Бақташылар Алтай қойын қазақтың көші-қон дәстүрімен бағады — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады

Самарқандта жеті тонна палау дайындалады — ӨзА
Өзбек ұлттық тағамдарын кеңінен насихаттау және гастрономиялық туризмді дамыту мақсатында биылғы жылдың 1–3 тамызы аралығында Самарқанд қаласында «Самарқанд палауы» халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді, деп жазады «ӨзА».

Хабарламада айтылуынша, бұл шараны 14 елден келген 50-ден астам журналист пен блогер тікелей бақылап, әлеуметтік желілерде кеңінен таратып келеді.
Фестиваль бағдарламасына сәйкес, бүгін «Палау — Өзбекстан халықтарының ұлттық асханасының мәдени және гастрономиялық бейнесі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «АҚШ-та 30 жастағы сәби дүниеге келді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, АҚШ-та 30 жылдан астам уақыт бойы сақталған эмбрионнан бала өмірге келген.
MIT Technology Review журналының хабарлауынша, 26 шілде күні дүниеге келген ұл бала — Таддеус Дэниел Пирс «ең қарт сәби» рекордын жаңартты.
Дерекке сәйкес, баланың ата-анасы 1994 жылы ЭКО (экстракорпоралды ұрықтандыру) жасаған әйелдің эмбрионын «асырап алған».
Барлығы төрт эмбрион жасалып, олардың бірі әйелге орналастырылған, қалған үшеуі криоконсервацияланып, сақталып қалған.
Қытайдағы ең ұзын метро айналмасы Янцзы өзені түнелін кесіп өтті — «Халық газеті»
16 шілдеде Ухань Теміржол транзиттік 12-інші желісі Янцзы өзенінің туннелі сәтті аяқталды. Жалпы ұзындығы 59,9 шақырымды құрайтын Ухань Теміржол транзитінің 12-інші желісі Қытайдағы ең ұзын метро желісі.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, олардың ішінде Янцзы өзені туннелінің жалпы ұзындығы 4011 метр, ал 2160 метрлік Янцзы өзені астынан өтетін бөлегінің максималды көмілген тереңдігі 45,5 метр. Ухань Теміржол транзиттік 12 желісі салынып, ашылғаннан кейін ол Уханьның 7 орталық қала аймақтарын байланыстырады.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытайдағы аса терең мұнай-газ аймағы тәулігіне 10 000 тоннадан астам мұнай мен газ өндірді» деген ақпарат жарық көрді.

Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясынан алған ақпаратына сәйкес, Такламакан шөлінің қақ ортасында орналасқан Қытайдағы ең үлкен терең мұнай-газ аймағы болып табылатын Фуман мұнай-газ аймағы тәулігіне 10 000 тоннадан астам мұнай мен газ өндірген. Бұл Қытайдың 8 мың метрлік ультра тереңдіктегі мұнай өндіру және ультра тереңдіктегі газ өндірудің жаңа кезеңіне енгенін көрсетеді, деп деп жазады қытайлық БАҚ.
Иранның Қызыл жарты ай қоғамының басшысы ДДСҰ-нан Газа секторына дәрі жіберуді сұрады — ParsToday
Иранның Қызыл Жарты ай қоғамының басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысына хат жолдап, Газа секторына дәрі-дәрмек пен гуманитарлық көмек жіберуді жеңілдетуді сұрады, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

Ирандық басылымның дерегінше, ИИР-ның Қызыл Жарты Ай Қоғамының басшысы Пирхұсейн Коливанд жексенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейюске хат жолдаған.
«Әлем Газа секторындағы ең апатты гуманитарлық дағдарыстардың бірімен бетпе-бет келіп отырғандықтан, халықаралық институттардың моральдық және гуманитарлық жауапкершілігі олардан қорғансыз бейбіт тұрғындардың, әсіресе балалардың, жүкті әйелдердің және науқастардың өмірін құтқару үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді», — деп жазды П. Коливанд.
Бақташылар Алтай қойын көші-қон дәстүрімен бағады — Harajorga
Шілденің соңы, Көктоғай ауданының Ақсала жайлауы таңның атуымен тіршілік тынысына енген кезде, өріске беттеген Алтай қойы жайлау сонысына бас қойып, асқар тау, жасыл орманмен жарасым табуы көркем суреттей көрініс қалыптастырды, деп жазады қытайлық Harajorga басылымы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Алтай қойын малшылар жыл бойы өріс жаңалап, дәстүрлі көшіп, қонып жүріп бағады. Алтайдың қақаған аязында малшылар қар аз түсетін жылы жаққа кетіп, қыс отарында бақса, көктем кіріп, көк шыға солтүстікті бетке алып көше бастайды. Ал жазда шөптің шүйгінін, судың тұнығын қуалай Алтай тауын жайлайды. Күз салқыны біліне бере өзен аңғарындағы күзеулікке қайта оралады.

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, таңдайға татып, дәмі ауызда қалатын Алтай қойының еті — алтын Алтайдың шүйгін шөбі мен тұнық суының нәрі. Алтай қойының бойындағы ерекшелігі дәл осы табиғи экологиямен тікелей байланысында жатыр.
Түркияда 2 000 жылдық мәжіліс ғимараты табылды — TRT
Түркияның оңтүстік-батысында орналасқан, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген ежелгі Лаодикия қаласында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 2 000 жылдық мәжіліс ғимараты табылды. Ғимарат ежелгі мегаполистің әкімшілік орталығы болуы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Рим дәуіріне тиесілі бұл жәдігер ежелгі Анадолыда бұрын-соңды кездеспеген сәулет үлгісі құрылымына ие.
Бұған дейін Лаодикияда жүргізілген қазбаларда фрескалармен безендірілген травертен блоктар, шамамен 3 метр биіктіктегі (шамамен 10 фут) атақты Рим императоры Траянның мүсіні, Траян фонтаны, бір діни қызметкердің бас мүсіні және Гомердің «Одиссея» эпосындағы қорқынышты Скилланы бейнелейтін мүсіндер табылған болатын.
Тарихы б. з. д. І ғасырдың соңына дейін жететін бұл құрылыс 600–800 адамға арналған және б. з. VII ғасырына дейін қолданылған.
«TRT»-ның дерегінше, орындықтарға қашалып жазылған есімдерден мәжілістегі қариялар, жастар және азаматтар анықталды. Саяси агора, архив залдары, үлкен монша кешені және аймақтың ең ірі стадионымен қоршалған бұл аймақ Лаодикияның Рим дәуірінде маңызды әкімшілік және сот орталығы болғанын растайды.
Садыр Жапаров пен Мұрат Нұртілеу ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады — Eurasia Today
Садыр Жапаров пен Мұрат Нұртілеу Қырғызстан-Қазақстан екіжақты ынтымақтастығының өзара мүдделі барлық саладағы өзекті мәселелерін талқылады, деп жазады Eurasia Today.

Аталған БАҚ-тың хабарлауы бойынша Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бүгін, 1 тамызда Шолпон-Атада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қабылдады.
Кездесу барысында Қырғызстан-Қазақстан екіжақты ынтымақтастығының өзара мүдделі барлық саладағы өзекті мәселелері, соның ішінде елдер арасындағы басым жобаларды іске асыру, оның ішінде Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы талқыланды.
Мемлекет басшысы мемлекетаралық қарым-қатынастың дәйекті кеңеюіне, оларды практикалық мазмұнмен толықтыруға ықпал ететін барлық деңгейдегі саяси диалогтың қарқынды тереңдеуін атап айтты.