Бағлан Майлыбаев елдегі 270 мың педагогтың әрқайсысына бір-бір талантты оқушыны тәрбиелеп шығаруды ұсынды

ТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Қазақстанда жұмыс істейтін 270 мың педагогтың әрқайсысы бір-бір талантты оқушыны тәрбиелеп шығару қажеттігін айтты.
None
None

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бүгін өткен кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Б.Майлыбаев, Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан білім берудің негізгі бағыттарына тоқталды.

Бүгінде елде мектепке дейінгі білім беру жүйесінде Елбасының тапсырмасы бойынша «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Республика бойынша 9960 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеп тұр. Орын тапшылығы осы күні 390 мыңнан астамды құрайды.

«Проблема бар. Министрлік жұмыс істеуде. Дегенмен, 2010 жыл ішінде бес облыста мұндай бірде-бір мекеме ашылмағанын атап өткім келеді. Кезінде жекеменшікке берілген нысандарды қайтару бойынша 8 өңірде ғана жұмыстар жүргізілуде», - деп атап өтті ол.

Б.Майлыбаев, орта білім беру жүйесінде салынып жатқан нысандардың құрылысын уақытында аяқтап, оқушылық орын тапшылығын жою мен білім беру үдерісінің сапасын арттырудың маңыздылығын қадап айтты.

«Елдегі әрбір мұғалім, олардың саны - 276 мың, таланттарды іздеп-табуға мүдделі болуы тиіс. Егер бір ұстаз бір талантты оқушыны тәрбиелеп шығарса, елде инновациялық даму тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша еш проблемалар болмайды деп ойлаймын», - деді ол.

Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің өкілі, Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыру барысын қадағалауды күшейту, орта білім беру мектептерінің 30 пайызында жұмыс істеп тұрған қамқоршылық кеңестердің өз істеріне немқұрайлы қарамауын қадағалау, үздік білім беру мекемелерінің рейтингісін құру мүмкіндігін қарастыру, әрбір колледж бен ЖОО-да интерактивті әлеуметтік желіні құру, ЖОО-лар сайттарын жетілдіру, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша білім алып келген жастарды отандық ЖОО-ларда жұмыс істеуге көптеп тарту қажеттігін айтты.

Онымен бірге ол, Қазақстанда көптеп ашылып жатқан халықаралық мектептердің барлығында қазақ тілі мен Қазақстан тарихын үйретуге, патриоттық тәрбие беруге жете мән берілмей отырғанын тілге тиек етті.

Ал университеттердегі сырттай білім беру жүйесін мүлдем қайта қарауды ұсынды. «Бұл министрліктің кінәсі емес. Бірақ бұл біздің ортақ жұмысымыз. Адамдар диплом алу үшін бірнеше жыл бойы жай ғана ақша төлеп жүре береді. Министрліктің назарын сырттай білім берудің параметрлерін қайта қарау мәселесіне аудартқым келеді. Мүмкін оны күшейту немесе тиімді етуге болар?!», - деп түйіндеді Б.Майлыбаев.

Соңғы жаңалықтар