Бақауов Павлодардағы барлық үйге 2 күн ішінде жылу беруді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі күн ішінде Павлодардағы жылусыз отырған үйлердің барлығын жылу жүйесіне қосуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Павлодарда жылыту маусымының басталуы және онымен байланысты туындаған түйіткілдер талқыланды.

Қала әкімі Нұржан Әшімбетов баяндағандай, 13 қазандағы ахуал бойынша, көпқабатты 41 үй жылусыз отыр, оның 33-і Алюминстрой шағынауданында, ал 120-сы жекеменшік үйлер.

Оның айтуынша, қаланың түрлі аудандарындағы көпқабатты үйлер мен жекеменшік үйлерге жылу желілердегі апаттық жағдайларға байланысты берілмей отыр, ал Алюминстройда шағынауданында үйішілік коммуникациялар дайын емес.

«Жылу жүйесіне алдымен тек дайын үйлер ғана қосылулары керек еді, алайда ауа температурасы төмендеген соң, тұтынушылар жаппай өз бетінше жылу жүйесіне қосыла бастады. Ал бұл барлық жылу көздерінде температуралық және гидравликалық режімдердің бұзылуына әкеп соқты. Яғни, дайын емес пәтер иелерінің кооперативтері жылу қабылдауға дайындалған кооперативтермен тең түсті. Менің ойымша, үйлерде жалпыүйлік жылу санағыштар орнатқан соң ғана жағдай өзгереді», дейді ол.

Анық болғандай, әлеуметтік мәдени тұрмыс нысандарынан «Астана» мұз сарайы мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жылу жоқ. Оған қоса,  аймақтық білім беру басқармасы бірнеше балабақшада жылудың жеткіліксіз екенін айтып отыр.

«Қазан айында әзірге минус температура болған жоқ, жер қатпаған - жұмыс істеуге еш кедергі жоқ. Желідегі кез келген ақаулықты апаттық жағдай деп танып, оны бір тәулік ішінде жою қажет. Апаттық жағдай орын алған жерлерде тәулік бойы жұмыс істеу керек!», - деді кеңесті қорытындылаған аймақ басшысы Болат Бақауов.

Жылу энергиясы орталығымен байланысты бірқатар мәселелер бар. «Павлодарэнерго» АҚ басшысы Олег Перфиловтың айтуынша, ЖЭО-1 тапсырылған көрсеткіштерге тек 13 қазанда ғана жетіп отыр.

Облыс әкімі екі күн ішінде Павлодардың  барлық үйлері жылумен қамтамасыз етілуін талап етті. Оған қоса, ол барлық жылу энергиясы орталықтарын аралап, ондағы шынайы ахуалды анықтауды тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар