Баға өсіп, саяхат азайды: Түркияда туристер легі азайып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда қонақ үйлердің жүктемесі төмендеп, туристер саны азайып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Баға өсіп, саяхат азайды: Түркияда туристер легі азайып келеді
Фото: www.ekonomim.com

Ekonomim газеті туризм саласындағы деректер мен сарапшылардың бағалауына сүйене отырып хабарлағандай, Түркиядағы жазғы туристік маусым алаңдатып отыр. Нарықтағылардың үміті ақталмай отыр, ал негізгі көрсеткіштер төмендеп барады.

Атап айтқанда, туристердің орташа тұру ұзақтығы былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 10%-ға қысқарған, ал қонақүйлердің жүктемесі 5%-ға азайған. Ауқымды жеңілдіктер мен акциялар да нарықты жандандыра алмады: биыл мамырда Түркияға келген шетелдік туристердің саны 1,8%-ға төмендеген.

Туризмнің бәсеңдеуіне себеп — бірқатар фактордың жиынтығы. Олардың ішінде: бағаның едәуір өсуі, жиілеген орман өрті, басқа туристік бағыттар тарапынан күшейген бәсеке, сондай-ақ бірқатар өңірдегі геосаяси тұрақсыздық бар. Сонымен қатар, туристер шығындарын үнемдей бастаған және қысқа мерзімді сапарға көбірек басымдық беріп отыр.

Сала сарапшылары егер туризмді дамытуда жаңа стратегия әзірленбесе, Түркия 2026 жылға қарай бәсекелестік артықшылығынан айырылуы мүмкін деп ескертіп отыр. Бұл әсіресе туристік сектор экономиканың маңызды бөлігі болып саналатын Анталия, Бодрум және Мармарис сынды дәстүрлі танымал бағыттарға кері әсер етуі ықтимал.

Сарапшылар туристік өнімді қайта қарастырып, қызмет сапасын арттыру, сауықтыру, экологиялық және мәдени туризм секілді жаңа бағыттарды дамыту, сондай-ақ Түркияны халықаралық аренада белсенді түрде ілгерілету қажеттігін алға тартады.

Мамандардың айтуынша, жедел әрекет етпеген жағдайда Түркия Жерорта теңізі нарығындағы жетекші орнын жоғалтып, бұл ел экономикасы мен жұмыспен қамту саласына ұзақ мерзімді теріс салдарын тигізуі мүмкін.

Бұған дейін біз Түркия экономикасының туризм мен транзит салаларында оң нәтиже көрсетіп отырғанын жазған едік. Сонымен қатар, Түркия медициналық туризм бағыты бойынша да өз позициясын нығайтып келеді.

Соңғы жаңалықтар