12:42, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
БАҚ-қа қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Парламент Сенатының бүгінгі жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БАҚ саласындағы заңнаманы реформалау Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Елбасы Парламенттің екінші сессиясын ашу кезінде бұқаралық ақпарат құралдары саласын одан әрі ырықтандырудың және артық төрешілдік кедергілерді алып тастаудың маңыздылығын атап өткен еді. Соған байланысты заң жобасын әзірлеу барысында көптеген журналистік қауымдастықтың, құқық қорғау ұйымдарының және сараптамалық қауымдастықтың пікірлері ескерілді», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Жалпы алғанда, заң жобасы 5 бағыттағы негізгі ұстанымдарды қамтиды. Біріншіден, заң жобасы баспасөз және электрондық БАҚ-тар үшін артық әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталады. Атап айтқанда, телерадио хабар тарату ұйымдары үшін есепке қою алынып тасталады. Сондай-ақ мерзімді баспасөз құралдары мен ақпарат агенттіктері үшін бас редакторы мен редакцияның мекен-жайы ауысқан жағдайда қайта тіркеуден өту міндеті алынып тасталады. Екіншіден, заң жобасы журналистердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауды қарастырады. Мәселен, қолданыстағы заңның журналистің сұхбат жүргізу кезінде бейне және дыбыс жазбаны пайдалануға рұқсат алу міндеті туралы тармақша алынып тасталады. Сонымен бірге сотта теріске шығару жөніндегі істерді қарау кезінде талапкер мен жауапкердің ұстанымдарын теңестіруді көздейді. Осыған орай заң жобасымен ұсынылып отырған норма журналистердің заңмен толыққанды қорғалуын қамтамасыз ететін болады. Үшіншіден, қолданыстағы заң нормасынан заңдық-лингвистикалық тұрғыдағы сыбайлас жемқорлық факторы алынып тасталады. Мәселен, қолданыстағы заңға сәйкес БАҚ өкілдері мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың сұратылған мәліметтерді беруден бас тартқан жағдайында алдымен қызметі жоғары тұрған лауазымды тұлғаға, ал содан кейін ғана сотқа жүгінуге міндетті болатын. Алайда, сотқа өтініш беру және оны соттың қарауына қабылдау үшін жоғары тұрған органға алдын ала өтініш беру міндетті шарт болып табылмайды. Осыған байланысты заң жобасы арқылы БАҚ өкілдері сұратылған мәліметтерді беруден бас тартылған жағдайда бірден сотқа жүгіну құқығын иеленеді. Төртіншіден, заң жобасымен ұсынылып отырған әкімшілік құқық бұзушылық тек жазаның балама түрінде қолдануға бағытталады. «Бесіншіден, БАҚ заңының нормасына сәйкес мемлекеттік тілдегі теледидар және радио хабарларын тәуліктік эфир бойында тең таратуды нақтылайды. Мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың көпшілігі түнгі мерзімде ғана көрсетілетіндігі ешкімге құпия емес. Көптеген депутаттар телеарнаның эфир саласындағы осы ауытқулықты жою жөнінде мәселе көтерді. Осыған орай БАҚ заңының 3-бабының жаңа редакциясына сәйкес 6 сағаттық уақыт аралығындағы мемлекеттік тілдегі хабар тарату басқа тілдердегі хабар таратудан кем болмауы тиіс. Мұндай норма БАҚ-қа жаңа міндеттер жүктемейді, тек қолданыстағы норманы нақтылай түседі. Жалпы, біз БАҚ саласын ырықтандыруға шынымен бағытталған заңды ұсынып отырмыз. Құжат азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға негізделген. Бәсекелестік және икемді ақпараттық-гуманитарлық саланы қалыптастыру жөнінде қоғам талаптарына сәйкес келеді», деді М. Құл-Мұхаммед.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірленуге тапсырылады.