Бақытгүл Хаменова қашаннан бастап жазасын өтейді

АСТАНА. KAZINFORM — Бақытгүл Хаменова Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұр. Бұл туралы Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Азамат Ізтілеуов мәлімдеді.

а
Фото: instagram.com/bakytgul_khamenova

— 2022 жылғы 15 қарашада Атырау қалалық № 2 сотының үкімімен Бақытгүл Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі негізінде жазасын өтеу үш жылға кейінге қалдырылды, — деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, сотталған тұлға 2023 жылғы 10 наурыздан бері Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұр.

— Жаза өтеу мерзімі 2026 жылғы 10 наурызда аяқталады. Сот үкімі бойынша ол бала тәрбиесімен айналысуға тиіс, — деді Ізтілеуов.

Сондай-ақ ол жазаны одан әрі қарай өтеу тәртібі ҚР ҚК-нің 74-бабы 3-бөлігіне сәйкес сот шешімімен айқындалатынын атап өтті.

— Жаза өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін пробация қызметі сотқа ұсыным жолдайды. Сот оның мінез-құлқына қарай жазадан босату, жазаны жеңіл жазаға ауыстыру немесе жазаны өтеу үшін тиісті мекемеге жіберу жөнінде шешім қабылдайды, — деді Азамат Ізтілеуов.

Бұған дейін Атырауда пара алғаны үшін сотталған Бақытгүл Хаменова тойда көзге түскен еді.

Соңғы жаңалықтар