Бақауов: Мемлекеттік бағдарламалардың аясындағы жұмыстарды атқармаған басшылар жазаланады

Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде мемлекеттік бағдарлама бойынша іске асырылып жатқан 349 жобаның бүгінде 330-ы аяқталған. Успен ауданындағы жеті нысанда жұмыстар кестеден қалып барады. Ал Лебяжі ауданында 24 пәтерлік жатақхана құрылысы жүруде.
«Бір нысаны болса да тапсырылмай қалған қалалар мен аудандардың әкімдері тәртіптік жазаға тартылады. Барлық жұмыстар 1 желтоқсанға дейін аяқталуға тиіс болатын, бұл жөнінде осыдан 9 ай бұрын ескерткенмін», - деді Павлодар облысының әкімі.
Кездесу барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасымен қатар ауыл шаруашылығына арналған жерлерді пайдалану мәселесі қайта қаралды. Бүгінгі таңда аймақта 347 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жер пайдаланылмай тұр.
Кеңесте хабарланғандай, шаруалармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң 217 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ал пайдаланылмай тұрған жерлерге салынатын салық он есе мөлшерге артқан соң, 108 фермер өздеріне берілген жер телімдерін игере бастады.
Аудандарда жерді пайдалану жөніндегі келісімшартты бұзу мүмкіндігі бар болғанымен, оны ешкім жасамаған.
«Аудандардағы жер қатынастары бөлімдерінде жұмыс істемейтіндерді қызметтен босату керек, - деп атап өтті аймақ басшысы.
«Жұмыс істемейтіндер басқа орын іздесін. Жұмыс істемейтін жер пайдаланушылармен келісімшартты бұзу керек. Оған қоса, ауыл әкімдеріне өздеріне тапсырылған аумақта мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру өкілеттігі берілді. Тіпті аудан әкімдері шара қолданбаса, мұнымен кім айналысады?»,-деп шүйлікті әкім.
Болат Бақауов пайдаланылмай тұрған жер телімдерін қайтару жұмысын 2017 жылдың үш айы ішінде аяқтап, жаңа пайдаланушыларға беруді тапсырды.