,-деді,-жарықты,
Бермесек, болдық айыпты.
Би менен бек, болыстар
Оңайдан пайданы тауыпты.
Бай менен бек, манапқа
Салмайды,-деді,-шығынды.
Олар-күйлі адамдар,
Би менен болыстың аузына
Тығады екен тығынды.
Бабажан сарттан құтылып,
Жаңа көріп едік тынымды.
Әділ патша дегенің
Кедейге келіп ұрынды.
Ізімізге салып тұр,
Би мен болыс зұлымды.
Осылай деп кедейлер,
Жанқожаға шағынды.
Сонда Жәкең сөйледі:
-Олай болса, берме,-деді,-шығынды,
Сұрап келген болысын
ұстап бер маған зұлымды.
Көрсетейін көрімді,-деп,
Жанқожа сөзін сөйледі.
Сонан кейін кедейлер
Енді салық бермеді.
Сұрай келген болысқа,
Көтеріліп кеулі, желденді.
Жанқожадан болғанын
Кеулі сезіп білді енді.
«Жанқожа батыр қарсы шықты»,-деп,
Патшаға хабар береді.
Хабарланып патшасы,
Жанқожаға әскер жіберді.
Жау хабарын естіп,
Қайнады Жәкең жүрегі.
Көкешкі атқа мінеді,
Көк сауытын киеді,
Қылыш-найза іледі,
Құдай, әруаққа сыйынып,
Көп әскерге ер Жәкең
Жалғыз өзі тиеді.
Әскерлердің жиналып
Атқан оғы өтпейді.
Көкешкі атпен екпіндеп,
Әскерді қуып өктеді.
Патшаның әскерін
Найзамен қоңынан түйреді.
Батыр еді киелі,
Жанқожаға оқ өтпеді.
Үш күн [үш] түн ұрысты
Алаайғыр менен Сортүбек,
Сонда ұрысқан жер еді.
Жанқожа жалғыз болса да,
Әскердің күші келмеді,
Патшаға теңдік бермеді.
Ер Жанқожа ақырып,
Көкірегін кернеді.
Ол патшаның әскері
Қазалыға тығылып, қашып,
Арбадан қамал соғады.
Қылышпенен кескілеп,
Арбасын отқа жағады.
Қамалын бұзып кіргесін,
Әскерін қуып кескілеп,
Ортаға айғай салады.
Бұл ұрыста ер Жәкең
Қамалдан аман шығады.
Далаға шығып ер Жәкең,
Тынығып демін алады.
«ұрысамын патшамен»,-деп
Елге хабар береді.
Хабарымен Жәкеңнің
Жиылып жалшы-кедейлер,
Жанқожаға жақтасты,
Және ұрысты бастапты.
Айымбет деген бір адам
Халық туын ұстапты.
Әруақты ерлер қызғындап,
Кіріп кетіп ортаға,
Әскерге салды бүлікті.
Толыбайдың Көтібары,
Жақайымның Мысасы
Ортасында жүріпті.
Әскерлердің қоңынан
Найзаменен түйрепті.
Ер Жанқожа ақырып,
Бөлек-бөлек қуыпты.
Ол патшаның әскерін
Қылышпен шауып қырыпты.
Бұлар сөйтіп жүргенде,
Патша емес пе оқыған,
Білімі бар өнерлі,
Елге елші жіберіпті.
Ол патшаға сатылып,
Патшадан алтын алыпты.
Туын ұстаған Айымбет
Туды жығып: «Жау, қаш» деп, қашыпты.
Туды жығып, қашқасын,
Халық қорқып сасыпты.
Бері шыққасын, қараса,
Көп әскердің ішінде
Жанқожа жалғыз қалыпты.
Көтібарды «жассың» деп,
Оны кейін қалдырып,
Мыса менен Арынғазы
Екеуі қайтып барыпты.
Осындай қиын жерлерде
Ер шығарад қайратты.
Ер Сартайдың тұқымы
Келе жатқан дегдар жұрат-ты.
