Бағаны қолдан қымбаттату фактілерін тапқан жоқ: Air Astana сот актісімен келіспей, шағым береді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Air Astana айыппұл туралы сот актісіне шағым береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Эйр Астана» АҚ-да тексеру жүргізгенін, оның қорытынды материалдары сотқа жолданып, сот компанияға 6,7 млрд теңге айыппұл салғанын хабарлаған еді.

Агенттік мәліметінше, Air Astana әуе компаниясы әуетасымал нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдаланған.

Осыған байланысты Air Astana мәлімдеме жасады.

«Компания құрылған күнінен бастап өз қызметін Қазақстан заңнамасына сай жүзеге асырып келеді. Әуекомпанияда монополиялық жоғары баға белгілеу фактілерін анықтау үшін жүргізілген көптеген тергеу мен тексеру тасымалдаушының жұмысынан кемшілік тапқан жоқ. Агенттік жүктеген құқық бұзушылық тек қана отын алымын өндіріп алуға қатысты және негізсіз. Ең алдымен, әуекомпанияның отын алымын алуы - заңды құқығы. Бұл «Әуе кеңістігін пайдалану туралы» ҚР Заңында қарастырылған. Бүгінгі таңда аталған норма қолданылады, бұл жайында агенттіктің өзі де бірнеше мәрте мәлімдеген» деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, әкімшілік сотта іс қаралып жатқанда көптеген процессуалдық құқық бұзу фактілері болған.

Әуе компаниясы сот актісіне шағым береді.

«Ал агенттік жауапкершілікке тарту тәртібін бұзды, бұл Астана қаласы МАӘС-тың агенттік әрекеттерін/әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы (заңды күшіне енбеген) шешімімен расталады» дейді Air Astana.


Соңғы жаңалықтар
telegram