Бақтиер Зайнутдиновтің командасы сырт алаңда «Ризеспормен» тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық футболшы Бақтиер Зайнутдинов Түркия суперлигасының XVIII турында ыстанбұлдық «Бешикташ» командасының негізгі құрамында «Ризеспорға» қарсы алаңға шықты.

Нидерланд маманы Джованни ван Бронкхорст «Бешикташ» бас бапкері қызметінен кеткеннен кейін отандасымыз 5 кездесуде қатарынан ойынға қатысып келеді. Ол бұл жолы негізгі құрамда жасыл алаңға шығуға мүмкіндік алды. Кездесу соңына дейін ешқандай футболшымен алмасқан жоқ.
Турнир кестесінде ыстанбұлдық команда 26 ұпаймен 6-орынға жайғасса, «Ризеспор» 20 ұпаймен 12-орында тұрған еді. Соған қарамастан кездесу барысында «Ризеспор» алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Олардың есеп ашатын бірнеше мүмкіндігі болды.
Ойынның 38-минутында ыстамбұлдық клуб сапынан португалиялық футболшы Жедсон Фернандеш өз қақпасына гол соғып алды. Ал «Бешикташ» сапынан Эрнест Мучи 45+3 минутта көздеген нысанадан мүлт кетпей, таразы басын теңестірді. Кездесудің екінші бөлігінде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Зайнутдинов түркиялық клубпен 2023 жылдың 18 тамызында келісімшартқа қол қойған болатын. Ол 2027 жылдың 30 маусымына дейін аталған клуб сапында ойнай алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін футболдан Түркия суперлигасында Абат Айымбетов пен Бақтиер Зайнутдиновтің командалары өзара кездескенін жазған едік.