Астына мінген аттары
Жүйрік екен екпінді,
Жанқожаға тез келді.
ұрысып жүр бір өзі,
Жәкеңді көзі көреді.
Әскерді жүр қуалап,
Қойға тиген бөрідей
Екі көзі қызарып,
Найзамен жүр шабақтап.
Ештеңені көзі көрмейді,
Қолындағы қылышын
Оңды-солды сермеді,
Әскерге теңдік бермеді.
Оқ тимеді өзіне,
Әруағы жүр қолдап.
Әскердің бәрі қашып жүр
Дарияны жағалап.
Оны қуып Жәкең жүр,
Көкешкі атты сабалап.
Арынғазы мен Мысаға
Жеткізбеді Көкешкі ат.
Шаққа ұстады құрмалап,
Алып шықты Жәкеңді,
Оңашаға бұрмалап.
Жәкеңе Мыса сөйледі,
Ақыл айтып, ағалап:
-Көпке әлің жетпейді,
Жалғыздың ісі бітпейді.
Туды жығып қашыпты
Айымбет деген ит,-деді.
Бұл патшалық халық қой,
Әскері мұның көп еді.
Еділге салып қонысты,
Жайықты алды жағалап.
Жемге салып қонысты,
Орды алды өрмелеп.
Алып болды қазақты,
Біртіндеп келіп термелеп.
Бірлігі жоқ қазақтың,
ұрысады біріндеп.
Халықты жауға алдырад,
Өзін-өзі ел күндеп.
Исатай мен Махамбет-
О да ұсталып айдалып,
Патшадан көрді тепкіні.
Оны да істеген ағайын,
Өз-өзінен өкінді.
Ерназар, Бекет ұрысып,
О да ұсталып, айдалып,
Көк арбаның жүрді көтінде.
Өріс алып, кеңейіп,
Бұл күнде патша бекінді.
Біршілікте тұрғанда,
Созақтың бұздың кентін де.
Бұл барлық жерді алып, торлады,
Енді ыңғайы болмады.
Біз едік қалған шетінде,
Қайтайық елге, Ер Жәке,
Бұл жұмысқа өкінбе.
Көтібардың баласы-
Есет пенен Дәрібай
ұрысып еді он жылдай,
Жеріне қоныс салдырмай.
О да ештеңе бітірмед,
Шектінің о да батыры-ай.
Ақырында ол патша
Қоныс алып орнықты-ай.
ыдырап жүр бұл қазақ,
Бірлесіп басы қосылмай.
Бас қосып еді үш Алаш
Кешегі Төле би, Қазыбек
Әйтеке, Сартай тұсында-ай.
Біршілік кетті қазақтан,
Бұл күнде заман осындай.
Қайтайық, Жәке, осылай.
Мысаның айтқан сөзіне
Түсінді Жәкең бағалап.
-Айтып тұрсың, Мысажан,
Алды-артын шамалап.
«Қайтпайын-ақ» деп едім,
Өлгенімше патшадан,
«Жүрер,-деп,-дұшпан табалап».
Алып болса қазақты,
Олай болса, қайтайық,
Дарияны жағалап.
Үлгі көрген адамдар
Жақсыны жүред паналап.
Үлгісіз елдің белгісі-
Жасқаншақ болады жақсысы,
Өзі-өзінен қорғалап.
Айымбетті тауып өлтірсек,
Мойнынан қанын ағызып.
Халық күңкіл сөз қылар,
Сыртыңнан кінә тағылып.
Ағайынмен қалай жау боламыз,
Өз-өзіміз нағылып?
Айымбет патшаға сатылып,
Халық қалды-ау бағынып.
Мен бұлардан кетермін,
Патшаның көріп қорлығын,
Отырармын нағылып!
Осыны айтып болғасын,
Жанқожа айтты кіжініп,
Жауға алдырды ағайын деп,
Өз-өзінен күйініп.
