Бахаргүл Төлеген: Ұлттық жәдігерлер музейінің шығынын өзім көтеремін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген Бахаргүл Төлеген екі қыздың анасы, өнертанушы, коллекционер, қоластында қырықтан астам қызметкері бар «Әдемі-ай» компаниясының басшысы. Аталмыш компанияның жанында өнер музейі, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен тұрмыстық заттар дүкені жұмыс істейді. ҚазАқпарат тілшісі есімін ел таныған іскер әйелдің табысты еңбегінің сырына үңілген еді.

-         Бахаргүл ханым, қазақ ұлтының байырғы бұйымдарын қарашығыңыздай сақтап келесіз. Қоржыныңызды қалай толтырдыңыз?

-         Университетте оқып жүргенде Қытайдағы императорлар сарайын аралап, ондағы антикварлық заттарға әуес болдым. Елге келгеннен кейін ескі қола мүсіндерді сатумен айналыстым. Бизнес жасап жүргенімде Қазақстандағы коллекционерлердің қолынан қазақтың тарихи бұйымдарын көрдім. Қытайдың заттарын қазақтың жәдігеріне айырбастап, антикварлық бұйымдарға деген құштарлығым коллекция жинауға ауысты. Музей қорында ертедегі қазақ халқының зергерлік әшекейлері, ат әбзелдері,тұрмыстық бұйымдар, киіз үй жабдықтары, батырлардың қару-жарақтарынан құралған 1 мыңнан астам зат бар.

-         Құнды заттарды көбіне қай облыстардан жинадыңыз?

-         Жәдігерлік бұйымдарды жинай жүріп, ұлттық кәдесый шығара бастадым. Оларды Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарына (Түркістан) апарып, таныстырып жүргенімде халықтың қолындағы ескі дүниелерді жинадым. Ең алғаш, Алматының Әуезов көшесінің бойында «Әдемі-ай» дүкенін аштым. Ол жерде үлкен зал болды. Мені коллекционер ретінде тани бастаған халық көне бұйымдарды өздері әкеле бастады. Оларды шама шарқыма қарап уысымнан шығарып алмауға тырыстым.

-         Әттеген-әй дейтіндей қолыңыз жетпей қалған дүниелер болды ма?

-         Теңге моншақтарға толған, салпыншақтары, күміс теңгелері көп, сондай сәнді жасалған әйел адамның қамзолына қатты қызыққан едім. Бір әйел бар-жоғы 75 долларға алып келгенде қолымда ақшам болмай қалды. Кейін шақырайын десем телефонын да алып қалмаған екенмін.Тағы бір кісі ата-бабаларымыз киген бағалы түлкі, қасқыр ішік алып келген. Оны күйе басып кете ме деп, сақтаудан қорқып алмай қойған едім. Кілемдерді де,  түскиіздерді де жинап жүргендіктен оның бәрін қоятын жер керек. Кейіннен музейімді ашқан кезде киіз үйдің бұрышына сол қасқыр ішікті іліп қойғым келген кездер болды. 

-         Әкелінген бұйымдардың  көнелігіне, бағалылығына қалай көз жеткізесіз?

-         Антикварлық бұйымдарды жинай жүріп, тарихи заттарды көп зерттедім. Қазақ халқының зергерлік бұйымдары, тұрмыстық заттар этнографиясына арналған кітаптарды жинадым. Сондағы суреттерге қарап,  қолыма түсіруді армандадым. Олардың қайсысы ескі, қайсысы жаңадан жасалғандығын сараптай алатын дәрежеге жеттім. Технологиясы мен сапасына мән беріп, мұртын балта шаппай сол қалпында жеткен бұйымдарды таңдауға талпындым. 

Өнертанушылық маған анамның сүтімен келген. Арнайы білім алған жоқпын. Анамның инесін сабақтап, қолөнер бұйымдарын бойыма сіңіріп өскендіктен маған бұл іс жат болмады.

-         Көненің көзін құраушы коллекционердің жолында қандай қиындықтар кездеседі?

-         Жәдігерді табу оңай емес. Халық арасында бұрынғының бұйымдары сиреп кетті. Қазір тек қолыма түсіп қалса алып қаламын.  «Әдемі-ай» өнер музейін құрып, халыққа есік ашып қойдық. Көру тегін, ғимараттың шығынын өзім көтеремін. Облыстарда көшпелі көрмелер өткіземіз. Оларды тасып, арқаланып жүру де оңай емес. Жол, экспонатты қорғау мен сақтау, реставрация қаражатты қажет етеді. Осы жолда төккен терім, ұлттық құндылықтарға деген құрметім елге пайдам әкелсе деген ниеттемін.

