Бақыланатын шетелдік компанияларға қосымша салықтық тетіктер енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу қағидаларын қоса алғанда, қосымша салықтық тетіктерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

салық
Фото: freepik.com

- Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында активтерді мемлекетке қайтарудың және оларды ұлттық экономиканы дамытуға инвестициялаудың маңыздылығын атап өтті. Кейіннен экономикаға және әлеуметтік-мәдени жобаларға сала отырып, сондай-ақ қайтарылған активтер бойынша есептілікті қамтамасыз ете отырып, активтерді заңсыз деп танусыз ерікті түрде қайтару тетіктерін нормативтік тұрғыда бекітуді тапсырды, – деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, Үкімет активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және күмәнді қаражатты заңдастырудың жолын кесуге бағытталған құқықтық және институционалдық құралдарды әзірлеуді қоса алғанда, қойылған міндеттерді іске асыру шараларын қабылдауда.

- Қазіргі уақытта елде шетелдік активтерді ерікті түрде декларациялау тетіктері жұмыс істейді. Олар салықтық ынталандырулармен бірге жүреді. 2024 жылы салықтық ақпаратпен автоматты түрде алмасу 89 юрисдикциямен, соның ішінде 26 офшорлық елмен жүзеге асырылды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әзірлеген бұл тетік өзін капиталды заңсыз шығаруға қарсы күресте тиімді құрал ретінде көрсетті және шетелде активтері бар қазақстандықтардың кірістерінен түсетін салықтарды әкімшілендіруге ықпал етеді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу қағидаларын қоса алғанда, қосымша салықтық тетіктерді енгізу жоспарлануда. Бұл активтерді одан әрі қайтаруға және халықаралық қаржы операцияларының ашықтығын нығайтуға жағдай жасайды, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Мәжіліс Салық кодексі мен оған ілеспе заңды қабылдаған еді.

Соңғы жаңалықтар