Арынғазы, ер Мұса
Көп әскердің ішінен
Алып қайтты Жәкеңді,
Әруаққа сыйынып.
Елге қайтты Ер Жәкең,
Қарқыны қайтып, басылып.
Елге Жәкең келгенсін,
Халық келді жиылып.
Ағытып сауыт түймесін,
Тұрып еді сілкініп.
Бесатардың оқтары
Төгіліп қалды үйіліп.
«Бағынды,-деп,-патшаға»,
Ағайынға өкпелеп,
Ішінен жүрді күйініп.
Қоя тұрып бұл жағын,
Айымбеттен сөйлейін,
Кім екенін білдіріп.
Дәулетияр руы,
Айымбет-елінің биі еді.
Айымбеттен Құтпамбет,
Құтпамбеттен хан Сұлтан,
Керек болса дерегі.
Қоңырдан туған төрт бала
Шықпаған батыр ел еді.
Қоңыр менен Құланбике-
Кішкененің әйелі-
Құланбикенің баласы-
Құрманай менен Құттықтан
Туған Жанқожадай ер еді.
Артық болсаң, күндейтін
Халықтың, сірә, салты еді.
«Көнбеймін,-деп,-патшаға»,
Ағайынға өкпелеп, Жәкеңнің
Қызылға көшкен жері еді.
Он-он бестей қарашы
Майданнан тағы ереді.
Қызылға барып қонғансын,
ұрлық болды қорегі.
«Жанқожалап» ұрандап,
Жайылып жатқан далада
Малды қуып келеді.
Мұны біліп, Жанқожа:
«Қой» деп еді, қоймады,
Арамзалар тоймады.
«Істегенің ұрлық,-деп.
Еткендерің зорлық»,-деп,
Теріс бата береді.
Жанқожадан жасырынып,
Он адам аттанды жорыққа.
Жәкең қалады жалаға,
Айтқанын қылмай тағы да.
ұшыр айты уақытта
Малын қуды табынның
Жайылып жатқан далада.
Бұқарбай, Байқадамның малы екен
Жан келмейтін маңына.
Байқадам қуды артынан,
Малын жауға жібермей,
Барды айырып алуға.
Назбедеу ат астында,
Көп ұзатпай оларды,
Жетіп барды қасына.
Еменге ойып саптаған
Қырлы найза қолында.
Тоғызын аттан түсірді,
Найза салып қоңына.
Сол уақытта Байқадам
Елу-алпыс жасында,
Қайраты бар басында.
Арғы атасы-ер Серке
Аттанған жалғыз қалмаққа.
Өз әкесі-Бекарыстан
Әруақ қонған басына.
Атадан бала туғасын,
Тартпасын ба салтына!
Жұмабай қашып баратыр,
Жалғыз нарды қуалап,
Қарамай-ақ артына.
О да қашып бара жатыр
Өзінің бет алдына.
Қашқанын көріп Байқадам,
Артынан қуып барыпты.
Байқадам жақын барғанда,
Жар тасалап қалыпты.
Бар екен қолда мылтығы,
Байқадамды көздеп атыпты.
«Ажал-қақпан» деген сол,
Дағдырсыз қаза тауыпты.
Байқадамды атқан бұл майдан
Жалғыз нарды қуалап,
Келе жатыр аулына
Тапқандай алтын даладан.
Аттан түсіріп тоғыз адамын,
Жолдасын жауға қалдырған.
Байқадамды атып өлтірді,
Малын қуып даладан.
Жалғыз нарды қуалап,
Намаздігер уақытта
Аулынан құлаған.
Болған істі білдіріп,
Жанқожаға жылаған.
Бұл хабарды есітіп,
Әйел-бала шулаған.
«Туғаннан қалдым жалаға» деп,
Ер Жанқожа налыған.
Малын қуып біреудің,
Жүректерің қабынған.
Тоғызың қалса далада,
Іздегенге зор табылған.
Атаңның құнын алыпсың,
Ажалым болар табыннан.
