Баку сарапшысы: Путиннің Қазақстанға сапары Астананың көпвекторлы саясат ұстанымын растады
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Президенті Владимир Путиннің мамыр айында Қазақстанға жасаған сапары мен Еуразиялық экономикалық форумның қорытындылары жаһандық бәсеке күшейген кезеңде өңір елдерінің мүдделер тепе-теңдігін сақтауға ұмтылатынын көрсетті. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісіне берген сұхбатында Саяси технологиялар орталығының президенті, саясаттанушы әрі «Vali Alibayov: Политика без иллюзий» талдамалық арнасының авторы Вали Алибайов айтты.
Сарапшының айтуынша, бүгінде Орталық Азия бірнеше ірі әлемдік күш орталығының мүддесі тоғысқан кеңістікке айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Ресей басшысының ЕАЭО саммитіне қатысуы Мәскеудің өңірдегі орнын ұзақ мерзімді жобалар арқылы сақтауға мүдделі екенін көрсетеді.
Вали Алибайовтың пікірінше, Астана сыртқы саясаттағы дербестігін сақтай отырып, әртүрлі халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты қатар дамытып келеді.
— Бұл — тепе-теңдік сақтауға негізделген прагматикалық саясат. Қазақстан ірі державалар арасындағы бәсекеден тиімді пайдалануға тырысады, бірақ олардың ешқайсысына тәуелді болуға жол бермейді, — деді ол.
Сарапшы Қазақстан мен Ресейдің энергетика саласындағы ынтымақтастығына да тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық мұнайдың едәуір бөлігі Ресейдің инфрақұрылымы арқылы экспортталады. Ал Қазақстан Ресейдің энергетикалық ресурстарын Қытай мен Орталық Азия елдеріне жеткізуде маңызды транзиттік рөл атқарады.
Вали Алибайов келіссөздердің гуманитарлық бағытын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тараптар «Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойып, білім беру саласындағы ортақ жобаларды жүзеге асыруға келіскен.
— Гуманитарлық бастамалар мен білім беру жобалары арқылы Мәскеу өңірмен мәдени және қоғамдық байланыстарын сақтауға ұмтылады. Бұл — «жұмсақ күштің» маңызды тетіктерінің бірі, — деді сарапшы.
Еуразиялық экономикалық форумның қорытындыларына тоқталған ол жасанды интеллект тақырыбының аясында сауда, логистика және кеден рәсімдерін жаңғыртуға бағытталған нақты міндеттер талқыланғанын айтты.
— Қазір ЕАЭО елдері үшін бірыңғай цифрлық стандарттарды енгізу мен үдерістерді автоматтандыру аса маңызды. Онсыз бизнеске жаһандық бәсекеге төтеп беру қиын болады, — деді Вали Алибайов.
Сарапшы ЕАЭО-ның келешегіне қатысты пікір білдіре отырып, бірлестіктің біртіндеп прагматикалық экономикалық алаңға айналып келе жатқанын айтты.
— Қазір терең саяси одақ құру туралы сөз болып отырған жоқ. Өңір елдері егемендік мәселесіне ерекше мән береді. Соған қарамастан, ЕАЭО сауданы, транзитті және экономикалық байланысты жеңілдететін тетік ретінде өз маңызын сақтап отыр, — деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік сарапшы Астана мен Мәскеу арасындағы әріптестіктің жан-жақты сипатқа ие екенін айтқан еді.