«Бағанашыл» балалар үйінің қызметкерлері қайда жіберілетіні айтылды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің қызметкерлері Алматы қаласы білім Басқармасына қарасты ұйымға жұмысқа орналастырылады

Бүгін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің, Алматы қаласы және Алматы облысы білім басқармаларының өкілдері «Бағанашыл» шағынауданындағы «Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау облыстық орталығы» КММ ұжымымен жеке кездесу өткізді.
Кездесуде балалар үйінің жұмысына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Орталықтың қызметкерлеріне (педагогтарға) Алматы облысынан Алматы қаласы Басқармасына қарасты ұйымға ауыстырылып, еңбек құқығы сақталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек шарттары қайта рәсімделетіндігі және бұл жеке жазбаша келісім арқылы жүзеге асырылатыны жеткізілді.
— Балалар үйі қызметкерлерін жұмыстан босату туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ, «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері өз Орталығының аумағында тұра береді және Алматы қаласында білім алады. Балалардың қауіпсіздігін және оларға лайықты жағдай жасауды қамтамасыз ету — қала әкімдігінің және Оқу-ағарту министрлігінің басты басымдығы. Жағдай тұрақты бақылауда болады, — делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.
Еске салайық, Алматыда орналасқан облыстық Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшуге наразылық білдірді.
Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды.
Кейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы 39 бала Қонаевқа көшті.
Ал «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері жөндеу кезінде Алматыда оқуын жалғастырады.