Бакуде әлемдегі ең үлкен мемлекеттік жалау орнатылды

БАКУ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев кеше, қыркүйектің 1-і күні Бакуде Мемлекеттік жалау алаңының ашылу рәсіміне қатысты.
None
None

Әзірбайжан телеграф агенттігінің хабарлауынша, Бакуде Мемлекеттік жалау алаңын құру туралы өкімге 2007 жылы қарашаның 17-сінде қол қойылған болатын. Осыған байланысты қарашаның 9-ында республикада Мемлекеттік жалау күні ретінде атап өтілетін болады.

Американдық «Trident Support» компаниясы әзірлеген жобаны Әзірбайжанның «Azenko» компаниясы жүзеге асырды. Жалпы ауданы 60 гектарды алып жатқан алаңда барлық инфрақұрылым құрылып отыр. Арнайы жобаға негізделген құрылыс жұмыстарының барлығын жергілікті және шетелдік мамандар орындады.

Алаңға орнатылған флагштоктың биіктігі - 162 метр, ал оның іргетасының диаметрі - 3,2 метрді құраса, жоғары бөлігінің диаметрі -1,09 метр. Құрылғының жалпы салмағы 220 тоннаны шамалайды. Ал флагштокқа орнатылған жалаудың ені - 35 метр, ұзындығы 70 метр, жалпы ауданы 2450 шаршыметр, ал салмағы 350 келі шамасында.

Айта кету керек, 2010 жылы тамыздың 29-ында Гиннестің Рекордтар кітабы Әзірбайжанның Мемлекеттік жалауының флагштогы әлемдегі ең биік тұғыр екенін қуаттады.

Алаңда орнатылған Әзірбайжан Республикасының елтаңбасы, мемлекеттік әнұранның мәтіні мен ел картасы алтын жалатылған қоладан жасалып отыр.

Соңғы жаңалықтар