Дәрумен денсаулықтың кепілі ме, әлде маркетинг пе — маман кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде түрлі биоқоспалар мен дәрумендерді жарнамалау белең алып тұр. Алайда бұл қоспалар шынымен пайдалы ма, әлде ағзаға қауіп төндіре ме? Қазақ тағамтану академиясының президенті, белгілі ғалым Алмаз Шарманов «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында ББҚ-ларды (биологиялық белсенді қоспалар) бақылаусыз ішудің зардаптары мен олардың ғылыми негізделген қажеттілігі туралы айтып берді.
Ғалымның айтуынша, ББҚ-лар толыққанды тамақтанудың орнын баса алмайды. Дегенмен адам өмірінің белгілі бір кезеңдерінде оларды қолданудың маңызы зор.
— Мәселен жүкті әйелдерге фолий қышқылы, қыс мезгілінде күн көзі аз болғанда D дәрумені, ал жасөспірім қыздар мен әйелдерге темір препараттары мен Омега-3 қажет болуы мүмкін. Жақында Nature журналында жарияланған зерттеу бойынша, 65-70 жастан асқан қарт адамдарға поливитаминдер ішу ұсынылады. Бұл олардың өмір сүру сапасын жақсартып, өмірін орта есеппен 4 айға ұзартуы мүмкін. Бірақ бұның бәрі тек маманның бақылауымен және аса қажет болғанда ғана қолданылуы керек, — дейді Алмаз Шарманов.
Алайда ғалым ББҚ-ларды бақылаусыз, өз бетінше қабылдаудың қаупі жоғары екенін ескертеді. Мөлшерден тыс ішілген дәрумендер бауыр жұмысын бұзып, токсикалық гепатит тудыруы, бүйрекке салмақ салып, қанның ұю процесін бұзуы мүмкін. Кейде тіпті қарапайым грейпфруттың өзі гипертонияға қарсы дәрілермен қақтығысқа түсетін жағдайлар кездеседі.
— Қазір «интегративті медицина» дегенді жамылған, небәрі апталық курстарды бітірген нутрициологтар мен блогерлер көбейіп кетті. Олар коммерциялық мақсатта өте күрделі диеталар мен БАД-тардың үлкен тізімін жазып бере салады. Бұл өте қауіпті. Кез келген медициналық кеңесті тек жоғары білімі бар, ағзаның қалай жұмыс істейтінін терең түсінетін дәрігерден алу керек. Ғылым танымалдылықтың құрбанына айналмауы тиіс, — деп атап өтті академия президенті.
Алмаз Шармановтың пікірінше, денсаулықты нығайтудың ең тиімді жолы қымбат капсулалардан гөрі, маусымдық табиғи өнімдерді сатып алу.
— Адамдар ББҚ-ларға көп қаржы жұмсайды. Одан да сол ақшаны сапалы ет, сүт өнімдеріне, көкөністер мен жемістерге жұмсаған әлдеқайда тиімді. Мәселен Омега-3 балықта, кальций сүт өнімдерінде жеткілікті. Табиғи өнімдерді үйде өзіңіз дайындап жесеңіз, ағзаңызға қажетті барлық минералдарды толық аласыз, — деп түйіндеді ғалым.
Айта кетейік, бұған дейін, аз уақытта арықтатын ББҚ қоспаларының зияны жайлы жазған едік.