БАҚ саласындағы еңбек өтілі 100 жылдан асатын отбасы сайлауға қатысты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Сырым ауданы Жымпиты ауылында тұратын Қажиахметовтер отбасымен №290 сайлау учаскесіне келіп, өз дауыстарын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Отағасы, белгілі ақын-журналист Махмет Қажиахметовтің сөзіне қарағанда, ел тәуелсіздігінен артық ештеңе жоқ.

«Жазу адамы болған соң қоғамдағы жылт еткен жаңалықтарға қуанып, кейбір жағдайға қиналып, бәрін де жүректен өткізіп отырасың. Ең бастысы, егемендік мәңгі болып, Қазақстанымыз алға баса берсе екен. Сол үшін сайлауға барып, отбасымызбен дауыс бердік. Алдағы уақытта ойлаған өз жоспарым да бар. Денсаулығым түзелсе, өлеңдерімді, әңгімелерімді бір қарап шықсам деймін. Болашақта архивте отырып, зерттеп, аудан тарихын да қозғағым келеді», дейді М.Қажиахметов.

Махмет Қажиахметов – ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

Биыл ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған ақын – «Көгершін көңіл», «Дала демі» өлеңдер жинағының авторы.

1976 жылы аудандық «Қызыл ту» газеті редакциясына (қазіргі «Сырым елі») фототілші болып кіріп, зейнетке «Сырым елі» газетінің редакторы қызметінен шықты.

Отанасы Ботагөз Хайрошқызы еңбек жолын баспаханадан линотипші болып бастап, аудандық газет редакциясынан корректор боп зейнетке жетті.

Әулеттің тұңғышы Дәурен Қажиахметов – Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың телеоператоры, «Aqjaiyq» телеарнасының аудандағы өкілі болса, оның жары Шынар Молданиязова – «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде журналист.

Махмет Мүтиұлының еңбек өтілі 42 жыл болса, Ботагөз Хайрошқызының баспа саласында 38 жыл еңбек еткен.

Дәурен Қажиахметовтің телеарнада 10, Шынар Яудақызының газетке еңбек етіп жатқанына 16 жыл болады.

Әулеттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы жалпы еңбек өтілі 106 жылды құрайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО сайлаушыларының дауыс беруге отбасымен келіп жатырғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ батысқазақстандық көкпаршылар сайлауға салт атпен келді.

Тұрсынбек Қабатов 22 жылдан кейін туған жерінде дауыс берді.


Соңғы жаңалықтар