Бағдат Мусин Kaspi.kz-ке мемлекеттік қызметтерді енгізу идеясын өзі ұсынғанын жариялады

бағдат мусин
Фото: видеодан алынған кадр

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда қаржылық қызметтер көрсететін (Kaspi.kz, Halyk платформалары) платформаға мемлекеттік қызметтерді қосу идеясын өзі ұсынғанын айттын. Министрдің айтуынша, кейінгі жылдары несие алушылардың күрт артуы аталған платформалардағы цифрлық құжаттарға байланысты емес, деп хабарлайды Kazinform

Жақында министр Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген еді. Бағдарлама барысында журналист жеке мәліметтерді жекеменшік қаржылық ұйымдарға (Kaspi.kz, Halyk платформалары) беру қаншалықты дұрыс екені туралы сұрақ қойды.

Себебі мобильді қосымшаның ішінде несиені де алуға және жеке адамдардың цифрлық құжаттарын да қарауға болады.

Яғни жүйедегі қызметтер ықпалдастырылған.

Өз кезегінде министр аталған палатформалардағы мемлекеттік қызметтерге әр адам өзі шектеу қоя алатынын айтты.

«Kaspi.kz — платформа. Біраз адам оны банк деп сынап жатады. Kaspi.kz банк емес, платформа… Мәселен, eGov.kz қосымшасына кірген кезде „Kaspi.kz платформасына цифрлық құжаттар туралы мәліметтерді беруге рұқсат бересіз бе?“ деген сауал болады. Сіз аталған платформада құжаттар туралы деректердің болуына өзіңіз рұқсат берсеңіз, дәл солай осы рұқсатыңызды кері қайтарып алуға болады. EGov.kz қосымшасында ондай мүмкіндік бар», — деді Б.Мусин.

Ведомство басшысы eGov mobilе-ге бұл тәртіп 2020 жылы енгізілгенін нақтылады.

Журналист көп адамның аталған платформаларда цифрлық құжаттарының жариялануына қалай рұқсат бергені есінде жоқ екенін айтты.

Оның айтуынша, Kaspi.kz немесе Halyk платформаларының қосымшасына қосылған кезде «мемлекеттік қызметтер» деген батырма болады.

«Тиісті сілтемені басқан кезде, „еGov-қа осы мәліметтерді Kaspi.kz-ке кіргізуге рұқсат беремін“ деген хабарлама аласыз. Осы батырманы баспасаңыз, сіздің құжаттар мемлекеттік дерекқордан басқа платформаларда ашылмайды», — деді ведомство басшысы.

Ол Қазақстандағы осы тәжірибені халықаралық ұйымдар зерттеп, дұрыс бағыт екенін растағанын мәлім етті.

«Шынын айтайын, идея менікі. Халықаралық деңгейде біз осыны паш еттік. Қазір басқа да халықаралық ұйымдар осыны зерттеп, „бұл - өте дұрыс бағыт“ деп бізге баға беріп жатыр. Платформаларға шығару — менің жеке идеям. Бұл ұсынысты басқа органдармен бірге талқылап, жүзеге асырдық. Атап айтқанда, бұл тәжірибе халықаралық деңгейде оңтайлы бағаланып, басқа да мемлекеттер іске асыруға болатынын түсінді. Ресей, Өзбекстан және басқа да елдер осыны нұсқаулық ретінде алып отыр», — деді Бағдат Мусин.

Министр мұндай тәжірибе АҚШ-та іске асырылмағанын, яғни ол мемлекетте база деректер қоры орталықтандырылмағынын жеткізді.

«Өйткені ол жерде федеративті құрылымның тәртібі бар. Әр штат бұл мәселені өзі шешеді. Қазір Калифорнияда осындай шешім қабылданып отыр. Олар Apple-ге беріп жатыр. Олардың плафтормалық жүйесі біздегі сияқты банк арқылы жүрмейді, Apple, Facebook (Meta) секілді платформалар арқылы іске асады», — дейді ол.

Бұл тұрғыда телеарна журналисі Apple компаниясы несие бермейтінін және қаржылық институт санатына жатпайтынын атап өтті.

Дегенмен Бағдат Мусин Kaspi.kz, Halyk платформаларына жеке куәлік деректерінің жариялануынан бұл банктердің несие беру мүмкіндігі күрт артты деген уәж қисынсыз екенін айтты.

«2021 жылға дейін, яғни жеке куәлік деректері бұл платформаларға шыққанға дейін несиені 5 минуттың ішінде алу мүмкін болды ма? Ондай мүмкіндік болды, себебі сол кезде кредитке үйіме түрлі техника алған едім. Қазір Kaspi.kz, Halyk Bank және басқалары осы деректерді алып, соның арқасында кредит беріп жатқанына сенбеймін. Неге? Несие алу үшін жеке куәліктегі мәлімет қажет емес. Банктерге бұған дейін неше рет кредит алғаныңыз, жалақы дерегі, бұрынғы несиелер бойынша төлемдердің уақытылы жасалғаны туралы ақпарат керек. Ал бұл мәліметтер бізде емес, кредиттік бюрода жинақталған. Сондықтан платформадағы біздің ақпаратымыз — жеке куәліктің болуы немесе болмауы кредит беруге әсер етпейді», — деді министр.

Соңғы жаңалықтар