Оның үстіне, кей адамдар қолындағысын сатқысы келмейді. Ата-бабасынан қалған мұраны беруге қимайды.

-         Тәуелсіздік алған тұста ұлттық кәдесыйды жаңғыртуды алғашқылардың бірі болып қолға алдыңыз. Компанияның табысын қалай бағалайсыз?

-         Қазақстанның белгілі мүсінші-суретшілері, компанияның дизайнерлері ұлттық салт-дәстүр, этнографиямызды айқындайтын кәдесый бұйымдарын халыққа ұсынып келе жатыр. Бұрын-соңды еліміздің дүкен сөрелерінде болмаған дүниелерді жоқтан бар жасап шығарып жүрміз. Әр қазақтың шаңырағында тұруға тиіс бірегей бұйымдарымызға деген сұраныс азайған емес. Қиялдан туған дүниелеріміз өзгелердікінен ерекшеленіп тұрады. Олардың әрқайсысының авторлық куәлігі бар. Патенттелген өнімдеріміз дүниежүзі бойынша бірегей саналады.

Компанияның қызметкерлері өз ісінің  білікті мамандары. Олар ондаған жылдар бойы орын ауыстырмай еңбек етіп келеді. 

-         20 жылдан бері нарықтан тапжылмаудың, мықты мамандарды ұстап тұрудың сыры неде?

-         Бизнес саласында маркетологияны жақсы меңгерген адам көшбасшы бола алады. Компания кәдесый бұйымдарын шығарумен айналысып  келе жатқандықтан ірі іс-шараларға серіктес боламыз. 2011 жылы «Ақ Азиадаға» топтамамызды, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына хандардың бет-бейнесін сувенир ретінде халыққа ұсынып, жоғары бағасын алдық. 2017 жылы Арқа төрінде өткен «Экспо-2017» көрмесінің бар кәдесыйын біз шығардық. Ұлттық бұйымның шекара асып, халқымыздың әлемге танылуына үлес қостық.

Өзім өнертанушымын, бизнесменмін. Халықтың сұранысын зерттеп, үдесінен шығуды көздеймін. Кәсібің өміршең болу үшін үнемі ізденіс керек.

Жарнаманы жандандырып, мықты менеджерлер жалдау қажет. Бизнес кездесулер ұйымдастырып, команданың айрандай ұйып отыруы іскерлікті талап етеді. Басшылықтың батыл шешімінің арқасында белестерді бағындыруға болады.

-         Компания  қызметкерлері атаулы оқиғалардан тыс уақытта немен айналысады? Оларды қамтамасыз етуге қаражат қайдан түседі?

-         Қаражат айналымнан түседі. Біз кәдесыймен ғана шектеліп отырған жоқпыз. Тұрмыста қолданылатын заттарды, той-домалақ, туған күнге  сый-сияпаттар дайындаймыз. Үстел үстіне қойылатын мүсіншелерден бөлек, флешка, ұялы телефон қуаттағыштарын, күнделік сияқты аксессуарларды ұлттық үлгіде шығарамыз. Ағаш, фарфор, хрустальдан жасалған ас ыдыстары, матадан жасалатын өнімдеріміз бар. Осының арқасында өмір сүріп отырмыз.

Жыл сайын жаңа үлгілер ойлап тауып, тұсаукесерін жасаймыз. 10 жыл бұрынғы  бұйымдарымыз да мәнін жоғалтқан емес. 

Астанада өнер салоны, құрақ көрпе тігетін цех бар. Әуежай сөрелерінде заттарымыз сатылады. Алматыда төрт дүкеніміз, зергерлік цех бар. Компания басы бүтін 45 қызметкерді асырап отыр.

-         Өнер музейінің тағдыры не болады? Болашақта мемлекет меншігіне беріп не бұйымдарды бәссаудаға салатын ойыңыз жоқ па?

-         Музей несібесі халықтың қолында. Дайын тұрған зат жоқ, немесе оны біреуден тартып әкеліп қоя салмайсың. Тиісінше, тағдыры да болашақтың еншісінде. Жалғыз өзім қазақтың қолданбалы өнерін жинап біте алмаймын.

«Әдемі-айдың» қоры алдағы уақытта толыға түсетініне сенемін. Қазіргі коллекциямыз да жетерлік. Кейбір музейлерде жоқ жәдігерлер бар. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес»  дейді ғой. Жыл өткен сайын мұндағы асыл бұйымдар баға жетпес қазынаға айналады.  Алайда оларды саудаға салар ойым жоқ.  Керісінше, музейлерге сыйға тегін беріп кетемін.

Музей жеке өзімдікі, ұрпағыма аманат болып қалады. Әу-баста жарғыда осылай бекітілген.

-         Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Соңғы жаңалықтар