Баку мен Ереван шекараны делимитациялау бойынша келіссөздердің келесі кезеңін өткізуді жоспарлады
АСТАНА. KAZINFORM - Бұл туралы сейсенбі күні Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарналарына берген сұхбатында айтты.
- Осы айда (қаңтар) қалай болғанда да, біздің бастамамыз бойынша бұл мәселені шешуді жалғастыру үшін Әзербайжан мен Арменияның делимитациялау комиссиясының келесі отырысы өтуі керек, - деді Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарналарына берген сұхбатында.
Әзербайжан президенті бұл туралы тиісті ақпарат армян тарапына берілгенін және жауап ретінде олар тарапынан ерекше қарсылық болмағанын түсіндірді.
Ильхам Әлиевтің айтуынша, бұрын делимитация және демаркация жөніндегі Армения мен Әзербайжан комиссиялары арасында келісілген хаттама шекараны нақтылау кезінде көптеген факторды есепке алуды көздейді. Олардың ішінде қауіпсіздік, коммуникация, елді мекендер, тарихи факторлар, экологиялық факторлар және т.б. бар.
Әзербайжан тарапымен кездесу өткізу жоспары осы саладағы армян комиссиясын басқаратын Армения премьер-министрінің орынбасары Мигер Григорянның кеңсесінде де расталды.
- Кездесу жақын арада өтеді, нақты күні әлі келісілген жоқ, - деп атап өтті ведомство.
Қазан айында Арменияның Ұлттық ассамблеясы Армения мен Әзербайжан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі комиссиялардың бірлескен қызметі туралы ережені ратификациялады.
Қараша айының басында Әзербайжан мен Армения шекарасында екі елдің вице-премьерлерінің төрағалығымен елдер арасындағы шекараны делимитациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның 10-шы отырысы өтті. Тараптар делимитациялау жұмыстарын жүргізу тәртібі бойынша тиісті нұсқаулықтардың жобасы бойынша пікір алмасты.
Тамыз айында Армения Әзербайжанға бітімгершілік келісімді толық келісу бойынша ұсыныстар пакетін жолдаған болатын. Қараша айының басында Баку Ереванға бейбіт келісімге қатысты өз ұсыныстарын жіберді.