ұрынасыңдар орынсыз,
Бәлеге бәле табылар.
Байқадамды жазықсыз өлтірсең,
Аулың да,-деді,-шабылар.
Аттанып табын, шөмекей,
Аулыңды шауып, мал қуар.
Айтқандай адам іс болар,
Қашанғы Алла жар болар?
Жанқожаңды өлтірсе,
Алты әлімнің басы даң болар»,-
Деп, Жанқожа жатты үйінде.
Келейік енді Байқадамға:
Найзамен тоғызын түсірді,
Кем емес екен Байқадам да.
Арғы атасы-ер Серке
Іс қылған жауға көріне.
Өз әкесі-Бекарыстан,
Қарасаң ата-тегіне.
Жалғыз шауып жауына,
Қапылыста кетті өлімге.
Зәбір көрген ер Жәкең
Ағайын-туған, жақыннан.
Тиіп айтқан жерім жоқ,
Біреудің түртіп шабынан.
Өтірік айтқан жерім жоқ,
Өзімнің қосып жанымнан.
Құланбикенің баласы,
Ашуланып, арланба,
Әңгіменің желісі
Өз қартыңнан алынған.
«Шындық сөз-шын хатым» деп,
Айтқан нақыл бұрыннан.
Ер Сейіл шықты: «Барам»,-деп,
Әкесінің кегіне.
Табындар да жиналды
Жанқожаға баруға,
Аттанып Әлім еліне.
Сейіл барып ойласты
Бұқарбай, Қарын еріне.
Бұқарбай батыр сөйледі,
Ақыл айтып көбіне:
-Азғантай ауыл табынбыз,
Күшіміз келмейді Әлімге
Жағдай айтып, жалынып,
Барайық,-деді,-Шөменге
Іргелі халық, көп елге.
Біз қоныстаспыз бұлармен,
Отырмыз Шөмен жерінде
Мен үлкейіп, шал болдым,
Шыға алмаймын жауға көріне.
Осыны айтып Бұқарбай,
Шөменнің барды еліне.
Жағдай айтып білдірді
Би мен батыр, бегіне.
Болған істі білдіріп,
Бұқарбай батыр толғаған,
Өткен істен қозғаған:
-Он адам шыққан аттанып
Жанқожаның аулынан.
Жайылып жатқан ауылдың
Малын қуған даладан.
Жалғыз барып Байқадам,
Тоғыз адамын өлтіріп,
Малын жаудан айырған.
Жалғыз нарды қуалап
Қаша берген бір адам.
Байқадам қуған артынан,
Жар тасалап, жасырынып,
Байқадамды атып өлтірген,
Айрылдық сөйтіп бауырдан.
Байқадамның кегін алуға
Аттанайық деп едік,
Аз болды адам табыннан.
Күшіміз келмейд әлімге,
Көмек сұрап келдім деп,
Бұқарбай ағаң шағынған:
-Табын мен шөмен қосылып,
Кек алайық әлімнен.
Бізсіз де өзің жау болып,
Келе жатқан елсің бұрыннан.
Тыншыңды алып Көтібар,
Еліңді шауып ұрынған.
«Көтібарды өлтір» деп,
Пара беріп Шөмекей,
Жылқышыға жалынған.
Көтібар өлді сонымен
Жылқысын баққан құлынан.
Арыстанды Шөмекей өлтірді.
Алты әлім соған аттанып,
Шөмекейің қырылған.
Көтібардың алты ұлы
Қыран құстай ұрынған.
Тыншың кетіп әлімнен,
Үш кетеге тығылған.
Шөмен мен кете қосылып,
Тілектес елсің бұрыннан.
«Алдырдың,-деп,-патшаға»,
Көшіп келіп Жанқожа,
Ағайынға өкпелеп,
Қызылда оңаша отырған.
Жанқожаны өлтіріп,
Кек алайық осыдан.
Кек бітпейді халықтан,
Айрылсын әлім батырдан.
