Бағдатта АМЛ 34-ші саммиті өтіп жатыр: басты тақырып – Газадағы соғыс
АСТАНА. KAZINFORM – Сенбі күні Ирак астанасында Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) 34-ші саммиті басталды. Жиынның басты тақырыбы Газа секторындағы ұзаққа созылған қарулы қақтығыс, тараптарды татуластарып, палестиналық анклавтың қираған инфрақұрылымын қалпына келтіру, деп хабарлайды Kazinform мншікті тілшісі.

Бағдатқа жиналған араб көшбасшылары Израильдің Газадағы әрекеттерін қатты сынап, шұғыл түрде әскери әрекеттерді тоқтатуды талап етті.
Жиынның ресми ашылуы Бахрейн Сыртқы істер минстрінің орынбасары Абдуллатиф аз-Заянидің сөзінен басталды, себебі Манама бұған дейін АМЛ-ға төраға болған. Ол Бахрейннің Газаны қалпына келтіріп, атысты тоқтату туралы келісімді қолдауға дайын екенін жеткізді.
Ирак президенті Абдель Латиф Рашид Израильдің агрессиясын сынап, палестиналықтарды күштеп көшіруге деген кез келген әрекетке жол бермеу керектігін айтты.
- Біздің қауіпсіздігіміз бәрімізге ортақ, ол бөлінбейді, - деп мәлімдеді ол өңірде ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға шақыра отырып.
Саммит Бағдатта 2012 жылдан бері алғаш рет өтіп жатыр.
Жиынға АМЛ-ның көпшілігінің көшбасшылары мен өкілдері қатысып жатыр. Олардың арасында Қатар әмірі шейх Тамим бин Хамад Әл Тани, Мысыр президенті Абдель-Фаттах ас-Сиси, Палестина басшысы Махмуд Аббас, Сомали басшысы Хасан Шейх Махмуд бар. Йорданияның атынан премьер-министр Джафар Хассан келсе, Ливаннан үкімет басшысы Наваф Салам өкілдік етіп отыр.
Саммитке құрметі қонақ ретінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Испания премьер-министрі Педро Санчес шақырылған.
Ирак премьер-министрі Мухаммед Шиа ас-Судани өзінің сөзінде Израильдің Газадағы әрекетін геноцид деп бағалап, қираған елді қалпына келтіру бойынша араб қорын құруға шақырды.
Ирак қорға Газа мен Ливанға көмек ретінде 20 млн доллар құюға дайын екенін жеткізді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Палестина халқын ұжымдасып жазалауды ешкім де ақтамайды» дей келе халықты күштеп қоныстандырудың кез келген түріне қарсы екенін білдірді.
Мысыр президенті ас-Сиси Израильді палестиналықтарды жою мақсатымен жүйелі түрде қылмыс жасады деп айыптады.
Ол Каирдің Қатар мен АҚШ-тың араағайындығымен тараптарды татуластыруға күш салып жатқандығын және Газаны қалпына келтіру бойынша халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
Палестина президенті Махмуд Аббас ХАМАС пен өзге топтарды қару-жарақ пен Газа секторына бақылауда Палестина әкімшілігіне беруге шақырды.
Саммит қорытындысы бойынша бес шешуші әрекет бойынша күн тәртібі бекітілді. Олар: Палестина мәселесі, Йемен, Судан, Сирия мен Ливиядағы қақтығыстар және Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келісім бойынша келіссөздер.
Қатысушылар татуластыру мен соғыстан кейінгі қалпына келтіруге күш салуға дайын екендіктерін растады.
Айта кетейік, осыған дейін Израиль әскерлері ХАМАС-ты талқандап, Газада кепілде қалған адамдарды босату үшін ауқымды шабуылды бастағанын мәлімдеген болатын.