Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясына қабылдау жеңілдейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясы оқуға қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны әзірледі.

құқық қорғау органдары
Фото: Ақорда

Негізгі өзгерістер академияның магистратурасы мен докторантурасына қабылдану тәртібіне қатысты.

Жаңа редакцияға сәйкес, құжат қабылдау рәсімі жеңілдейді, атап айтқанда, үміткерлерден жағымсыз сипаттағы мәліметтің бар-жоғы туралы ақпаратты ұсыну талап етілмейді.

Сонымен қатар, әлеуетті үміткерлердің қатары кеңейеді, себебі енді құжатты құқық қорғау органдарында қызмет өтілі бар қызметкерлер ғана емес, мемлекеттік қызмет өтілі бар қызметшілер де тапсыра алады.

Аталған өзгерістер құқық қорғау қызметі туралы ҚР Заңының 9-бабының 13-тармағында бекітілген, қызметкерлердің жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу құқығын іске асыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары жүйесіндегі кадрдың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.

Құжат 1 тамызға дейін жұртшылықтың талқысына ұсынып отыр. 

Айта кетсек, елімізде 10 мыңнан аса талапкер грант конкурсына қатысу үшін құжат тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар