Бағанашылдағы балаларды еріксіз көшірмек болғаны үшін кім жауап береді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Алматыдағы «Баганашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еріксіз көшіруге қатысты жағдайға пікір білдірді.

— Шындығында, «Жмурки» фильміндегі сияқты әрекет ету керек еді, яғни жағдай шиеленісе бастағанда бір қадам шегініп, күте тұру қажет. Мен бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен сөйлестім, ол 24-і күні әкіммен кездесіп, мәселені талқылауы тиіс болғанын айтты. Коммуникацияны дұрыс жолға қойып, істі соңына дейін жеткізу қажет болатын, — деді Ермек Көшербаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары болған оқиғаға жергілікті атқарушы органдары жауапты екенін айтып отыр.
— Жағдай бақылаудан шығып кетті. Әкім балаларды сондай тәсілмен шығарады деп күтпегенін айтып отыр, бірақ бұл оны жауапкершіліктен босатпайды. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Уәкілетті тұлғалардың әрекеті өкілеттігі мен жауапкершілігі аясынан шығып кетті. Бұл жағдайды жан-жақты талдау қажет, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматы қаласының тұрғындары емес, олар бүкіл облыстан жиналған.
— Заң бойынша бюджет пен барлық шығын Алматы облысынан бөлінуі тиіс. Бұл мәселені көктемде немесе жағдай туындай бастаған сәтте шешу керек еді, — деп толықтырды Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, Алматыда орналасқан облыстық Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшуге наразылық білдірді.
Бірақ, Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтін болды.
Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің комиссиясы «Бағанашыл» балалар үйіне барды.