Не келер дейсің қалған халықтан.
Сонда кегіміз бітеді,
Бұл сөзіме не дейсің,
Жиналған халық, отырған?!
Байқадам үшін Жанқожаны өлтірсек,
Кем емес басы басынан,-
Деп, Бұқарбай сөзін доғарған.
Ол Шөменнің елінен
Сауқым батыр сөйледі,
Көтеріп кеуіл, желденіп:
-Аттанайық әлімге,
Табын мен шөмен қосылып.
Айтқаның дұрыс, Бұқарбай,
Әлім, шөмен жау болып,
Арамыз жүр ғой ашылып.
Жанқожаны өлтірсек,
Көтерілген әлімнің
Қалар ед кеулі басылып.
Патшадан абырой аламыз,
Жанқожаны өлтірсек.
Қарсылық етіп патшаға,
Көшіп ед аулын қашырып.
Патшаның қырды әскерін,
Дариядан асырып.
Патшаға қарсы ұрысып,
Кетіп еді кеулін қалдырып.
Өлтіруге Жанқожаны
Түсіре алмайды қолына,
Неше қайта ұрысып.
Осыны айтып ер Сауқым:
-Жүрейік,-деді,-жосылып.
Алайық адам таңдаулы,
Қару-жарақ байланып,
Көп жүрмейік айналып.
Хабарланса көп әлім,
Қалар,-деді,-қамданып.
Сонан кейін кеңесіп,
Табын мен Шөмен бас қосып,
Жанқожаға аттанды.
Байқадамның баласы-
Ер Сейіл оны басқарды.
Түніменен жол жүріп,
Таң сарғайып біліне
Аулына келеді.
Арқандаулы Көкешкі ат
Оны көзі көреді.
«Жолымыз болды жолдан» деп,
Атты шешіп алады.
«Талапты Алла оңғарды» деп,
«Тостағандап» ұрандап,
Жанқожаны қамады.
Жау қолында ат қалып,
Талайы енді болмады.
Сауытын киіп үстіне,
Қылыш алып қолына,
Жаяу ұрыс салады.
Зауал ауа, бесінде
Жалығып батыр, шаршады.
Құбылаға қарап, бет алып,
Шарт жүгініп отырды.
Шаршағанын білгесін,
Табын мен шөмен құтырды.
Жанқожаға батып бара алмай,
Айнала қамап тұрыпты.
Салынбай қалған сауыттың
Өндіршектегі түймесін-
Соны Сауқым көріпті.
Көздеп атып сол жерден,
Жанқожа сонан өліпті.
Дәл жетпіс бес жасында
Жанқожаны өлтіріп,
Ол шөменнің Сауқымы,
Жаласы сонан болыпты.
Аулын шауып, малын қуып,
Табын менен шөменің
Еліне қайтып кетіпті.
Жанқожаның өлген хабары
Алты әлімге жетіпті.
Қасына ерген қарашы
Жәкеңнің көнбей сөзіне,
Барымталап мал қуад,
Басын байлап өлімге.
Тоғызын түсірді Байқадам
Найзаменен шанышып,
Жібермей аман еліне.
Өз малын жесе, қайтеді,
Отырып тыныш үйінде!
Байқадамды өлтірді жазықсыз,
Малын алып көріне.
Өкінбеймін бұларға,
Жанқожа кетті кегіне.
Кіл жаманның кесірі
Бүлік салып кетті еліне.
Жанқожаны Сауқым өлтіріп,
Патшаға берген хабарын.
Патша сыйлық беріпті
Өлтіруге Жанқожаны
Таппай жүрген амалын.
Жалғыз шауып Жанқожа,
Патшаның бұзған қамалын.
Ер қорықпайд өлімнен.
Сауқым батырды өлтіріп,
Байқазақ берген сазайын.
Жанқожа кегін алуға,
Қорыққанынан патшадан,
Аттана алмай қалды алты әлім.
Патшаға қарсы адам ед-
Белгілі елге ол мәлім.
Кегін алды Жанқожаның,
Басын байлап өлімге,
Байқазақ-батыр қыраным.
Осыменен, мінеки,
Өлтіруге Сауқымды
Аттанып кетті Байқазақ,
Әлімнің айтып ұранын.
«Кек бітпейді халықтан»,-деп,
Төртқарадан аттанды Байқазақ.
Түрікпені назбедеу
Астына мініп арғымақ,
Қашқан жауды құтқармай,
Қаша қойса, құтылмақ.
Асынған қару бойына,
Найза, қылыш, ақ балдақ.
Ойындағы мақсаты-
Сауқым батырды өлтіріп,
Қан орнына қан алмақ.
Жанқожаны өлтіріп,
Алты әлімге салған дақ.
Ойына мұның жел бітті,
Сауқым батырмен айқасып,
Өзін-өзі сынамақ.
Он бес адам алып қасына,
Жылқысын қуды Сауқымның.
«Айыртаулап» ұрандап,
Сауқым қуды артынан,
Қара құстай қалбаңдап.
Аты жүйрік оның да,
Жетіп барды жалбаңдап.
Кедергі қылды Байқазақ,
«Жетсін» деп оған қарайлап.
Қасында қалды Садақбай,
О да өзі ой ойлап:
«Өлтірмес,-деп,-Сауқымды,
Жалына қойса, жағдайлап».
Таныс екен бұрында,
Ауылында жүрген «ағайлап».
Қасына жақын келгеннен,
Басына сауға сұрады,
Жағдайын айтып, ойбайлап.
Осыны айтып тұрғанда,
Садақбай салып найзаны,
Түсірді аттан құлатып.
Үстіне мінді Байқазақ,
Ер Сауқымды жылатып.
Сауқым сонда сөйледі:
-Астыңа басып отырсың,
Өлтіруге ниеттеніп.
Ойыңа алып жүр ме едің,
Жанқожа үшін кектеніп?
Төрт шөмен жетім қалады,
Мені өлтірсең, шерленіп.
Жанқожа кегін алуға
Жүр екенсің желденіп,
Ол-шектінің батыры.
Көтібар, Мыса қайда жүр,
Кегін алмай, шерленіп?!
Байқазақ сонда сөйледі:
-Іс қылмадың басында
Әуелден өзің ойланып,
Әлім, шөмен бір тудық.
Табынның арын арладың,
Шағым сөзге иланып.
Жетім қалды алты әлім,
Жанқожа үшін толғанып.
Шөменіңе аттанды,
Алты әлім түгел қозғалып.
Қорыққанынан патшадан
Қалып еді тоқталып.
Айырасың әлімді,
Өлімге келдің тақалып.
Жазықсыз елге тигеннен
Бола ма екен кек алып?
«Мен аулыңда жүргенде,
Әлімнің Жанқожасын өлтірдім» деп,
Сөз айттың талай мақтанып.
Соның бәрі ойымда
Жүретін еді дақ қалып.
Сен Жанқожадан артықпысың?-деп,
Қанжармен жіберді бір тартып.
Ер Сауқымды Байқазақ
Жанқожа үшін өлтіріп,
Қайтты елге кек алып.
Ол шөменнің Сауқымы
Өлтіргесін Жанқожаны,
Патшаға хабар береді.
Өлтіргесін дұшпанын,
Патша тәуір көреді.
Белгілі болып адамы,
Дандайсып елде жүр еді.
Патшаға сенген еріңді
Жанқожа үшін өлтіріп,
Байқазақ алған кегімді.
Байқазақтың бұл рет
Қабыл болды тілегі.
Өлтіргесін Сауқымды,
Шөмекейдің болысы
Патшаға хабар береді.
Хабарымен бұлардың
Патшадан адам келеді.
«Өлтірдің,-деп,-Сауқымды»,
Байқазақты ұстады.
Екі қолын байлады,
Патшаның солдаты
Алдына салып айдады.
