08:42, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Баға бақылауда отыр - Алматы облысы
ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ – Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Болат Тәкенов облыстық әкімдіктің мәжіліс залында кеңес өткізді, онда азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мәселесі қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кеңеске жақын аудандардың әкімдері, баға мен тарифті бақылауға және мониторингілеуге қатысты облыстық құрылымдардың, базарлар мен ірі сауда орталықтарының басшылары, азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, май құю стансалары мен дәріханалардың иелері шақырылды. Кеңесте бағаны орнықтыру мәселесі кеңінен сөз болды. Кеңесті ашқан Болат Тәкенов, теңге девальвациясынан кейін, баға мәселесі ерекше бақылауды және назарды қажет ететінін атап көрсетті. Облыс басшысының бірінші орынбасары Фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшылығына дәрілік препараттар бағасына күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды. Оған қоса, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшылығына облыс орталығында ? күн сайын, ал аудандар мен қалаларда ? апта сайын азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлерінің бағаларын бақылауды міндеттеді. Талдықорғандағы бағаны бақылау жауапкершілігі қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевқа жүктелді.