Баку мен Ереван арасындағы уағдаластық Қазақстанға қалай әсер етеді — сарапшылар пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл тамызда Вашингтонда Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасты бейбіт жолмен реттеу туралы бірлескен декларацияға қол қойды.

Осы орайда өзара байланыстар мен көлік қатынасын қалпына келтіру қадамдары ескерілген. Бұл өз кезегінде бүкіл Оңтүстік Кавказ және Еуразия үшін маңызды оқиға болды. Сондықтан сарапшылардан осы айтулы оқиға өңірге, оның ішінде Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдеріне қаншалықты әсер ететінін сұрап көрдік.
Бакудегі сарапшылардың пайымынша, екі ел арасындағы келісімдер Еуропа-Кавказ-Орталық Азия желісі бойынша өзара іс-қимылды өзгерте алатын саяси және елеулі экономикалық перспективаны ашады.
Халықаралық қатынастарды талдау орталығының басшысы Фарид Шафиев қол қойылған құжат отыз жылға созылған қақтығыстардан кейінгі серпінді оқиға деп атады.
— Ол бейбітшілікке, экономикалық ынтымақтастыққа, көлік және логистика саласындағы байланыстарға мүмкіндіктер ашады. Бұл процестің Қазақстан, Әзербайжан және Грузия белсенді түрде қатысып жатқан Орта дәлізді дамытуға тікелей әсер етеді. Болашақта бейбіт ұстанымды сақтай отырып, Армения да бұл бағытқа қосылуы мүмкін, — дейді Шафиев.

Саяси шолушы Агиль Мамедов өңірдің инвестициялық тартымдылығы артатынын айтып отыр.
— Бейбітшілік келісімі ұзақ уақытқа созылған шиеленістің аяқталуын, жаңа көлік жолдарының ашылуын және экономиканың жандануын білдіреді. Бұл жағдай Орталық Азияның мүддесіне тиімді, ал Қазақстанның Орта дәліз аясында транзиттен түсетін кірісті арттыруға мүмкіндігі бар. Астананың транзиттен жыл сайынғы 5 триллион теңге табыс алу мақсатының орындалуы іс жүзінде атқарылып келеді, — деді сарапшы.

Ол Зангезур бағыты Қытайдан Еуропаға және Таяу Шығысқа жүк тасымалдау үшін қосымша мүмкіндік беретінін, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің жаһандық көлік жүйесіндегі позициясын нығайтатынын атап өтті.
Осы тұрғыда көлік және логистика саласының сарапшысы Рауф Агамирзаев Зангезур дәлізі мен Хиджаз темір жолы Орталық Азия үшін Еуропаға, Африкаға және Таяу Шығысқа жаңа транзиттік бағыттарды ашатынын айтты.
— Зангезур арқылы көлік қатынасының ашылуы (Арменияның Сюник облысы) қолданыстағы бағыттарды әртараптандыруды қамтамасыз етеді және Орталық Азия елдеріне Түркияның Мерсин портына жылдам қатынауға мүмкіндігін береді. Бұл Еуропаның оңтүстігіне, сондай-ақ өңір елдері үшін айтарлықтай экономикалық әлеуетті білдіретін Африка континентіне шығу мүмкіндігін ашады, — дейді сарапшы.

Ол бұл дәліздің Түркиядағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалармен интеграциялануы стратегиялық тиімділікті арттыратынын атап өтті. Мұндай жобаларға Парсы шығанағындағы Әл-Фаб портына шығатын «Ирак-Түркия даму жолы», сондай-ақ Сирия, Иордания және Сауд Арабиясы арқылы Стамбулды Меккемен байланыстыратын тарихи Хиджаз темір жолын қалпына келтіру кіреді.
Агамирзаевтың айтуынша, Түркия, Сирия және Иордания арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою Сириядағы 30 шақырымдық теміржол инфрақұрылымын аяқтауды, Иорданияның локомотивтерге техникалық қызмет көрсету орталығының рөлін күшейтуді, Агаба порты арқылы Қызыл теңізге тікелей қатынауды қарастырады.
Бұл қадамдар теңіз және құрлық бағыттарын біріктіріп, 13 жылдық үзілістен кейін жүк және жолаушылар ағынын жылдамдатады.
— Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдері үшін бұл жобалар Орта және Зангезур дәліздерінде жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар қосымша балама жолдарды қамтамасыз етіп, транзиттік уақыт пен шығындарды қысқартады, логистика мен онымен байланысты салаларға инвестиция тартады, өңірлік экономикалық интеграцияны күшейтеді және Таяу Шығыспен, Оңтүстік Еуропамен, Африкамен сауда байланыстарын кеңейтеді, — деді сарапшы.
Саяси ғылымдардың докторы Елшад Мирбашироглудың пайымынша, Вашингтон келісімі бірінші кезекте қауіпсіздік тұрғысынан маңызды.
— Оңтүстік Кавказ бұрыннан қақтығыс аймағы болды. Қазір Әзербайжанның күш-жігерінің арқасында өңірлік қауіпсіздіктің тұрақты жүйесін қалыптастыруға жағдай жасалып отыр. Бұл өз кезегінде Орталық Азияға тікелей әсер етеді. Қазақстан мен Әзербайжанда қазірдің өзінде дамыған ынтымақтастық жүйесі бар. Ал Кавказдағы аталған бейбітшілік келісімі көлік, энергетика және логистика саласындағы бірлескен жобаларды кеңейтеді, — деді сарапшы.

Оның пікірінше, біраз уақыттан кейін алғаш рет өңір елдерін тиімді өзара іс-қимылдың бірыңғай жүйесіне біріктіретін қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын құру мүмкіндігі туды.
Топчубашев атындағы Баку сараптама орталығының басшысы Русиф Гусейнов Орталық Азия үшін бірнеше тәжірибе жүзінде іске асатын қадамдарға тоқталды.
— Біріншіден, бұл транзиттік тәуекелдерді азайтуға және Орта дәліздің мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді. Инвесторлар мен логистикалық компаниялар үшін бұл жағдай жобаларды жеделдету мен маршруттардың өткізу қабілетін арттыруға белгі беріп отыр. Сонымен қатар, келісім сыртқы саяси ықпалдың тепе-теңдігін өзгертеді. Осылайша, АҚШ пен ЕО-ның рөлі артып келеді, бірақ Түркия, Иран және Қытайдың мүддесі де сақталып отыр. Қазақстан үшін бұл икемді дипломатияны және өзінің логистикалық тартымдылығын арттыруды талап етеді, — деді саясаттанушы.

Оның сөзіне қарағанда, транзиттік ағындарды бақылау үшін өңірлік бәсеке арта түседі. Осы орайда Қазақстанға порттарды, теміржол тасымалын және цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктерін пайдалану маңызды.
Жалпы, сарапшылардың барлығы Баку мен Ереван арасындағы Вашингтон келісімі өзара ынтымақтастықтың сапалы жаңа деңгейіне шығуға жол ашатынын айтып отыр. Олардың пайымынша, осы қадамдар Оңтүстік Кавказдағы шиеленіс қаупін азайтады, көлік саласындағы жобаларға жаңа кеңістік ашады және «Еуропа-Кавказ-Орталық Азия» байланысын нығайтады.
Қазақстанға және өңірдің басқа да елдеріне тоқталсақ, бұл транзиттік кірістер мен инвестициялық тартымдылықтың артуын, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздері жүйесіндегі позициялардың нығаюын білдіреді.