Орынборға апарып,
Түрмесіне қамады,
Тексеріп жауап алады.
Қорықпайтын өлімнен
Артық туған ер еді,
Тайсалмай жауап береді.
Байқазақтың айтқан дерегі:
«Жанқожа артық ер еді,
Бұл замандағы ұл еді,
Алты әлімнің терегі.
Сол үшін Сауқымды өлтірдім,
Болса да саған керегі.
«Өлтірдім,-деп,-Жанқожаңды»,
Бетіме айтып, мұқатып,
Табалап мені жүр еді.
Мақтанған өтті азары,
Дағдыры бітіп өлгенше,
Ажалы сонан, себебі:
Табынға сатылып өлтірді,
Емес ед оған жазалы.
Айтқанымнан қайтпаймын,
Келсе де Хақтың ажалы.
Тайынбай шынын айтқасын,
Әкімнің түсті назары.
Ерлігіне қызығып,
Босатып мұны жіберді,
Бермеді қорлық-азарды.
Елге келіп Байқазақ,
Өмір сүріп, тазарды.
Жанқожа кегін алғасын,
Әлімде батыр Байқазақ
Арға шейіт ер жігіт-
Қыран құстай мұзбалақ.
Мақтанғанмен қаншама,
Сұңқар болмайд жапалақ.
Айырсаң алтын-күмісті өлшеп гірге,
Тұрса да бақыр арзан басып салмақ.
Көрінед дегдарлының бір белгісі.
Қынындай ақ сүңгінің алтын балдақ,
Жатпайды қап түбінде кескір алмас,
Бек ауыз, қымбат мылтық күміс құндақ,
Тындасаң, осы айтылған асылдардан
ұл туар бір адамнан осындай-ақ.
Шын жүйрік бәйгі алады қымсынбай-ақ,
Ер ісін айтып мен де, жасырмай-ақ.
Жырладым халық сөзін желі тартып,
Жазуға күні-түні жалықпай-ақ.
Жазушы-Сұлтан ұлы, атым-Қарман,
«Кім,-деген,-сөз егесі?» болса сұрақ.
Жанқожа осыменен аяқталды-ай,
Заманның ол күндегі бәрі сондай.
Осындай өтті заман неше қилы-ай,
Басылып жаугершілік, қанаушылық,
Бұл күнде заманымыз болды жайлы-ай.
Мызғымас халқымыз бір тілекте,
Айнымас бірлескен ел бір бағытта-ай.
Сөз жаздым біраз ойланып,
Ағызып кеуіл бұлақтан.
Онша жүйрік емеспін
Бәйгі алған байрақтан.
Жақайымда Нұртуған
ұзан жүйрік, шабылған.
Арғы атасы-Еспембет,
Тіл өнерін ағызған.
Үзілмей келген із екен,
Сөз тапқан жүйрік қияннан.
Болмағанмен олардай,
Қалмай жүрміз біз дағы
«Аллалай» айтқан ұраннан.
Екі кітап жазып шығардым,
Өзім тауып ойымнан.
Бұрыннан қалған желі бар
Қара сөзбен айтылған.
Жылқыайдар, Сартай ер екен
Қалмаққа шауып кек алған.
Әйтеке әділ би екен
Теңдік алған дұшпаннан.
Сырым батыр байбақты
Дұшпанға атын ойнатқан.
Серке батыр табында
Қалмақты шауып шулатқан.
Жанқожаны жырладым
Патшаға қарсы оқ атқан-
Әлсіздерді жұбатқан,
Жауыздарды жылатқан.
Оқығандар, жадыңа ал,
Жақсылардың сөздері
Кетпесін ағып құлақтан.
Бұл сөзімді, мінеки,
Халқым тыңдап ұнатқан.
Еңбек еттім ерлерге,
Көремін тағы бағымнан.
Жақайымның Бердіңқұлы
Шыққан сөз Қарман шайырдан.
Берсем деймін баспаға,
Өткізіп сын-сынақтан.